//

  238 баланың аман қалуына ықпал еткен аппарат

1068 рет қаралды

Бұл – «Басқарылатын гипотермия» жобасы жүзеге асырған бес жылдағы  нәтиже. 2017-2022 жылдар аралығында AYALA қайырымдылық қоры демеушілерден және қазақстандықтардың қайырымдылық жарналары арқылы жинаған 300 миллион теңгеге Қазақстандағы 14 балалар медициналық орталығының жансақтау бөлімін автоматты гипотермияға арналған заманауи жабдықтармен қамтып,  жаңа туған 235 нәрестені аман алып қалды.

Сәбилер өлімінің 60 пайыздан астамы жаңа туған нәрестелерге қатысты екен. Негізгі себептер – орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, сондай-ақ туыт кезіндегі ауыр гипоксия салдары. Бас миының гипоксиялық-ишемиялық зақымдануы туыт кезінде бала ағзасындағы бас ми жасушаларының істен шығуына әкеп соғатын патологиялық процестердің каскадын іске қосады. Салдары – кем дегенде ауыр мүгедектік, ең жаман жағдайларда өмірді құтқару мүмкін емес.

2016 жылы AYALA қайырымдылық қорының шақыруымен келген профессор Арунасас Любшис (Литва) қазақстандық неонатолог дәрігерлерге арналған тегін курстарда алғаш рет Еуропалық Одақ перзентханаларында автоматты гипотермия аппараттарын қолданудың табысты тәжірибесі туралы айтып берді. Ол кезде бұл жабдықтар туралы Қазақстанда ешкім білмейтін, ал жаңа туған нәрестелерді құтқару үшін гипотермия тек қана қолда бар құралдармен – мұздатылған су құйылған медициналық пакеттер көмегімен жүргізілді. Дәрігерлер бар күш-жігерін жұмсаса да босану барысындағы гипоксияның ауыр түрі жаңа туған нәрестелердің мүгедек болып қалуына өте көп ықпал ететін. Осы тұста AYALA ҚҚ президенті және негізін қалаушы Айдан Сүлейменова жағдайды түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдады.

«Біз бұл жобаны Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында және Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында пилоттық жоба ретінде бастадық. Бір жыл ішінде  жаңа туған 75 нәрестеге автоматты гипотермия қолданылды. Жансақтау бөлімінің дәрігерлері гипотермия аппаратында емделген сәбилердің метаболизм жұмысы тезірек түзеліп, қанға оттегі бару қарқыны жақсарғанын атап өтті. Кейіннен бұл нәрестелер емделіп, үйіне дені сау бала ретінде шығарылды», – деп түсіндірді AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

 Пилоттық жобалардың жетістігін ескере отырып, қор ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздегі перинаталдық орталықтарды гипотермия аппараттарымен жабдықтаудың маңызын дәлелдеп,  «Басқарылатын гипотермия» жобасы шеңберінде күш-жігерді үйлестіру туралы екеуара меморандумға қол қойды. Бұл – гипотермия аппаратын мемлекет сатып алуға міндетті медициналық жабдықтар тізбесіне қосуға мүмкіндік берді.

«Бүгінгі таңда әлемдегі дәлелденген медицина тұрғысынан тек терапиялық гипотермия босану кезінде ауыр гипоксиямен туған балаларда нейропротекцияның сенімді әдісін қамтамасыз етеді. Фарминдустриядағы айтарлықтай ғылыми прогреске қарамастан, жаңа туған нәрестелердің бас миын гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия нәтижесінде қайтымсыз зақымданудан қорғай алатын дәрілер жоқ. Бұдан басқа, гипотермия аппараты амплитудалық электроэнцефалография мониторингімен бірге реанимация бөлімінде жұмыс істейтін және баланың дене температурасын ондаған сағаттар бойы бақылауға және ұстауға міндетті дәрігерлер мен медбикелердің үлкен жүктемесін азайтады. Қазақстанның неонатологтары AYALA ҚҚ мен Айдан Сүлейменоваға жаңа туған нәрестелердің функционалдық денсаулығын сақтауға көмектескені үшін алғыс айтады», – деп атап өтті Қазақстан неонатологтары конгресінің төрағасы Бектұрған Карин.

Терапиялық гипотермияны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене қызуын автоматты түрде 34 градусқа дейін төмендетеді және 72 сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстайды, содан кейін баланы біртіндеп жылытады. Тек осы ғана бала ағзасындағы метаболизмді өзгертуге, оның бас миын глюкозамен қамтамасыз етуге және сол арқылы орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қайтымсыз зақымданулардан қорғауға мүмкіндік береді. Гипотермия аппаратына жиынтықта жүретін амплитудалық электроэнцефалография мониторы дәрігерлерге қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі.

2017 жылдан бастап Қазақстанның 12 қаласындағы медициналық мекемелер AYALA қайырымдылық қоры жинаған 300 748 500 теңге сома қаражатқа 14 автоматты гипотермия аппаратын және 13 амплитудалық электроэнцефалография мониторын алды. Оның ішінде 2022 жылы AYALA ҚҚ 7 медициналық мекемеге 134 миллион теңгеден астам сомаға гипотермияның аппараттық кешендерін тапсырды. Оларды Ақтаудағы, Талдықорғандағы, Оралдағы Облыстық перинаталдық орталықтар, Өскемен қаласының Ана мен бала орталығы, Шымкент қаласындағы Қалалық перинаталдық орталық, Жамбыл облысының Көпбейінді ауруханасының Перинаталдық блогы, Алматыдағы Республикалық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы алды.

 «Бес жыл ішінде ірі демеушілердің қолдауы мен он мыңдаған қазақстандықтардың бокстар, терминалдар және банктер арқылы берген қайырымдылық жарналарының арқасында біз Қазақстанның барлық перинаталдық орталықтарының үштен бір бөлігін автоматты гипотермияға арналған аппараттық кешендермен жабдықтай алдық. Олар 238 баланың функционалдық денсаулығын сақтап қалды. Таяу жылдары тәжірибелі неонатолог дәрігерлердің қолымен біздің аппараттар жүздеген баланың өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Біз еліміздің кішкентай азаматтарының өмір сүру сапасы үшін күресте қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіруге қуаныштымыз», – деп атап өтті Айдан Сүлейменова.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар