////

Біз тірілердің қатарында бармыз. Бірақ бұны өмір деуге келмес

2139 рет қаралды

“Мінбер” ақпарат агенттігі осыдан біраз уақыт бұрын “Санда бар, санатта жоқ: Моңғолиядағы жүзден астам Қазақстан азаматы көмекке зәру” атты мақала жариялаған еді. Онда осыдан оннеше жыл бұрын Қазақстанға Моңғолиядан көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын қабылдаған, алайда белгілі себептермен Моңғолияға қайта барған азаматтар туралы айтылады. Қазіргі уақытта ҚР-ның 145 азаматы Моңғолияның азаматтығын қабылдауға ниетті екендігі жазылған. Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі бұл азаматтарға көмектесетінін айтқан еді. Содан бері үш айдай уақыт өтсе де, олар құжаттарын әлі шеше алмауда.

Сондай азаматтардың бірі Қизат Таңбақанұлы “Мінбер” агенттігінің Моңғолиядағы тілшісіне сұхбат берді.

– Қизат Таңбақанұлы, атамекеннің қай өңіріне, қай жылы көштіңіз, көшудегі мақсатыңыз не еді? Қайта Моңғолияға көшуге нендей себептер болды?

– Ата жұртқа 2010 жылы көшіп барып, Қарағанды облысына қоныстандым. Көшудегі мақсатым – ұлтым қазақ. Отаныма оралсам деген ой ақыры жетелеп атамекенге бір-ақ апарды. Өкініштісі, барған күннен  ішіме ас тоқтамай ауыра бердім. Әне шипахана, міне шипахана деп жүрдім. Кейде ішек істемей қалады. Осылай екі жыл өтті.

Медициналық бір бағдарлама бойынша ауылға көшпелі  аурухана келді. Соған қаралдым. Ішек іскен, ұйқы безің әлсіреген, жүрекке салмақ түсіп, қан жетіспей, қалтақтық пайда болған деді. Аяқтарым байыз таппай, дірілдеп қалған болатын. «Ішкен тамаққа байланысты, не ішіп, не жеп жеп жүрсің? – деп сұрады. Мен «ел ішкен тамақты ішем, басқа не ішеді дейсіз» дедім. «Жасырмай айт, тамағың өзгермей, жазылмайсың», – деді. Мен «жуырда көшіп келген оралман едім, жер су жақпауы деген бола ма?» деп сұрадым. «Ол ғылыммен дәлелденген. Көп адамның бір бөлігі солай ауырады, тірі жүрем десең моңғолыңа кет. Саған жер, су жақпай ауырып жүр екенсің», – деп бір дәрігерге акт жазып беруді тапсырды. Барлық анализ сол сағатында көз алдымда зерттеліп тура айтып берді.

Не де болса, ұрпақ үшін келдім ғой, шыдайын деп екі жылдай атамекенде болдым. Балаларым әжептәуір, тіпті біреуі домаланып, тойына бастады. Жер-су жаққан екен деп қуанып жүрдік. Алайда біраздан соң сол балам да ауыра бастады. Көрсеттік, тағы аурухана (күрсінді) диагнозы жер, су жақпаған деп шықты. Дәрігерлер жазып берген актілер мөрімен қолымда. Амал жоқ ол жақтағы үйімді тастап, Моңғолияға көштім. Бәрі де ұрпақ қамы ғой. Бұнда келгеннен бері сол ауру белгілері жоғала бастады. Денсаулық қазір қалпына келді.

Моңғолияға келе сала азаматтық алуға құжат тапсырдыңыз ба?

– Иә, Қазақстаннан 2012 жылы қайта көшіп келдік, 2013 жылы Қазақстан азаматтығынан шығу туралы және Моңғолия азаматтығына кіру туралы арызға қосып құжаттарды тиісті мекемелерге тапсырдым. Моңғолия жағы Қазақстан азаматтығынан шықсаң қабылдап аламыз деп отыр. Он жылдай болды не анда жоқ, не мұнда жоқ жүрміз. Колымызда Қазақстан азаматтығы болғандықтан бұл жақтың мемлекеттен берілетін әртүрлі көмектерінен қағылудамыз. Тұрақты жұмыс табу да қиын. Әйтеуір тірілердің қатарында бармыз.

– Моңғолия Азаматтығын алуыңызға не кедергі болуда?

– Моңғолия азаматтығын ала алмауымызға ең бірінші кедергі Қазақстанның бізді азаматтықтан шығармауы, тұрақты тіркеуінен 2015 жылы шыққан екем. Осында (Улаанбаатар) консул болып Жәлел деген азамат жұмыс істеді. Жақсы жұмыс істеді. Өлгейге келіп кездесіп бағыт-бағдар беріп тұрды. Біз де барып тұрдық. Сол кісінің нұсқауымен адам басы (балаларға емес) 100$ дан төлеп тұрақты тіркеуден шығуға арыз бердік. Менікінің жауабы кешігіп келді. Менің азаматтықтан шығарылуыма салыққа төлеуге тиісті 11 теңге қарызым бар екен.  Төледік…

Жауабы келген деген. Бірақ сол кезде Жәлел пенсияға шықты ма, басқа жаққа жұмысқа ауысты ма, еліне қайтып кетті де, орнына Жүсіп деген жас азамат келді. “Менің тұрақты тіркеуден шыққаным туралы құжат елшілікке келіп еді тауып берсеңіз” деп Жүсіпке арызданып ек, ол бізге сенбеді, архивтен қарап бермеді. Көмекшісі болып Өлгейде Бағылан деген жігіт жүрді. Ол да қолынан іс келмейтін бір суайт болды. Не елшілікке арызымыз жетпейді, жеткен бірлі жарым арызымыз жауапсыз қалады. Сомен қара көңілдеп, тіршіліктің қамымен кеттім. Өткен жылы Өлгейге Шынар ханым келді дегенді естіп барып арыздандым: “Сіз арыз жазғаныңызға бес жылдан асыпты ғой, бұл неге бітпеген?” дейді. “Он жыл болды арыз жазғаныма, Тұрақты тіркеуден шыққан қағазым келді деп еді. Сіздің алдыңыздағы консул тауып бермеді, маған сенбеді, тауып бересіз бе? дедім. Шынар ханым көп өтпей Тұрақты тіркеуден шыққан құжатымды  тауып беріп қолыма салды. Енді азаматтықтан шыға қояйын десем, мені сандалтып жүргенде паспортымыздың уақыты бітіп кетіпті. Қазір паспорттың уақытын создыртып жатырмын.

– Құжаттарға көп қаржы кеткені белгілі, бала шаға бар дегендей, кіріс көзіңіз, не жұмыспен айналыстыңыз?

– Сол жылдан бері тұрақты жұмыс жоқ, Атамекенге кетерде малымызды, үйімізді сатып кеткеміз, ол жақтан алған үйіміз де қалды, ауылдық жер болғандықтан өтпеді. Қара жұмыстың бәрін істедім, елдің қаша-қорасынан бастап баспанасына дейін салдым. Отбасымды аш қалырмау үшін негізі жұмыс таңдағам жоқ. Тәубә дейміз. Денсаулық болса болғаны…

Жұмыссыз болсақ та, мойнымызға дорба салып қайыр сұрағамыз жоқ.

– Жаңа оқу жылы басталуда, балалардың оқуына байланысты қиындықтар бар ма?

– Балаларымның екеуі Көкмойнақ мектебінде (өзі тұрған ауыл) оқиды. Оқу ісінің менеджерлерінің арқасында Білім министрінің порталына тіркеліп оқып жүр. Оған тіркелмесе мектеп балаларды қабылдамайды. Екеуі Өлгейде оқиды. Бәрі тіркелген дұрыс дейді. Бірақ мектептеріне барып сұрағам жоқ. Қатарынан қалмасын деп мектепке бергенім болмаса, 12 класс бітіргенімен бәрібір азаматтық жоқ балаларға аттестат бермейтін жағдайы тағы бар.

– Сіз бірден Қазақстан азаматы болғандықтан Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы тарапынан рухани және материалдық қолдау болды ма?

– Иә бұдан материалдық және қаржылық көмек көргеміз жоқ. Қазақстан азаматы екеніміз рас. Ал рухани қолдауда жаңадан тағайындалған Шынар ханым дұрыс жауаптарын беріп қолдап жұмыс істеп жатыр. Біреуміз түсінеміз, біріміз түсінбейміз жанын әрең сақтап жүргендер де бар арамызда. Киер киімге зар болып жүргендерде бар. Соларға беріп жатпаса, өз басым көмек көргем жоқ.

Сөз соңында қосып айтарымыз  консулдық қызметкерлер Жәлел де, Жүсіп те бұрын үш айда бір Өлгейге келіп тұратын-ды. Ал қазіргілер тек Улаанбаатарға ғана кел дейді. Ал бізге Улаанбаатарға барып келу мүмкін емес. Арық атқа қамшы ауыр дейді ғой. Соған барып келетін жол ақы табылмайды. Мен ғана емеспін ғой. Материал өткергісі кеп жүргендер, дұрыс түсіне алмай жүргендер де көп. Сондықтан Елші болмаса да, консул Шынар ханым 6 айда бір Өлгейге келіп бізге көмектесіп тұрса.

Әңгімелескен Тілектес Ақылбекұлы,

Моңғолия, Баян-Өлгий

Естеріңізге сала кетейік, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 145 Қазақстан азаматы Қазақстан азаматтығынан шыға алмай, Моңғолия азаматтығын қабылдай алмай жүргеніне он жылдай уақыт болған. Бұл адамдардың азаматтығы жоқ болғандықтан, жұмысқа да орналаса алмай, балаларын оқыта да алмай пүшайман күй кешіп жүр.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар