///

Жаңа заң жобасының мәтіні БАҚ саласына мемлекеттік бақылауды күшейтеді

907 рет қаралды

Ақпанның 8-інде Қазақстан баспасөз клубында Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі дайындаған  “Масс-медиа туралы” заң жобасы бойынша баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға Халықаралық “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау қорының төрайымы Қарлығаш Жаманқұлова, “Мінбер” журналистерді  қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы, Factcheck сайтының жетекшісі Думан Смақов, “Медианың өзін өзі реттеу комитетінің” төрайымы Жұлдыз Әбділда және Қазақстандық Медиажелі қоғамдық қорының атқарушы директоры Бақтыгүл Бурбаевалар қатысты.

Баспасөз мәслихатын өткізушілер қазіргі заң жобасының жұмыс тобына бір жылдай уақыт қатысып келе жатқанын, оның прогрессивті заң болуы үшін өз ұсыныстарын енгізгенін айтады. Алайда заң жобасы жұмыс тобының ұсыныс-ескертпелерін қабылдамастан, оның Ашық нормативтік актілер порталына жариялап жіберген. Онымен қоймай заң жобасын Ведомствоаралық комиссия жұмыс тобының келісімінсіз мақұлдаған. Баспасөз мәслихатына қатысушылардың пікірінше, заң жобасының әлі де жетілдіре түсер шикі тұстары көп. Дәл осындай шараны Астанадағы журналистер де өткізіп, олар да өз наразылықтарын білдірді. Сөйтіп, журналистер қауымдастығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Үндеу жариялады.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен, журналистер, сарапшылар мен  заңгерлерден құрылған жұмыс тобы бірнеше ай бойы ұсынылған заң жобасының даулы тұстарын талқылап, прогрессивті нормаларға бастамашы болды. Алайда күтпеген жерден ведомствоаралық комиссия мүшелері басқа бір заң жобасын мақұлдап, парламентке жолдады. Бұл – жұмыс тобының келісімінсіз, тіпті бұл туралы хабарламай болған жағдай.

Заң жобасының ең маңызды тармақтары барлық интернет-ресурстарды заң аясында қамту, жала жабу ісі бойынша ескіру мерзімінің болмауы,  құқық қорғау органдарының «ерекше жағдайларда» БАҚ пен журналистерге қатысты шектен тыс өкілеттіктерінің болуы, материал мәтінін жарияламас бұрын лауазымды тұлғалармен келісу талабы, БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде өзгерістердің жоқтығы, журналистерді баспасөз картасын беру сылтауымен «тіркеуді» енгізуге қатысты болып отыр.

Бұл әрекет масс-медиа саласының дамуына үлес қосатын  жаңа, озық заң жобасын жасауға талпынған қоғамдастықтың еңбегін  жоққа шығарады. Жаңа заң жобасының мәтіні журналистер құқын қорғамайды, керісінше БАҚ саласына мемлекеттік бақылауды күшейтеді, бұл  халықаралық стандарттарға қайшы және Қазақстандағы  медиасаланың дамуын тежейді. 

Сіз 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауыңызда: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген едіңіз.

Сондықтан сіздің осы идеяңыздың беделіне нұқсан келтіретін және қоғам мүддесіне жауап бере алмайтын, демократиялық принциптерді қорғамайтын, маңызды өзгерістер енгізілмеген, екі ескі құжаттың жиынтығынан ғана тұратын  заң қабылдағалы тұрған үкіметтің әрекетін ерекше бақылауға алуыңызды сұраймыз», – делінген Үндеу мәтінінде.

Бұл Үндеуге қол қоямын десеңіз мына сілтемені басыңыз.

https://youtu.be/udpvEznoevU

Гауһар Сатбаева,

СДУ Журналистика мектебінің 4 курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар