////

Әйгерім Бегімбет, фотожурналист: Маған еркіндігім маңызды

8717 рет қаралды
Әйгерім Бегімбет

28 ақпан күні Сүлеймен Демирель университетіне жас журналистерге өз тәжірибесімен бөлісуге фрилансер, журналист-фотограф Әйгерім Бегімбет келген болатын. Осы кездесуді пайдалана отырып, біз журналиспен сұхбаттастық.

НЕГІЗГІ ТАБЫС КӨЗІМ ФОТОГРАФИЯ

– Штатта жұмыс жасау табыс көзінің тұрақтылығын көрсетеді. Штаттағы журналистен фрилансерлікке ауысуға не себеп болды?

2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, диплом алғаннан кейін Шымкентке қайттым. Шамамен үш жылдай уақыт облыстық “Оңтүстік Рабат”, сосын қалалық “Шымкент келбеті” қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істедім. Екі редакция да мен үшін үлкен мектеп болды. Мені тәрбиелеген, өсірген редакциядағы ағай-апайларыма алғысым шексіз. Бірақ бір кезде өзімнің бірқалыпты жұмысқа үйреніп бара жатқанымды, бір орында тұрып қалғанымды түсіндім. Газет аясы тарлық ете бастады. Еркіндігің шектеулі. Өз еркіммен жұмыстан шығу туралы өтініш жазып, алғысымды айтып, шығып кеттім.

Бірақ алдым бұлыңғыр еді. Жоспар жоқ. Дайын тұрған басқа жұмыс жоқ. Арасында айлап жұмыссыз жүрген кездер болды. Жинаған қаржы қорым жоқ, үйден көмек сұрайтынмын. Фотографиямен айналыстым. Той-томалақ, жеке, отбасылық фотосессиялар түсірдім. Сайттарға қаламақыға фоторепортаждар жасадым. Материал, сұхбат жаздым. Арасында үш жыл Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына аптасына екі күн барып, фотожурналистикадан дәріс бердім.

Әлі де негізгі табыс көзім – фотография. Фрилансер болу – өз уақытың, өз еркіндігің өзіңде. Маған еркіндігім маңызды. Кез келген уақытта рюкзагымды жинап, тау-тас кезіп кете аламын. Қалаған ісіммен айналыса аламын. Таңғы тоғызда жұмыста болуым керек деп, жанталасып, асықпаймын. Редакция тапсырмасымен емес, өзім қалаған тақырыптарда материал жазамын. Идеямды жүзеге асырамын. Сол азат болғым келгеннен шығар, әлі көбі түсінбейтін кезде фрилансерлікке ауысып кеткенім. Әлі өз-өзіме сенбейтін кезде маған Райхан Рахим, Дилара Иса сынды мықты журналистер:“Әйгерім, жергілікті газеттерде қалып қалма, респубикалық сайттарға материал жаса, ауыс, сенің қолыңнан келеді”, – деп сенім білдіріп жүретін. Тіпті Дилара Иса мені бір сайтқа өзінің орнына ұсынып кеткен. Сондай жақсы адамдардың қолдауы мен сенімі де көп әсерін тигізді. Үнемі іштей алғысымды білдіріп жүремін.

ӘР СУРЕТТЕ ТІРШІЛІК БАР

 

– Алғашқы жобаңыз жайлы айтсаңыз. Адамдарды қалай таптыңыз және осы жолда сізге кімдер көмектесті? Жоба барысында қай өңірлерге бардыңыз?

2019 жылы Internews-тің Қазақстандағы өкілдігі журналистер, медиамамандар, топтар арасында байқау жариялаған. Фотограф бөлем Қанат екеуміз “Түркістан облысы ауылдарының тыныс-тіршілігі” атты жоба жазып жібердік. Үш кезеңде 200-ден аса жобаның ішінде үздік шығып, Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің қолдауымен Интерньюс Қазақстан Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасының грантына ие болды. Бұл идеясы бар, бірақ жобасын іске асыруға қаржы таппай жүрген біз сияқты жастар үшін керемет мүмкіндік еді.

Қанат екеуміз грант ұтып алғанда қатты қуандық. Ауылда елеусіз тірлік кешіп жатқан қарапайым еңбек адамдарын фотосуретке түсіреміз, оларды елге танытамыз деп ойладық. Ауылдардың тізімін жасадық. Жоспар құрдық. Өзім де ауылда туып-өстім, әлі күнге дейін ауылда тұрамын. Сондықтан ауыл адамдарының тіршілігі, проблемалары жақсы таныс. Бірақ біз жобаны бастар сәтте Қанаттың мазасы болмай, ем-дом қабылдай бастады. Өзі ауырыңқырап жүрсе де: “ауылдарға барайық, тым болмаса үш екі-үш тақырып дайын болса түсіре берейік”, – деп жиі айтумен болды. Мен: “бір аптадан соң бастайық, емің бітсін”, – деп жауап бергем. Сөйтсем бұл Қанаттың соңғы күндері екен. Ойда-жоқта айырылып қалдық. Оның өлімі маған қатты әсер етті. Тіпті гранттан бас тартқым келді. Біраз уақытқа дейін мақала жаза алмай, фотосуретке түсіргім келмей, дел-сал күйде жүрдім. Келісімшарт жасасып қойғаннан кейін қасыма фотограф алып, жобаны қалайда жалғастыру керек болды. Сосын досым Шыңғыс Әбдіразаққа айттым. Ол бірден келісіп, Түркістан өңірінің 15 шақты ауылын аралап, фоторепортаж жасап, фотосуретке түсіріп шықтық. Сайтқа жарияладық.

“Тіршілік” жобасы / Әйгерім Бегімбет

 – Жоба барысында фотокөрме өткіздіңіз. “Тіршілік” фотокөрмесін жасауға кімдер ат салысты? Көрмеден қалған естелігіңізбен бөліссеңіз.

Иә, медиажобаның қорытындысы ретінде 2019 жылы Шымкентте және Алматыда алғашқы “Тіршілік” фотокөрмесін өткіздік. Командалық фотокөрме. Менен бөлек, командада өмірден ерте озған талантты фотограф Қанат Дархан және досым, талантты дизайнер-фотограф Шыңғыс Әбдіразақ болды.

Алғашқы фотокөрмеміздің  атауын ұзақ ойландық. Соңында журналистикадағы ұстазым Жәмила Мамырәлінің: «Әр суретте тіршілік бар. Фотокөрменің атауы «Тіршілік» болсын», – деген кеңесін құп алып, соған тоқтадық. Шымкент пен Алматы қаласында өткен фотокөрмеге ауыл өмірінен, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігінен сыр шертетін фотосуреттер қойылды. Ауылдағы жол, ауызсу, байланыс, тағы басқа проблемаларды, Арыс оқиғасын сурет арқылы жеткізуге тырыстық.

Шымкенттен кейін Алматыға фотокөрме жасауға Ozgeepic заманауи кеңістігінің құрушылары Тоғжан Құрманжанова мен Мақпал Жұмабай әпкелер ұсыныс айтты. Бірақ біз: “алматылықтар қалай қабылдайды? Біздің әлі деңгейіміз жетпейді”, – деп қорқыңқырап жүрдік. Сосын тәуекел деп апардық. Фотокөрмеден кейін көп жылы пікір айтылды. Ең есімде қалғаны: бір қыздың: “сізге рахмет айтып, құшақтауға бола ма?” – дегені. “Қандай батыл. Қандай жарқын. Мен ондай қадам жасай алмас едім”, – деп ойладым. Жақсы адамдардың жақсылығы, қолдауы мені толқытты, шабыттандырды.

“Түркістан әйелдері” жобасы / Әйгерім Бегімбет

“ТҮРКІСТАН ӘЙЕЛДЕРІ” «ҮРКЕР» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

– Көп ұзамай жаңа жобаны қолға алдыңыз. “Түркістан әйелдері” сізге несімен есте қалды? Жобаның қысқаша тарихымен бөліссеңіз.

Жаздай жүріп жасаған «Түркістан әйелдері» медиажобасы үш жыл бұрынғы «Тіршілік» деген жобамыздың жалғасы іспеттес. 2022 жылы көктемнің соңына қарай құрбым әрі әріптесім Жанерке Хумар екеуміз “Түркістан әйелдері” медиажобасына грант ұтып алдық.

6 фоторепортаж,  6 фильм жариялап, 24 фотодан тұратын фотокөрме өткіздік. Фотокөрмедегі алты кейіпкердің фотосына сол кейіпкер туралы фоторепортаж бен фильмнің сілтемесі бар QR-код жапсырылған. Осылайша, онлайн-офлайн форматтарды біріктірген медиажоба Urker-2022 ұлттық байқауында “Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премия” номинациясын жеңіп алып, “Интернет медиадағы үздік жоба” атанды.

Мақсатымыз – Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын әйелдердің жұмысын көрсету арқылы жалпы әйелдер өмірін таныту. Әдетте әйел адамдардың үйге қарап, ас-су дайындап, бала тәрбиелейтін, үй тірлігінен аспайтын тұрмысын ғана көріп жатамыз. Біздің мақсат – әйелдер де түрлі жұмыс істеп, қоғамға, экономикаға, айналасына пайда әкелетін мықты адамдар екенін көрсету. Және олар үйден тыста жұмыс істеп қана қоймай, үй шаруасын да қатар алып жүргенін ескеру. Мұндай жобаларды жасау барысында кейіпкер іздеу, табу, олармен сөйлесу, сұхбатқа келісу, тұратын жеріне бару, фото-видео түсіру, сұхбаттасып, әңгімелесу, жалпы процесс қызық әрі маңызды. Түркістан облысының сан түкпіріне барып, қаншама эмоция мен қызық оқиғаларды бастан кештік. Шымкент, Алматы, Түркістан қаласында “Түркістан әйелдері” фотокөрмесін өткіздік.

“Түркістан әйелдері” фотокөрмесінен

– Алдағы жоспарыңыз қандай? Жаңа жоба бастау ойда бар ма, әлде осы жобаларды жалғастырасыз ба?

 Ойымда жаңа идеялар бар. Бұл жобаларды да жалғастырғым келеді. Көреміз. Алдымен қаржы жағын реттеп алуымыз керек. Немесе гранттарға ұсынып көремін. Егер мүмкіндік болса, тек өзіміздің Оңтүстік өңірін ғана емес, Батыс, Шығыс, Солтүстік жақта да бір-екі ай тұрып, сол жақтан қызықты, еңбек адамдары мен әлеуметтік проблемаларын түсіріп, жазғым келеді.

 

Әдемі Ғазизова

CДУ “Журналистика” мектебінің І курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар