Біздің бүгінгі сөзіміз белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы туралы болмақ.
Ол – Моңғолияның Кәсіподақтары орталық кеңесі төрағасының ұйымдастыру және мәдениет ісін 12 жыл басқарған, Моңғолияның саяси өмірінде алғашқылардың бірі болып демократиялық жаңа бетбұрысқа таңдау жасаған, Моңғолия қоғамына демократиялық жаңа өзгерістер қажеттігін теориялық тұрғыдан дәлелдеп, тұңғыш рет жария еткен, 1990 жылдардағы Моңғолия тарихындағы қазақтардың ең үлкен ереуілін тыныштандырып, елді қан төгістен аман алып қалған, Моңғолияның тұрақты парламентінің кіші құрылтай спикерінің орынбасары болған тұңғыш, Моңғолияның премьер министрінің орынбасары болған,
Қазақ тіліндегі Шыңғыс хан туралы (екі кітап) тұңғыш ғылыми монографияны жазған, Қазақтың алғашқы мемлекеті Ақ Орда (1361 жыл) деген шешімге келген тарихшы ғалым.
Үш төгрөг
«Қазақша өмір сүрдім». Зәкең – Зардыхан Қинаятұлы осылай дейді. Өзі қазақ бола тұрып, қазақша өмір сүргені қалай? Қазақ бола тұрып, басқа бір бөткен ұлтша өмір сүретін адам да бола ма деген пенделік сұрақ туады екен? Ділдәнің екі беті болатыны сияқты, болғаны ғой. Ендеше осы сауалымызға жауап іздеп көрелік. Сізден төрелік.
Зардыхан: ғұлама, ғалым. Ғұлама адамды Алла тағала бір жақты емес, сан қырлы қылып жарататын болса керек. Сөзіміз бірден «өмір сүру» деп басталғандықтан әуелгі ойымыз да әу дегеннен тіршілік тегершігіне келіп тіреледі. Ал оған адами мінез құлық, кісілік пен адамгершіліктің көп әсері бары анық.
Зәкеңді білетіндер келісер. Зардыхан Қинаятұлының мінез-құлқы, сұлу атқа тән жүріс-тұрысы, сырт келбетінің өзі еш уақытта тән бойына туа біткен дара жаратылысынан айныған емес десем қателесе қоймаймын. Бұл – тұрақты, табандылықты танытатын қасиет. Зәкең атағынан ат үркетін биік лауазымға ие болған күндерде де осы табиғи болмысын құбылтқан емес. Ал шен-шекпендінің алдында құрша жорғалап, алды артын орап бөйтек қағу Зәкеңе мүлде жат қылық. Ғұлама адамдарға тән қарапайымдылық Зәкеңнің бейжасанды тума қасиеті. Оның ғылыми еңбектерінің өн бойынан жанкештілік, әділдік пен ақиқат әр дайым мен мұндалап тұрса, ғұмырнамалық шығармасы «Көшпенділік ғұмырдың» тұла бойы тұнған кісілік пен кішіліктен тұрады. Білгенге үлгі. Зәкең алғаш рет ауылдан аттанып, қалаға кетерінде бір қарияның «қалталарын тінтіп жүріп» үш төгрөг бергені туралы әдемі естелік айтады. Қалаға келсе үш төгрөг құны екі бөлке нан екен. Оны құнттап, «қарияның батасы тиген ақша ғой деп көпке дейін қимай сақтап жүрдім» деп жазады Зәкең. Жасы үлкенге деген құрмет, кішілік ізет осы бір кішкентай көрністен-ақ аңқып тұрғанын айтыңыз.
Әке туралы әйдік жыр
Соңғы кезде аса зейін қойып, құныға оқып, мол ләззат алған кітабым Зәкеңнің «Көшпенділік ғұмыры». Автордың өзі айтқанындай бұл кітап Зәкеңнің жеке басының өмірбаяны ғана емес, өмірде көрген, білген, естіген, басынан кешірген қызықты және естен қалғысыз сәттері жайлы ой үзіктері. Ал мен айтар едім, «Әке туралы әйдік жыр» деп. Зәкең осы кітабы арқылы әкесіне үлкен ескерткіш орнатыпты. Бұл Зәкеңнің сөзі еді. Атажұртқа оралып, есімізді енді жиямыз-ау дегенде 1996 жылы тамызда аяқастынан күмән мен күдігі басым ажалдан әкем қайтыс болып, айдың күннің аманында топырақ та сала алмай қалып, қан жыладым. Қырқында «Аттап өткен өмірдің бала жасын» деген толғау жаздым. Сонда Зәкең: «Әкеңе үлкен ескерткіш тұрғызыпсың» деген еді. Енді міне, Зәкеңнің эсселерін, «өткен шақтардан өлең болып естілген дауыстарға құлақ түріп» (Х.Тоқақ), еңіреп оқып отырмын. Әр бет сайын, әдемі айтылған асыл сөз: Әкем менің, менің әкем, сонда әкем, әкем сөйткенде, әкемнің айтқаны, әкем екеуіміз, әкемнен естідім, әкемнің аты, әкем өткен су, әкем бірде, әкем марқұм.. . Қандай әдемі, қандай сұлу, сүйікті де сүйкімді Ұлы Есім – Әке! Тумақ барда, өлмек бар. Бірақ, кім өз жақынын өлімге қияды. Ал Зәкеңнің әкемен қоштасуы тіпті қайғылы. Интернаттан түнделетіп түйемен жеткен бала сөйлеуге шама жоқ, тек бір қолы ғана икемге келетін әкенің сол жағына келіп қисаяды. Әкесі ұлының басынан аяғына дейін сипап көреді. Шашы өсті ме, киімі бүтін бе, етігі жыртылды ма дегені ме екен. Икемді қолымен ұлының бір қолынан жібермей ұстап, бауырына баса түседі. Әкенің көзінен үнсіз аққан ып-ыстық жас құлағына құйылып жатқандай.Таң енді құланиектеніп келе жатқан кез. Ол сол қолын әкесінің үстінен асыра құшып, тұмсығын тері исі аңқыған апай төсіне тығып, құшырлана иіскегені сол еді қайран әке суып сала берді. «Еңбектеп келдім дүниеге, шалқалап әкем шықты үйден» деп Қасым айтқандай, енді ат жалын тартып міндім-ау дегенде әке аттанып жүре берді. Шеше шіркін баяғыда өлген. Тағдыр. Әке-е-е-е… Әлі құлағымда жаңғырып тұр. Баларымыз «Әке» деп айтуға ауыздары бармай папалап қалған мынау зардабы мол заманда Зәкеңе осылай жаздырту үшін де жасаған жаратқанның ісі ме деп ойлатады пенделік.
Зәкеңнің бұл шығармасы халық арасында «Иван Грозныйдың ұлын өлтіруі» деген атпен атаққа шыққан, И.Репиннің «Иван Грозный и его сын» суретін көркем өнердің көгіне көтеріп, қасиетіңнен айналайын қажы Құнанбай ата мен оның ақылды туған ұлы Абай арасын ушықтырып, адамгершілікті ғашықтық дертімен кебіндеп, әке мен баланы алакөз қылып жұлыстырып, әкесіне баласын қарсы қойып қан жілік болған батыстың есуас-желөкпелерін («Ғашықтар мен пасықтар», Ф.Шиллер) «классикалық әдебиет» деп дәріптегеніміз жетпегендей мауық дертіне әбден есі кетіп уланған ұлына ұйқыда бейғам жатқан анасының жүрегін жұлдырып, қолынан түсіріп алғанда, жүрекке тіл бітіп, «құлыным, байқасаңшы» дегізіп барып, оны «ананың айнымас махаббатын» («Ана жүрегі», А.Бақтыгереева) дәлелдейді деп күнәмізді жуғансып, ақталып ата дәстүрден азған тұмаулы заманда туған толғанысы телегей азапты жанға ой салатын – «Әке туралы әйдік жыр». Әр бір әрпінен мейірім самалы ескен әлди жыр. Иман деген осы. Қазақ «көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді,… атаңа не істесең алдыңа сол келеді» демей ме. Бүгінгі парақор папалар мен жемқор жезделердің жетегінде жүрген «құлан таза» құлын тайлар ертең әкеден нені үйреніп, ол туралы нендей естеліктер қалдырар екен дегенде арқадан ащы тер шығады. Балта сабынан аспайды ғой. Әкесі ұрының баласы да ұры. Иә, туған баласы үлгі тұтып һәм ұстаз санаған әр әке бек бақытты. Түрік жазушысы Харун Тоқақтың «Ұлы рухтар көмілген жерде қалмайды. Олардың аруағы мәңгілік мекенінде» дегенін оқығаным бар. З.Қинаятұлының Алтын рухты осы бір эсселері әлемдік мемуар, естеліктердің ен төрінен орын алатынына еш күманданбаймын.
«Саясаткерлік – өнер»
Адамның саясаткер болуы да тағдырдың жазуы болса керек. Әлемнің әйгілі саясаткерлерінің өмір жолына көз жүгіртсеңіз олардың жаратылысынан бұл іске қабылеттілігін аңғарар едіңіз. Қандай бір іске икемсіз бола тұрып құр тыраштанғаннан, әрине, ештеңе өнбейді ғой. Осыны іштей сезе тұрып, өзі ештеңе білмей тұрып билікте білгіштің ролін ойнайтындар көп кезігеді. Біздің қоғамның ақсап жататын жерінің бірі осы ма деп те кейбірде ойланып қаласың. Сонда есіме Зардыхан Қинаятұлының «Егер қоғам құлдырай бастаса не өзін өзі өзгертеді немесе саяси әлеуметтік жаңа күштер оны еріксіз өзгеріске ұшыратады» дегені түседі.
Социалистік деп аталатын тоталитарлық бюрократиялық жүйедегі елдерде ХХ ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап қоғам жаппай дағдарысқа ұшырады. Билеуші партия бұдан шығудың жолын жатпай тұрмай шарқ ұрып қарастырғанымен тұйыққа келіп тіреле берді. Көтеремге көп берсең де зиянды. Бірақ, қалайда қоғамды құтқару керек. Ол үшін қоғамды жайлаған кемшілікті көрсетіп, көзді ашатын теоретик керек екен. Ондай адам да табылды. Ол – МХРП ОК-нің жанындағы Қоғамды зерттеу ғылыми институтының «Социалистік құрылыстың теориялық мәселері» бөлімінің меңгерушісі доктор Зардыхан Қинаятұлы еді. Оның «Қайта құру және Моңғолия қоғамының дамуының өзекті мәселелері» атты бір-екі автормен бірігіп жазған мақаласы 1987 жылы «Партия өмірі»(«Намын амьдрал») журналында жарық көреді. Бұл мақала қолдан қолға тимей бүкіл моңғол қоғамын дүр сілкіндірді. Әлем жұртшылығының назарын өзіне аударғаны сондай алыс-жақын шет елдерде аударылып басылды. Елін ұйқыдан түртіп оятқан қазақ Зардыханды әсіресе моңғол жастары хан көтерді. Жұмыс орнына барып, көшеде жүрсе қаумалап алып, тіпті үйіне келіп ақыл кеңес сұрайтын жастар қарасы молаяды. Жұрт арасында «Зардыхан бүлікшіл жастардың астыртын кеңесшісі» деген сөздің таралу себебі осы дейді Зәкең. Ғалымның теориялық негіздерін басшылыққа алып қоғамды қайта құруға құлшынғандар мүйізі қарағайдай академик, ғалым, қоғам қайраткері, жоғары лауазымды шенеуік-шонжарлар емес кілең жасы отызға да жетпеген жас тұлпарлар, бірі газеттің әдеби қызметкерлері болса, бірі радио тілшісі, үшіншісі студент, кинорежиссер, әнші секілді ылғи өнер адамдары болған еді. Саясаткерліктің нақ өнер екенін осы жастар қарымды білімі мен қажырлы күрескерлігімен дәлелдеген-ді. Сондықтан болар Зәкең «Саясаткерлік ол, нағыз өнер» деген қорытынды жасайды. Сол алғашқы жастардың арасынан шыққан Элбэгдорж осы аралықта екі мәрте Моңғолияның премьер-министр болып, екі рет лауазымын беруге мәжбүр болса да, 2009 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жетеді. Сол азамат қазір де Зәкеңды ұстазым деуден арланбайтын көрінеді.
Әлбетте, шәкіртсіз ұстаз тұл деп жатамыз. Егер ұстаздың ұстанған бағытын қолдаушы өрімдей жастар саяси радикалды шаралар жасауға барып жатса ұстаз қандай күй кешуі мүмкін. Басы ауырып, балтыры сыздамас па! Міне, соның үшін доктор Зардыхан өзі иттің етінен жек көретін коммунистік партияны бүгінгі дағдарыстан құтқару жолын көрсету үшін МХРП-ның бас хатшысы Ж.Батмөнхге кіруге өтініш білдіреді. Ертеңінде таңертең бас хатшы қабылдайды. Екеуара әңгіме 2 сағат 50 минутқа созылады. Сөйтіп, бас хатшыдан бата алған Зардыхан Қинаятұлы 15 ғалымды басқарып, партияның бағдарламалық жаңа платформасын және жарғысын жасап шығады. Осы құжат ұзаққа созылған тартыс-таластан соң 1990 жылы жазда шақырылған партияның кезектен тыс төтенше сьезінде қабылданады. Зәкеңнің «Егер қоғам тапсырыс берсе, оны өзгертуге он бес адамның ақыл ойы жетеді, ал қоғам қозғалысқа енсе ақыл-ойдың алдында аппарат машинасының өзі қауқарсыз болып қалады» деген афоризмі осы жеңістен кейін туса керек.
Қай бір елде болмасын демократиялық үдеріс асқынып, билік әлсіреген кезде немесе қай бір елді бөлшектеп, ішінен іріту қажет болғанда ішкі және сыртқы күштердің ықпалымен сол елде шоғырланып мекендеп отырған диаспоралар ұлттық автономияға ұмтылу әрекеттері бой көтеретін көрінеді. 1990 жылдардың басында Моңғолияда демократиялық дүрбелең белең алған шақта Баян-Өлгей аймағының 90 пайызын құрайтын қазақтар арасынан дабырайтып «Қазақ автономиясын» құру туралы мәселе көтерген азаматтар болды. «Баян-Өлгей» деген аймақ атын «Бай бесік» деп өзгерту туралы да ұсыныстар бой көтерді. Осындай бір аласапыран тұста Өлгей қаласында қазақтар «саяси отырыс» жасап ереуілге шығады. Басты талаптары: Аймақ әкімшілігінің ұлты мұңғұл бастығын алып тастап, орнына қазақ азаматын тағайындау. Міне, осы ереуілді басу үшін ел Президенті П.Очирбат жақтырмайтындар «орыстың жансызы» (Қазақстанның дегені ғой), ұнататындар айтыс-тартысы мол «парламенттің өрт сөндірушісі» («огнетушитель парламента») атанған З.Қинаятұлын аттандырады. Зәкең самолеттен түсісімен тура ереуілшілерге келеді. Кейбірімен қауышып амандасады. Осының өзі-ақ әлгі алқынып тұрған жастардың ішін бір шама жылытып жібереді. Бұл қайраткерлік пен саясаткерлік қатар сайысқа түскен шағы еді. Өйткені, құй ол қайраткер болсын, құй ол саясаткер болсын қара басының қамын күйттемей, туған халқының қамын жесе ғана жұрты оны ұлттық тұғырға көтереді. Зәкеңнің жоғарыдан келдім деп кекшимей, үркіп, қорықпай тура ереуілшілердің ішіне енуі нағыз қайраткерлігін танытады. Кешегі аспандағы жұлдыздай жарқыраған Зардыхан міне, бүгін алдарында, араларында, алақандарында тұр. Қолымен ұстап, сипап көруге болады. Байқайсыз ба, Абайдың «единицасы» тағы ойға оралады. Осы күнгі кешкі митингіге жиналған жұртта есеп жоқ. Қаби алаңы қара нор, нөпір. Ине шаншар жер қалмайды. Онда тек жоғарыда аталған мәселе ғана емес басқа да көкейгесті көптеген күрделі сұрақтарға нанымды жауап беруге тура келеді. Ал егер осы халық арасынан қақтығыс шықса не болар еді. Онда қан судай ағып Қобда өзеніне құйылар еді. Өрт өршір еді. Арты азаға айналар еді. Бірақ, салиқалы саясаткер, салмақты дипломат, шешен би Зардыхан Қинаятұлының халқын, жұртын сыйлай білетіндігінің, ел тірлігін тамыршыдай дөп басып, күрделі мәселерді шешудің күре жолдардына шығар бағытты дұрыс айқындай алатындығының нәтижесінде ереуілшілер талабы орындалып, саяси толқу ың-шыңсыз аяқталып Зәкең, Моңғолия тарихындағы қазақтардың ең үлкен ереуілін тыныштандырып астанаға жеңіспен оралады. Зәкең біраз жыл шет елде елшілік қызмет атқарғанда өзінің салиқалы дипломат екендігін танытты. Сөйте тұра биліктің биік лауазымды ұсынысынан бас тартып, атажұртына оралып, сүйген кәсібі ғылымға, соның ішінде тарихқа ден қойды.
«Тарих – ұлттың өмірбаяны»
Зәкеңнің отандық тарихымыздың дамуына қосқан үлесі мен ашқан жаңалығы орасан мол, тау төбе. «Жылаған жылдар шежіресінен» бастап, Моңғолия қазақтары туралы қос кітап, «Моңғолия үстіртіндегі түркі тайпалары», «Жошы Ұлысы», екі кітаптан тұратын «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті», «Көз қарас» қатарлы еңбектері туралы бір мақала көлемінде айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан қадау-қадау тұстарына тоқталып өткенім жөн бе деймін. «Тарихта үлкен болсын, кіші болсын елеусіз, ескерусіз қалатын нәрсе болмайды. Тарих бүкіл халықтың, ұлттың өмірбаяны». Бұралқы идеология күшімен бұрмаланған тарихтың зардабын біздің қазақ көп тартты. Ұлы уақыт оны да реттеп жатқандай. Тарихқа әділ төрешілерін әкелді. Соның бірі профессор Зардыхан Қинаятұлы. Ол – әділ би. Зәкеңнің осы қасиеті, әділдігі тарихымызды дұрыс танып, оны адал бағалауда да айқын көрінеді. Отандық ғалымдарымыз ойланып қалатын тұстарында кәсіби тарихшы кесімі қатал. Патшалық Ресейдің қазақты қалай жаулап алудың ғылыми негізін жасап, оның жан дүниесін жеттік түсінбей тұрып, қазақ туралы ұсқынсыз пікір айтып, осал, жалқау, құлдықты көксеген топқа жатқызған А.Левшинді ұлы Шоқан Уәлиханов «қазақ тарихының Геродоты» десе оны кекеп айтты, Левшин еңбегі қазақ тарихын зерттеуде құнды материал, бірақ, шын мәнінде ол «қазақ тарихының Геродоты» емес, қазақ тарихының атасы деп Мұхамед Хайдар Дулат, Қадырғали Жалайыр, Шоқан Уәлихановты атаймыз дейді ғалым. Мұндай өжет пікірді біздің тарихшыларымыз бұрын-соңды естімеген еді.
Зәкең тамырын тереңнен тартады. Арыдан болжайды. Не айтса да бұлжытпайтын дәлелдермен мықтап шегелеп, буып тастайды, тапжылтпайды. Өйткені ғылымға дәлдік керек. Деректі дәлелееу керек. Әйтпегенде әр заманның талап, мүдде, тілегіне сай қалам ұстаған жанның өзі қалаудың құрбаны болып кетуі бек мүмкін. Артық ауыстан тарихқа қиянат туындайды. З.Қинаятұлы Л.Гумилев еңбектеріне талдау жасай отырып қазіргі қазақ қоғамының «инкувациондық кезеңді», яғни қайта түлеудің механизмін іске қосумен ғана айналысып жатқанын, егер, өте сақ болмасақ ұлттық мүмкіндіктерден айырылып қалуымыз кәдік, ұлы империялардың түбіне жеткен көп ұлттылық, көп дінділік, мультикультуралық дейді. Ғалымның айтуынша, «онсызда жаһанданып жатқан заманда өз ұлты ұлт болмай жатқан Қазақстан сияқты жас мемлекетте көп ұлттылық, көп мәдениеттілікке шақыру – қатер, егер біз есігімізді айқара ашып тастап, басқаны өзімізге шақыра берсек, бірер жылдан соң «қазақстандық» деген атаудың қалқасында қазақ та емес, қалмақ та емес, «қырық темірдің қылауынан» жиналған жаңа тобыр пайда болып кетуі мүмкін».
Зәкең – Зардыхан Қинаятұлы тамаша ұлтшыл адам. Ұлтын шын жан тәнімен сүйген адам ғана ұлтшыл бола алады. Шыңғыс хан, Ата Түрік, Неру, Петр І, Путин… Ұлтшыл адамның ғана көкей көмбесінен ұлтсыздыққа қарсы қамалдай қамалдай қағидалар туындаса керек. Ғалым «қазіргі Қазақстанда ұлтын сүюдің, отанын сүюдің екі және үш жақты принциптері қалыптасты. Осындайда қайсыбіреулердің қазақты ұлтсыздыққа шақыруы аса қатерлі, мәселен, О.Сүлейменовтің «Ғаламшарлық сана», «Нұр Отан» партиясының «Қазақстандық ұлт» тұжырымы қатарлы ұлтсыздық идеологиялардың тасасында ұлт мүддесіне байланысты сан алуан мәселелердің қалып қоюы мүмкін» дейді. Бұл ұлты үшін жаны күйген кәсіби тарихшының бүгінгі қазаққа айтар, тоқ етер сөзі.
ХХ ғасырдың бастапқы жартысындағы қызыл қырғынның қыр-сыры әлі толық ашылмай жатқанымен қоймай, коммунист күн көсемдерді ақтап алғысы келетін әрекеттер әредік болса да бой көрсетіп жүр. Осы ғасырға тән зұлмат, геноцид біраз айтылды. Бірақ, білмейтініміз әлі де шаш етектен. Осы орайда З.Қинаятұлы геноцид дегеннің «тұқым» және «өлтіру, құрту» атты грек сөздерінің қосындысынан құралғандығын ұғындырып алып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылы қабылданып, 1961 жылдан күшіне енген «Геноцидтік қылмыс және жазалаудан алдын ала сақтандыру туралы конвенциясына» сілтеме жасай отырып, «ұлттың бір бөлігін жазалау туралы жарлықты» большевиктер көсемі Ленин ұсынғанын, оны Сталин мүлтіксіз орындағанын әшкерелеп береді. Ал бүгінгі «Демократиялық Ресейдің» Лениннің өлі денесін баптап, сақтап отырғаны мен Сталинді ұлықтай бастауы сондықтан дейді тарихшы. Қорқынышты. Құлақ асатын нәрсе. Ғалым осы орайда академик М.Қ.Қозыбаев, К.Н.Нұрпейісов, профессор М.Қ.Қойгелдиев, Т.Омарбековтердің зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, сандық фактілерді атай келе, ОГПУ жаналғыштары тұтқындалған жазықсыз жандарға төмендегіжей қинау әрекеттерін қолданғанын келтіреді: маңдай тістерін қағып түсіру; ер адамның жыныс мүшесіне істік жүгірту; екі аяғынан салбыратып іліп қойып, басынан ыстық бу, жалынмен қақтау; жазалылардың балаларын үрім бұтақсыз қалдыру үшін ызғар, мұз, қырауға отырғызу; жалған куәліктерді негізге алу т.б. геноцид шындығы осы. Төбе шашыңды тік тұрғызып, құйқаң шымырлайды. Адам айтса нанғысыз азапты тартқанша аярлар айдап апарып, атып тастағандар армансыз екен-ау дерсің. 1929 жылы қазақта 39 миллионнан астам мал болса, 1933 жылы бар жоғы 2,5 миллион ғана бас қалған, 2,3 миллион қазақ аштықтан қырылып қалған. Ғалымның «3 миллиондай қазақтың төгілген қаны үшін кім жауап береді?» деуі кемел сұрақ. Жауап әлі жоқ! Большевиктердің қазақтарды жою саясаты еліміз аумағымен ғана шектелмеген. Олар қытай, моңғол жеріндегі қазақтардың соңына түседі. 1938 жыл нәубетте моңғол жеріндегі отыз мыңдай қазақтың үштен бірін ұстап, атып тастаған. Осының бәрін елеп екшей келіп: «Зұлмат қасыретін келер ұрпақ ұмытпауға тиіс. Егер ұмытылса қасырет қайталанып кетуі мүмкін» дейді ғалым тарихшы З.Қинаятұлы. Ғылым докторының соңғы жылдарда жазған сүбелі еңбегі «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті» атты қазақ тілінде тұғыш рет жазылған ғылыми монографиясы. Еңбектің басым құндылығы ел ішінде етек алып кеткен Шыңғыс хан туралы түрлі әпсана, аңыздар мен алып қашпа әңгімелерге біліктілікпен жүйелі түрде берілген ғылыми жауап болғандығы. Ғалымның Шыңғыс ханның тұңғышы, қазақты билеген Жошының екінші, үшінші ұрпақтарынан бастап қазақ болып сіңісіп кеткен, сондықтан оларды «мұңғұл деп есептемейміз» деуі өте мөте қажет, дұрыс кесім. Бұл еңбектен ғалым болсын, мейлі жай оқырман болсын өзіне қажетті мол мағұлмат алады. Осы еңбек арқылы оқырман Зәкеңнің Зардыхан Қинаятұлының қандай бір идеологияға ықтап, ықпалына еріп, бұра тартпайтын шын ғұлама, шынайы ғалым екеніне тағы да тәнті болады.
«Тәңірді сүю, аруақты қастерлеу – …»
Ғұлама адамның, ілімге жүйрік жанның, өзінің ғана емес өзгенің де түп тұқиянын жақсы білетін, терең зерделеген кісінің қазіргі діни ұстанымы, жалпы мұсылмандыққа көзқарасы да басқаның назарын өзіне аударуы заңды. Қазақ өзін қадым заманнан бері көк аспан мен қара жердің туындысы деп келген. Бұл тұрғыда Зәкеңнің да діни ділі берік, бағдары айқын, бағыты нақ. Алла сөзін алғаш рет алты жасынад Ана қабырының басында естиді. Ол «Альхамду алла, мұсылман» деп айтар едім мен. Өлім жітімде құран, аят оқылғанда көппен бірге қол жаяды, жаназаға қатысады, тілі калимаға келеді. Бірақ, ол кісінің ислами қағидалар жөнінде өзінің дара пайымы бар. Барша адам пенде «Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті» дегенді таза араби идеология деп көреді. Өзін Бір Тәңірге табынған көшпенді қазақтың ұрпағымын деп таниды. Көк Тәңірі жаратушының бұйрығынсыз еш теңенің болмайтынына кәміл сенеді. Мұсылман дінін де жатсынбайды, сыйлайды. «Бірақ,- дейді Зәкең, мұсылман сеніміндегілер де ата-бабалар аруағын, бейіт, қорымын қастерлейтін біздің сенімімізді сыйлай білулері қажет. Ислам діні бойынша ұлт деген жоқ. Егер мұсылман діні әр бір ұлттың құндылығын қастерлей білсе, мен ол дінді пір тұтуға дайынмын. Егер қазақ тасада қалса, ата-бабамның аруағына табына алмасам, онда діннің де, идеологияның да, күш-қуаттың да, байлықты да бағасы мен үшін көк тиын». Жалтақсыз, үзілді-кесілді жауап. «Тура биде туған жоқ». Халық даналығы. «Тәңірді сүю, аруақты қастерлеу Зәкең үшін ең әуелі табиғатқа деген шексіз махабат, өлі мен тіріні қатар сыйлап, табиғаттың тылсым күштері арқылы өлі мен тірінің ара жібін жалғап тұру. Космологиялық бұл жалғастық үзілсе өмірдің үзілгені». Қазақ қырық сектаға бөлініп, қырық пышақ болып жатқанда айтатын сөз. Осындай қым-қуыт шақта данышпан, дуалы ауыздардың үлп еткен бір ауыз сөзі дем салғандай үлкен роль атқарады. Біреуге дем берсе, екінші біреуге демеу болып, адасқан біреу бағытын айқындайды. Зәкең баршаға, алаш баласының бүгінгі таңдағы «дін мұсылманбыз, бірақ, қандай жолын, қалай ұстанамыз, нені пір тұтуымыз керек?» деген сауалына жауабын бүкпесіз, ашық айтады. Зәкеңның бұл жазбаларыннан ол, ата-баба дәстүр салтынан бас тартпай отырып, дін мұсылмандықты пір тұту қағидасын алға тартады деп түсінуге болады. Өсиетнамасы «Жер Анаға табын адамзат!. Жер ананы қастерлеп, жер анаға мейірімді болғанда ғана табиғат адамзаттың күнәсін кешіреді» дейді философ.
Біреудің баға жетпес асылының енді біреу үшін соқыр тиындық құны болмайды. Зәкең не жазса да келешегім, ұрпағым ойлансын, ескерсін деп жазады. Қазақтың қамын жеп жазады. Зәкеңнің «Күл астында қалған бейіт» атты эссесінен «Кейбір ауылдар дуалдарының кіре берісінде қытай бейіттерінің құлпы тасынан жаяу жол жасап алыпты» деген жолдарды оқығанда жүрегім дірілдеп, төбе құйқам шымырлап кетті. Ескеретін жай. Бейіт тонау, басып жаншу бізде де кездесіп жатады. Атам заманғы «қырғыз бейіттері» мен «түрік тастарын, балбалдарын» бүгінге дейін сақтап келген моңғолдардың «қазақ бейтін» күл-қоқыстың астына тастағаны заманның азып, адамның аруақты да сыйлаудан қалғаны болса керек. Бірақ, аруақ аттаған адамның азапсыз, аман жүріп, жырғағанын естімеппіз.
Абай әлемі және Зардыхан
Шет елдердегі қазақ оқымыстылары арасынан хакім Абай өлеңдері мен қара сөздерін тәпсірлеп, түсініктеме жазған адамдардың алғашқысы Ақыт Үлімжіұлы еді. Осы үрдіс онан кейінгі алыстағы алаш ағиықтарының әр қайсысының еңбектерінде ерекше орын алып, әр кімі өз хал қадырінше Абай әлеміне еніп, өз санат деңгейінде «халықтың ой өрісінің өлшемі, мұң зарының рухани тұжырымы болған интелектуалдық озық ойды» (З.Қинаятұлы) ұғынуға әрі халқына ұғындыруға тырысты. Осы қатарда шоқтығы биік тұрған шоңның бірі Зардыхан Қинаятұлы. Абайды көп оқып немесе Абай туындылары туралы көп жазып, көп сөйлегеннен Абайды жете, кемел түсіне қоймайтын сияқтымыз. Бұны мен Зәкең үлгісінен айтып отырмын.
Зәкең Абайды білгір тарихшы көзімен емес, ол да септігін тигізген шығар, кәнігі писихолог, қазақтың жан дүниесінің әр бір талшығының өте нәзік қыбырын тамыршыдай сезетін тума балгердей ішкі түйсік жанарының отымен көреді. Абай кеңістігіне, Абай орбитасына ену үшін әуелі қазақ деген халыққа жол салады Зәкең. Өзіміз қазақ бола тұра қазақтың шын мәнінде кім екенін, қандай халық екенін білмейміз ғой. Ол осыны ойлайды. Демек, Абайды тану – қазақты тану, қазақты білу, Абайға бойлау болса керек. Өйткені, «Бір Абай бар қазақтың таңбасы» (Б.Б), яғни симболы. З.Қинаятұлы қазақты «адамзаттың этнопроцессіндегі аса нәзік құбылыс» дейді. Ендеше бұл нәзіктікті сезіну де өрмекшінің жібегіндей берік нәзіктік пен алмастай өткірлікті қажет етеді. Қазақтың қай қылын шертсең де қан жылап қоя береді. Оған қандай жүрек төзеді. Бір емес, бір неше ғасыр бойы бірде бір рет ренесанс дәуірін басынан кешірмеген, «нағыз қазақы болмыс, тіл мәдениет, салт дәстүрі қалыптаса бастаған кезінде» басып-жаншылған, жаншылғанда езіп, есін жойып жіберуге дейін әрекеттенген зымяндық сойылынан көз ашпаған қазақтың жан рухын, мінез құлқын тұңғыш таныған адам Абай. Олай болса, қазаққа барғысы келеген кісі, алашпен айналысамын деген адам тек Абай арқылы ғана жол табатыны сөзсіз. Мінеки, танымын түйсікке билеткен Зардыхан Қинаятұлы Абай әлеміне тартынбай енеді. Оның көкжиегінің кеңдігі сондай Абай әлеміне келгенде дүниені шарлап өтеді. Өз әл-Фарабиінен бастап, араб, парсы, еуропа, америка, орыс, моңғолдың философ, ақын-жазушыларымен салғастыра келіп «Абай адам мен табиғаттың ара қатынасының сырын айыру, адамның ішкі жан дүниесінің жүрек сырын тани білуге келгенде батыс ойшылдарынан артық болмаса кем түскен жоқ» деген соны байлам, әлеуетті тұжырым жасайды. Абайдың таным тәсілінің тағы бір сырын ашады. Бұның өзі бұрыннан қалыптасқан еуроцентристік көзқарасты бұзып жарған, өзге түгіл өзіміздің «күшігінде таланған» мүйізділеріміздің көзін алайтып, көкжелкесін күжірейткен батылдық болды. Біз бір ой тапсақ оның баламасын орысшадан іздеп, ақыры адасып кететініміз бар ғой. Зәкең үйтпейді. Абайдың әр бір сөзін қазақи құлықпен пайымдайды. Соның арқасында қазақты Абайша түйсінуге мүмкіндік алады. Қазақша өмір сүреді. Басқа абайшылдардан Зәкеңның озатын жері осында жатыр. «Абай қазақтың дүние танымындағы үстірт бір жақтылыққа қарсы тұрды». Бұ не деген сөз? Біз күні бүгінге дейін, қоғамды жалпылық идеология жайлауының салдарынан Абайдың «единицасына» мән бермей, көппен бірге көруге көбірек көңіл бөліп, Абайша айтқанда «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деп тобыршылдық, надандықпен кетіп, ол қазаққа «ұлтық мінез болып қалыптасты» деп зерделейді З.Қинаятұлы. Абай «Ер жігіттің көркі мал, сұлу аттың көркі жал» дейді. Көбіміз осы жолдардығы «малды» төрт түлік деңгейінде қарастырамыз. «Мал» түркілік, көне түркілік ұғым. Зәкеңның айтуынша «Абайдың малы қазақтың діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары және жақыны» екен. Осыны түсінбеген кері ауыз кеңестік саясат қазақты «қой баққаннан басқа қолынан келмейді» деп құмға айдап салса керек. «Саудаға, кәсіпкерлікке қазақтың икемі жоқ делінетін бүгінгі ұғым осынау таным-түсініктің жалғасы» дейді ғалым. Оған қазақтың өзінде әбден сендіріп қойған. З.Қинаятұлы бүгінгі қазақтың өз атажұртында көзге түрткі болып жүргенінің өзі осының салдары дейді. Және ол, «біздің қазақта іздену, қағылездік аз, ит жатыс, мырза тұрыс, мешеулік басым» деп Абайды демдеп қояды. Қайтеміз, енді, бұ да шын, келісеміз де қоямыз. Ұзағанда ернімізді шығарамыз. Енді айтпаған сен қалыпсың дейміз. Өкпе жоқ. Деңгей сол. З.Қинаятұлы бүгінгі қазақ кәсіпкерлерін қалалық және далалық деп екі топқа бөледі де, олар, Абай айтқандайын ақшаны иттікпен тауып, иттікпен айырылып жүр дейді. Басқа жұрттың кәсіпкерлері болса дүйім дүниені пайымдап, ұлттың, өзінің ертеңі үшін капитал, мүлік жинайды екен. Ал қазақтың қаладағы кәсіпкерлерінің кейбіреулері түнгі жынойнақ, казиноларда ақшасын шашса, далалық кәсіпкерлер елімізде әлеуметтік көрініске айналған той-томлақтарға демеуші болып, ата-бабаларына арнап мешіт тұрғызып, атын шығарамын деп жүріп құр алақан қалуға жақын екен. Өйтетін себебін ол біріншіден, құдайдан, ата-баба аруағынан, екіншіден, қазақтың «қалталы ағайындарға» деген қара қазандай өкпесінен қоқатындығынан деп көреді. Рас сөз. Өте дұрыс айтады. З.Қинаятұлының Абай әлемі арқылы бүгінгі қоғамдық қатынас ту
ралы айтқан тым тартымды, көкейге қонымды, құйма құлақты талайды толғандыратын ой-пікірлері жетерлік.
Зәкең туындыларының танымдық сыры терең, тағылымдық қыры құнды. Қазіргі қазақтың кейбір мінез, қылықтарын аңғаруынан Абай тағылымы анық байқалады. Тіпті кейбір салт дәстүріміз қоғамның қойыртпақ қабаттарында белең алған қазақы блеф, өзін асыра көрсетуге құштар мінездің астында қалып бара жатқанының да жұмбағын шешеді. Қазақ жаңа туған жас сәби, жалғыз ұл, жанерке немерелерін тіл көзден қорғаудың орынына үлкендердің өзі олардың дарын, қабылетіне таңдай қағып, таңғалып отырады екен. Неге? Сөйтсек, бұл қазақ ұрпағын келешек блефке ертерек дайындай бастағаны екен. Адамдар өз атымен, өз қабылетімен емес, не өзінің, не басқа біреулердің атақ-даңқы, сый-сияпатымен өмір сүруді әдетке айналдырыпты. Құр атақ арқылы күн көреді екен. Бұның ең зиянды жері «атақтының» жанында атағы жоқ қабылеттінің ескерусіз қала беретіндігі екен. Шынында да түк бітірмей кеуделеріне темір тағып кергіп басқандарды көргенде өзіңнің бетіңнен отың шығатыны рас. Баяғыдағы ақ патшаның алаштың аға сұлтандарын марапаттағаны сияқты.
Ала арқанды неге аттамайды?
Академик Рабиға Сыздық бір сөзінде «ақын-жазушы емес, ғалымдардың шығармашылдық қорында тілге қатысты талдаулар, тұжырымдар орын алатын болса, ғалымның да тілдік (немесе тілтанымдық) тұлғасын сөз етуге болады» дегеніне орай байқаған адамға Зардыхан Қинаятұлының қазақ тілінің сөздік қорын нығайтуға қосқан үлесінің өзі бір тоға. Еңбектерінде бүгінгі күндердің ғалымдары тұрмақ, әдебиетшілердің шығармаларында кездесе бермейтін көнерген сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, аймақтық сөздерді молынан пайдаланған. Пайдаланып қана қоймай, өзі тіл білімі саласымен тікелей айналыспаса да бір қауым сөздердің бізге белгісіз номинативтік мән мағынасын ашып, үлкен біліктілік танытады. Ол қолданған біраз сөздерді “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне мен фразеологиялық сөздіктен» таппадым. Соның кейбіреуін ғалымның өз түсініктемесімен атай кетейін. «Айда! Айда!» – бұл қозы лақты енесіне жібер деген шақыру белгі. «Тиыш» (қазақ әдеби тіліндегі «тыныш» сөзі жергілікті сөйленісте осылай айтылады – ББ). «Ауылының бір тайы бәйгеге қосылса сексендегі қарияға дейін делебесі қозып орындарында «тиыш» отыра алмай кетеді». «Қожа жапырақ» – жар жиегінде жараған бураның басындай болып алыстан мен мұндалап ағарып көрініп тұратын шөп. «Жараған бураның басындай», яғни аппақ. (Мұны ел ішінде «қожа шөп» деп те атайды. Басына ақ сәлде орағанадай көрінеді – ББ ). «Күшігінде таланған» – итқұстың сырын білмейтін күшіктер шәуілдеп қасқырға аптығып жетіп барады. Қасқыр келешек төбеттің жүрегін шайып алу үшін көк желксінен шап беріп, мойынын қысып, бұрап, сілкіп сілкіп лақтырып жібереді. Осылсайша «күшігінде таланған ит» енді қайтып қасқырдың алдынан мыңқ етпейтін арам тамақ болып қалады. «Ұры көз» (Баспалап басып) – жан жағына көп жалтақтау. «Шиедей жауыр». Зәкең әдемі, ұтымды метофора тапқан. «Шиедей жауыр» – арқасының жүні қырылған. «Бұғақ күйші» – бота болып боздағанда інгенді иітетін адам. «Ит құлақ» – колхаздың малы, (ауыз екі тілде). Осындай сұлу сөздер мен көнерген тіркестерді Зәкең туындыларынан молынан тауып алуға болады.
Зәкең кейбір мән-мағынасы жасырын, шығу тегі көмескі сөздердің этимологиясына да жіті мән беріп, орайы келген жерде оларға өз пікірін білдіріп отырады. Іздеген жанға таптырмайтын қорек дайындап береді. Қазақтың жаугершілік заманнан қалған «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деген мәтеліндегі «алқа көл» деген тіркестің арабтың «алкаголь» қызыну деген сөзінен шыққандығын қостайды. Зәкең қазақтың «ешкімнің ала жібін аттап көргенім жоқ» деген мәтелінің төркінін «әйел босанып жатқан үйдің есігінің алдына ала арқан керіп, маңдайшасына ақтық байлап, уықтың қарына сары ала қамшы іліп қояды. Бұл жын шайтан атттамасын дегені. Әйел босанып жатқан үйге ала арқанды аттап ешкім кірмейді» деп қазақ этнографиясынан мол мағұлымат ұсынады. Ғұлама «жұт» сөзінің төркінін талдағанда нағыз тілші ғалымға тән жүріс танытады. «Өлкені мекендеген барша түркі жұрты жұтты «жұт» десе моңғолдар «зуд», тунгустар «зут», тибеттер «жыт» деп атайды. Дальдің анықтамалық сөздігінде «жұт» дегеніміз қысқы азықсыздық деген моңғол сөзі десе, ағылшын тілінің үлкен анықтамалық сөздігінде бұл атау «jute-жиут» деген түркі сөзінен алынған деп жазыпты. Осының өзі «жұт» сөзі көшпенділер үшін ортақ ұғым екенін білдіреді». Қосып-алары жоқ пайымды талдау. Қазақ үшін бұл сөздің мағынасы тіпті де әсерлі: «жалмау, жұту». Қазақ қатындарының «жер жұтқыр» деген жаман қарғысы да бар. Моңғолдардың сазды аспаптарының атауларында көптеп кезігетін «хуур» (huur) сөзінің тегін көне моңғол тілінде оның «хұғұр» деп аталуын меңзесе керек «қурай» сөзінен шыққан деп көреді. «Қорғалауықтық» – басы байлаулылық, әлде кімге тәуелділік екен. Бұл енді жеке зерттеуге лайық һәм тілші ғалымдардың тереңдей мән беретін ісі болса жарар еді.
Біз сөзімізді осымен тиянақтасақ игі.
Қай тарапта жүрсе де қазақша, қазақ үшін өмір сүрген жаны жайсаң, жазықта аққан дариядай дана, байтақ даласындай байсалды, өзінің ежелгі мекені, туған жері Алтайдың Қобдасындай қормал, бұл күнде жетпістің желкенінен ұстаған абыройлы ағаға ұзақ ғұмыр жас тілейміз, қазақ үшін қылар қызметіңіз сарқылмасын, атына заты сай аға дейміз!
Бақытбек Бәмішұлы
“Түркістан” (қоныс) № 5, 03.02.2011 ж, (толықтырылған нұсқасы)
Парақшамызға жазылыңыз
Бүгінгі қазақ елінің билігінде ылғи ақшалы азаматтар, кәсіпкерлер отырғаны бәрімізге мәлім. Кез келген кресло (директор,әкім, деупутат деп кете береді) белгілі бір бағаға пұлданылады, енди сол орынға келген адам сол пұлдаған шығынын еки еселеп өзіне олжа етуді ойлайтыны сөззсіз. Кез келген буйрык ат үсті атқарылады. Міне, осындай құзірет қызмет істеп жатса елім деп еміренулері де БАҚ-та ғана, оның өзі пиар үшін . БУГІНГІ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ САЯСАТЫНА ЗАРДЫХАН АҒАЛАРЫМЫЗДАЙ ЖАНДАРДЫҢ КЕЛГЕНІ АБЗАЛ ЕДІ. (Типті, мәжіліске Зәкеңдей он адам жиналса, депутаттар құрамын таратуға да болар ма еді…………..)
Зардыхан ага бирегей тулга, оны жазушы да оте шебер жазган екен кей тустарын журегим дурсилдеп отырып окыдым
осындай улдары коп болсын казактын
бакытбектин сауаттылыгын коп окып коп билетиндигин ашатын макала
Мақала жақсы-ақ, бірақ, ақталғандай болып, “ҚАЗАҚША ӨМІР СҮРДІМ”-і несі!? Әдетте, комплексі бар адамдар, әсіресе, кейбір тегі дүбәрә адамдар (кірме) ұлтын, руын әйгілегісі келгенде машинасына “найман”, “қазақ” деп жазып алушы еді. Мақала тақырыбы соған ұқсап кетіпті.
Қазақ боп туу зор бақыт. Ал, қазақ боп өмір сүру екі қазақтың бірінің қолынана келе қояр ма екен. меніңше мақала тақырыбы дұрыс қойылған. мақала сезімге де күшті әсер етеді.
Закендей улы тулга бул омирге кайта-кайта келе бермес..Окиништиси бул агамыздын осы кунге дейн казынага толы тажрибесин пайдалана алмай отырганымызда.Бирак Бакытбек мырза Закен жайлы кен аукымды биз биле бермейтин жаналыктары мол керемет макала берипсиз.Сизге коп-коп рахмет.
Тарихқа бұл күнде кім келіп, кім кетпей жатыр. Жалпы, Зардыхан Қинаятұлының тарих туралы еңбегі мен ұстанымын өте жоғары бағалаймын.
Ағамызға алла ұзақ ғұмыр жас екі дүниеде иман берсе екен . Бұл кісінің келе жатқан өмірі ақылдымын дегендерге бір өмірін арнап зерттеитін тамағы болады ақылсыздардың екі өмірі де жетпейтін итіс тартыс дауласып шешіміне бойламас бір туар ……..,бұдан көп жазсам над шиг амьтан хойлоон бантан хутгана байлгүй
Зардыхан Қинаятұлын Қазақстан әкімшілікке тарытпады деп сонғы жылда Ақыбиұлының сайттарда боқтап жазбаған жері жоқ шығар.Содан ғой Зардыхан Қинаятұлын атында жаттап алдық )))) рас мықты тариқшы екен.
Мен Зақаңмен 1991 жылы Улаанбаатарда кездескенмін. Өте білімді, сақ, терең саясаткер. Бірақ, даурығып өзін көрсете бермейді. Тарихшы ретінде “большевизмнің қас жауы” өтірік тарих хазбайды. Сөзін салмақсыз айтпайды, Халықаралық деңгейдегі қоғам қайраткері, амал не қашан қазақтың бағы ашылып еді. “Бағы ашылмаған” ағамыздың бірі ғой, аман-сау болсын! Ұлтына, ұрпағына берері өте мол.
Зардыхан тәрізді “тумайтын жерде туып, құмайтын жолды қуған” азаматтар қанша! Дегенмен, олардың рухы асқақ, өресі биік азамат ретінде ұлттың намысы үшін алысты, аласармады. Сондығымен, ұлт тарихында атын қалдыра алады. Білуімізше, Зардыхан шеттегі қазақтардың арасынан ең биік лауазымға жеткен көсем, коммунизмді жерлеуге әлемдік деңгейде өзіндік үлесін қосқан қайраткер, қарымды саясаткер. Ал ол кісінің қазақ тарихын деректік, теориялық жағынан байытуға қосқан үлесін пікір жазғандар қуаттапты. Ол кісінің тағы бір қыры шебер әдебиетші, нағыз прозаикке тән үлгідегі қолтаңбасы оның жазушылықта да қабілетті дарын болуға лайық етерін байқатады. Макала авторы Б.Бәмішұлы тұлғаның бірнеше қырын жақсы аша түсіпті. Әрбір елім, жұртым деген қазақ Зардыханша толғанып, қойторыша халқына адал қызмет еткенде Қазақ елінің әлемнің алдыңғы қатарға қарай оқ бойы озуына әбден мүмкін болар еді. Осындай тұлғаның еңбегін Тәуелсіздіктің 20 жылдығында елеп-ескерсе Жоғары жаққа құлаққағыс етер ниеттестер мақала авторының айналысында топтасып ақылдасса жөн болмас па екен!?