////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-9)

1309 рет қаралды
сурет ашық ресурстан алынды
Арғы бет те өз елі. Алайда «арғы бет» деген бір аждаһа пайда болды. «Арғы бет» деген сөздің елді үрейлендіргені сондай «арғы бет» десе бесіктегі бала шошып оянып, жылаған бала уанатын.
Саясаттың қылмайтыны бар ма, бір жастықан бастау алған екі өзен, бір тау, бір елді жотасынан таспа тілгендей бір сызықпен бөліп, ар жақ, бер жақ атап жарып, бір-біріне жат қылып тастағаны болмаса бір атаның балалары. Қалың қазақтың іші. Пана іздеп барғанда суық жүзін сыртына салмас деп бел байлаған-ды. Алайда Қабақ атының басын кері бұрды. Атының басын кері елге бұрғанда өзін өкшелей қуған жауынан құтыламын деп бұрған жоқ. Өлетінін білді де, тірі болсам туған топырағыма оралармын деген ниетінің жібермей тартып тұрғанын сезді.
Қуғыншылар Қабақтан көз жазып қалды. Жар қабақтың астына қарай түскендей болып еді. Олар ақ қорымды айналып жеткенше жер жұтты ма жоқ болды. Қаңқабай ентігіп жеткенде Ақкісі маңдай тері тамшылып алтын ерді атына асығыс бөктеріп жатты. Алдында оққа ұшқан қара сүмек қарагер ат жатыр серейіп. Жануардың жазығы не, оспадар сайқалдың оғына ілінді.  Қаншама жазықсыздар қосақ арасында босқа кетті. Қаңқабай Ақкісіге тебітіп кеп:
– Не тұрыс! Қашқын қайда?! – деді қамшысын білеп.
–  Ерін алып жатырмын… Ер… Дұшпаннан түк тартсаң да олжа. Ыңыршақ ерттеп жүр едім.  –  Ел ішіндегі ұста, зергерлер ісінің барлығына тиым салынып, туа бітті кәсібін тығылып, жасырып жасап қаншама адам спекулянт, алып сатар, ала аяқ атанып сотталып кетті. Қазір ер шаппақ түгіл етік жамағаннан жасқанатын.  Артын ойламайтын Ақкісі ойына не келсе соны айта салатын аңғалдығы да бар еді.
– Қазір ер шабатын ер де қалмады ғой, Қақа, –  деп қалды.
– Жап аузыңды, ауызыңа келгенді  абаламай, –  деп ақыра сөйлеген Қаңқабай, – андағы ер-тоқымды үкіметке тапсыр! –  деді де болдырған атын борбайға осып, шаужайлай тебініп, бұрылып жүріп кетті.
*
Қабақ оқ тиіп, омақаса жығылып тұрып, оққа қарысып, оқтың өтіне қарай жүрер қайсар хайуан жыртқышша өзін өкшелей қуғандарға қарсы бағытқа жүріп барып, бір терең жыраның ішімен кетті. Ал қуғыншылар ол кері айналып, сайдың ішімен құлдилап, өздеріне бетпе-бет шығып, төмендегі жалпақ қарағайдың ішіне барып тығылмақ болады деп ойлаған жоқ. Жаңсақ жасалған болжам бұрыс жолға бастайды. Ізді көлеңке жасырады. Қуғыншылар Қабақ тығылып қалу мүмкін таса, далда жерлерді түгелімен ойлы-шұңқыр, тастың қуысы, болымсыз үңгір, жыра-жықпыл, бұта-бүргеннің арасы, сай-саланың бәрін тінтіп бар уақыттарын өткізіп алды. Түк те таппады.
*
Қабақтың жүрісі баяулап, жар қабақ астынан қиялай салған жолмен қапталдап, өзенді жиектей  сол  жағындағы қызыл таулар етегіндегі бейіттің тұсынан шықты. Бұл кезде күн кешкіріп, төңіректі түгел көлеңке басып, ымырт үйірілген. Айдың бозаң жарығы әр нәрсеге жан бітіріп, үйге қарай өз еркімен бет алған қарагер ат жүрісі қоюлағанымен ояу, елеңдеулі.
Қабақ болса әлсін-әлсін біресе оңға, біресе солға теңселіп келеді. Құдды мас ұраңқай. Мас ұраңқай жайлауда өстіп ат үстінде тербеліп келе жататын. Қабақ бейіт басына келгенін сезді. «Біздің ауылдың бейіті ғой. Жетпіс жеті атамның басы қосылған жер. Қалың  аруақтар, өңкей ірі адамдар күтіп тұр екен… «Келдің бе, қарағым? Кел, Қабақ. Енді саған бұл қоғам қонақ болмайды. Ел тізгінін сен ұстай ма деп қалдырып едік, тыныштық бермеді. Тұқымыңды тұздай құртамын дейме? Ха-ха-ха… Кел!
– Мынаны қайтемін? – Қабақ қойынындағы баланы  көрсетті.
– Таста. Ол басқа өмірдің баласы. Ерте ме, кеш пе сені іздеп табатын сол болады. Басыңа белгі  тұрғызады. – Шапағатшы болсын.
– Жоқ, шырақ жағып жүргендер, құман ұстап жүгіргендер жетеді. Көрмейсің бе, әне, мыналар. Бала күніңде осылармен ойнаушы едің ғой.
– Ақ желеңді аруақтардың етегіне оралған ұсақ-ұсақ тыр жалаңаш сәбилер құжынап асыр салады…  Ләззатты қайтемін? »
–  Қабақ «Ләззатты» деген күңіренген дауысты ап-анық естіді де, есінен танып, қарагер аттың мінер жағына қарай салақтап ауып бара жатты. Ат Қабақ ауған жаққа жүрді. Бірақ ол аттың жалын құша мойнына қарай еңкейе берді. Жануар Қабақтың қайта түзелмесін сезді. Ақы иесін ақырын жығылсын дегендей мінер жақ алдынғы аяғын иіп тоқтай қалып, сол мезет топ етіп құлап түскен үшеуіне бұрылып қарап басын изектетіп сәл кідіріп тұрды да мойыны салбыраған күйі баяу жылжып кете барды.
Тасырлатып тобымен жеткендер апыр-топыр түсе қалысты…
Ләззат Қабақтың белдігінен саусақтарын өткізе мықтап ұстаған екен қарысып, қатып қапты. Қарысып қалған қолды белбаудан ажырата алмаған Ақкісілер әуелі Қабақтың белбауын шешті. Содан соң Ләззатты дырылдата сүйреп, оңаша апарып  белбаудан саусақтарын әзер ажыратты.
–  Денесі суымапты,– деп дауыстады  біреу Қабақтың  мүрдесін ары-бері ырғап, қозғап.
– Тірі болмасын?!
– Жоқ, өліп қапты…  Әй, мынаның қойынында бала бар ғой.
–  Бала дейді?
–  Бала.
–  Тірі ме екен?!
– Жып-жылы.
–  Онда тірі.
–  Ойбай, тірі екен.
–  Құдай сақтай гөр.
Ақкісі балажан адам еді. Өліп жатқан Қабақтың құшағынан сәбиді суырып алды.  Қаңқабай аттан түсіп жеткенше шапшаң қимылдап, анадайда бір бейіт түбінде шошайған Ләззаттың алдына апарып салды. Меңірейіп отырған Ләззат алдындағы балаға үдірейіп, бейне бөтен бір нәрсе көргендей ұзақ қарап отырды. Мұны байқаған Ақкісі қасындағыларға естірте:
– Ей, қатын, – деді де жүгіре басып Ләззатқа жетіп келіп, – еміз андағы баланы, сілейіп отырмай, сілесі қатып қапты, – деп айта сап көр қазып жатқандарға қарай жүгірді.
Ләззат селк етіп оянғандай болып, баланы бауырына тартып, маңдайынан иіскеп, мекіренді. Бойы шымырлап омырауына сүт толғандай болып, иісінді. Баласын қыса құшып, кимешегінің етегін көтеріп, омырауын ай жарығынан тасалай емшегін ауызына салды. Сілесі әбден қатып қалған сәби біраз уақыт ауызына итермелеп салған емшекті еме алмай тамған сүтті езуінен ағызып  жатып бір мезетте шопылдатып сора бастады.
«Айналайын.  Айналайын-ай!». Ләззат екі көзін тас жұмды.
Екі көзін тас жұмғанда іштен қайнап шыққан ыстық жасы жыртық үйдің үзігінен өткен нөсердің суындай сорғалады. Жан жүйесі жібіп, арқасын бейітке сүйеп шалқалай көсілді. Бейкүнә сәби не сезсін. Анасының ыза мен кек қатқан ащы жасымен араласқан ақ сүтін бойына сіңіріп жатыр.
*
Қазанның қарашаға ұласар қара желі қақсай соқты. Беті түсіп кеткен ескі бейіттің шұңқырын тырмалап ойған сыңай танытып, қуғыншылар Қабақтың мәйітін сол шұңқырға тастап көмген болды. Ақкісі ішінен жаттаған бір ауыз аятын оқып, ары қарап тұрып, Қаңқабайға көрсетпей бетін сыйпады.
*
– Әй, Ақкісі, – деп қалды бағанадан үн-түнсіз тілі байланып қалғандай мелшиіп отырған Ләззат зілді үнмен. Аттың айылын тартып жатқан Ақкісі тап құлағының түбінен саңқ ете түскен әйел дауысын естігенде жүрегі зырқ етіп, жалт бұрылды. Ләззат тап қасына келіпті. Түсі адам шошырлық. бой жасап тұрғандай күшке енген.
– Атыңның басын ірке тұр. Қабақпен  қоштасып қалайын,–  деді.
Қылмыскерді адамның дұрыс сөзі де шошытады екен. Меңдуана жеген малдай меңірейіп отырған Ләззаттың мына өжет қылығынан Ақкісінің зәресі ұшты. «Жынданды ма?!». Айлы  түндегі оған қадалған көзі адамға шабатын арланның көзінен де өткір қып-қызыл болып жанып, өңменінен өтіп бара жатыр еді. Егер Ақкісі қасарысқанда Ләззат қолындағы баласын былай лақтырып тастап алқымынан ала кетуге әзір еді.
– Қабақ жоқ қой. Жоқ…
– Ақымақ болма…  Ертең өзіңе өзің куәгер боласың. Аттың ғой.
–  Мен атқамын жоқ.
– Білемін, сенің атпайтыныңды… Сенде Қабақты ататын … –Ләззат ары қарай ләм демей өзін зорға тежеді.
Егер Ләззат адуын, шайпау қатын болғанда көмекейіне келіп тіреліп қалған «көт қайда» дегенді бұрқ еткізіп, Қабақтың арқасында кісі болғандығын, төрт-бес жасында құлағы шағып, басы ауырып  жанын қоярға жер таппай шырқырап жатқанда  енесі, Қабақтың шешесі келіп құлағына омырау сүтін тамызып,  содан жазылып  жаны қалғанын, байдың малын тәркілегенде Қабақтың өзінен басқа ешкім мініп-түспеген өздік күрең қасқа жорғасы тиген Ақкісі астына арғымақ ат түскеніне мастанып, ауыл үйдің итін шулатып ала жаздай өрлі-қырлы шапқылап, ақыры көктемде көтерем қылып өлтіріп тынғанын бетін тырнап отырып айтып салатын еді. Жоқ оның бірі де есіне түспеді.
– Қабаққа апаршы, – деді.
Жаңа ғана беті шала жабылып үстіне бірнеше жалпақ тас тасталған бейітті Ләззат құша жығылды. Бауырындағы бала да  шырылдап жылай бастады.
–  Қабай… Қайтейін, Қабай.  Қаңғырттың ғой. Осылай боларын білдің ғой. Қара жерге неге асықтың, Қабай?! Сенің өлген жаныңды мына сұмырайлар тыныш қояды деп ойлайсың ба?  Қош бол, кешікпей мен де қасыңа келемін. Қасыңа келемін…  – Ләззат қатты жерден тырнай бір уыс топырақты тырмай алып Қабақтың қабырының үстіне сеуіп тұрды да, кенет кері бұрылып артында  қадалып тұрған Ақкісінің бетін бар пәрменімен шашып кеп жіберді.
– Үй, мына қаншық қайтеді, үй! – Ақкісі шап беріп Ләззаттың иығынан бүре ұстап, дедектете сүйреп апарып атқа мінгізіп, сартаптап байлап, жетектеп жүріп кетті.
+++
Қабақтың  Майтабан дейтін иті бар еді. Майтабан десе май табан. Басы қазандай зор төбет. Қойға ермейді. Ауылдың сенімді күзетшісі. Үнемі төбе басында жатады. Төбет. Ауылға аттылы-жаяулы әлдекім келсе әуелі Майтабан көреді де орнынан тұрып, жуан дауысымен ауп-ауп үріп бірінші болып хабар береді.
 Майтабан кейбір шолан-шошырақ иттерше өзеленіп шәуілдеп, атты адам болса үзеңгісіне жармасып, ат үстінен жұлып алардай арсылдап жатпайды. Мұндай иттер кейде өз міндетін ұмытып лағып айдалаға кететіндері жиі болады.
Ал Майтабан өйтпейді. Қырағы әрі сақ. Майтабан барда қотан аман. Түн болсын, күн болсын бейсауат адам келгенін естіртсе болды. Бұл міндетін ол бұлжытпай орындайтын бір қазық. Майтабанның үруімен үйден қолы бос бір кісі шығып келген қонақты қабылдап алады. Майтабан оны да көріп тұрады.  «Ә, болды» дейді де, айналасына біраз қарап тұрады да созыла керіліп алып, қайтадан орынына жайғасады…  Қорадан мал кеткесін майтабан да төбеден түсіп, үй іргесін күзететін болған.
Сол Майтабан қайдан пайда бола қалғаны белгісіз, қайдан шыға келгені белгісіз бейіт басынан аттанғандарға біраз жерге дейін ерді де кері айналып қабырға барып, кәдімгі көкбөріше айға қарап ұлып-ұлып алды да, Қабақтың бейітін жастанып жата кетті.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар