////

Өмір Шыныбекұлы, құрметті ұстаз, қоғам қайраткері: Біздің елге қос министрліктің қажеті шамалы еді

5742 рет қаралды
1

“Мінбер” ақпарат агенттігі  Қазақстанның құрметті ұстазы, қоғам белсендісі, қоғам қайраткері Өмір Шыныбекұлымен тікелей эфир өткізіп, оқу-ағарту саласында болып жатқан өзгерістер жайлы пікір алмасқан еді. Назарларыңызға сол эфирді ұсынамыз. 

ЖОҒАРЫДАН БАСТАЛҒАН ЖАҚСЫ ИДЕЯ, ТӨМЕНДЕГІ ЖАРТАСТАРҒА СОҒЫЛЫП, БЫТ-ШЫТ БОЛАДЫ

Minber.kz:  – Биылғы білім саласындағы ең үлкен реформа – Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлінуі. Бұл қаншалықты дұрыс қадам болды?

Өмір Шыныбекұлы:

– Біз секілді шағын мемлекет үшін бір салаға екі министрлік ауыр болады, бір министрлік жеткілікті еді. Асхат Аймағамбетовтың өзі-ақ сапасыз маман дайындайтын 80-ге жуық жоғарғы оқу орындарын жауып тастап еді. Сол үрдіс тоқтап қалмай ма деген қауіп бар менде. Кейін бұл артық шығын ғой, Шанхай сияқты бір қаланың ғана халқындай халқымыз бар. Сондықтан бұл шешімді қол соғып қабылдай қойған жоқпын.

Minber.kz:

– Дұрыс айтасыз Ұлыбританияда да тек Білім министрлігі деген бар, басқа министрлікті мен көрмедім. Бірақ, бізде қазір министрлік екіге бөлініп, реформалар басталып кетті.  Қазіргі жаңа қадамдарға көңіліңіз тола ма?

Өмір Шыныбекұлы:

 Мектеп қоғамның кішкентай моделі, қоғамда бар келеңсіздіктер мектепте де көрініс тауып жатыр. Сондықтан, мен пәлен жылдан бері айтып жүрмін. Жалпы билік жүйесінде реформа болмай, жекелеген бір салада, білім саласы не экономика болсын, ауылшаруашылығы болсын реформа жасау мүмкін емес. Дәл қазіргі кезде Аймағанбетов кезіндегі Сәрінжіпов, Сағадиев секілді өзінен бұрынғы министрлердің реформа атымен бүлдіргендерін түзетіп жатыр. Мысалы, әліппені қайтару сияқты.

Minber.kz:

– Мұны сіз реформа деп есептемейсіз бе?

Өмір Шыныбекұлы:

– Мен реформа деп есептемеймін.

Minber.kz:

– Қандай реформа керек жалпы біздің білім саласына?

Өмір Шыныбекұлы:

– Алдымен, мен сізге бір қызық айтайын. Облыстық білім басқармаларын, жалпы мегаполистегі білім басқармаларын министр тағайындай алмайды, әкім тағайындайды. Ал енді менің тікелей бастығым білім басқармасының бастығы. Енді мен қарапайым мұғалім, министрлік алады да мұғалім орындауға міндетті бұйрықтар шығарады. Мен мысалы орындамай қойсам болатын шығар ия министрдің бұйрығын. Себебі менің бастығым, білім басқармасының басшысын қала әкімі тағайындаған. Қалай ойлайсыз?

Мына жерде бір түсініксіздік жатқан жоқ па? Таң қалмайсыз ба?

Minber.kz:

– Ия, түсініксіз. Неге облыстық білім басқармасы министрлікке бағынбайды?

Өмір Шыныбекұлы:

– Мен 2015 жылы сол кездегі білім министрі Сәрінжіповке жазған ашық хатым осы болған. Білім басқармаларын тікелей министрлікке бағындырмай, реформа жасау мүмкін емес. Себебі, министр үлкен мінберден реформа деп жариялаған жаңалықтар келеді де, әкімдік деген жартасқа, жергілікті билікке келіп соғылып, быт-шыт болады да, сөйтіп мектепке тек бір жарықшағы ғана жетеді. Аймағанбетов өткен жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін облысқа бағындыра бастады. Осының өзінде үлкен қарсылыққа тап болып отыр. Себебі әр аудан, қала, облыс болсын, соның бюджетінің шамамен 48-49% білім саласы құрайды. Енді бұрын ауданға қараған білім бөлімі облысқа кетіп қалды, ауданның жарты бюджетін әкетті. Бұл – бір. Екінші, бұрын «телефонное право» деген әңгіме бар бізде, яғни сайлауға, санаққа, аудан әкімі директорларға, білім бөлімінің бастығына телефон шалып, «бастық өтетін еді, сол көшені сыпырта салшы немесе үлкен бір дәу келе жатыр еді соған массовкаға мұғалімдерді жинап берші» секілді бұйрық беретін еді. Тіпті кадр мәселесіне де араласуға телефон арқылы, әкімнің танысы, тамыры, сондайлар әбден мүмкін еді. Қазір одан ажырап қалды. Менің естіп, байқауымша өткенде бір колледждің директоры бір жиналыста ашық «мынау бір өте тиімсіз болды. Аудандық білім бөлімінің облысқа кетіп қалғаны білімге қатты зиянын келтіріп жатыр» деген әңгіме айта бастады.  Өткен жолы Аймағанбетов мырзамен жеке кездескенімізде, ол білім басқармаларын тікелей министрлікке бағындырудың бірінші қадамын бастадық, ол аудандарды облысқа бағындырдық, ендігі қадам, облыстық білім басқармасын тікелей министрлікке бағындыруға әрекет жасаймын деп айтып еді. Сол үлкен қарсылыққа тап болып жатқан секілді, меніңше.

Minber.kz:

– Жалпы қазір бізде өте үлкен проблема бар, ол – мектептердің жетіспеушілігі. Бірақ ауылдық жерлерде балалар жоқ, үлкен мегаполистерде үш ауысыммен оқитын мектептер бар. Жақында ғана, күні кеше Талғарда жаңадан салынған мектептің дауын да естіп отырмыз. Біз осы мектептің жетіспеушілігін болдырмау үшін отыз жылда не істеуіміз керек еді? Мысалы, мында Англияда екі ауысымды мектеп деген жоқ. Таңертеңнен кешке дейін бала, арасында бала бір жарым сағат демалады, мектепте жүреді. Ал бізде үш ауысымды мектептер бар, мүны қалай реттеуге болады?

Өмір Шыныбекұлы:

Оны реттеу қиын емес еді, бірақ ниет болмады. Осы мектептердің жетіспеушілігі дауларына араласып жүрмін ғой. Сол кездерде сіздерге жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Алдарыңызға елдің демографиялық көрсеткіштерін қойып қойыңыздар. Мәселен, бізде Мақаш Тәтімов деген атақты демограф болды. Соның кітабында жазылған, бізде ең үлкен демографиялық өсім 86-87 жылдары болды. Ал сол 1986-1987 жылғы төлдер 2008-2010 жылдары өнім бере бастады. Міне сол кезден бастап бізде мектеп, балабақша тапшылығы сезіле бастады. Дәл қазірдің өзінде мен айтып жүрмін, кез-келген басқарма мемлекет адам үшін, халық үшін ғой. Көше салу үшін де, аурухана салу үшін де алдарына демографиялық кітапшаны қойып қойса, сонда мәселе шешілетін еді. Биыл осынша бала туылды, олар үш жылдан кейін пәлен бала балабақша керек, жеті жылдан кейін пәлен мектеп керек. Қарапайым арифметика, осылай жұмыс жасаса, ешқандай проблема туындамас еді. Өкінішке орай бізде оны ойластырмайды ма әлде саботаж ба білмеймін.

Minber.kz:

– Ондай стратегиялық құжаттар бізде жасалып жатқан жоқ па? КИСИ секілді стратегиялық институттар деген бар. Олар сонда не жұмыс жасап отыр, егер осындай жұмыспен айналыспаса?

Өмір Шыныбекұлы:

– Ол жағын мен білмеймін, ондай үлкен ортада жүрмегендіктен, айта алмаймын. Менің білетінім Шымкент қаласының өзі, аудандар. Шығып жатса, шығатын болар. Мүмкін жергілікті жердегі мамандардың сапасы нашар шығар. Айналып келгенде сапа дегеннен шығады, бәрін кадрлар шешеді дейді. Өзіңіз ойлай беріңіз, қазір мемлекеттік қызметке кім барады? Ең алдымен әке, көкесі барлар барады. Оның біліміне, басқасына қарап жатқан ешкім жоқ.

Minber.kz:

– Осының барлығы сіздің ойыңызша айналып келіп коррупцияға тіреледі деп отырсыз ғой? Мен жақында ғана естідім, Шымкент қаласында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары айтты: «Біз мұғалімдерді жұмысқа алуды электронды түрге көшіріп жатырмыз. Қазір адамның қатысуынсыз мұғалімдерді жұмысқа аламыз» деді. Жалпы менің сұрайын дегенім. Шымкентке қатысты  «Егер сен мектепке еден сыпырушы болып орналассаң, жүз мың бересің, мұғалім боп орналассаң бірдеңе мың беру керек» деген сияқты бір аңыздарды естіп жатамыз. Осы қаншалықты шындыққа жанасады? Осы коррупция деген нәрсемен күрес бар ма қазір?

Өмір Шыныбекұлы:

2018-2019 жылдары сол кездегі білім басқармасының бастығы Ақерке Абылайханқызы жұмысқа қабылдайтын комиссияға мені қосқан. Ол жерде комиссия құрамы  9 немесе 11 адам, оның үшеуі кадр қажет мектептің директоры, директордың орынбасары немесе пән бірлестігінің жетекшісі, қамқорлық кеңесінің өкілі. Бір мектептен үш адам. Маман жауап беріп тұр. Дауыс беру компьютермен жүргізіледі. Директор қалаған адам өтіп кету мүмкіндігі өте үлкен. Өйткені, бір мектептен үш адам отыр. HR процесс дегенің қалай жүретінін өзім түсінбеймін. Егер сол баяғы жүйе болса, оған менің сенімім аз. Оны айналып өтуге болатын жолдары бар. Егер пара жөніне келетін болсақ, ондай әңгімені мен де көп естимін. Бірақ, ешкім тура мен бердім немесе менен сұрады деп айтпайды. Маған айтпайды, бірақ әңгіме көп.

САҒАДИЕВТІҢ ҮШТІЛДІЛІК БАҒДАРЛАМАСЫ ОРЫС СЫНЫБЫНДА ОҚИТЫНДАРДЫҢ САНЫН КӨБЕЙТТІ

Minber.kz:

– Оны айтқан күннің өзінде дәлелдеу қиын да. Факт керек. Дәл сондай мәселе кешегі Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептің дауы. Қазақ мектебі болып ашылып, аралас мектеп болып кеткен. Осы мектеп туралы айтқан кезде, кейбір әріптестеріміз Антикоррдың есебі бойынша осы Алматы облысының білім басқармасы ең жемқор басқармалардың бірі екен деп айтты деп жазып жатты. Сол дауға қатысты сіздің айтарыңыз бар ма? Бұйрық бойынша қазақ мектебі болып ашылып, кейін орыс мектебі болып кеткен. Әлі күнге дейін дау болып жатыр, бірақ білім басқармасы да, Алматы облысының әкімі де бұған жауап берген жоқ әзірге. Және оқу-ағарту министрін белгілегендер өте көп, бірақ әлі жауап алмады. Бұған қатысты не дейсіз?

Өмір Шыныбекұлы:

– Бұл орыс мектептерінің көбеюі, 2017 жылға оралуға мәжбүр боламыз. Мен аралас мектепте істеймін ғой. Сол 2017 жылға дейін қазақ сыныптарына орыс балалары, өзбек балалары келе бастаған, содан кейін орыс тілді қазақ азаматтар да балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақша үйренуге ыңғайлана бастап еді. 2017 жылы Сағадиевтің тұсында енгізілген үштілділік мұның тас-талқанын шығарды. Қазір Шымкент қаласында тұрғындарының 99% қазақтар тұратын Нұрсәт деген мөлтек ауданда, ауладағы қаракөз балдардың барлығы орысша шүлдірлеп жүр. Енді ол халықтың өзінің сұранысы  солай шығар, біз өзі сәл ермелеу халықпыз ғой. Ал орыс мектебіне келсек, біздің жоғарыдағы дөкейлер Ресейге әлі жалтақтайтын секілді. Неге жалтақтайтыны белгісіз. Осыдан оншақты жыл бұрын бір лауазымды адам айтып еді «Сіздердің тәуелсіздігіңіз “временное недоразумение» деп. Сондай пасық ой біздің қаракөз шенеуніктердің де кейбірінде бар ма деп күдіктенем.

Minber.kz:

– Сонда отыз жылда ел боламыз деген сенімді қалыптастыра алмадық деп ойлайсыз ба?

Өмір Шыныбекұлы:

– Отыз жыл бойы алдымен экономика, сосын саясат деп біздің санамызды талқандап жіберді, ештеңе айтқызбады.

Minber.kz:

– Менің білетінім, 2003 жылы Білім тұжырымдамасы деген қабылданған, Жақсылық Күлекеевтің кезінде. Сол кезде ҰБТ жаңа жүйесі кірген. Бізде осындай тұжырымдама тағы қабылданды ма қазір әлде жоқ па?

Өмір Шыныбекұлы:

Бірдеңе қабылданып жатыр деп естідім, оны көзіммен көрген жоқпын. Жалпы бастамалар бар бізде. Жалпы біз ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын педагогикаға келейік деп жүргенімізге біршама болды ғой. Кеше ғана зум конференция өткіздік, Семейден, Астанадан, Алматыдан беделді, белді, белгілі ғалымдар қатысты. Өздерінің ойларын айтты. Бірақ, мен ол жерде ең соңында айттым. «Сіздердің айтқандарыңның барлығы алтын сөздер, бірақ сіздердің алтын сөздеріңіз сонау министрлікке, министрлік жанындағы А.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясындағы кішкентай клеркке барады да тас-талқан болады». Ал ол клерк кімнің арқасында жұмысқа кірді, ең бірінші мәселе жалпы қазақ тілін біле ме, педагогикадан хабары бар ма, жалпы ұлттық ерекшелікті түсіне ала ма деген мәселе. Төмен жақтан қозғалыс бар, ал жоғары жақтан Ресей жаққа жалтақтау басым секілді. Тіпті министрдің өзінен бастап.

Minber.kz:

– Мұндай жағдайда біз жалпы ұлттық білімді қалай дамыта аламыз? Мысалы А. Ахметжанұлы қазір Қазақстанның бүкіл өңірінен ұлттық лицейлерді ашып жүр. Бұл қаншалықты қолдау табады және жекелеген адамдардың осындай қозғалысы қандай да бір нәтиже береді деп ойлайсыз ба?

Өмір Шыныбекұлы:

– Аятжанды жақсы танимын, бірбеткей, қайсар, білімді, мықты менеджер. Сыртынан тілеуін тілеп отырмыз. Қаншалықты өміршең болатынын әрі қарай өмір көрсетеді. Жергілікті жердегі қазақтардың өздеріне байланысты ғой. Қостанайда, Атырауда ашты, Аятжанның бастамасына сол локомотив болып, сүйреп кете ме деген әлсіз үміттің шоғы бар.

Minber.kz:

– Бізде бірақ ондай бастамаларға қолдау көрсету өте кемшін түсіп жататын сияқты. Осындай кезде мен сіздің Назарбаев интеллектуалдық мектептері туралы пікірлеріңізге оралсам деп отырмын. Жалпы бізде білімді қаржыландырудағы алалаушылық. Назарбаев мектептеріне өте жақсы қаржы бөлінеді. Содан кейін оған оқуға түсуге деген талас өте көп. Неге сондай қаржыны бірыңғай бөлмеске? Бұл жағынан не дейсіз?

Өмір Шыныбекұлы:

Мен оған ашық қарсы шығып жүрмін. Мына біз секілді қарапайым мектепте оқитын болашақта өзіміз үкілеп отырған, нәтижесін көреміз деген балаларымызды орта буында келіп, алып кетеді. Оның үстіне қаржыландыруда мүғалімдерге де, жалпы сыныпты жарақтандырудан, техникалық жағы болсын, ешқандай кемшілік жоқ, суперзаманауи. Егер оның бәрі жеке адам мектеп ашып, өз ақшасын құя берсін. Бірақ салық төлеушінің ақшасы есебінен жекелеген бір балаларға ондай жағдай істеуге қарсымын өз басым. Бәріне бірдей төлесін немесе баяғыда Ресей империясы тұсында кадет корпусы дегендер болды ғой, Шоқандар бала кезінен оқыған. Өздері қабылдап, кішкентайынан дайындайтын, бала күнінен жемісін көретін. Ал біздің кез-келген қарапайым мектептің мұғалімдерінен сұраңыз іштей қыжыл бар. Неге біздің үкілеп өсірген үміттерімізді теріп әкетеді деген.

Minber.kz:

– Теріп әкеткенде, ата-аналар өздері соған мүдделі болып тұр ғой. Балаларын осы мектепке беруге, мүмкін болашағына байланысты.

Өмір Шыныбекұлы:

– Ат төбеліндей бір топ мүдделі ғой, бүкіл халық мүдделі емес.

Minber.kz:

-Жалпы білімді қаржыландырудағы алалаушылық, мысалы мынадай бір дата зерттеуді білемін, Америкада болған екен. Бір мектепте балалар өте нашар оқиды екен. Бірақ ол жерде оқитындардың негізгі контингенті олар афроамерикандықтар екен. Сондықтан, елде сондай түсінік қалыптасқан, біздегі қазақ мектептерінде білім төмен деген түсінік бар ғой. Оларда афроамерикандықтар дұрыс оқымайды деген түсінік қалыптасқан. Бірақ, ғалымдар бұл стереотип дұрыс па, әлде жоқ па деп зерттеу жасаған. Зерттеудің нәтижесінде мынадай қорытынды шығады. Ол мектепке бөлінетін ақша өте төмен екен. Ақша төмен болғаннан кейін, мұғалімдердің де сабаққа деген ынтасы нашар, балалардың да сабаққа деген ынтасы нашар екен. Сол мектепке, сол өңірге білімге ақшаны көбірек бөлгенде солардың арасынан білімді ұрпақ өте көп шыққан екен дейді. Сондықтан, менің ойымша да білімді қаржыландыруды алалау бұл дұрыс емес деп ойлаймын.  Жалпы менің өзімнің жеке тұрғыдағы сұрағым, Аймағамбетов келгелі біраз реформалар болды. Мысалы педагог статусы, мұғалімдердің ақшасы, айлығы көбейді дегендей. Жалпы, осыдан басқа қандай реформа болды? Аймағамбетовті қазір соңғы үш жылда министр ретінде білеміз.

Өмір Шыныбекұлы:

– Жаңа сөзіміздің басында айттық. Аймағамбетов өзінен бұрынғы министрлердің бүлдіргендерін түзетіп жатыр деп, меніңше оны реформа деп айту ерсілеу болады. Аймағамбетовтің қол-аяғы байлаулы секілді меніңше. Себебі жылына екі-үш мәрте кездесіп жүрміз, мектептегі, білім саласындағы проблеманың бәрін біледі. Қазақ тілді, қазақ тілде, орыс тілде ойын еркін жеткізе алады. Тіпті қоғамдағы ең төменгі таптың да проблемасын түсіне алады. Бірақ министрліктен шығып жатқан құжаттардың бәрі шала. Мен оны өзіне де қойдым, өзі ештеңе деп жауап бермеді. Кейін осы ақпан айында мемлекеттік хатшы Ерлан Кариннің қабылдауында болғанда да айтқанмын.  «Жеке басына өкпеміз жоқ, бірақ министрліктен шығып жатқан құжаттардың шалалығы көп деп. Ерлан Карин «айналасында саботаж жасайтындар бар шығар» деп айтып қалды.

Соның бір айғағы, кеше ғана тамыз айының басында дене шынықтыру және орыс тілі пәндерін бөліп оқытпау туралы. Ия, бөліп оқытпау керек, ол дұрыс. Мысалы, дене шынықтыруда бөліп оқыту үшін мектепте бірнеше спорт зал болуы керек. Мен мына мегаполис деген Шымкент қаласының өзінен үш спорт залы бар екі ақ мектепті білемін. Оларда бөліп оқытуға болады. Ал қалғандарында бөліп оқыту мүмкін емес. Сондай кезде олар не істеуі мүмкін? Бір мұғалім оқытып жатса, оның үстіне залды екіге бөліп, бір шетіне ұлдар, бір шетіне қыздар десе, екі мұғалім олай өту мүмкін емес. Біздің спортзалдардың акустикасын құрылысшылар, жобалаушылар ойланбаған, әшейін доп қабырғаға тиген кезде жаңғырыққанда мұғалім баланың дауысы түгіл өзінің дауысын ести алмай қалады.

Неге күдігім бар? Бұрын ол сабақтар әйтеуір қалай болса солай өтіп жүрді. Өтті ме, өтті, екі мұғалім айлық алып жүрді. Соны тоқтатқаны дұрыс болды, бірақ осыны жылдың басынан бастап, қоғамдық пікір тудырып, мұғалімдерді дайындап алуы керек еді. Артықтарың түбі кетесіңдер, бәсекеге қабілеттілерің қаласыңдар. Өзгелерің ақырындап жұмыс іздей беріңдер деп. Сол кезде кешегідей Астана қаласындағыдай шерулеткен, дабылдатқан жағдайлар болмас еді. Жаңағы министрліктен шыққан құжаттардың шикілігі деп жатқаным осы. Жиырма күн ішінде бұлар еліміздегі тек қана дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдерін алсақ, олар да үлкен күш. Олар да әр қаладан шу көтерсе, әлеуметтік желі солардан босамай қалады. Бұл өте қауіпті жағдай. Жылдың басындағы қаңтар қырғынында жанармайдың тапшылығы, бағасының көтерілуі шеруге шыққандар үшін триггер болды ғой. Ал дене шынықтыру мұғалімдері көшеге шықса үлкен қырғынға триггер болып кетуі мүмкін. Ал министрлік соны неге жылдың басынан ойламады?

(жалғасы бар)

Эфирді жүргізген Есенгүл Кәпқызы

Мәтінін дайындаған Альфия Шамаева

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар