27 қаңтарда Алматыдағы Гоголь көшесі, 58 мекенжайында орналасқан «Меломан» дүкенінде “Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында” кітабының тұсау кесері өтті.
Кітаптың авторы саясаттанушы Руслан Ақмағанбет, жоба жетекшісі — баспагер,
баспасының басшысы Бақытжан Бұқарбай. Жобаға қолдау жасап, демеуші болған кәсіпкер Еркін Тәтішев.
Кітап 3 тараудан тұрады.
Алғашқы тарауға «Бостандық тұғыры» деп ат қойылған екен, бауырластықтан басталып, сөз бостандығы, зайырлылық және діни бостандық, ұлт бостандығы туралы айтылып, соңында демократияның жеке тұлға мен мемлекетке қажеттілігі, мемлекет бостандығы туралы баяндайды.
Ал екінші тарауда билік бөлінісі, әр биліктің өзіндік ерекшелігі туралы айтылып, халықтың, халық өкілінің басқаруға әсер етуін баяндай келіп, милиция жасақтау туралы Алаш ордашылардың идеясын жеткізе отырып, «Билік бөлінісіндегі тежемелер мен теңестірмелер жүйесі» деген тақырып қойған.
Соңғы тарауда «Саяси қатысу» деп аталады, бұл тарауда автор қазақ құрылтайы, дауыс беру жүйесі, саяси партияның қажеттілігі мен жұмысы туралы ой өрбіткен.
Автор кітапты былтыр наурыз айында қолға алып, 5 ай уақытын жұмсаған екен. Кітаптағы деректер толықтай тарихи жинақтардан алынып дайындалған. Автордың айтуынша, “Оқырман кітаптағы деректерді осыған дейін оқып-білген болуы мүмкін, бірақ ең әуелі Алаш демократиясын — сөз бостандығы, әйел теңдігі, адам құқығы, заң үстемдігі және тағы басқа құндылықтар Алаш арыстарының еңбегінде, саяси-қоғамдық өмірінде болды ма, жоқ па, соны анықтауға тырыстым” дейді.
Жоба жетекшісі әрі жауапты редакторы Бақытжан Бұқарбай бұл жобаның масс-маркетке арналғанын, яғни уақытын ұялы телефонмен өткізетін жандар үшін түсінікті болуды, тілі қарапайым болуды басты назарға алғанын, осыған дейінгі шыққан еңбектерді жоққа шығармайтынын, кітапта адам ойына ауыр тиетін архив материалдары мен сілтемелерді, хаттамаларды, оқиғаның болған уақыттары жазылмағанын, барынша жеңілдетіп басқанын, кез-келген жан қолына алғанда түсіне алатындай болу керектігін басты назарға алғанын айтты.
Еркін Тәтішев мырза қазақ тілді жобаға алғаш рет қолдау көрсеткенін, қазақ жастарына қазіргі уақытта демократия ұғымын дұрыс түсіну қажет екенін, осы кітаптың сол қажеттілікке қарай басылғанын, алдағы уақытта да қазақ тілді баспаны қолдайтынын айтты.
Тұсау кесер кешінде жаңа форматта, жаңаша ойлайтын жастар көп жиналды, кітап авторы, жоба жетекшісі және жобаға қолдау көрсеткен кәсіпкер азаматпен ашық әңгіме айтылып, шынайы сұрақтар қойылып нақты жауаптар алынды.
Ерзат Мұсират,
Алматы қаласы
Парақшамызға жазылыңыз