//

БҚО: Су тасқынына қатысты қауіп сейілмей тұр

1288 рет қаралды

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қатысты қауіп сейілмей тұр. Осыдан бұрын біздер Орал қаласында 11 наурыз күні Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешімі жарияланғаны туралы жазған едік.

Бүгінгі күні облыстың бірнеше ауданында, атап айтқанда Бәйтерек, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарында төтенше жағдай жарияланған. Бұл туралы БҚО төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ал Ашық НҚА порталындағы мәліметтерге сүйенсек, «Жаңақала ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы»,  «Бәйтерек ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы»  аталған аудан әкімдерінің және «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» Тасқала ауданы әкімінің шешімдері жарияланғанын көре аламыз.

Осыған байланысты аудандық әкімдіктердің сайттарына шолу жасап, биылғы су тасқыны кезеңінің өту барысы, осы кезеңге дайындық, су тасқынының алдын алу жайында ақпарат жарияланған ба, сонымен қатар аудандарда төтенше жағдай жарияланғаны туралы хабарландырулар бар ма деген сұраққа жауап іздедік. Сөйтіп облыс бойынша 12 ауданның сайтын сүзіп шықтық.

Жәнібек ауданының әкімдігінің сайтында су тасқыны туралы еш ақпарат жарияланбаған.

Шыңғырлау ауданы әкімдігінің сайтында аудандағы су тасқынының өту барысы және ауданда төтенше жағдай жарияланғаны туралы еш хабарлама жоқ.

Теректі ауданы әкімінің сайты да су тасқыны жайлы ешбір ақпарат жарияламаған.

Тасқала ауданы әкімдігінің сайтында да ауданда жарияланған төтенше жағдай туралы ешбір хабарлама шықпаған.

Сырым  ауданы әкімдігінің сайтында төтенше жағдай туралы хабарландырмаса да, 14 наурыз күні «Сырым ауданында электр тарату қалыпты режимге көшті» деген ақпарат жарияланған. Өйткені, 13 наурызда Өлеңті өзенінің тасуы салдарынан тасыған өзен суы іргедегі Сырым аудандық электр торабының техникалық аумағына жайылып, қосалқы станцияны жедел басқару пункті ғимаратының жертөлесіне құйылған. Сол себептен аудан аумағында электр қуатын таратуды тоқтатуға мәжбүр болған.

Қаратөбе ауданының әкімдігі болса 2 наурыз күні «Тасқынға тосқын қою – күн тәртібінде» деп аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өткені туралы хабарлаған. Отырыста 2023 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындықтың барысы туралы аудандағы жауапты қызметтерінің басшыларының барлығы дерлік баяндама жасап, есеп берген. Одан кейін ауданда жарияланған төтенше жағдай туралы еш мәлімет жоқ.

Казталов аудандық әкімдігі де су тасқыны мен оның өту барысы туралы ақпараттарды жарияламауды жөн санаған.

Бәйтерек ауданы әкімдігінің сайтынан аудандағы су тасқыны кезеңінің өтуі жайында басқа сайттарға қарағанда толығырақ мәлімет алуға болады. Мұнда 10 наурызда «Бәйтерек ауданында су тасқынын алдын-алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде», 12 наурызда «Бәйтерек ауданының Зеленое ауылында Деркөл өзенінің көтерілуіне байланысты Азаматтық қорғаныс құрылымдары су басу қаупінің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруда» деп аудандағы жағдайдан аз да болса хабардар етіп отырған. Ал 13 наурыз күні «Бәйтеректе аудан әкімінің шешімімен Төтенше жағдай енгізілді» деп аудан халқын төтенше жағдай енгізілгені жөнінде хабарландырған.

Жаңақала ауданының әкімдігі де өз сайтында су тасқыны туралы еш ақпарат жарияламаған.

Бөрлі ауданының әкімдігі болса,  9 наурызда «Су басу қаупін азайту мақсатында» деп  4 наурызда аудан тұрғындарын «Су тасқынына қарсы акция» өткізу жоспарланғаны және науқан аясында қандай міндеттерді орындау қажет екені туралы хабарландырған. Аудандағы су тасқыны немесе жарияланған төтенше жағдай туралы еш мәлімет жоқ.

Бөкейордасы ауданы әкімдігінің сайтында су тасқыны кезеңі туралы хабрламалар жарияланбаған.

Ақжайық ауданының әкімдігі 4 наурыз күні көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша аудан бойынша қар тазалау жұмыстары жүргізілгені туралы хабарлаған су тасқыны кезеңінің өтуі туралы еш жарияланым жоқ.

Аудан әкімдіктерінің сайттарына шолу жасау арқылы біз жергілікті атқарушы органның ашықтық принципін сақтай алмай отырғанын көріп отырмыз. Егер біз еститін үкімет құрғымыз келсе, аудан тұрғындарына нақты, тексерілген және дұрыс ақпаратты уақтылы жеткізуіміз керек. Сонымен қатар оларды сенімді көзден ақпарат алу құқығынан айырмауымыз керек. Аудандардағы жергілікті жағдайды білгісі келген мүдделі азаматтардың барлығы білуі тиіс. Азаматтар көп жағдайда әлеуметтік желі немесе түрлі мессенджерлер арқылы келген ақпаратты қабылдап, оның рас не жалғандығын тексермей, ақыр соңында күмәнді ақпараттың таралуына себепші болып жатады. Сондай жағдайларда аудан тұрғындары үшін маңызды ақпараттың барлығын әкімдіктердің ресми ресурсы, яғни сайттарынан жедел біліп отырғаны жалған ақпараттың таралуына жол бермес еді.

Төтенше жағдай жарияланғаны туралы әкімдік парақшаларында хабарлануы  да өте маңызды. Себебі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар болған жағдайда төтенше жағдай тәртібіне сәйкес келтірген шығындарды өтеу тәртібін уақтылы реттей алар еді.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар