Енді небәрі тоғыз күннен кейін сол сайлау. Алайда Орталық сайлау комиссиясы кейбір үміткерлердің құжаттарын талапқа сай емес деп сайлаудан шеттетіп жатыр. Ең қызығы PhD химик, ұстаз Аятжан Ахметжанұлының депутаттыққа кандитат болып, үгіт-насихат жүргізіп жүрген кезінде сайлаудан шеттетілуі.
Тарқатып айтар болсақ, Аятжан Ахметжанұлы өз кандидаттығын ұсынған соң декларация тапсырады. Бірақ, Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы декларацияны тексеру уақыты аяқталғаннан кейін, сайлауға 13 күн қалғанда ғана оның кандитаттығы жарамсыз екендігін хабарлаған. Бұл туралы Аятжан Ахметжанұлы өзінің Facebook парақшасында жариялады.
Сайлаудан шеттетілгенін оқыған халық наразылығын білдіріп, Астана қаласының мәслихатынан «Кредитін жасырғаны үшін сайлаудан шеттету сылтау ғой»,- деп жарыса жазып жатыр.
“МӘЖІЛІСКЕ ЕМЕС, МӘСЛИХАТҚА ҮМІТКЕРМІН”
Ең қызығы Аятжан Ахметжанды Мәслихат сайлауынан шеттету үшін екі рет Қаулы шыққан.
– Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңы 104-бабының 2-тармағына сәйкес кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тiркеуге дейiн тұрғылықты жерiндегі мемлекеттік кіріс органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзiмi басталатын айдың бiрiншi күнiне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгiлеген тәртіппен және нысанда ұсынады.
Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәлiметтердiң анықтығын мемлекеттік кіріс органдары кандидатты тiркеген күннен бастап он бес күн iшiнде тексередi. Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңы 104-бабы 6-1 тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес, кандидат немесе оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің дұрыс еместігі декларация тапсыру кезінде анықталған жағдайда, кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
Бұған келіспеген Аятжан Ахметжанұлы сотқа жүгінген еді. Екі күн бұрын Астана қаласы аудан аралық әкімшілік соты арыз бойынша сот отырысын өткізді. Нәтижесі бүгін шықты. Ұстаз бұл туралы өз Facebook парақшасында былай деп жазды:
Сонымен мерзімінен бұрын тарап кететін біздің парламент секілді, менің сайлау штабым да мерзімінен бұрын тарады.
Сот үкімі әрине мені емес, сайлау комиссиясының шешімін қанағаттандырды. Мәслихатқа кандидат ретінде тіркеуден бас тартты.
Екі күндік сот барысында байқағаным төрелікті мемлекеттік кірістер департаменті айтып отырды. Тіпті бүгін өздерінің құзіретінен шығып, сайлау комиссиясының шешімі дұрыс, ол кандидаттыққа толымсыз деп салды. Негізі оларда тек менің декларациямды тексеру ғана құзіреті бар, үкім айту емес.
Қош, сонымен бұл жолғы сайлауға қош айтыстық. Өкінішті әрине.
Басқасын айтпағанда ашуым келетіні кандидаттық куәлікті бермей тұрып, үгіт нәсихат басталмай тұрып бәрін тексеріп, шығарып тастаса тағы ренжімейсің ғой…
350 мың теңге жарна төлейсің, штаб құрып, плакаттар мен брашуралар шығарып, қаншама қаржы шашасың…
Қаншама қолдаушы жұрт, сайлаушы жұрт үміт күтеді.
Бір күн келеді де сіз кандидат емессіз дейді. Қандай сұрқиялық…
Сайлау комиссиясы кандидаттық куәлікті 12 ақпан береді, 3 наурыз жұма кешке 18:35 те қайтарып алатынын хабарлайды. Бұл не сандалту деген ой келеді де. Аман болсын!
Қош, сайлауға да басқасына да қолды бір сілтейік.
Ұлт үшін, ұрпақ үшін еңбегімізді ел көріп отыр, жалғастыра береміз!
Билікке керек болмасақ та, ұлтқа, жұртқа керек шығармыз…
Басты мақсат артымдағы Ахаң айтқан сөз ғой… ех…
Парақшамызға жазылыңыз