Әр жылдың басы қаңтар айынан басталады. Бірақ, биылғы қаңтар өзгерек. Ойымызға қырғын, қасірет, оқиға, қозғалыс, шеру секілді үрейлі сөйлемдерді сала береді. Уақыт машинасы бұл жылды артқа тастап, алға жылжып барады. Сонымен, Қаңтар оқиғасына біз қалай баға бердік, нендей сабақ алдық? Саясаттанушы мамандар не дейді?
ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҰҒЫМЫНЫҢ АЯСЫНДА ӨЗГЕРІС ЖАСАУ НИЕТІ БАЙҚАЛАДЫ
– 2021 жылдың басы әлеуметтік дүмпумен басталды. Қаңтар оқиғасына қандай баға береміз, не деп атаймыз? Бұл жөнінде саясаттанушылар бір мәмілеге келді ме?
– Қаңтар оқиғасын саяси-әлеуметтік дағдарыстан туған саяси қозғалыс деп айтуға болады. Саясаттанушылардың көпшілігі кәсіби маман ретінде оны саяси қозғалыс деп мойындайды. Алайда, кейбір саясаттанушылар, бұл – лобби күштердің әсерінен болған, саяси тұрақсыздыққа алып келген оқиға деп баға беріп жатады. Оны әділ баға деп айтуға болмайды.
Өз кезегінде біздің саяси элита да, Президент те саяси-әлеуметтік дағдарыстан туғанын мойындап, саяси реформалар жасауға бастама көтере бастады. Тіпті, Президент Қаңтар оқиғасынан кейінгі ең алғашқы мәлімдемесінде де еліміздің саяси жүйесінде өзгерістер мен саяси жаңалықтар болатынын айтқан. Іле-шала күзге қарай саяси реформалар болады деп мәлімдеме жасады. Күзде оның шеті көрінді. Ендеше, мұны мойындалған саяси қозғалыс деуге негіз бар.
– Атқарушы билік пен халық бұл оқиғадан сабақ алды ма, алса, ол неден байқалады?
– Атқарушы билік Қаңтар оқиғасынан сабақ алуға мәжбүр болды, яғни саяси-әлеуметтік дағдарыстың салдарынан осындай оқиға болғанын мойындап, ендігі кезекте саяси өзгерістер жасауға ниетті екенін, саяси өзгерістер жасайтын уақыт келгендігін ескеріп, «Жаңа Қазақстан» деген ұғым туғызып, соған сәйкес бетбұрыс жасалатынын аңғартты. Бұл – атқарушы биліктің сабақ алғандығының белгісі. Қазір де көп өзгеріс жасауға тырысып, олигарх топтарды биліктен, ықпалдылықтан алыстатуға талпынып жатыр.
Алайда, бұл әрекеттер әзірге өз нәтижесін анық көрсете алмай келеді. Және осы саяси ұстанымдар жеткілісіз, әлі де батыл қадамдар емес болып көрінеді. Себебі, Қаңтар оқиғасы бізге көп мәселенің бетін ашып, алуан сұрақ қалдырды. Қазіргі саяси жүйенің түбегейлі жаңаруы қажет екенін ескертті. Қазіргі жүйе дағдарыста. Саясат теориясы бойынша да өзінің жұмыс істеу қабілетін нашарлатып алған жүйе.
Сол себепті саяси өзгерісті саналы түрде, түбегейлі жасау керек болады. Мәселен, жаңа үкіметтің құрылуы мен партияның атын өзгерту жеткіліксіз. Саяси өзгеріс болғандықтан, тәуелсіз сот пен парламентті қалыптасыруға тікелей мүмкіндік беруіміз керек. Саяси партиялардың да шынайы саяси бәсекеге түсуіне жол ашып, тіркелмей жатқан демократиялық партиялардың тіркелуін заңдастыру керек. Осындай қадамдар жасалса, Қаңтар оқиғасынан биліктің сабақ алғаны анық көрінетін еді.
Қазір ел ішінде жаңа саяси партиялардың тіркелуіне көңіл толмай жатқан жағдайлар бар. Тіркелмей тұрған партиялар әлі бар. Немесе ресми билік өздеріне оппонент етіп бір ғана саяси партияны қарсылас етіп алсын. Сонда саяси бәсекелестікке негізделген екіпартиялық жүйе шыға келеді.
Саяси позициялары түсініксіз көп партиялардан еш пайда жоқ. Парламент Мәжілісінің сайлауы көктемде өтеді дейміз, алайда, кәсіби Парламенттің қалыптасуына мүмкіндік беретін нақты өзгерістерді көріп отырған жоқпыз. Билік партиясының ықпалымен бәрібір де сол бұрынғы Парламент жасақталатын секілді?.. Сол себепті шын саяси өзгеріс жасайтын жүйелі жұмыс жүруі керек деп санаймыз.
Саяси монополия нығайған сайын, қоғамның саяси тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнеді. Мәселен, жан-жағымызға қарап отырсақ, кейбір мемлекеттер саяси монополияның ықпалымен халықты қысып ұстап отыр. Билікті алып қояды, бізді «құртады» деп қорқады. Қазіргі Беларусь мемлекетінің жағдайында қарасақ, соны байқауға болады. Яғни, президенттерінде шегінерге жол жоқ болғасын өзінің қатал саясатын күшейтіп жатыр.
Моңғолияда да саяси тұрықсыздық белең алды. Жалпы алғанда, демократиялық саяси жүйе қалыптасқанына қарамастан кейінгі 10 жылдықтың өзі бір партияның билігінде болуы саяси монополияны нығайтып үлгерді. Оқиғаның негізгі себебі көмір дағдарысы болғанымен, астарында биліктің монополиясы, коммунистік халық партиясының билікте ұзақ отырып алуы, яғни демократиялық партияға жол бермеуінен туындады. Оларда екі партиялық жүйе. Бізде де Қаңтар оқиғасы газ бағасының өсуінен бастау алған болатын.
ХАЛЫҚ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНЫҢ ӨЗІНЕН ЕМЕС, ЖАЗАЛАУ ШАРАЛАРЫНАН «САБАҚ АЛҒАНДАЙ»
Қаңтар оқиғасынан халықтың сабақ алуы дегенге келер болсақ, халық оқиғаның өзінен емес, одан кейінгі жазалау шараларынан сабақ алғандай көрінеді. Қаңтардың жазалау шаралары жұмсақ болды деп айта алмаймыз. Өте қатал, тіпті, тиым салынған жазалау шаралары қолданылған болатын. Оны полиция қызметкерлерінің жеке шешімі деуге келмейді. Оларға тікелей нұсқау берілетінін ескерсек, өте қатаң жазалау шараларының қолданылғаны қоғамды қатты үрейлендірді. Қоғам енді бейбіт шерулерге, жалпы рұқсат етілген-етілмеген шараларға шығудан аяқ тартып қалды. Олардың көңілінде, «мұндай кезде мемлекеттің машинасы адамның ерік-жігерін басып тастай алады», деген қорқыныш қалды.
фото: Маса медиа
Ондайды көрген соң, кімде болса да белгілі бір мәселе көтеруге, өз құқығын қорғауға жүрексініп қалатыны анық. Бұл әрине, демократиялық талаптарға қайшы. Демократиялық елдерде шерулер мен саяси әлеуметтік қозғалыстар жиі болғанымен, біздегідей қатаң жаза жоқ. Олар мүмкіндігінше, кешірім жасайды. Неге десеңіз, саяси элита адамдардың шеруге шығуы біздің саяси шешімдердің дұрыс еместігі деп мойындап, шеруге шыққан кәсіподақ немесе қоғамдық ұйым басшыларын дөңгелек үстелге шақырады.
Шеру кезінде тәртіп бұзылса, қоғамның тыныштығын алса, біздің де кінәміз бар деп санасады. Өкінішке қарай, біздің халық бұл оқиғадан сабақ алды дегеннен гөрі, үрейленіп қалды деген дәлірек. Сондықтан ендігі жерде, қозғалыс, ұйым, партия ретінде мәселе көтерген дұрыс деген ұғым қалыптаса бастауы мүмкін.
– Тәртіп бұзушыларды бейбіт шерушілер деп атай аламыз ба?
– Әрине, тәртіп бұзушыларды көп мамандар бейбіт шерушілер деп атамайды, айтуға батылы бармай жатады. Біз мынандай негіздерді қарауымыз керек. Олар, ең алдымен, бейбіт шеруге шығып, талап қойды. Одан кейін барып саяси дағдарыс күрделеніп, мәселе шешімін таппаған кезде шерушілер жауапты адамдарды өздеріне тартқысы келді.
Бірақ жауапты адамдар шықпады. Алматының әкімі бармады, басқа да жерлерде жауапты адамдар халық алдына шықпады. Өздеріңіз білесіздер, тек Атыраудың әкімі Ноғаев мырза халық алдына шығып, шерушілердің арасынан көрінді. Сондай жағдайларды ескеретін болсақ, халық басында бейбіт шерушілер ретінде шығып, сосын бұл жағдай бақылаудан шығып кетті. Ол биліктің тез арада шұғыл шара қолдана алмау салдарынан еді. Сол себепті оларды тәртіп бұзушылар, қылмыскерлер деп біржақты айыптауға болмайды. Оның арғы жағын қарау керек. Білесіздер, мұндай шерудің соңы тәртіп бұзуға айналып кетуі Еуропаның кез-келген елдерінде орын алады.
Алдыңғы жылы Парижді қала тұрғындары қопарып тастағанда, оның бір себебі қаланың ластанып кетуі болды. Сондай мәселенің өзін көтеріп, өз наразылықтарын білдіріп, ауқымды шеру ұйымдастырды. Сонда француз билігі оларды қатаң жазаға тартып, аяусыз қамап, соттаған жоқ. Саяси элитаның қателігі бар екенін, қоғаммен тіл табыса алмағанын мойындады. Оларды саяси компромиске шақырды. Ал қазір Францияда бәрі өз орнында. Көрдіңіздер ме?
Біз оларды соттап, қылмыскер деп айыптағаннан ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, мүмкіндігінше олармен тіл табысуға біздің саяси элитаның әрекеті жеткілікіз болып жатыр. Әйтпесе, біздің қоғам казір сауатты, саяси жетіліп келеді. Байқасаңыздар, барлығын біліп, аңғарып отырады. Мемлекеттік биліктің қай саясаты дұрыс, қайсысы бұрыс, барлығын біледі. Сондықтан қоғам тілімен сөйлесе алатын оларды түсіне алатын саясаткер, лидерлер керек бізге.
– Ата заңға өзгеріс енгіздік, сайлау өтті. Қаңтар айында Сенат депутаттарының сайлауы болады. Бұл өзгерістер ел ішіндегі мемлекеттік басқару құрылымдарына деген сейілген сенімді қайта күшейте ала ма?
– Егерде біз Сенат немесе Мәжіліс сайлауын, жалпы сайлау науқанын осы қалыппен өткізсек, одан үлкен жаңалық күту артық. Жақында Президент сайлауы болды. Қоғамның көңілі аса толмады, президенттікке кандидаттардың, қазіргі Президентті айтпағанда, қоғам талабына еш жауап бермейтіндігі, осы уақытқа дейін қоғамның ешбір мәселесін көтермеген адамдар екенін ескерсек, Президент сайлауының да қоғам алдында сенімге ие болатынына күмәнмен қарауға негіз бар.
Осы жағдайды президент әкімшілігі, президенттің саяси менеджер-технологтары мойындап, алдағы уақытта үлкен саяси өгерістерге мүмкіншілік берсе, қоғамның сеніміне ие болуға болады. Ал парламент палаталарының сайлаулары қоғамдық қозғалыстарға, жаңа тіркелген немесе әлі де тіркеле қоймаған саяси оппонент бола алатын демократиялық партияларға мүмкіншілік беріп, соларды қатыстырып өтсе қоғамның сенімін ақтауға негіз бар. Ал қазіргі «АMANAT» партиясының басымдығымен, бұрынғы әдетімен жүзеге аса берсе, әрине қоғамның жалпы ұлттың сенімі туралы сөз қозғау абсурд.
– Еліміздегі мемлекетшіл сананың қалыптасу, беку қарқыны қандай?
– Дәл қазіргі уақытта Қазақстан қоғамында саяси сана, саяси мәдениет, мемлекетшіл сана толық қалыптасып үлгерді. Ол бүгінгі күннің, қуанып айтатын, саяси жаңалығы. Қазіргі қазақ мемлекетінің тұрғындары өздерінің саяси құқықтарын, оның қарама-қайшылықты мәселесін жақсы түсініп білді.
Қаңтарға дейін де, қаңтардан кейін де қаншама бейбіт шерулер болды. 2016 жылы Жер дауы болды, маман ретінде оған да баға бердік. Онан кейінгі қаңтар қоғамның ояу екен, халықтың саяси сана сезімінің қалыптасқанын, ескірген саяси жүйенің әрі қарай жүмыс істеуіне мүмкіндік бермейтінін көрсетті.
Ендігі мәселе, сол қалыптасқан мемлекеттік сананы бағалайтын, соны елдің ұлттық идеологиясына пайдаланатын жүйелі мемлекеттік саясат керек. Сонда еліміздің болашағы зор болады. Біз биыл Украина халқының өз еркіндігі мен азаттығы жолындағы ерлігін көріп таңғалып қалдық. Ол бізге мемлекетшіл сананы тануда, көруде үлкен сабақ болды. Тіпті, Ресейдің өзі олардан ондай қарсылық күтпеді.
Сондықтан мемлекетшіл сана, ұлттық идеология, саяси мәдениет дегеніміз өте маңызды ұғым. Қазір біздің қоғам мемлекеттік саясаттың жетістігін де, кемшілігін де айнадай айқын көріп отыр. Тұрғындардың барлығы сауатты. Сол себепті қазір алдау-арбау, әртүрлі қитұрқы ойындар ұйымдастыру дұрыс емес. Ол еш нәтиже бермейді. Шынайы, тура жолмен саяси өзгерістеге қадам басқан жөн. Одан саяси элита мен қазіргі президенттің абыройы биіктей түседі.
– Алда елімізде қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Қазіргі элита саяси өзгерістер жасауға барынша ынталанып, алға қойған жоспар-міндеттерін орындауға тырыса береді деп ойлаймын. Олардың қазіргі жоспары «Жаңа Қазақстан» деген ұғымның аясына сыятын көптеген өзгерістерді алға тартып отырғаны белгілі.
Олар Мәжілістің заң қабылдаудағы тәуелсіздігін арттыру, жеке тұлғалардың партиясыз сайлану мүмкіндігі, жаңа саяси партияларды тіркеу, партиялар арасындағы бәсекені күшейту т.б. біраз жаңалықты Президент әр жолдауында айтып жүрді, соның барлығы, шынында, жүзеге асса, үлкен өзгеріс болады.
Ал, егер қазіргі қымбатшылық, жалтақ саясат жалғаса берсе, өзіміздің дербес саясатымыздың мүмкіндігі тұншығып қала беретін болса, саяси тұтқындар босатылмаса, белгілі бір тұлғаларды ұстанымына бола қуғындау тоқтамаса, қоғам тарапынан наразылық тумайды деп айта алмаймыз. Себебі, қаңтардан кейін жазалау шаралары қанша қатал болса да, қоғамда наразылық көрсеткен оқиғалар болды.
Жуырда Тараздағы жұмысшылардың наразылығын білесіздер. Оны тек белгілі бір зауыт жұмысшыларының әділетсіздікке қарсы қозғалысы деп айтуға болмайды. Оның ар жағында ұлт, тіл, әділдік мәселелері тұр. Қаңтар оқиғасын да газ дағдарысы деп қана қарап, шешуге тырыспадық, келісімге шақырмадық, саяси элита оған дайын болмады. Ақыры түбі трагедиялық жағдайға алып келді. Қазір қоғам барлығын көріп, біліп отыр. Ендеше қоғам әлі де өз қалпында деуге болады, өзінің саяси талаптарын біледі әрі қоя береді.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Парақшамызға жазылыңыз