Сонымен 2022 жыл да тарих қойнауына сіңіп, 2023 жылдың да алғашқы таңдары атты. Былтыр біздің есімізде несімен қалды? Біраз маңызды оқиғаны тізбелеп шыққан едік. Ал, сіз үшін бұл жыл несімен есте қалды?
ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАР
Осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстанда газ бағасының қымбаттауына орай жаппай наразылық шаралары басталған еді. Бұл бүкілхалықтық сипат алып, Қазақстанның барлық аумағын қамтыды. Бұның соңы бүлікке ұласып, елде төтенше жағдай жарияланды. Кейін Қазақстан билігі Республика алаңында 4-7 қаңтарда шамамен 20 мың террорист болды деген мәлімдеме жасайды. Оның ішінде шетелдіктер еніп кеткені айтылады. Қаралы Қаңтар күндері қала әкімшілігінің ғимараты, президент резиденциясы мен екі телеарна ғимараты отқа оранды, қалалық полиция департаменті мен аудандық полиция басқармасына шабуыл жасалды, қару жарақ дүкені тоналды. Қалада бүлік басталды. Қаладағы жаппай бұзақылық шараларын басу үшін ҰҚШҰ (ОДКБ) күштері Алматыға келді. Ресми мәлімет бойынша бұл күндері – 238 адам қайтыс болды.
НАЗАРБАЕВТЫ ЕРЕКШЕ ДӘРЕЖЕСІНЕН АЙЫРУ
Қаңтардың 5-інде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасы лауазымынан айырылды.
Мамырдың 5-інде Қазақстан Парламенті Назарбаевтың ерекше дәрежесін Конституциядан алып тастауды мақұлдады.
29 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мереке мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке мәртебесінен айырылды, 25 қазан қайтадан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан –Ұлттық батырларды еске алу күні болды.
Қыркүйектің 17-сінде Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласын Астана деп атау туралы тағы бір жарлыққа қол қойды.
Жыл соңында Парламент «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Елбасы –туралы» заңды мақұлдап, Назарбаевтың барлық дәрежесінен айырды.
КӘРІМ МӘСІМОВ ПЕН ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫҒА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІҢ ҚОЗҒАЛУЫ
Қаралы Қаңтардан кейін Қазақстанда біраз лауазымды тұлғалар қамауға алынды. Әуелі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімов орнынан алынды, оның орнына Ермек Сағымбаев тағайындалды. Сонымен қатар, ҰҚК төрағасының орынбасарлары – Ануар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин орнынан алынады. 13 қаңтарда Мәсімов билікті күшпен басып алмақ болды деген күдікке ілінеді.
13 наурызда Алматыда лауазымын асыра пайдаланған және «Қазақтелеком» АҚ ірі көлемде ақша ұрлады деген күдікпен Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды қамауға алынады. Сондай-ақ, Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға да қатысты қылмыстық іс қозғалады. Ол Универсиада-2017 объектісін жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырған деген айып тағылды.
22 маусымда Қаңтар оқиғалары ісі бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір немере інісі, ҰҚК төрағасының І орынбасары Самат Әбіштің аты аталады. Алайда ол істің немен аяқталғаны жайлы нақты мәлімет жоқ.
Сондай-ақ, Назарбаевтың бұрынғы құдасы – олигарх Қайрат Боранбаев қамауға алынады.
НАЗАРБАЕВ ТУЫСТАРЫ МЕН ЖАҚЫН ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ЛАУАЗЫМДАРЫНАН ШЕТТЕТІЛУІ
Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін экс-президент Назарбаевтың туыстары біртіндеп лауазымдарынан айырыла бастады.
15 Қаңтарда Назарбаевтың екі күйеу баласы – “ҚазТрансОйл” АҚ Басқарма төрағасы Димаш Досанов пен “ҚазТрансГаз” ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Шәріпбаев қызметінен босатылды. Досанов – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның, ал Шәріпбаев – үлкені Дариға Назарбаеваның күйеуі.
17 қаңтарда Назарбаевтың тағы бір күйеу баласы – тұңғыш президенттің ортаншы қызы Динараға үйленген Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП төрағасы қызметін тоқтатты. Сондай-ақ, 17 қаңтарда президент Қасым – Жомарт Тоқаев ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішті алып тастады.
18 қаңтарда Қазақстан ОСК бұрынғы басшысы Берік Имашевтің ұлы Әлжан Имашев “ҚТЖ-Жүк тасымалы” топ – менеджері лауазымынан босатылды. Дариға Назарбаеваның құдасы Берік Имашевтің өзі 25 қаңтарда қызметінен босатылды.
24 ақпанда Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева да Мәжіліс депутаттығынан кететінін мәлімдеді.
18 қаңтарда Әлия Назарбаеваның 312 млн долларды Қазақстаннан шығарып әкетуге әрекеттенгені жайлы айтылады. 19 қаңтарда “ӨКМ Операторы” утилсбор жинау құқығынан айырылды – бұл компанияның Әлия Назарбаевамен байланысы бар екені анықталды.
1 ақпанда Нұрлан Нығматуллин Мәжіліс спикері қызметінен кетті және депутаттық мандатынан айырылды.
24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинада арнайы әскери операция өткізу туралы шешім қабылдағаны жайлы мәлімдеді. Сөйтіп үшінші мыңжылдықтағы ең масштабты және қауіпті соғыс басталды.
Бұл соғысқа Ресейдің өзінде қарсылық күшті болды. Көптеген қалаларда наразылық акциялары өтті. Алайда бұл акциялардың барлығы күшпен басылды.
Бұл соғыстың Қазақстанға экономикасына келтірген зияны шаш етектен.
ЖАҢА ОБЛЫСТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ
16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған жолдауында Қазақстанда үш жаңа облыс құруды ұсынады: Шығыс Қазақстан облысы екіге бөлініп, бұрынғы Семей өңірінде Абай облысын құру туралы шешім қабылданады. Облыс орталығы ретінде Семей қаласы бекітіледі; Қарағанды облысынан бұрынғЫ Жезқазған өңірін бөліп алып, Ұлытау облысын құрып, облыс орталығы ретінде Жезқазған қаласы бекітіледі. Сондай-ақ, Алматы облысы аумағы да екіге бөлініп бұрынғы Талдықорған облысының өңірінде Жетісу облысы пайда болды.
1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауы туралы мәлімдеме жасайды. Сөйтіп, 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді.
ЕКІБАСТҰЗ ЖЫЛУ ЭЛЕКТРОСТАНЦИЯСЫНДАҒЫ АПАТ
27 қарашада Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы жылу электрстанциясының жылыту қазандықтарындағы апат салдарынан 30-градус аязда қала жылусыз қалды. 28 қарашада Екібастұз қаласында Төтенше жағдай енгізілді.
Парақшамызға жазылыңыз