Бүгін қыстың бірінші күні Екібастұздықтар болса жылумен қамту жүйесінде болған апаттың салдарынан қыстың көзі қырауда қиыншылыққа тап болды. Бұл Екібастұздағы жылумен қамту жүйесіндегі жылдар бойы қордаланған мәселелердің себебінен орын алған апат па әлде жалпы мемлекеттегі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын басқару жүйесінің осалдығы ма?
ЖЫЛЫТУ НАУҚАНЫ БАСТАЛҒАННАН БЕРІ 26 ҚАЗАНДЫҚТА АҚАУ БОЛҒАН
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болса 29 қарашадағы берген ақпарында: “Еліміздегі жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейінің орташа көрсеткіші 53%, соңғы 7 жылда тозу деңгейінің жалпы көрсеткіші 13 пайызға төмендеген дейді. 2015 жыл мен 2022 жылдың аралығында жылу жүйелерінің құрылысы, реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарына әр түрлі қаржыландыру көздерінен 344 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаржыға 3 667 км инженерлік желі салынып, қайта жаңартылған. Нәтижесінде жалпы тозу деңгейі 65%-дан 53 пайызға дейін төмендетілген.
Сонымен қатар, Министрліктің мәліметіне сүйенсек, ҚР Төтенше жағдай министрлігі, республикалық дағдарыс орталығы және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша 2022-2023 жылғы жылыту маусымы басталғаннан бері еліміз бойынша 26 технологиялық ақау орын алған. Атап айтатын болсақ,
- автономды қазандықтарда – 2 (Ақмола және Алматы облыстарында);
- жылумен жабдықтау желілерінде – 11 (Жетісу – 1, Қарағанды – 7, Павлодар – 1, Астана-1, Алматы-1);
- сумен жабдықтау желілерінде – 13 (Абай – 1, Ақмола – 2, Алматы – 1, ШҚО – 1, БҚО – 1, Қарағанды – 1, Павлодар – 1, СҚО – 2, Ұлытау – 1, Астана-2).
ҚР Энергетика министрлігі 27 қараша күні өзінің ресми сайтында «2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-да сағат 01.30-да жылу желілеріндегі зақымдануларға байланысты желілік судың қысымы төмендеді, нәтижесінде №11, 13, 14, 15 су жылыту қазандықтары тоқтатылды, сондай-ақ №8 энергетикалық қазандық қолмен тоқтатылды» деп хабарлады.
Сол уақыттағы министрлік жариялаған мәліметтерге сәйкес Жергілікті жерде барлық техникалық қызметтердің, энергетикалық кәсіпорындар басшылығының және ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылған. «Екібастұз ЖЭО-да 4 қазандық жұмыс істеп тұр, жылу желісі айналымда. Жылу желілеріндегі зақымдануды жоюға жедел бригадалар жұмылдырылып, орамдық желілерде 5 ақау анықталған, басқа да зақымдануларды іздеу жұмыстары жалғасуда» деп хабарлады министрлік.
Бұған дейін Павлодар облысы Екібастұз қаласы тұрғындарының Екібастұз ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы туралы шағымдары бойынша ҚР Энергетика министрлігі құрамында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің және әкімдіктің өкілдері бар Арнайы комиссия құрылған.
Комиссия жылу құбырларының тозу деңгейі жоғары екенін ерекше атап өткен, тозу деңгейі 70%-дан асады екен. Жылу желілеріндегі, әсіресе жылыту маусымдарының басында орын алатын жыл сайынғы жоғары апаттылықтың негізгі себебі жылу құбырларының қазіргі тозған жағдайы екенін айтқан.
Жылу желілері құбырларында жөндеу жұмыстарының қажетті және жеткілікті көлемін жүргізуге әсер ететін негізгі жүйелі проблемалардың бірі жылу энергиясына қолданыстағы тарифтің төмендігі. Жылу құбырларының жалпы ұзындығы 342 км. болса, жыл сайын жылу желілерінің шамамен 3-4 км. ғана ауыстырылады екен.
ҚР Энергетика министрлігі 27 қараша күні Екібастұздың екі шағын ауданы түні бойы жылусыз қалды деген министрдің орынбасары Жандос Нұрмағанбетов Екібастұздағы жылу желілеріндегі апатты жою жұмыстарының барысы туралы баяндап берген.
«Жұмыста бес қазандық және резервте бес қазандық бар, сәйкесінше ЖЭО жұмыс істейді. Жылу желісі арқылы айналым бүкіл қала бойынша жүреді, тек бірнеше учаскелерді қоспағанда, онда апаттарды жою, жарылу болған жерді анықтау, құбырларды қазу, ауыстыру және дәнекерлеу үшін жылу беруді тоқтатылды. Осы себепті әзірге үш шағын ауданда жылу берілген жоқ. Қазір облыс әкімімен бірге барлығын айналып өтіп, тағы бір рет қарап шықтық. Барлық жерде бригадалар бар, адамдар жұмыс істеп жатыр, суды сорып алады. Су сорылған жерде құбыр учаскелері ауыстырылады, жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша жұмыс 40-тан астам учаскеде жүргізілген, 20-дан астамы жойылған. «Бұл ЖЭО-дағы апат емес, жылу жүйесіндегі апат. ЖЭО қалыпты жұмыс жасап тұр – резерв, яғни отын (көмір, мазут) бар», – деп өз сөзін қорытындылапты вице-министр.
28 қараша күні «Ашық НҚА» ресурсында Павлодар облысы Екібастұз қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны туралы шешім жарияланды.
Дәл осы күні Екібастұздағы жағдай туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жедел ақпарат таратты.
Министрліктің хабарлауынша 2022 жылғы 28 қарашадағы сағат 15.30-дағы жағдай бойынша жылу беру температурасы 84ºС (норма – 87ºС), кері қайтару – 54ºС (норма – 56ºС), пәтерлердегі температура 18-20ºС құраған.
«Екібастұздағы қалпына келтіру жұмыстарына 138 адам және 35 техника жұмылдырылған. Бұған дейін анықталған 15 зақымданудың 14-і жойылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Қазандық агрегаттардың 6 (№ 6,8,9,12,14,15) жұмыс істеп тұрса, 4 қазандық агрегаты резервте (№ 5,7,11,13). Электр энергиясын тұтыну 51 МВт құраған. Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим күні бойы қалыпты және 20-25ºС шегінде сақталған, бұл санитарлық нормаларға сәйкес. 18 көпқабатты тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілмеген. Өйткені, ЦТП 52 учаскесінде (Мәшһүр Жүсіп көшесі бойынша 5 «а» шағын ауданы) 1 ақау бар», деп хабарлады Министрлік.
Екібастұз қаласы әкімдігі хабарлағандай 29 қараша күні сағат 12:00-дегі жағдай бойынша Екібастұз жылу электр орталығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Он қазандықтан алты қазандық агрегаты жұмыс істеуде, төртеуі резервте. Жылу желілеріндегі зақымдарды жою әлі де жалғасып жатыр. Анықталған 15 апаттық учаскенің ішінен 14 учаскеде жұмыс қалпына келтірілген.
Таңертең 25 көпқабатты және 90 жеке үйде жылу беру проблемалары анықталған. Жылу желілерінде ыстық су бар. Бірақ ішкі жылумен жабдықтау желілерін жөндеуді аяқтау қажет. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін қосымша 23 бригада тартылған. Жылусыз қалған тұрғындар 1200 жылытқышпен қамтамасыз етілген.
Екібастұз қаласының аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін енгізу нәтижесінде қала әкімі ыстық тамақпен және демалу орындарымен қамтамасыз еткен, жылыту пункттерін ұйымдастырған.
Сонымен қатар 30 қараша күні сағат 12.30-да Жедел Штаб «Екібастұз қаласын жылумен қамту бойынша ағымдағы жағдай туралы» атты брифинг өткізген. Брифингке спикер ретінде Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Павлодар облысы әкімінің м.а. Әбілқайыр Сқақов, «Павлодарэнерго» АҚ бас директорының м.а. Вадим Лесин қатысқан.
Екібастұз қалалық әкімдігінің хабарлауынша, қаладағы апаттық жағдайды жою жөніндегі жедел штабтың ақпаратына сәйкес 30-қараша күнгі сағат 18:00-гі жағдай бойынша жылу тасымалдағыштың температурасы 93ºС (норма 84ºС), кері қайтару – 60ºС (норма 56ºС), сырттағы ауа температурасы -19ºС жеткен.
Екібастұз ЖЭО-да 6 қазандық агрегат жұмыс істеп тұр (№ 6,8,9,12,14,15), тағы 4 қазандық агрегат (№ 5,7,11,13) резервте. Желілік суды толтыру сағатына 1200 тоннадан 750 тоннаға дейін төмендеді (норма сағатына 400 тонна).
30-қарашадағы жағдай бойынша жылумен жабдықтаусыз орталық жылу пунктіне (ОЖБ-52) қосылған 17 көппәтерлі тұрғын үй, 2 әлеуметтік нысан және 1 әкімшілік ғимарат, сондай-ақ, 32 көппәтерлі тұрғын үй, 72 жеке тұрғын үй қалған. Жөндеу бригадалары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
30-қарашадағы сағат 18:00-де 52-ОЖБ-гі жылу желілеріндегі зақымдануды жою және ысырманы ауыстыру үшін жылу желілерінің магистралі ажыратылған. Жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуына байланысты жоюдың болжамды уақыты сағат 19:00 деп болжанған. Жылумен жабдықтаудан 149 көппәтерлі тұрғын үй, 114 жеке тұрғын үй ажыратылған. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына 256 адам мен 43 техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар, әкімдіктің мәліметтеріне сәйкес 27 қарашадан бастап Екібастұздың білім беру нысандары қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылған, ал балабақшалар жұмыс істемей тұр. Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим 18-24ºС шегінде сақталған, санитарлық нормаларға сәйкес. Екібастұз қалалық ауруханасында 255 пациент, оның ішінде 75 бала, оның ішінде перзентханада – 65 пациент, оның ішінде 28 бала бар.
Қала тұрғындары үшін 14 жылыту пункті ашылған.
Анықтама үшін:
Екібастұз қаласы бойынша жалпы 422,5 км жылу желілері бар. «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС балансындағы жылу желірері 342,3 км, олардың тозу деңгейі 91%.
Екібастұз ЖЭО–да 10 қазандық орналасқан, оның ішінде 5 энергетикалық, 5 су жылыту қазандығы.
Екібастұз қаласында 689 көппәтерлі үй және орталық жылумен жабдықтауға қосылған 4 395 жеке үй бар.
Батареяларды жібіту немесе тұрғын үй жайларда жылу болмаған жағдайда жедел желінің келесі телефондарына хабарласу қажет:
+7(7187)339187;
+7(7187)338921;
+7(7187)338941;
+7(7187)740041;
+77002997806;
WhatsApp: 87757100291, 87013387624, 87076279332;
телефон 112.
ТЖ жағдайында залал алған азаматтар Екібастұз қаласы әкімінің атына еркін нысанда өтініш жасай алады, өтініште көрсетілуі қажет мәліметтер:
- өтініш берушінің деректері (жеке куәліктің көшірмесі);
- нақты тұрғылықты мекен-жайы;
- залал себебі.
Өтініштер күн сайын сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін келесі мекен-жайлар бойынша қабылданады:
1) №4 ЖОМ – Абай 84 көшесі;
2) №23 ЖОМ – Сәтпаев 24 көшесі;
3) №36 ЛМ – Сәтпаев 23 көшесі;
4) №21 ЖОМ – Петренко 7 көшесі;
5) «Өнер» ҚМО -Әуезов147 көшесі;
6) Музыка мектебі – Әуезов 55/1 көшесі.
Жылыту пункттері:
1) №4 ЖОМ – Абай 84 көшесі;
2) №18 ЖОМ – Академик Марденов бульвары 7 көшесі
3) №21 ЖОМ – Петренко 7 көшесі;
4) «Өнер» ҚМО – Әуезов 149 көшесі;
5) Музыка мектебі – Әуезов 55/1 көшесі.
6) №5 ЖОМ – Павлов 5 көшесі;
7) №7 ГМ – Кеншілер 20 көшесі;
8) «Қайнар» ББК – Абай 121 А көшесі;
9) Достық үйі – М.Жүсіп 101 көшесі ;
10) «Савой» мейрамханасы – М.Жүсіп 101 көшесі;
11) «Арасан» монша кешені – Екібастұзға 40 жыл 52 көшесі.
12) №23 ЖОМ – Сәтпаев 24 көшесі;
13) №36 ЛМ – Сәтпаев 23 көшесі;
14) «Алтын дан» кафесі – М.Мәметова 70 көшесі.
Өтініш тіркелгеннен кейін әкімдік одан әрі өтеу үшін залалды айқындай отырып, сіздің тұрғын үйіңізге комиссиялық тексеру жүргізеді.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ АКТИВТЕРДІ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛА МА?
Екібастұздағы жағдайға байланысты ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай 28 қараша күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Президент Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр.
Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды», – деп хабарлады.
Сонымен қатар, Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма да берілген.
«Бүгінде Қазақстанда 37 ЖЭО жұмыс істейді. Оның 22-сі жеке меншікте (59%), 15 – і мемлекеттік меншікте (41%). 28 ЖЭО 50 жылдан астам уақыт жұмыс істейді (76%), қалған 9 ЖЭО – ның қызмет ету мерзімі 30 жылдан асады (24%). ЖЭО негізгі жабдықтарының орташа тозуы 66% құрайды. Бұл ретте Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногорск қалаларының ЖЭО энергия жабдықтарының тозуы 80% – дан асады», – дейді Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев өзінің Forbes Kazakhstan басылымына биылғы жылдың мамыр айында жарияланған мақаласында .
Сонымен жылумен қамту жүйесіндегі жүйелі ақаулардың, апаттардың орыналу себебі қандай? Көріп отырғанымыздай, Президент те еліміздегі энергетикалық активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансаларының жиі апатқа ұшырайтынын атап өтіп, энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапысырып отыр.
ҚР Энергетика министрлігі болса жылу желілеріндегі, әсіресе жылыту маусымдарының басында орын алатын жыл сайынғы жоғары апаттылықтың негізгі себебі жылу құбырларының қазіргі тозған жағдайын алға тартады. Сөйтіп, жылу желілеріндегі негізгі жүйелі проблемалардың бірі жылу энергиясына қолданыстағы тарифтің төмендігі дейді.
Жылдар бойы жүргізілген саясатқа сәйкес мемлекеттің энергетикалық меншігі жүйелі түрде жеке қолға өткізілді, бүгінгі таңда бұл тетіктің тиімсіз, ал энергетикалық активтерді жеке қожайын ұтымды басқара алмайтынын жылыту маусымында басталатын сансыз апаттар дәлелдеп отыр. Бұл тек қана жылу желілеріндегі емес, коммуналдық саланың барлық желілеріне қатысты өзектілігі өртеніп тұрған мәселе, еліміздің сумен қамту және кәріз, электр қуатымен қамту, жылумен қамту, қысқаша айтсақ барлық коммуналдық желілері жылдар бойы жекеге сенімгерлік басқаруға беріліп, сатылып, саудаланып талан-таражға түсті. Қазіргі күні барлық қалаларда дерлік жылдың төрт мезгілі сумен, кәріз желілерімен, жылытумен, жарық және электрмен қамтумен проблема.
Парақшамызға жазылыңыз