Тастыөзек – Жетісу облысы, Кербұлақ ауданына қарасты ауыл. Интернет желісі әлсіз, ойын алаңқайы жоқ мекенде балалар немен айналысады? Суды сырттан тасып, көмір жағатын ат үстіндегі жеткіншектер туралы бүгінгі материалдан біле аласыздар.
Қарашаның 23-і түнде жауған қар күндіз белуардан келіп тұр. Ауыл халқы қалың қарды күреумен әлек. Олардың арасында 14 жасар Азамат та бар. Қолайсыз ауа райына байланысты сабаққа бармаған ол анасына қолғабыс қылып жүр.
Азаматтың жұмысы мұнымен бітпейді. Енді үйін жылыту үшін көмір жағады. Өйткені ауылға газ құбыры тартылмаған. Тастыөзектегі бүкіл үйдегі жағдай – осы.
Тұрғындар ауыз суды сырттан тасып ішеді. Бірақ тұрақты жүрмейтін, қаншалықты таза екені белгісіз суға да ақша төлейді. Ал төрт түлік үшін ауыл шетінде құдық бар. Алайда оған баратын жолды омбы қар жауып тастаған.
Тек Азамат емес, ауылдың басқа да балалары осылай су тасиды. Толтырылған үлкен де ауыр ыдыстарды қар арасымен сүйреу қажет. Бұл жастардың әдеттегі ісіне айналып кеткен.
Тастыөзектегі халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Қар кешіп, сиыр айдаған балаларды ауылдан бірнеше рет кездестірдік.
Тіпті кейбіреуі ат ерттеп мініп, малды өрістен қайырып келе жатыр. “Мектепте сабақ болмаса, демаламыз” деген түсінік Тастыөзекке тән емес сияқты.
Қорадағы қой мен ірі қараның жағдайына жауапты – Ералы. 7-сынып оқушысы қар астында қалған шөпті жалаң қолмен тазартып жатыр.
Қорада он бес бас қой бар. Олардың күніне екі уақыт жем-шөбін беріп, артын тазалайтын да осы жігіт.
Бұл осы үйдің екінші баласы – Әлібек. Жасы небәрі он екіде болғанымен, жылқының бабын келтіріп жүр.
Ауылда малдан бөлек, құс асырайтындар да бар. Бұл бозбала да күркетауықтарын көлік қағып кетпес үшін аулаға кіргізіп жатыр.
Жоғарыда айтылғандардан кейін “Бұл ауылдың балалары малдан басқа нәрсемен айналыса ма? Ойын ше?” деген орынды сұрақтар тууы мүмкін. Мұнда қолданысқа 5-желтоқсанда берілуі керек спорт алаңы бар. Әзірге оның қазықтары ғана көрініп тұр. Мұндай ахуалмен ауыл баласының бір күні осылай жалғаса бермек.
Ислам Аманқос,
Алтай Әлішер,
СДУ “Журналистика” мектебінің ІІ курс студенттері
Парақшамызға жазылыңыз