//////

Әлиханның Семейге келуі

2146 рет қаралды

Бүгін Қазақ азаттығы үшін күрескен ұлы қайраткер  Алаштың ұлы көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) қазақ халқының азаттық жолындағы күресте алдаспаны болған аяулы тұлға. Бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы, Қарқаралы уезінде дүниеге келген арда азамат 71 жасында кеңес қоғамының ең бір қасіретті «халық жауы» деген жалған жаласымен Мәскеу қаласында мерт болды.  “Сарыарқа” газетіндегі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Әлиханның Семейге келуі” деген мақаласын назарларыңызға ұсынамыз

“Кешке жақын Семейде, 21-ші октябрьде бұрынғы жандарал махкамасы – “Бостандық үйіне” қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Семинаристер бір рет, гимназистер бір рет, курсистер, мұғалімдер бір рет, саудагерлер, қырдан келгендер де бар. «Сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтерінкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрушы еді.
Бір-біріне жолыққанда қуаныштан аман-сәлемді де ұмытып, сөздері: “Поезд қашан келеді?” деу ғана еді. Бұлар кімді тосады? Бұлардың поезд келген-келмегенінде не ісі бар? Әлде “Генерал-губернатор келеді, даяр болыңдар” деп жандарал әмір берді ме? Онда осындай қуана ма? Онда жалмауыздың жалғыз көзіндей маңдайы жарқырап қазақтарды “жолдан былай» тұр деп қойша иіріп сабап жүретін пристав, стражниктері қайда? Онда “жұмысқа керек” деп, жиылған қазақтардың астынан аударып алып жататын аттары қайда? Онда етектері далиып, мойындарына бір-бір сары жездерін салып алып, ерсілі-қарсылы шауып жүретін болыс, ауылнайлары қайда?
Жоқ, мұның бәрінен де 27 февральден бері қазақтың арқасы босаған, аяғы шешілген. Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қазақтар еді. Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген , көрдей сасық ауа, темір үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген; басқан аяқ кейін кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын «бақ жұлдызына» көзі жеткен; түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір іс үшін жалданбаған, “қайткенде алаш көркейер” деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді.
Әлгі көше толып ағылған қазақтың бәрі “Бостандық үйіне” барып толды. Арналған кісілер халықты реттеп отырғызды. «Қарсы алу тойымыздың үлкені ертең Алаш қаласында болсын және бүгін түн Ертістен қайық жүрмейді, поездан шаршап келген кісіні көп ұстамауға бүгін комитет кісілері һәм бергі жақтағы оқығандар қарсы алсын» делініп, жұрт Алаш қаласында көріспек болды. Бірсыпыралар Әлихан келгенде құтты болсын айтуға һәм оның қылған қызыметтеріне жүректерінің қалай риза болғанын білдіруге қандай сөз табудың қамына кірісті. Қозыбағаров һәм басқалар жас балаларға және қара халыққа Әлиханның өмірін, қылған қызыметтерін сөйледі.
Сөйтіп отырғанда поезды тосып автомобильмен алып келуге жіберген екі кісінің (Мұстақым һәм Тарабаев) басы көрініп, күтіп отырған Құрметті еріміздің келіп қалғаны білінді. Ал жұрт қадір кісісін көргенде мұндай сүйсінбес. Әркім түрегеліп аяқ басқан жерінде қуаныштан бір-екі минут есінен айырылып па, әйтеуір дағдарыңқырап тұрды. Әлихан жұртқа аман сәлем қылып отырған соң қара халық атынан Шейх Мұсатаев келгеніне құтты болсын айтты. Онан соң, комитет атынан Ахметжан Қозыбағаров сөйледі. Онан соң учительдер атынан Манан Тұрғанбаев айтты: «Сүйікті басшымыз! Еңбегің жанды. Ұлтыңыздың жандана бастағанын көзіңіз көрді. Өзінің оқытушы екенін жасырып жүретін оқытушылар мынау отырған. Бұрынғы келгендеріңізде дидарыңызды көрсетпей жауып қойған да уақыт та болып еді. Жүзқаралардан қорқып біз де бүйтіп алдыңыздан шыға алмаушы едік. Құдай бізді бүйтіп қарсы алуға жеткізді. Біз оқытушылар, пікіріңізді жайып, еліңізді тірілтуге даярмыз. Жаса, біздің биік басшымыз! Сізді көрумен өзімізді бақытты санаймыз».
Сонан соң жалпы жастар атынан С. Торайғыров сөйлеп, былайша құттықтады:
«Көш бастаған еріміз
Қуанышта еліңіз.
Төбеміз көкке жеткендей,
Көкіректен бүгін кеткендей.
Сізді көріп шеріміз!
Еліңіздің бұл шағын.
Алаш туын һәм бағын,
Көзбен көріп төленді,
Көптен бергі теріңіз.
Алаш туын қолға алған,
Қараңғыда жол салған
Арыстаным, келіңіз!».
Онан соң оқушылар атынан Аймауытов сөйледі:
«Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басын Алаш жолында құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз! Сізді көргендегі жүректің қуанышын тіл айтып жеткізерлік емес, өміріңді жіберген жолың, біз – інілеріңе жағып қойған шамшырақ.
Жасасын, сүйреген алашың! Жаса, сабазым!» .
Онан соң, басқалар тарапынан да сол реттес сөздер айтылып болған соң, Әлихан ағай тұрып, жұртқа қарап, аман-сәлем құттықтауды қабыл алғанын білдіріп қысқа ғана сөйледі:
«Ағалар, інілер! Мені бұлай қарсы алғандарыңа рахмет. Бірақ ұғыну керек: бостандықты туғызған мен емес, орыс ерлері. Мен олардың жолында жолдастықта жүрген кісі. Жүз жылдан бері, бостандық үшін атылған, асылған солар. Рахметті соларға бұрын айту керек.
Бостандыққа қуансаңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса міне, мен өле-өлгенше, сендерге қызымет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме, бостандықтың жолымен болсаңдар: Бишараны жемеуге, партияны қойып бірігуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштерінді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек. Міне, бостандық болғалы осыларды қылып отырған шығарсыңдар. Осыларды қылмасаңдар, бостандық өзінен-өзі сендерге түк әкеп бермейді».
Бұдан соң жұрт ертең Алаш қаласына барып, Әлихан мен Әлімханның Сибирь сьезінде сөйлеген сөздерін тыңдамақ болып тарады.
Алаш қаласына Әлихан сағат онда өтеді дегенмен, сол уақытты аңдыған халық теңізі толқынданып, қайық аузына қарай ағылды. Алдыңғы ретте көңілі өсіңкі аттылар қолында «күнім туды, күн астында мен де, мен де» деп көкке қарап көкірегін керген Алаш туы көзге бұрын түсуші еді.
«Көтерілген туым бар, көтеретін өрім бар» дегендей қиылып, көңілі босап, көздеріне жас алған отағасылар, ақсақалдар бір рет еді. Балапандарын шұбыртқан үйректей шәкірттерін қатарлап, қолдарында түрлі түстегі ту алып бастаған мұғалімдер бір рет еді.
Мұғалімдік курс шәкірттері де туын желкілдетіп бір рет еді. Көріністің бәрін жазуға мұршасызбын, әйтеуір бұл көріністі көрген қаны қазақ еріксіз «құдая, бүгін алсаң да» дегенді көңіліне түсіруші еді”.
Сұлтанмахмұт.
“Сарыарқа” газеті. 1917 ж. №18.
Дина Имамбайдың фейсбук парақшасынан алынды
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар