///

Раиса Сайран Қадыр: Қазақ балалары өз тілінде білім алуы, кітап оқуы тиіс. Осы жолда барымды саламын

3441 рет қаралды

Step&World баспасының атын аспандатқан оқиға Хәрри Поттерді қазақша сөйлеткені еді. Осы кезде қазақ оқырманы екіге жарылды. Бірі – бізге орыс тілінің транскрипциясы арқылы Гарри Поттер деген атпен аудару қажет десе, екіншісі – баспаның өз таңдауы “Хәрри Поттер” дыбысталуын қолдады. Сөйтіп, бұл баспа бұған дейін қалыптасып қалған кейбір стереотиптерді бұзды. Ағынға қарсы жүзді. Қазақтың өзінің төл дыбысталу, фонетикалық заңдылықтарын басшылыққа алуға ұмтылды.

“Тамшы тас жарады” дейді. Бұл баспаның қазақ руханиятына қосып жатқан үлесі шаш етектен. Бір зерттеу институты жасай алмай отырған істі, кішкентай ғана баспа үйі жүзеге асыруда. Жақында баспагер, Step&World баспасының негізін қалаушы Раиса Қадыр Сайранмен жолығып әңгімелесудің сәті түскен еді.

www.minber.kz:

– Раиса Сайранқызы, неше түрлі күрес бар, сол күрестердің ішінде ең жақсы күрес, ол – рухани күрес, ағартушылық күрес. Біз Абай мен Алтынсаринді жақсы көреміз. Олардың негізгі мақсаты – халықты ағарту, білімін күшейту, қазақтың көкірегіне білім сәулесін егу болған, сөйтіп өркениетті елдермен терезесі тең ұлт болса екен деп армандаған. Сол арман жолында олар біраз жұмыстар атқарған. Солардың еңбек еткені сияқты сіздер де ел үшін осындай жұмыстар атқарып жатырсыздар. Баспа орталығын ашудағы ең басты мақсат қандай? Қашан дүниеге келді? Осыдан бастасақ әңгімені.

Раиса Сайранқызы: Осыдан бес жыл бұрын баспа ұйымын ашу туралы идея келді, сөйтіп, тәуекел етіп, кішкентай балаларға арналған осындай баспа орталығын ашып жібердік.

Ол кезде, әрине, баспа жайлы көп ештеңе білмедім. Бірақ негізі мақсат болған кезде, барлығына жетуге болады екен. Мен әлем әдебиетін бірінші өз балаларыма, кейін басқа қазақ балаларына таныстырғым келді. Үлкендерім ағылшын тіліндегі кітаптарды оқып өсті, ағылшынша жақсы сөйлейді. Бірақ қазақша баламасындағы кітаптар жоқ болды. Сол күндері қазақша кітаптар неге жоқ деп ойладым да, кітаптардың ағылшын немесе басқа тілдерден қазақ тіліне аударылғанын қаладым.  Бастағалы бес жыл болды. Осы уақыт ішінде 50-ге таяу кітап шығарып үлгердік.

www.minber.kz: Кітапты аударуға таңдаған кезде, қандай критерийлер басшылыққа алынады? Мысалы, қазақша нұсқасы жоқ кез-келген кітап болды ма, әлде әлемдік бестселлерді аудару керек деген арнайы ұстанымдарыңыз болды ма?

Раиса Сайранқызы: Ұстаным нақты болмады. Кітап аударамын деп шешкен сәтте мен кітап іздеп әуреленбедім. Жаңа айтып өткендей, үлкенім кітап оқығанды жақсы көретін, қазір де көп оқиды. Соның кітапханасынан таңдадым. Кітап сөресінен ең жақсы көрген кітабын аударуды жөн санадым. Бірақ алғашқы басып шығарған кітабымыз “Ақын қоян”деген кітап болды. Ол кітаптың аудармасы дайын болды, кезінде “Азаттық” радиосының редакторларының бірі болған, белгілі журналист Ғалым Боқаш оның аудармасын жасап қойған екен.  Осы кітапты көрген соң, ағамнан кітабына рұқсатын алып, қазақша нұсқасын шығардық. Кейін Эрик Карлдың “Қомағай жұлдызқұрт” атты керемет кітабын аудардық.

Екінші дүниежүзілік соғыстан бізге жеткен маңызды кітаптардың бірі “Анна Франктің күнделігі” кітабының қазақшасын таппадым. Бұл кітап Гитлер басқыншылығы кезінде немістерден тығылып өмір сүрген еврейлердің өмірі, кішкентай еврей қыздың күнделігі. Оның да біздің оқырмандардың жүрегінен орын алғаны жөн деп ойладым. Кітап Шынар Әбілданың аудармасымен жарық көрді. Күлкілі де қы­зықты тілмен жеңіл баяндалатын Джулия Дональдсонның Груффало ертегісін танымал журналист, Оксфорд университетінің түлегі Ғалым Боқаш қазақ тіліне аударып берді.

Сөйтіп баспаны осы төрт кітаппен бастадық. Яғни Алматыға келген кезде төрт дайын кітаппен келдім. Бірақ баспа ісін кейін осында келіп, тұрақты түрде қолыма алдым.

www.minber.kz: Қоғамда: “кітап оқылмайды”, – деген таптаурын ой , яғни стеореотип қалыптасып қалған. Бұл кітаптардың таралуы мен жұртшылықтың қызығушылығына тікелей әсер етеді. Оқуға деген сұраныс қандай деңгейге жетті?

Раиса Сайранқызы: Біз бастаған кезде сол стереотип қалыптасқан кез болатын. Халық шынымен де көп оқымайтын. Неге оқымады десеңіз, оқуға тұрарлық кітап болмады.

Бәлкім содан кейін адамдар: “Оны кім оқиды? Бәрібір орысша тұр емес пе? Ешкім оқымайды”, – деп те айтатын шығар. Тіпті кейбір журналистер сұраныс қандай екенін сұрайтын. Мысалы, біз Хәрри Поттерді шығарған кезде: “Кеш қалдыңыздар. Трендке сай емес”, – деген әңгіме болған. Бірақ мен жас ұрпақты қазақша өсіп келе жатқан ұрпақ ретінде көрдім. Соған сай шешім қабылдай отырып, қайтсем де қазақша контентті көбейтіп, сапалы қазақша кітаптар басып шығарамын деп шештім. Одан кейін халық та қазақша кітап оқиды деп ойладым. Әрине, сапалы, әдемі кітап болғаннан кейін, оқырманның өзі оқып, ләззат алса, жарнама да өзінен өзі пайда болады. Бірақ біз кейбір кітаптарды шығарған кезде, резонанс туындап, арасында, тіпті, қаншама хейт болды. Жақтырғаны да, жақтырмағаны да болды.

www.minber.kz: Бәрімізге белгілі, Хәрри Поттерді қазақшалаған кезде, ол “Гарри Поттер ме” әлде “Хәрри Поттер” ме деген мәселеде үлкен резонанс туындады. Жалпы кітаптардың түпнұсқасынан қазақшаға аударғанда, орыс тіліне байланып қалудан қашу немесе орысша ойлаудан алшақтау керек деген идеялар бар сияқты. Қазіргі қоғамда осындай идеялар қолдауға ие боп жатыр ма?

Раиса Сайранқызы: Біздің аудитория негізінен жас бүлдіршіндерден жастары 30-ға дейінгі жастарға арналған. Бізді қолдайтындар да солар. Өйткені олар қазақ тілділер. Әрине, 30-дан жоғары жастағы адамдар да қазақша сөйлейді. Дегенмен көбісі, мысалы, қалалық жерлерде орыстілді.

Сондықтан жастардан үлкен қолдау болды. Барьерді түсірдік, стереотиптерді бұздық. Үлкендер, әрине, “скептически” (күмәнмен) қарады. Бірақ біз аудармашылардан, басқа тілді білетіндердің бәрінен: “қалай істегеніміз дұрыс”, – деп сұрадық. Осылай іздену барысында фонетика жағынан, фонетика теориясына сүйене отырып, өзіміздікін дұрыс деп ақтап алдық. Яғни, неліктен біздің өзіміздің төл әріптеріміз бен дыбыстарымыз тұрғанда, ұлттық нұсқа ағылшын тіліндегідей бірдей болып тұрса, біз неге басқа елдің бізге осылай деп берген ережесіне бағынуға тиіспіз?! Кеңес дәуірінен өтіп кеттік қой. Сөйтіп, өзімізше кішкене бір бұзықтық жасадық. Және ол біз күтпеген осындай резонансқа әкелді.

www.minber.kz: Осы іс-әрекет қоғамдық санаға жасалған эксперимент болған сияқты, ия? Қоғамдық сана қалыптасып қалған. Оны бұзып, басқа арнаға салудың өзі үлкен эксперимент сияқты.

Раиса Сайранқызы: Ия, мынадай резонанс болады деп ойлаған жоқпыз. Бұл ұнап тұрды. Біз бұл дұрыс деп өзімізше шештік те, жасап жібердік. Өйткені өзімізге сенімді болдық.

www.minber.kz: Тіл білімі институты деген үлкен институт жұмыс істеп тұр және ол жерде білгір мамандар бар. Тіл ғалымдары, лингвистика ғалымдары осы мәселеде төрелік айтты ма? Қандай да бір реакция болды ма?

Раиса Сайранқызы: Мен әзірге еш реакция байқаған жоқпын. Себебі бұл аудармасы ғой. Біз қазақ тілін бұрмалаған жоқпыз. Шетелдік есімдердің қазақша айтылуы мен дыбысталуы ғана өзгеріске енді. Мысалы, қазіргі күнде талқыға түсіп жүрген Карл немесе Чарльз сөздері сияқты. Маған қазіргі кезде әрбір ғалым сәл консерватив сияқты көрінеді. Негізі ашық қарсы шықпағандықтан, бізбен бір толқында деп ойлаймын.

www.minber.kz: Енді бір мәселе бар: аударма ісінде кез-келген кітапты аудара салмайсың ғой, оның авторымен және шығарған баспамен келісу керек. Олардың лицензиясын алу, рұқсатын алу деген сияқты. Осы процесстер қалай жүзеге асады?

Раиса Сайранқызы: Біз әрбір автормен келісімшартқа отырамыз. Кейбір кезде автормен тікелей байланысып, келісіп, қанша таралыммен шығаратынын, қалай болатынын, өздерінің шарттары, стандарттары бар, соған байланысты келісімшартқа қол қойып, рұқсат алынады. Кейбір балалар әдебиетінде иллюстрацияға да бөлек шартқа отырамыз. Өйткені бөлек суретшілер болады. Солардың файлдарына рұқсат алынып, олардың айтқан стандарты бойынша кітап шығарамыз. Кітаптың рұқсатын алу үшін агенттеріне хабарласамыз. Жақында Франкфурттағы, әлемдік көрмеге бардық. Сол жерде агенттіктермен кездестік, таныстық, жоспар құрдық. Мақсатты уақыт ретінде 5 жыл мерзімді қойғанбыз. Бес жыл бойы әріптес болып келе жатқан әріптестеріміз бар. 

www.minber.kz: Жалпы жиынтығы қанша баспа ұйымымен келісімшартқа отырдыңыздар?

Раиса Сайранқызы: Шамамен 30-дай.

www.minber.kz: Олардың қандай да бір қоятын шарттары бар ма? Лицензия сатып алу керек пе?

Раиса Сайранқызы: Ия, авторлық рұқсатқа лицензияны сатып аласыз. Мысалы, кітап шығарғыңыз келсе, кітап шығару тәжірибеңіз болу керек. Сосын баспа үйі, баспа ұйымы немесе компания болуы керек не қор болуы керек. Жеке адам ретінде рұқсат алмайсыз. Тәжірибеңіз болуы керек. Осылар ескеріліп барып, тексеріліп, кейбір кезде аудармашылардың резюмесін қарап, қандай кітаптар аударды, солардың бәрін зерттеп шығады. Содан кейін рұқсат береді.

www.minber.kz: Кітаптың сапалы болуы аудармашыларға да қатысты. Ең бірінші жұмыс аудармашыларда. Одан кейін редактурада. Жалпы қандай аудармашылармен жұмыс жасайсыздар?

Раиса Сайранқызы: Біздің қоятын талабымыз – түпнұсқа тілін жетік білу керек. Мысалы, ағылшын тілінен аударып жатса, ағылшын тілін 100% білу керек. Ал қазақ тілін одан да жетік, 200% білуі керек. 100% қай тілді білсеңіз, 200% қазақ тілін білуіңіз керек. Қазақ әдебиетінен өте жақсы хабардар болуы керек. Өйткені, аудармашы деген тағы бір жазушы. Креативті болу керек. Автордың ойын жақсы жеткізу керек. Бұл – өте маңызды.

www.minber.kz: Қазір қанша аудармашымен жұмыс істейсіздер?

Раиса Сайранқызы: Қазір штаттта аудармашы жоқ. Өйткені фрилансерлермен жұмыс жасаймыз. Дегенмен, бізбен жұмыс істеп келе жатқан аудармашылар бар. Тек ағылшын тілінен емес, неміс, француз, қытай, түрік тілінен аударма жасайтын мамандар бар.

www.minber.kz: Негізгі мақсаттарыңыз – түпнұсқа тілден аудару ғой.

Раиса Сайранқызы: Міндетті түрде.

www.minber.kz: Орыс тілі арқылы емес.

Раиса Сайранқызы: Жоқ. Орыс тілі арқылы аударған жалғыз кітабымыз бар. Ол – “Анна Франктің күнделігі”. Өйткені ол кітапты голланд тілінен тікелей аударатын аудармашы тапқан жоқпыз. Қазір, бәлкім, ол тілден тікелей аударатын жастар бар шығар. Бірақ ол кезде таппадық. Ең жақсы, сәтті шыққан орысша нұсқасын алдық та, содан аудардық.

www.minber.kz: Баспаның дайындап шығаруы басқа, сатылымға шығаруы да басқа. Қандай сауда үйлерімен, кітап сатушыларымен байланыстасыздар? Сосын кімдер сатып алады?

Раиса Сайранқызы: Тікелей оқырмандарға сатамыз. Оқырмандар бізге хабарласып, тура тапсырыс береді. Әр өңірге Қазпошта арқылы салып жібереміз. Алматылықтарға курьермен салып жібереміз. Меломен- Марвин сияқты кітап дүкендері желілері бар. “Книжный город” деген бұрыннан келе жатқан кітап дүкені бар. Жаңадан пайда болған қазақша кітап сататын “Kitapal” деген кітап дүкені бар. Осы кітап дүкенін жастар жүргізіп жатыр. Өздері де кітап шығарады. Басқалардың да кітаптарын сатады. Әрбір өңірлерде кішкентай кітап дүкендері ашыла бастады. Яғни қызығушылық бар. Шағын бизнестегі кәсіпкерлер кішкентай дүкен немесе онлайн форматта инстаграмда дүкен ашып жатыр. Солар кітаптарымызды алып, сатуда.

www.minber.kz: Кітапқа деген сұраныс жақсы ғой?

Раиса Сайранқызы: Қазір Құдайға шүкір жақсы. Бастапқыда бәрі оңынан басталды. Бірақ пандемияға тап болған кезде өте қиын кезең болды. Соған қарамастан, біз онлайн форматқа ауыстық. Жарнамаладық. Зумде іс-шаралар, таныстырылымдар өткізуге тырыстық. Ары-бері жүгірдік. Бәрін жасадық. Күн сайын жарнамаладық. Егер байқасаңыз, бұрын адамдар қазақша кітап шыққанына таңғалатын, ал қазір қалыпты жағдайға айналды. Менің қалауым, арманым да осы болған.

www.minber.kz: Мүмкін, оқырмандар сіз жайлы білгісі келетін шығар. Қандай мамандықта, қай жерде оқыдыңыз? Баспа ісіне келуге не түрткі болды?

Раиса Сайранқызы: Мен өзім Моңғолия астанасы Улан-Батор қаласында дүниеге келдім. Әкем дипломат болғандықтан, балалық шағымды шетелде, Мысырда өткіздім. Таяу Шығыста бакалавриат бітірдім. Мамандығым саясаттанушы болды. Мен бітіріп жатқан кезде Иракқа АҚШ соғыс бастады. Израиль, Палестина деген сияқты тақырыптарда жазылғандарды көп оқитынмын. Англияда гуманитарлық сала бойынша магистратура бітірдім. Голландияда қаржыгер мамандығын оқыдым. Әртүрлі жұмыс істейтінмін. Бірде қыдырып келген кезімде осындай тәуелсіз елде қазақ тілінде кітап жоқ екенін білдім. Маңайдағылардан сұрасам, көбі құлықсыз: “ бұл мемлекеттің ісі, мемлекет істеуге тиісті”, – деп, мемлекетке сілтейтіндер өте көп екен. Бұл маған көп ой салды, осы істі неге маған қолға алмасқа деп  бастап кеттік.

www.minber.kz: Сіз келген кезде, меніңше, Ұлттық аударма бюросы жұмыс істейтін. Ол “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Қазақ тіліндегі 100 гуманитарлық оқулық” жобасы жүзеге асты. Бұл мақсатқа мемлекеттен қаржы бөлінді.

Раиса Сайранқызы: Ия, мемлекет тапсырысымен орындалған керемет жоба болды. Алайда жобаның деңгейі мүлдем бөлек. Ол бюро университеттерге арналған оқулықтарды аударды. Яғни, кітаптар академиялық жанрда болды. Дегенмен әлемнің ең керемет оқулықтарын аударып шықты. Соған қатты ризамын.

www.minber.kz: Бұл бір-біріне серпін берген сияқты.

Раиса Сайранқызы: Ия, солай болды. Сол жоба жүріп жатқан кезде мен ол жобаны білмегенмін. Баспа ісін бастап кеткеннен кейін білдім және бұл мені қуантты.

www.minber.kz: Сіздер жақында Тоғжан Қасенованың “Атом улаған дала” деген кітабын шығардыңыздар. Сонда қазір сіздер қоғамдық көпшілікке арналған ғылыми кітаптарды қолға алып жатырсыздар ма?

Раиса Сайранқызы: Біз өзіміз коммерциялық ұйым ретінде кітаптарды екіге бөлеміз: балаларға арналған кітап, ересектерге арналған кітап. Бәрін аударып шығарамыз. Көбінде балаларға арналған кітаптарды шығарамыз. Бірақ “Атом улаған дала” кітабын Фридрих Эберт қорының тапсырысы бойынша аудардық. Аманшылық болса, таныстырылым аяқталған соң, сатылымға шығарамыз. Ал электрондық нұсқасын қазір Фридрих Эберт қорының веб-сайтынан оқуға болады.

www.minber.kz: Жақсы рахмет. Қазіргі қоғамдағы кітап өндірісінен байқаған ерекше жағдай бар ма? Немесе біздің баспагерлерге айтарыңыз бар ма? Мысалы, көп баспалар мемлекеттік тендер болмаған кезде жабылып қалады. Тек қана біреуден қолдау күтіп отыратын сияқты. Осыларға қатысты пікір білдірсеңіз.

Раиса Сайранқызы: Бар баспагерлерге ештеңе айта алмаймын. Тек сәттілік тілеймін. Өйткені әрбір баспаның өзінің мақсаты, соған сай жоспары болады. Бірақ мен жаңадан бастап жатқан, кітап шығарғысы келетін әр адамға: “шығарыңыздар”, – дегім келеді. Кітап шығару өте қиын емес, бірақ уақытты талап етеді. Зейін мен көңілді талап етеді. Сондықтан өміріңізде қандай да бір 3-4 кітап аударып, басып шығарып немесе жазып шығарып қалдырам десеңіздер, қорықпай жасаңыздар. Ең бастысы сапасына, мұқабасына мұқият болып, ішкі мәтінге көңіл бөліңіздер. Қазіргі заманда жастар интригасы бар әдемі хикаяны іздейді, әркім қызығып оқиды. Сосын жарнамалаңыздар. Көп айтудан, сатудан қорықпаңыздар. Ұялмаңыздар. Өйткені, сатып барып, халықтың қолына өз туындыңызды жеткізе аласыздар. Министрлікке беріп қойдым, басып шығарады, кітапханаға таратады деуге болмайды. Ол жүйе жаймен жүре беруге болады. Бірақ өзіңіз қолға алсаңыз жақсы.

www.minber.kz: Ия, білуімше, Министрлікте мынадай тәжірибе болды. Автордың кітабын Министрлік тапсырыспен шығарып береді. Бірақ автордан авторлық құқықты сатып алады. Автор өзі екінші рет  шығара алмайды. Бұл – Министрліктің меншігі болып кетеді. Жалпы бұл тәжірибеге қалай қарайсыз? Дұрыс па?

Раиса Сайранқызы: Жалпы авторлық құқық алған кезде максималды 5 жылға алуға құқылы. Мәңгілікке деген болмайды. Белгілі бір мерзімге ғана болады. Одан кейін автор басқа баспаға беруіне болады. Бірақ негізінде кітап шығарған кезде коммерция ретінде шығарған дұрыс болады. Өйткені кітапханада қаншама кітап бар, оқырмандарға жету мүмкіндігі аз.

www.minber.kz: Кеңес уақытында кітап оқу мәдениеті болды. Адамның білімділігі кітап оқығанынан көрінді. Тәуелсіздік алғаннан кейін құндылықтар өзгерді. Адамдар байлығымен, ақшасымен, лауазымымен бағаланып кетті. Қазір, пандемиядан кейін, кітап оқуға деген құштарлық қайта пайда болған сияқты. Кітап оқу мәдениеті жандана бастаған сияқты. Кітап оқудың болашағы қалай болады деп есептейсіз?

Раиса Сайранқызы: Болашағы жарқын деп ойлаймын. Өйткені бұл біздің құзыретімізде. Яғни әр баспагер сапалы кітап шығаруға міндетті. Сонымен қоса, кітаптар көп болған сайын оларға сұраныс көбейеді. Және бұл жарнамаға да байланысты. Мысалы, “Қасым баспасы” деген баспа үйі бар. Классика кітаптарын жаңадан басып шығарып жатыр. Мұқабасы сондай әдемі, тартымды. Модерн минималистік көрінеді.

www.minber.kz: Тағы бір сұрағым бар. Сіздер басқа тілдерден қазақшаға аударып жатырсыздар. Қазақ жазушыларын ағылшын оқырмандарына, кең аудиторияға таныту мақсаты бар ма?

Раиса Сайранқызы: Мақсат бар, бірақ мүмкіндігіміз шектеулі. Кітабымызды сатып барып айналысамыз. Түскен пайдаға ары қарай кітап басып шығарамыз. Содан кейін авторларымызды қолдауға болады. Әзірге біз кішкентай баспамыз.

www.minber.kz: Ондай тәжірибе болмады ма?

Раиса Сайранқызы: Дәл қазір ондай тәжірибе жоқ. Бірақ болашақта қолға аламыз. Оған автормен жеке жұмыс жасайтын бөлек кәсіби адамдар отыруы керек. Тек ағылшын тіліне емес, басқа тілдерге: неміс, қытай, түрік тілдеріне жасалған аударма сапалы болу керек. Бірақ енді соларды танытар алдында әлемді қазақ оқырманына танытып алсақ, мүмкін, қазақ жазушылар басқаша контент бере бастар  ма еді.

www.minber.kz: Жақсы, сұхбат бергеніңізге рахмет.

Раиса Сайранқызы: Сізге де рахмет.

Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы

Таспаға түсірген: Әдемі Ғазизова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар