///

Жырақтан жұмақ іздегендер… Сирияға кеткендердің жан айқайы

1539 рет қаралды

Сириядан жұмақ іздеп барып, сан соғып қалғандар туралы бұған дейін де талай әңгіме болған. Дегенмен, интернетті ақпарат көзі санайтын кейбір адамдар діни сауатсыздықтың салдарынан әлі де соқыр сенімге сеніп,  жырақтан жұмақ іздеуде. Сарапшылар адамдардың бұндайға ұрынуының басты себебі, діни сауатсыздық дейді.

Біз Сирия асып адасқан кейбір жандармен жолығып тілдесіп көрген едік.

Алғашқы кейіпкеріміз “Жусан” операциясымен елге оралған азаматша Айша Бағдатқызы. Жасы отыз бесте.

Айша (есімі өзгертілген): СИРИЯДАН ЖАЙЛЫ ӨМІР ІЗДЕП КЕТТІМ

– 2015 жылы Сирияға Мосул шаһарына күйеуіммен бардым. Бұл қателігім білімсіздіктің кесірінен болды. Алла жолында өлемін деген түсінік менің санамды жаулап алған еді. Негізі Сирияға жолдасым, туған сіңілім жəне оның некедегі күйеуі төртеуміз Түркия арқылы шекарадан өткен болатынбыз.

Бізді Сирияға шақырған күйеуімнің жолдасы, ол жақта жағдайдың жақсы екенін, тегін үй жəне азық-түлік берілетінін айтқан. Орал қаласында жағдайым тəуір болмаған. Үнемі қаржылық жағынан мəселелер туындайтын. Ол жақта бұл мəселелерді көрмейміз деп барғанбыз. Бірақ олай болмады. Əйелдерді бөлек ауданға орналастырады. Жатақхана секілді өте лас аудан. Сол жақта Құдайға сыйынып, күйеуімізді күтеміз. Бұл жақтағы азаматтық соғыстың жөнсіз болып жатқаның біле бастадық, алданғанымызды біліп қашудың жолын қарастырдық. Десе де, артқа қайтар жол жоқ болды. Күнде Құдайдан дұға тілеп, үмітімді үзбейтінмін.
Күйеуім 2017 жылы қайтыс болды. Кетер алдында өлім сезгендей, қайтып келуім екі талай. Саған Алла разы болсын, мен разы болдым деп қоштасты. Сол күнді есіме алғым келмейді. Жалғыз қалғандай сезімде болдым. Бір өлімнен кейін артынша екінші өлім орын алды. Үйімізге сол жылы бомба түсіп, сіңілімнің үлкен қызы да жан тапсырды. Ал кіші баласы мүгедек болып қалды. Менің балаларым басқа бөлмеде болатын, Алла сақтап оларға зақым келмеді. Соғыс ұйымдастырушылар шекараны мұқият бақылады. Шығып кетуге мүмкіндік мүлде жоқ еді.

Күйеуім қайтыс болғасын, екінші əйелдікке ұсыныстар болды. Келіспедім, тек кетудің жолын ойладым. Егер келіспесе əйелдерді қинамайды, кедей өмірден шаршап кейбір əйелдер келісіп жатады. Өткен күнге өкініш көп. Күйеуім Алла жолында өлмегенін түсіндім. Қашанда күйеуім үшін дұғадамын.

2019 жылы Алланың қалауымен Қазақстан халқы “Жусан” операциясы арқылы бізді алып шықты. Бұл кезең бітеді дегенге сенбеп едім. Түсім секілді болды. Қазақстан өз халқына көмек көрсете алды. Адасқандарды құтқарды.
2019 жылы елімізге 600-ге жуық қазақ азаматтары жеткізілді. Оның ішінде 400-ге жуығы балалар.

Екінші кейіпкеріміз де Орал қаласының тұрғыны, шетел азаматына тұрмысқа шыққан. Қазіргі есімі Əмина:

СИРИЯДА БӘРІ КЕРЕМЕТ ДЕГЕН ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА АЛДАНДЫҚ

– 2006-2007 жылдары дінге басқа көзқараспен қызыға бастадым. Бір жыл мешітке барып сабақ алдым. Намазхан қыздардан білмегенімді сұрап, жүріп үйрендім.

2009 жылы наурыз айында намаз оқи бастадым. 2009 аяғында орамалға келіп, толықтай орандым. 2010 жылы күйеуіммен əлеуметтік желі арқылы таныстым. Пəкістанда оқып жатырмын деп өзін таныстырды. Маған ақша жіберіп, Түркияға келуімді өтінді. Сол жақта бірге тұрамыз, некелесеміз деген. Өмірімде көрмеген адамды жақсы көріп, қалай Түркияға барып, одан Иранға өтіп, Пəкістанға жеткенімді түсінбеймін. Жас болдым, шатастым. Отбасыма кетіп бара жатқаным туралы ақпарат бермедім. Олардың жауабы маған сол кезде белгілі болды.

Пəкістанға жетіп, күйеуім қарсы алды, бірден некелестік. 2012 жылы Пəкістанда қызым дүниеге келді. Кейін күйеуіммен бірге Түркияға көшіп келдік. Сол аралықта ата-анама пошта арқылы хабар бердім. Екі ай отбасым уайымға салынып іздеген. Мəн-жайды түсініп, менімен байланысты үзбеді.

Түркия елінің Стамбул қаласында алғашқыда жолдасымның мұсылман бауыры жəне оның əйелімен бірге тұрдық. Кейін 2015 жылы бөлек үй жалдадық. Осы жылдары Сирия жайлы көп мəлімет ала бастадық. Мұсылман ел, қысым жоқ, шариғат бойынша өмір сүреміз деген сынды әңгімелер жанымызға майдай жақты. Барлығы тегін дегенді естіп ойланғанымыз рас.

Мен де, күйеуім де ханбали мазһабын ұстанамыз.
2015 жылы наурыз айында шешім қабылдап, Сирияға жолға шықтық. Ол уақытта екі қызым бар. Бірінші қызым Пəкістанда, екінші қызым Түркияда дүниеге келген.

Сириядағы жағдай мүлде басқаша болып шықты. Шекарадан өткен соң, бірден ақша, ноутбук, құлаққап барлығын тартып алды. «Тыңшы емессің бе?» деген сұрақтарды жаудырды. Кейін əйел адамдарды бөлек жатаханаға алып кетті. Үш ай күйеуімді көрмедім. Бізге қатты қиын болды. Қаланың орталығы болғасын, жарылғылар көп түседі. Қорқыныш, үреймен өмір сүруден шаршадым.

2017 жылы күйеуім ашық жолды іздеймін деді. Амалын тауып 2017 жылы төрт баламмен қашуды ойладым. Шекарадан асып, күрттер шекарасына түсіп қалдық. Ол уақытты есіме түсіргім келмейді. Бізді Сирия аумағынан алып шыққан Ресейліктер. 2017 жылы Ресейден Астанаға жеттік, кейін Оралға келдім. Бір жыл өткен соң күйеуімнің Сирияда қайтыс болғанын естідім. Əу баста өзімнен кеткен қателік болды.. Тағдырды өзгерте алмаймын. Маған үлкен сабақ болды. Адаспаңыздар. Дінге кірерде жан-жақты зерттеп, саралаңыз.

Сирияға діндегі адамдар қандай жағдайда барады? Расымен, Алла жолында құрбан болу түсінігі қоғамда бар ма?

Əлеуметтанушы Жанболат Құмархан:
– Сирияға кеткен қазақтар көбінесе діни мотивпен кеткенін білеміз. Қазақстанда қаншама жылдан бері қалыптасқан радикалды діни топтар белең алды.

Олардың біздің елге жайлап кетуінің себебі, біріншіден Қазақстанда рухани вакуум деген термин көп қолданылады. Атеизмді саясатқа жəне ғылымға негіздей отырып халыққа ресми түрде насихаттап, діншілдік пен құдайшылдыққа тыйым салу деген саясат жүргізді. Сол себепті бізде рухани вакуум қалыптасты.

Көбінесе біздің Қазақстандағы дискурста олар жаман ниетті адамдар, алдап арбап алды дейді. Мен оған келіспеймін. Жолы дұрыс емес, жолы радикал болуы мүмкін. Бірақ діни мотивтағы адамда жаман ниет деген болмайды.

Керісінше, менің ақиқат деп білген нəрсемді таратайын деген психология болады. Оны қабылдаған адам сондай психологиямен қабылдайды. Бұндай топтарға көбінесе кедей, білімсіз адамдар кірген деген ұғым бар. Бірақ олардың араларында өте жоғары білімді, сапалы университетте оқыған адамдар да болған. Демек, мəселе психологиялық мотивте жəне теріс діни ұғымның уағыздалуына мемлекет тарапынан шектеудің қойылмай қалуынан. Сондай көптеген себептерден біздің қазақ бауырларымыз Сирияға кетіп қалды.

Осындай радикалды ұғымдардан қорғанудың жолдары бірнеше фактордан тұрады. Ең бірінші, жас ұрпақты білімді қылып өсіруіміз керек. Одан кейін өнерге баулып өсіруіміз керек. Адамның жан дүниесін əр түрлі дөрекіліктерден құтқаратын нəрселерге жəне мəдениет пен эстетикаға баулуымыз қажет. Ең маңызды мəселе, дінді тарататын, дінді уағыздайтын профессионал мамандар – имамдар, теолог мамандары, дінтанушылар мен исламтанушылар дұрыс білім алған болуы керек.

Нұр-Мүбарак университетінің түлегі, 2014 жылдан бері теология саласының маманы, исламтанушы Нұрбол Сəрсенұлы:
Сириядан оралған қазақ бауырларымызбен жұмыс жасадым. Жусан операциясы кезінде Сириядан оралғандарды Ақтау қаласына алып келді. Көбінесе Сириядан оралған əйел азаматтарымен қатар түрмеде ер азаматтармен де жұмыс жасадым. Олардың сенімдері мен көзқарастары дұрыс емес екендігі белгілі.

ҚМДБ-ға қарасты ресми тіркелген арнайы имамдар мен ұстаздар жəне олар ұсынған арнайы сайттар бар. Кітаптардан да ҚМДБ-ның сараптамасынан өткен, оқуға ұсынылған арнайы кітаптарды ғана оқу қажет. Имамдарымыз бен ұстаздарымыз ұсынған шарттарды орындаса теріс ағымның жетегіне кетпес еді.

Көпшілік адамдар теріс ағымға əлеуметтік жағдайы төмен, отбасынан зардап шеккен, толық емес отбасынан шыққандар ғана еріп кетеді деген түсінікте. Бірақ ол түсінік дұрыс емес екеніне көзім жетті. Мен 2014 жылдан бері осы мəселе бойынша жұмыс жасап келемін. Сириядан қайта оралған түрлі адамдарды кездестірдім. Əлеуметтік жағдайы жоғары мұнайшылардың да отбасымен бірге кеткенін көрдім. Маңғыстаудағы мешітіміздің бухгалтері де теріс ағымның жетегіне еріп кетті.

Бұл жерде тəрбиенің маңызы зор. Үйде ата-анадан діни тəрбие көрген бала теріс ағымға ермейді. Кейбір ата-аналар баласына сөйлей алмайды, ұрса алмайды. Үйдегі тəрбие мықты болса бала сырттан тəрбие алмайды. Ата-ананың діни сауатсыздығынан да бала басқа ағымға кетіп қалуы мүмкін. Баланың намазға ниеті ашылып ата-анасынан сұрағына жауап іздесе оны қанағаттандыратындай жауап ала алмайды. Бала амалсыздан интернетке жүгінуі мүмкін немесе мешітке барып басқа біреулерден үйренуі мүмкін. Егер ата-анасының діни сауаты жеткілікті болса, бала сырттан емес керісінше ата-анасынан тəлім алатын болады.

Біз жұмыс барысында оларға “Сирияға барғаныңа өкінесің бе?” деген сұрақты қойдық. Сирияда “жиһад” жоқ екенін көрдім шынайы емес екенін білдім деп жауап берді. Бірақ бұл жауап мені қанағаттандырмады. Бұл ағым жалған екен, дұрыс емес екенін түсіндім деген жауап күткен едім. Демек, ертең басқа елде дəл осы жағдай болып мұсылмандарды жинаса тағы кетіп қалмасына кім кепіл. Сондықтан біздің күдігіміз орынды. Біз ол адамдармен əлі жұмыс жасап жатырмыз.

Сириядан оралғандардың ұстанымдарын, көзқарастары мен теріс түсініктерінің дұрыс емес екендігін түсінгендер де болды. Жат ағымның жетегінде кеткендерге асықпай ойланып қадамдарын анық басуға шақырамын. Себебі дін деген оңай нəрсе емес, қаза берсең шегі жоқ. Барша халықты білімді болуға шақырамын. Бір адамның айтқанына ермей, ақпаратты ресми сайттардан ғана оқыған жөн.

Редакциядан:

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Азаттық агенттігіне берген ресми жауабындағы дерек бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге жуық Қазақстан азаматы кеткен. Олардың көбі – балалар. Астана Ирак пен Сириядағы соғыста барлығы қанша қазақстандықтың қаза тапқанын білмейді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде тек Сириядағы халықаралық террористік ұйымдар жағында соғысқан 260-тан астам қазақстандықтың қаза болғаны туралы мəлімет бар.

ҰҚК дерегі бойынша, қарулы қақтығысқа заңсыз қатысқаны үшін Сирияда 60-қа жуық, Иракта шамамен 20 Қазақстан азаматы қамауда отыр. Астана қазір құқық қорғау жəне мемлекеттік органдармен бірігіп, ұрыс аймақтарына кеткен қазақстандықтарды елге қайтару үшін жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

2019 жылдан бері билік “гуманитарлық” деп атаған, бірнеше кезеңде жүрген “Жусан” операциясы аясында барлығы 607 азамат – 37 ер адам, 157 әйел және 413 бала (олардың 34-сі жетім) елге қайтарылған (биыл қазанда президент көмекшісі Ерлан Қарин америкалық Jamestown Foundation зерттеу орталығына берген сұхбатында 2018 жылдан бері “Жусан” операциясы аясында және басқа да каналдар арқылы Таяу шығыстан 742 адам, оның ішінде 189 әйел мен 516 бала эвакуацияланғанын айтқан).

Болатова Айжан, Балуанбаева Бибізайнап,

СДУ “Журналистика” мектебінің ІІ курс студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар