БҚО төтенше жағдай департаментінің 12 наурыз күні түстен кейін берген мәліметтеріне сәйкес сағат 12.00-де Деркөл өзеніндегі судың деңгейі (Тасқала ауылы) 489 сантиметрге жетті, қауіпті деңгей – 520 см. Чижа-2 өзенінде (Чижа-2 ауылы) судың деңгейі 708 см, қауіпті деңгей – 780 см. Деркөл өзеніндегі судың деңгейі (Зеленое ауылы) – 280 см, қауіпті деңгей – 300 см.
Жергілікті атқарушы орган мен ТЖД тарапынан өзендердің қауіпті учаскелерінде кезекшілік ұйымдастырылған. Су айдындарына мониторинг жүргізіліп отыр.
11 наурыз күні Орал қаласы, Тасқала, Бәйтерек аудандарының аумағын ұшып барлау барысында Деркөл, Шаған және Чижа-2 өзендері мен бассейндерінің жай-күйі зерттеліп, мониторинг жүргізілген. Іс жүзінде бұл аймақтарда қар жоқ.
Орал қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес комиссиялық тексеруден кейін 8 тұрғын үйді су басқаны анықталған. Қазіргі уақытта барлық мекен-жайлар пысықталып, үйлерден су сорылған.
Сонымен қатар еріген су Орал қаласы, Ақжайық, Бөрлі, Тасқала, Теректі, Сырым және Бәйтерек аудандарында сорылады.
Кешкі 17.35 шамасында су өткізу құбыры бойында судың жиналуына байланысты Сарытау шағын ауданындағы Айтқұлов көшесіндегі су қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жергілікті атқарушы органдар күшімен жол жырылғанын хабарлады. Дәл осындай жұмыстар Деркул кентіндегі Жұбанов, Өмірзақова, Майлин, Бөкейхан, Сарыжайлау көшелерінде жүргізілген. Сонымен қатар Б.Майлин көшесінде су тасқынына қарсы шаралар жүргізіліп, орлар қазылған.
Теректі ауданы Подстепное ауылының оңтүстік-шығыс жағынан келетін суды ауылға жеткізбеу үшін қорғаныс бөгеті жасақталған.
Орал қаласы, Құс фабрикасы ауданындағы Диспетчерлік аялдамасында су тасқынына қарсы шаралар жүргізіліп, орлар қазылған.
Кешке, сағат 20.44 шамасында Зачаганск кенті ауданында БҚО Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдардың күшімен Орал-Саратов тас жолының 2 жерінде су тасқынының алдын алу үшін топырақ төгу және суды сору жұмыстары жүргізіліп жатырғаны туралы хабарлады.
Дәл осы жерде судың ағысы қаттысы сондай арнасынан шығып жатқанын қала халқы әлеуметтік желіде жарыса жариялап жатты.
Қазір әлеуметтік желілерде әр қаланың өз проблемаларын жазып жеткізетін, өзекті мәселелерді көтеретін түрлі пабликтер бар, осындай пабликтердің бірі @zhaloby_uralsk_official.
Бұл парақшада қаладағы су тасқыны туралы, көшедегі судың сорылмауы, үйдің аулаларына су кіру туралы хабарламалар осыдан 4 күн бұрын, яғни 9 наурыздан бастап жарияланған. Сол күннен бері су басу қаупіне қатысты қаланың әр ауданындағы тұрғындарынан түскен толассыз хабарламаларды көруге болады.
Егер оларды тізбелеп жазатын болсақ, Желаев кенті, Көпбергенов көшесі, 50/2 (екі мәрте жазған), Ескі әуежай ауданы Малин көшесі мен Кең дала көшесінің қиылысы, Тәуелсіздік (бұрынғы Московская) көшесі, Бутин көшесі мен Тәуелсіздік көшелірінің қиылысы, Зачаганск кенті Мөңкеұлы көшесі, 105, 91/3, Матросов көшесі, 52, Шолохов көшесінен Сырым Датов көшесіне бұрылыс, Ет комбинаты ауданы, 10-шы шағын ауданы Sun City тұрғын үй кешені (үш мәрте), Есенжанов көшесі мен Наумов көшесінің қиылысы, Жақсығұлов көшесі мен Телеграфная көшесінің қиылысы, №30 мектеп жанындағы көпір, Волков көшесі, 9, Құрманғазы көшесі, 154, Исатай батыр көшесі, 2, Деркул кенті, Талпын көшесі, 47, Самал – Коняхин көшесі, Абай көшесі (мешітке қарама қарсы беті), Жамбыл көшесі, 81 ХҚКО ауданы, Деркул кенті, Абылай хан көшесі, №37 мектеп ауданы, Назарбаев зияткерлік мектебі ауданы, Жақсығұлов көшесі, Зачаганск кенті Сабыр Рахимов және Шора батыр көшелерінің қиылысы, Ескі әуежай ауданы Согласия көшесі, Зачаганск кенті Балауса көшесі, Есет Әзербаев көшесі, Строитель шағын ауданы, 34, Зачаганск кенті 152-ой стрелковой дивизии көшесі, 106, А.Хусаинов аялдамасы, «Весна» дүкенінің ауданы, Ескі әуежай ауданы Коняхин көшесі, 38, Үміткер көшесі, 93, Әбілхайыр хан даңғылы, 78/3 және Нұр көшесі, 22 қиылысы, Новенький ауылы, Асан ауылы, Байтұрсынов көшесі, Мичурино кенті, Октябрьская көшесі, Садовод көшесі мекенжайлары бойынша көшелердегі судың сорылмағаны, үйлерді су басу қаупі төніп тұрғаны туралы жазбалар жарияланған. Ал Физкультурная көшесі, 1/3 мекенжайы бойынша орналасқан үйді су басып кеткен. Осы жазбалардың кейбіреуінің фотосуретін жариялауды жөн көрдік. Өйткені, осы жазбалардың өзі қаладағы жағдайдың қиын және алаңдатарлық екенінен хабар беріп тұрғандай.
Олардың барлығына болмаса да өз құзырына кіретін кейбіреуіне қала әкімдігі суды соруға техника жіберілетіні туралы жауап берген. Мичурино кентінің әкімдігі болса, осы парақшаға өз жұмыстарының барлығын болмаса да жариялап, демалыссыз жұмыс жасап жатқанын айтқан.
БҚО төтенше жағдай департаменті Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының аумағында елді мекендерді, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін су басу қаупіне байланысты Бөрлі ауданында аудан әкімінің 11.03.2023 жылғы №3 шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады. Алайда, ашық НҚА порталында ондай құжатты таппадық.
Оның орнына 11 наурыз күні Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешіміне көзіміз түсті. Қала әкімінің шешімі тиісті заңдарға, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы» қаулысына және 2023 жылғы 10 наурыздағы Орал қаласы әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі жоспардан тыс комиссия отырысының №3 хаттамасына сәйкес қабылданған. Шешімде «Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы зардап шеккен объектілерді тексеру жүргізсін» деп жазылған.
Шешім алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі деп көрсетілген, әзірге жоба ретінде онлайн қаралуда.
Парақшамызға жазылыңыз
[…] Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қатысты қауіп сейілмей тұр. Осыдан бұрын біздер Орал қаласында 11 наурыз күні Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешімі жарияланғаны туралы жазған едік. […]