///

Жиырма жылдан кейін азамат атанды

1896 рет қаралды

Бүгінгі таң қуанышты хабармен атты. “Мінбер” сайты бұған дейін 18 жыл бойы Қазақстан азаматы атана алмай жүрген Зохра Абдурасол туралы жазған еді.

Бүгін Зохра қоңырау шалып 20 жылдан кейін азаматтығын рәсімдеп, қолына көк паспорттың тигенін айтып, сүйінші сұрады.

Зохра 2002 жылы Қытайдан Қазақстанға жолдасы Апызұлы Асқармен бірге қоныс аударған. Жолдасы келген бетте Қазақстан Республикасының азаматтығын алады, ал ұлты ұйғыр болғаны үшін Зохраға үш жыл тұрақты тұру қажет деген талап қойылады. Ол ықтияр хат рәсімдейді. Өкінішке қарай, Зохраның жолдасы  2005 жылы қайтыс болып кетеді. Екі баласымен жесір қалған Зохра (кішісі жолдасы қайтыс болған соң қырық күннен кейін дүниеге келген) содан бері Қазақстан Республикасының азаматы атана алмай жүр. Екі баласы да Қазақстанда дүниеге келген, қазір үлкені он алтыға толып азамат атанып отырса, қызы он бес жасқа келді. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылына келген ол бірнеше рет азаматтық алуға өтініш жазған.

Өкінішке қарай, құзырлы органдар оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартып келген. Айтатын сылтаулары “Қытай азаматына Қазақстан азаматтығын бере алмаймыз. Әуелі келген елінің азаматтығынан шықсын” деген жауаптар еді.

Мәселен сол кездегі Алматы облысы Көші-қон полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ә. Әбдіқалиевтің қолы қойылған №20-5/13801, 24.12.12 нөмірмен жауап хатта:«2006 жылғы 10 қазандағы №198 «ҚР Президентінің жанындағы азаматтық туралы Ережесі» туралы ҚР Президентінің Жарлығының 3 тармағының 17 тармақшасына сәйкес ҚР азаматтығын алу үшін ҚХР азаматтығынан бас тартқаны туралы анықтама тапсыруы қажет» делінген.

Амаль таусылған Зохра ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Ху Цзинтаодың атына да арыз жазады. Ол хатына «егер өзге мемлекеттің азаматы атансаңыз, Қытай сізді автоматты түрде азаматтықтан шығарып тастайды, одан бұрын азаматтықтан шығару қарастырылмайды» деген жауап алған.

“Мінбер” сайты осы мәселені 2021 жылдың 24 ақпанда «Отандастар» КеАҚ мен «Мінбер» ақпарат агенттігі бірлесіп өткізген «Көші-қон: түйткілі мен шешімі» атты онлайн конференцияда да көтереді. Осы конференцияға қатысқан ҚР Ішкі істер министрлігі Азаматтық және көші-қон басқармасының сол кездегі басшысы Ғани ШЫМЫРБАЕВ былай жауап берген еді:

Бұл кісі былтырдан бері біздің бақылауымызда. Зохра ханымның жолдасы біздің қандасымыз. Жолдасы жеңілдетілген тәртіппен азаматтығын алған болатын Ал өзі басқа ұлт өкілі болғандықтан азаматтық ала алмай қалған. Егер жұбайы қайтыс болмағанда бұл кісі де жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алатын еді. Ықтияр хатының уақыты өткендігіне байланысты біз қазір азаматтығы жоқ тұлға ретінде құжаттандырдық. Алдағы уақытта басшылықтың бақылауымен жалпы тәртіпте  яғни Президенттің қаулысымен азаматтықты рәсімдеуді қарастырып жатырмыз.

Зохра “азаматтығы жоқ тұлға” дәрежесін рәсімдегеннен кейін де бір жарым жыл сергелдеңге түскенін айтады.

– Әр барған сайын түрлі сылтау айтып қайтаратын. Неге екенін қайдам, құжаттарымнан бір шикілік тауып тұратын. Маған бәрінен батқаны еш елдің қарауында жоқ, азаматтығы жоқ тұлға деген құжатты арқалап жүруім. Өзімді ешкімге қажетсіз сезіндім. Оның үстіне, 16-ға толмаған қызыма да қиын болды. Ол бір жаққа баратын болса, мен қасында жүруім керек. Бірақ, пандемия кезінде менің құжаттарымның уақыты аяқталғандықтан, маған ары бері шығуға рұқсат берілмеді. Ал бүгін Қазақстан азаматы атанып, төбем көкке екі елі жетпей тұр. Қуаныштымын, осыған көмектескен “Мінбер” ақпарат агенттігіне мың да бір алғыс дейді ол.

Зохра жұмыссыз, осы уақыт аралығында екі баласына асыраушысынан айрылғаны үшін төленетін жәрдемақымен күн көріп келген.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар