///

«Жол салғаннан бұрын көпірімізді қиратып, бағанымызды сындырып кетті. Енді оны кім жөндейді, ол белгісіз» – деп отыр Үржар ауданы, Көктерек ауылының тұрғындары.

2622 рет қаралды

Жақында жолымыз түсіп Абай облысының Үржар ауданының ауылдарын аралаған едік. Үржар ауданында талай жылдан бері жол мәселесі проблемаға айналып келеді. Сондай ауылдардың бірі Көктерек ауылында 2022 жылдың ішінде ауылдың жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жасауға бюджет есебінен қаражат бөлінген.

Құжаттарға сәйкес, Абай облысы Үржар ауданының «Тұрғын үй қатынастары және жолаушылар тасымалы бөлімі» ММ «Ярус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен Үржар ауданы Көктерек ауылында орташа жол жөндеу жұмыстарын жасау үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы келісім шарт жасасқан. Келісім шарт сомасы 150 миллион теңге. Бұл соманың 142,5  миллион теңгесі мердігер есепшотына аударылған. Қалған сома 7, 5 миллион теңге. Келісім шартқа сәйкес жөндеу жұмыстары 2022 жылғы 30-шы қарашада аяқталуы керек. Жол жүргізу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр және қараша айында бітетін түрі байқала ма? Осы және басқа да сұрақтармен ауыл тұрғындарына жолықтық.

«10-15 қазанға таман Алматыдан келдім. Сол кезде камаздар келіп асфальт жасаймыз деп, гравий түсірді. Бұл қай уақытта асфальт болады? Грейдер келіп жолдың бәрін тегістеді, арықтардың бәрі бітеліп, судың бәрі жолға ағып, міне жолдың бәрі батпақ болды. Жаз бойы не бітірді? Енді осы күзде, қарашада қайдағы асфальт? Болды, қалады осылай. Жазда бастаса, күзде бітіретін еді ғой? Мен бұл жерге енді асфальт төселеді деп ойламаймын», – деген өз ойын білдірді Көктерек ауылының тұрғыны, зейнеткер Бижанова Галя.

Ал «Ярус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоржынында Көктерек ауылындағы жолды жөндеуге жасалған келісім шарттан басқа қосымша тағы алты келісім шарт бар. Барлық келісім шарт Абай облысы Үржар ауданының «Тұрғын үй қатынастары және жолаушылар тасымалы бөлімі» ММ жасаған. Бұлар Таскескен – Бахты – Егінсу ауылдарының жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына – 367,6 миллион  теңге; Мақаншы ауылының жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына – 150 миллион теңге; Бестерек – Ер Қабанбай ауылдарының жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына – 130 миллион теңге; Науалы ауылының жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына – 200 миллион теңге; Қаратұма ауылының жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына – 150 миллион; Қаратал ауылының жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына – 180 миллион теңге сома көлеміндегі келісім шарттар. Аталған келісім шарттар бойынша жолдарды жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 2022 жылғы 30 қараша, яғни «Ярус» ЖШС осы келісім шарттарға сәйкес мойнына алған міндеттемелерін биылғы жылдың қараша айында орындап, тапсыруы қажет. 

Үржар ауданы Көктерек ауылындағы жолды жөндеу мәселесіне қатысты туындаған сұрақтарға жауап алмақ ниетпен Абай облысы Үржар ауданының «Тұрғын үй қатынастары және жолаушылар тасымалы бөлімі» ММ басшысы Маман  Ежекеновке жолықтық.

– Маман, келісім шарт бойынша мердігер жөндеу жұмыстарын 30 қарашада аяқтауы керек. Қалай ойлайсыз, бір емес, алты бірдей ауылдың жолдарын «Ярус» ЖШС осындай қысқа мерзімде жөндеп біте ме? 

– Бітіріп үлгереді. Өйткені қазіргі таңда негіздемесін дайындап бітіп қалды. Бүгін қараша айының жетісі, енді екі күн ішінде, яғни қарашаның тоғызында мердігер компания сол жерге кіреміз деп отыр. 30 қарашаға дейін жұмыстарын аяқтап береді. Өздеріңіз білесіздер, битум жоқтығынан жұмыстардың тоқтап тұрғанын мойындау керек.   Қазақстан нарығында битум жоқ, оның үстіне қазір битумның бағасы да қымбаттап кеткен. 120 теңгеден алып жүрген битум бағасы 300 теңгеге көтеріліп кеткен. Кәсіпкерлік тәуекел деген бар, яғни кәсіпкер-мердігер өз пайдасын да ойлауы керек. Ол жерде мен қателеспесем жұмысты орындаудың 5-6 пайызы битумға байланысты. Егер жұмыстар уақытында бітпейтін болса, онда заңға сәйкес мердігер компанияны сотқа береміз. 

Алайда аталған ауылдағы жолдар жөнделуі керек қой. Мердігер компаниямен келісім шартты ұзартпайсыздар ма?

– Егер желтоқсан айында күн суып кетсе, келісім шартты ұзартудың мәні қандай? Заңгерлік тұсын қарау керек, әдетте мұндай тәжірибе жоқ.

– «Ярус» ЖШС-мен қанша жыл бірге жұмыс жасап келесіздер?

– Нақты айта алмаймын, мен 2021, 2022 жылдары ғана қызметіме кірістім. Менің білуімше 2017-2018 жылдан бері аудан жолдарын «Ярус» ЖШС жөндеп келеді.

Біз интернеттегі ашық дереккөздерін ақтарып “Ярус” ЖШС жайында мәліметтерді іздеп көрген едік. Оның қоржынында Абай облысы Үржар ауданымен жасасқан жеті келісімшарттан өзге, алты келісім шарт бар. Олардың көбі жаңа құрылған Жетісу облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы мекемелерімен жасасқан. Оның алтауы әрекетте, біреуі – орындалған, сегізі – қосымша келісім шарт жасасқан екен.

Біз сөз етіп отырған Көктерек ауылымен жасасқан алғашқы келісім осы жылдың Сәуір айында жасалған. Содан кейін қайтадан келісім шарт жасасқан, соңғы өзгертілген күні Қарашаның 4-і.  Техникалық ерекшеліктерге сай жұмыстарды аяқтау мерзімі – 30 Қараша. 

Жұлдыз Ақтанжанова, 

ШҚО, Үржар ауданы

 
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар