///

  Үкіметтен көмек сұрамаймын, тек өмір сүруге жағдай жасалса дейді жас ана

1473 рет қаралды
cурет: ашық дереккөздерінен

Әлі жас әрі кәсіпкер Айман ханым қымбатшылықта бала бағу қиын дейді. Тіпті өзі қажеттіліктеріңді өтеп, жақсы өмір сүру біздің елде тым қымбат екеніне қатты налиды. 

– Неге бізде бәрі қымбат? Азық – түліктің, киімнің, жалпы өмір сүруге керек нәрсенің бәрі бізде өте қымбат. “Өте” деп асыра сілтеп тұрғаным жоқ, шынымен солай. Айлық табыс ипотека төлеумен, және азық – түлік алумен ғана аяқталады.

Мен қазіргі таңда тек бір баланың анасымын. Үш жыл бұрын әйтеуір ипотекаға үй алдық. Бірақ, балам өмірге келгеннен бері біраз нәрсе өзгерді. Баланың тамағы, жөргегі, сонымен қатар медициналық керектері өте қымбатқа шығады. Мемлекеттен берілетін ай сайынғы жәрдемақы шыны керек дымға жетпейді. Алатыным 18 000 теңге. Ал баланың сапасы жақсы деген жөргегі 8000 теңгеден басталады, қосымша тамақ кемі 9000 тұрады. Одан бөлек баланы массажға апару керек, киімдері бар.

Мен бірден айтайын, үкіметтен көмек сұрап тұрғаным жоқ, тек еліміздегі осындай қиын жағдайды жеткізгім келеді. Ия, баланы өзім үшін тудым. Оны ешкімге міндет етпеймін. Үкіметке де көмек бермейді немесе аз ғана жәрдемақы төлейді деп шағымданбаймын.

Тек инфляцияны реттеп берсе екен деймін. Осы елдің азаматы ретінде, барлық құқықты пайдаланып, жақсы өмір сүруімізге болатын шығар?! Мен бір баламен, және ипотекамды төлеуге осылай қиналамын. Ал көпбалалы аналардың жағдайларын тіпті елестете алмаймын.

Себебі түсінемін, жолдасы екеуі екі жақтап жұмыс істеп кемі 400 мың тапса да, ол бір айға жетпейді. Себебі егер төрт баласы болса, олардың киімдері, тамақтары, мектепке баратын болса оқуға керек құралдары, үйдің коммуналкасы деген сияқты шығындар өте көп және қымбат. Бұл мысал “егер”  400 мың теңге табысың болған жағдайда ғана ғой! Бірақ ауылды жерде тұратын халық арасында бұндай ақша табу мүмкін емес. Себебі өзім де ауылда тұрғанмын, ол жақтағы жалақы көлемі сексен мен жүз мың арасында ғана. 

Айман ханым соңғы екі ай жеке кәсіп ашып, қазіргі таңда шағын кәсіппен айналысуда. Бірақ, Қазақстанда кәсіппен айналысу да қиын дейді.

– Қашанғы ақша жетпейді деп отыра берем дедім де, ИП ашып, жеке кәсіппен айналысуға кірістім. Қазіргі таңда Каспи магазиннің әріптесі болып отырмын.

Мына сөзімнен кейін, бизнеспен айналыса отырып, дым жетпейді деп жылап отыр деп ойлайтын шығарсыздар. Бірақ әр бизнестің өзіндік шығындары бар. Мысалы Каспи магазинге кез келген тауар түрін салып, сата алмайсың, ол үшін белгілі құжаттар сұрайды. Ол құжаттар тауарды алатын жермен келісімшарт және т.б. Ал оған қолжеткізу қиын.

Сосын, құжат сұрамайтын тауар түрлері бар. Қазіргі кезде солармен айналысып жүрмін. Бірақ, Каспи магазиннің қызмет ақысы тым көп. Әр сатылған тауар түрінен кемі 10, ал көбі 25 пайызға дейін ақшаңды ұстап қалады. Тағы жеткізу ақысын да ұстап қалады. Енді кәсіпкер ретінде маржа есептеп қарасақ, не сатсаң да үстіне көретінің тек 1000-2000 теңге ғана. Жарайды тым болмаса жоқтан бар дейсің ғой, бірақ айдың соңында ИП салықтары, кейде магазин болғандықтан айыппұл дайын тұрады. Сонда ойлаймын да, неге Каспи қызметінің ақысын сәл төмендетпеске? Бірақ бізді тыңдайтын құлақ жоқ екенін білген соң, аузыңды да ауыртқың келмейді. 

Кәсіпкер ана өзіне үкіметтен көмек күтпейтінін айтып, тек халыққа азғантай болса да жағдай жасап берсе екен дейді. Мысалы, коммуналдық қызметтің бағасын арзандатып, азық – түліктің бағасын түсіріп берсе, отбасылық шығын сәл болса да азайып, елдің жағдайы түзелетін еді дейді. “Мені қойыңызшы, мен тек бір бала асырап отырмын ғой, бірақ менің көпбаланы бағып, асырап отырған аналарға шынымен жаным ашиды. Әр ана баласына жақсы нәрсе бергісі келеді. Бірақ мына  қымбатшылық оған мүмкіндік бермейді ғой” , деп, Айман анамыз күрсінген дауыспен сөзін аяқтады.

Айманның жолдасы бар, алайда жұмыссыз екенін де айта кеткіміз келеді.

Айдана Игібай, 

СДУ “Журналистика” мектебінің 4 курс студенті



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар