///

Е. Оспанов: Мүмкіндігі шектеулі балалардың жәрдемақысы өседі

1814 рет қаралды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі Ербол Оспанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мүгедектігі бар балалар мен олардың отбасыларына көрсетілетін қолдау шаралары туралы баяндады.

Өз сөзінің басында вице-министр Қазақстанда тұратын мүгедектігі бар адамдардың жалпы санынан 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі 14,4% (7 жасқа дейін – 32,1 мың, бірінші топтағы 7 жастан 18 жасқа дейін – 10,9 мың, екінші топтағы – 22,2 мың, үшінші топтағы – 36,4 мың) екенін хабарлады. Барлық жастағы мүгедектігі бар азаматтар үшін олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді.

Оның айтуынша, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету (бұдан әрі – АӘҚ) сияқты қолданыстағы шаралардан басқа, осы жылы мүгедектігі бар баланың ата-анасына мемлекеттік бюджет есебінен санаторий-курорттық емделуге жолдама құнының 70% төлеу жөніндегі норма енгізілді.

Сонымен қатар, Ербол Оспанов Еңбекмині әлеуметтік қызметтерді жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Министрлік жанында 6 жұмыс тобы жұмыс істейді, олардың құрамына мемлекеттік органдардың, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің өкілдері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Олар жүргізіп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін жағдай жасау», – деп бөлісті Оспанов.

Вице-министр ведомство әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту шеңберінде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарға өзгерістер енгізіп жатқанын хабардар етті.

«Жобада әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, мүгедектігі бар адамдар үшін орталықтар желісін дамыту, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар контингентін айқындау, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерді кезең-кезеңімен деинстуциализациялау алгоритмін әзірлеу көзделеді», – деп хабарлады Ербол Оспанов.

Вице-министр өз сөзінде мүгедектігі бар балаларға көрсетілетін арнайы әлеуметтік қызметтерге егжей-тегжейлі тоқталды.

Мәселен, туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін арнайы әлеуметтік қызметтер стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайында ұсынылады.

Қазақстанда тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және жалпы 1 мыңнан астам баланы қамтитын психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған 16 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

«Айта кету керек, жартылай стационар жағдайында және үйде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стационарлық ұйымдардың жұмыс істеп тұрған желісіне балама болып табылады және баланың отбасымен бірге болуына бағытталған. 75 күндізгі ұйымда 3 мыңға жуық бала қызмет алады. Сондай-ақ 18 оңалту орталығында 1 мыңға жуық балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Елімізде барлығы 215 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді, онда 10 мыңнан астам бала қызмет алады», – деді Ербол Оспанов.

Сондай-ақ, қызметтер тізімін 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде 5 мыңнан астам мүгедектігі бар балалар үшін 176 үкіметтік емес ұйым ұсынады.

Вице-министр жұмыс істеп тұрған ұйымдарға қосымша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңа оңалту орталықтарының құрылысы жоспарланғанын айтты.

«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін 2021-2023 жылдарға әрқайсысы 150 орындық бірқатар орталықтар салу жоспарланған. Өткен жылы құрылыс Жамбыл және Түркістан (200 орындық) өңірлерінде, сондай-ақ Абай облысында басталды. Осы жылы құрылыс Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында басталды. Барлығы 12 өңірде жаңа оңалту орталықтарын құру жоспарланған – оның ішінде Ақмола, Атырау, Жетісу, Павлодар, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда жұмыстар келесі жылы басталады», – деп атап өтті Ербол Оспанов.

Сондай-ақ, инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Қамқорлық» бастамасы аясында әртүрлі өңірлерде аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 8 күндізгі болу орталығын ашу жоспарлануда. Ол үшін орындар анықталып, орталықтар қызметінің тұжырымдамасы өңірлерге жеткізілді.

«ҚР-да 2021-2023 жылдарға арналған мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі Премьер-Министр бекіткен жол картасы шеңберінде мүгедектіктің алдын алу жүйесін және ерте түзету-дамытушылық көмекті ұйымдастыру, оңалту қызметтерін ұйымдастыруды, есепке алу жүйесін жетілдіру және арнайы техникалық құралдармен, дәрілік және медициналық бұйымдармен және т. б. қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар көзделген», – деп бөлісті вице-министр.

Ербол Оспановтың айтуынша, балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде өмірлік қиын жағдайдың туындау қаупі бар отбасылар мен адамдарға көмек көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді.

Сөз соңында вице-министр мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпаратпен бөлісті.

Ол мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бар бала кәмелетке толғанға дейін оның күтімі бойынша төлем қарастырылғанын айтты. Оның мөлшері – 1,4 төменгі күнкөріс деңгейіне тең. Жыл басынан бері оны 56,7 млрд теңгеге 97,4 мың адам алды.

«Бұдан басқа, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өтеуге құқығы бар. Қосымша қолдаудың мөлшері жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша айқындалады. Көмектің бұл түрі отбасының табысына қарамастан ұсынылады, үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша оны жалпы сомасы 707,8 млн теңгеге 14,8 мың теңге алды, ал оның орташа айлық мөлшері 5 313 теңгені құрады», – деп қорытындылады Ербол Оспанов.

дереккөз: www.gov.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар