«Арба» – тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған азаматтарға қолдау білдіретін қоғамдық бірлестік. Аталмыш әлеуметтік ұйымның қоғамдағы маңызы мен орны өте жоғары. «Арба» қоғамдық бірлестігі тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған мүгедек азаматтарды жұмыспен қамтып, психологиялық қолдау көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оларды қоғамға, тұрмысқа бейімдейді, өз қажеттіліктерін өздері өтеп, өзіне өзі қызмет көрсетуді үйретеді.
«Арба» қоғамдық бірлестігі тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған адамдардың бос уақытын және мәдени демалысын ұйымдастырып, консультациялық қызметтер көрсетеді. Алайда бірлестік қызметінің ең маңызды бағыттары мемлекеттік билік пен басқару органдарын мүгедектердің проблемалары мен қажеттіліктері туралы хабардар ету, оларды іске асыру жөнінде ұсыныстар енгізеді, тірек-қимыл аппараты функциясы бұзылған адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасауға және «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» ҚР Заңының ережелеріне ықпал етеді.
Ұйым өз мүшелеріне психологиялық, құқықтық, әлеуметтік-құқықтық, ақпараттық көмек және қолдау көрсету, олардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді шешу, әлеуметтік кәсіпорындардың жобаларын жүргізу, саясат пен заңнаманы жетілдіру мақсатында, атап айтқанда, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған адамдар үшін тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелері бойынша билік органдарымен ынтымақтастықты жүзеге асыру, мүгедектігі бар адамдар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және енгізу және оларды жұмысқа орналастырып, білім алуға жәрдемдесу сияқты міндеттерді өз мойнына алған.
Айта кету керек, 18 жасқа толған және жасы одан асқан еліміздің және шетел азаматтары «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшесі бола алады. Қоғамға мүшелік ерікті және қоғамның қызметіне қатысу арқылы көрінеді. Қоғам мүшелігіне қабылдау жазбаша өтініш негізінде жүзеге асырылады екен.
Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарға барлық жағдай жасалады деп айтқанымызбен, мемлекеттік органдар өз ғимараттарында жағдай жасағанмен, бизнес саласы, әсіресе шағын және орта бизнес объектілері, қоғамдық көліктер әлі күнге дейін ерекше жандардың қажеттіліктерін есепке ала бермейді. Тіпті осы «Арба» ұйымы орналасқан ғимаратқа қарама-қарсы орналасқан азық-түлік дүкені, дәріхана, сұлулық салоны сынды нысандарға мүгедектігі бар адамдар кедергісіз кіріп, өзіне қажетті қызметті еркін ала алмайды. Өйткені ол үшін жағдай жасалмаған, баспалдақтармен қатар арнайы пандустар жабдықталмаған.
Мүгедектердің қажеттілігіне қарай жабдықталған мекемелердің саны мен сапасын бақылайтын «Қолжетімді Қазақстан» виртуалды картасының деректеріне сәйкес республика көлемінде 100% стандарттарға сай дәріханалардың саны саусақпен санарлық. Ал пандус, арнайы дәретхана, қоңыраулармен қамтылмаған дәрі-дәрмек нысандары әр өңірде жүзден асады. «Арба» қоғамдық бірлестігі осындай мәселелердің көзден таса қалмай, шұғыл шешімін тапқанын қалап, осы бағытта әрекеттенуде.
Мүгедектігі бар адамдардың осы және өзге де түйткілді мәселелері және «Арба» ұйымындағы мүгедектігі бар адамдардың күнделікті өмірі туралы арнайы бейнематериалдан көріңіз.
Анықтама:
«Арба» – тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған азаматтарға қолдау білдіретін қоғамдық бірлестіктің негізін қалаушы Гүлмира Асқарқызы Батпакулова. Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Переметное ауылының тумасы.
2000 – 2001 жылдары бухгалтерлік, тігінші, шаштараз курстарын оқып, мамандықтарын меңгерген. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды педагог-психолог мамандығы бойынша тәмамдаған.
2009 жылдан бастап, бастамашыл топтың қолдауымен «АРБА» «Тірек қимыл функциялары бұзылған азаматтарды қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігін құрып, басшылық етіп келеді.
Материалды дайындаған:
Альбина Болатова,
БҚО, Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз