Қаңқабай түнделетіп, жанұшырып кеп Ақкісіні сирағынан суырып алды. «Мына қаншықтың тілін суыр, тісін қақ. Сөйлемейтін болсын!» деді…
Бұ жолы Қаңқабайдың айтқанын бұлжытпай орындайын деген ой болмады Ақкісіде, керісінше сыры кетсе де сыны кетпей, жанына жақындаса жұпар аңқып, ақыл-есін алып тұрған қас сұлуға құмарын бір қандырып алғысы келген. Бірақ дәті жетпеді. Қапаланып кетті. Қаңқабай ұзай бере Ләззаттың алқымына жабысты:
– Шыңғыр! – деді,– даусың құдайға жетсін, бүкіл ел естісін!
Ләззат оның айтуымен шыңғырған жоқ, Ақкісінің қолы батып кетті. Оның дауысы құлағына жеткен Қаңқабай айтқанын артығымен атқаратын Ақкісі «тісін қағып жатыр, аузынан дым шықпайтын болады» деп ойлады.
Ләззат ашына шыңғырған сайын Ақкісінің еркек жыны қозды. Адамды ұрып құлатудың алуан түрлі айласын білетін Ақкісіге Ләззатті сұлата салу шопақ па? Айғайына қарамай, алқымынан тіреді де, алып ұрып, ауына қол салғанда асаудай ышқына тулаған Ләззат бар күшін жиып тап төстен қосаяқтап тұрып тарс еткізіп тепкенде қалпақтай ұшқан Ақкісі артындағы орындықты салдыр-гүлдір, құлата-мұлата есікке барып соғылды. Егер есік сыртқа қарай ашылар болғанда шықардан бірақ шығар еді. Жалма-жан атып тұрып, Ләззатты жерден жұлып алып құлақ шекеден періп жіберді. Ал лақтай бақ еткен Ләззаттің көз қиығы күп болып ісіп шыға келді.
Таң атып, күн батып, өмір баяғыдай өзінің баяу жүрісімен жүріп жатыр. Кешегі елді шулатқан оқиғалар да екі апта болмай сап тиылған. Қамауда отырған қас сұлу Ләззат туралы да ешкім ештеңе демейді. Әркім өз шаруасымен қойдан қоңыр, жуас.
Бір күні түннің бір уағында Қаңқабай Ақкісіні шақырды.
– Ақкісі!
– Әу, Қалеке!
– Әкел, әлгі арапшыны!
Түтілген тауықтай болған Ләззатты жұлқи демеп есіктен кіргізді. Қаңқабай оған иегімен бұрышты нұсқады. Дымы әбден құрыған, құр сүлдері қалған Ләззатты сылқ еткізіп отырғыза салды да, өзі сып етіп шыға жөнелді Ақкісі. Қаңқабай жығылып жатқан Ләззатты жағасынан тартып тұрғызып алды. Мазасын алып, күндіз-түні есінен шықпаған түске қайта оралды.
– Кім түкірді дедің, мына кісінің бетіне? Мына кісі кім екенін білесің бе? Көсем! – Ләззаттан үн шықпады. Қаңқабай екінші қайта сұрады. «Кім түкірді дедің?». Ләззат тілін жұтып қойғандай ләм-мим демеді. Қаңқабай айтқанын Ақкісінің бұлжытпай орындағанына кәміл сенді. Өйткені Ақкісі бұның іші-бауырына кіріп алғалы қашан. Қаңқабай да кісі танитын адам. Осы елдің адамы болмаса да, осы елге келе іздегенін тапты. Тапқаны осы Ақкісі болатын.
Ақкісі адамның су жорғасы. Жағына пышақ жанығандай. Беті жып-жылмағай, не мұрты, не иегінде бір тал қылшығы жоқ ақ сұр кісі. Алтайдың ащы күні мен аңызғақ желіне тотықпайтын бөтен бітісті бір адам болса ол осы Ақкісі. Ақкісі азан шақырып қойған аты емес. Есімді ел береді. Ақкісі деп бертін ел ішіне таныла келе елдің қойған лақап аты. Ағын судай сусылдап тұратын, үстіне су жұқпайтын ісі мен сөзіне орай қимыл әрекеті де сумақы әрі бейіт, моланы паналап, қорым тастың арасынан сумаңдап, жылт етіп шыға келіп жоқ болатын Ақкіс деген аңға ұқсатып солай аталып кеткен. Содан Ақкіс Ақкісі атанды.
Сөйлегенде ауызына су жұқпайды. Түйенің аузынан кіріп, көтенінен шығып кететін қу. Қаңқабайдың балағынан кіріп жеңінен, жеңінен кіріп балағынан шығады. Сол жылпос, жылмағай әрекеті Қаңқабайға да майдай жақты. Ақкісі Қаңқабайдың шабарманы, атқосшысы, көмекшісі, көлеңкесі іспетті. Артымды тазала десе де Ақкісі тазалауға даяр. Істемек. Арланбайды. Арланбастың асығы алшысынан түседі. Қаңқабай қайда болса Ақкісі сонда. Қасынан сумаң қағып бір елі қалмайды. Екі құлағы Қаңқабайдың аузында, екі көзі Қаңқабайдың қимылында. Қаңқабайдың көзі барған жерге Ақкісінің өзі бұрын жетеді. Қаңқабайдың айтқанын кірпігінің қыбыр еткенінен сезетін сұңғыла. Міне осы Ақкісі айтқанын артығымен атқарғанына құдайдай сеніп тұр. Қаңқабайды да хан қып жүрген осы адамның ішіндегі Ақ кісілер.
Қаңқабай елең ете түсті. Құлағына Ақкісі, мүмкін әлде кім сыбырлағандай болды: «Қатын қылмасам, атым өшсін деп едің ғой. Ал. Ендігің не тұрыс?! Кім сенің қолыңды қағады. Кім саған куә. Өзі жасап, өзі тергеген істе куә бола ма екен. Ақкісі ше? Оның жарасы жеңіл. Оның тағдыры сенің саусағыңның ұшында».
Тумысынан қисық біткен зат сынбаса түзелмейді. Қызыққұмарлық қылмысқа жетелейді. Маңдайын қос тізесіне тіреп бүкшиіп отырған Ләззаттың үстіне қара бурадай болып Қаңқабай шөкті. Тап бір өзінің қатынын бауырға басқандай еркінсиді. Бұл кезде Ләззәт «алдай, жаным-ай» деген екі ауыз сөзді ғана ыңырсып айтты. Айтқанда зорға айтты. Басқа қарсылық танытпады. Қаңқабайдың абың-күбің қимылын, айтқан сөзін бәрін босағаға жабыса тыңдап, тап бір істі өзі жасап жатқандай қыбы қанып тұрған Ақкісі екі қолын ысқылап, қойқаңдап алды да, аңқау кісімсіп кіріп келді. Ләззаттың үстінен тұрып жатқан Қаңқабай бүкіл денесімен бұрылып, ала көлеңке ішінде ала көзімен ата қарады.
– Бір бөтен дыбыс шыққан соң… деп күмілжіп, сөз аяғын жұтып, қайта айналып, сып беріп шыға жөнелді. Мұны Ақкісі әдейі істеді. Қаңқабайға қылған қыры. Енді Қаңқабай бұдан ығып жүретін болады. Бірақ Қаңқабай осы әрекеті үшін көзін жойып жібере алатынын ойлағанда өзі басын өзі тоқпақтап «қандай түлен түртті? Не сор түртіп кіріп бардым, сорлы басым-ау» деп өзін өзі жазғырып зәре құты қашты. Енді Қаңқабай Ақкісіден емес Қаңқабайдың қылмысын көріп қалғаны үшін Ақкісі Қаңқабайдан қарадай ығатын болды. Өйткені мына заманда Ақиқатқа куә болудың өзі қылмыс еді.
Жалғасы бар. Сурет көрнекілік үшін yandex.kz/images сайтынан алынды.
Парақшамызға жазылыңыз