//

Айдос Бәделұлы, саясаттанушы: Әдеттегідей бір партияның саяси ресурстарының басымдығы байқалды

1059 рет қаралды

Сонымен сайлау аяқталды. Жеке мандаттық депутаттық орындар үшін тартыс байқалды. Қоғам үшін берілген осы бір мүмкіндіктен анау айтқандай жаңалық күту артық болар. Арыз-шағымдар көп айтылды. Үміткерліктен шеттетілгендер болды. Және де осы мүмкіндіктің алдын орап алып кететін қитұртқы саясаттың көріністері туралы аз айтылып жатпады.

Саяси партиялар арасында шынайы саяси бәсекелестік байқалмады. Әдеттегідей бір партияның саяси ресурстарының басымдығы байқалды. Қалған партиялар өздерін батыл саяси қарсылас ретінде көрсете алмады. Оған тіпті құлықсыз сияқты көрінді. Сондықтан белгілі бір ресурстарының шектеулі жағдайы сылтау болуы орынсыз.

Кезінде Әлихан БӨКЕЙХАН бастаған алаш қайраткерлерінің шағын ғана “Алаш” партиясы тұтас алып империяға қарсы саяси күш бола алды. Бүгінгі партиялар ешқандай орын ала алмаса да елдің демократиялық дамуы үшін батыл саяси ұстаным көрсетуінің өзі жеткілікті еді. Тіркеле алмай кезекте тұрған саяси партиялардың бар екенін де ескеруіміз керек.

Сайлау қарсаңында еліміздің саяси зерттеулермен айналысатын институттарының жұмыстарына назар аударсаңыз бір жақты позитивті қорытындыларды ғана көруге болады. Үлкен қаржылық және штаттық мүмкіндіктермен қамтамасыз етілген және қоғамның саяси-әлеуметтік ахуалын зерттеу жауапкершілігі жүктелген осы мекемелердің орын алып жатқан мәселелерді көрмеуі мүмкін емес.

Қаңтар қақтығысы алдындағы зерттеу жұмыстарына назар аударсаңыз тура осыны байқайсыз. Тәуелсіз мамандар мен зерттеу орталықтарының жұмыстары басқа әрине. Алайда оларды тыңдайтын жүйе болмай келеді.

Сайлау нәтижелерінен айтарлықтай жаңалық күтілмейді. Уақыт өткізіп арнайы саяси болжамдар мен талдаулар жүргізудің өзі артықтау болар еді. “Саяси шегініс” жасалды дегеннің өзінде әрі кетсе 75-25% аралығында “билікіті бөлісу” орын алатыны белгілі болды.

Ең маңыздысы сол қазіргі қазақ қоғамының саяси мәдениеті мен саяси санасы қалыптасып үлгергені. Ерте ма кеш па демократиялық жүйені орнатуға да оны ұстап тұруға да қабілетті. Ең бастысы елімізде тұрақтылық пен ынтымақ бірлік болуы маңызды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар