Мінбер.кз сайты «Мүгедектігі бар жандардың мұңы» атты жоба аясында мемлекеттік тапсырыспен ашылған «Тең қоғам» орталықтарының жұмысын саралап көрді.
«Тең қоғам» орталықтары Қазақстанның бірталай қаласында ашылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін мекемелер жұмыспен қамту орталықтарының тапсырысын орындайды. «Тең қоғам» орталығы ашылғаны жайлы ақпарат жариялаған БАҚ-та көбіне Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз», – деген сөзі келтіріледі.
Ал Толқын ақпараттық агенттігі Қызылорда қаласындағы «Тең қоғам» орталығының ашылуы туралы «Орталық қызметі «Nur Otan» партиясының (қазіргі “Аманат”) «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі жол картасы аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Тең қоғам» әлеуметтік жобасымен жүзеге асуда» – деп жазады.
«Тең қоғам» орталықтары мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін құқықтық, қаржылық, психологиялық т.б. кеңес беріп, оларға жұмыс тауып берумен айналысады. Біз Қарағанды облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласып, «Тең қоғам» орталығының қай уақыттан бері тапсырыс ала бастағанын сұрадық.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілі Бақытнұр Хайроллақызы берген мәліметке сәйкес, «2022 жылдың қазан айынан бастап Қарағанды қаласында алғаш рет «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы – жобасы іске асырылуда. Бұл жоба мүгедек адамдарға лайықты еңбек етуге, жұмыс табуға және экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға Әлеуметтік қызметтер Порталы арқылы барлық техникалық құралдарға тапсырыс беруге жәрдемдеседі.
Қарағанды қаласының жұмыспен қамту жән әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2022 жылғы 10 қазанда «Qamqor plus» МҚБ-мен (басшысы Нияз Аделұлы Сундиталиев) шарт жасалды. Ол шартты «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы – 3 жыл ішінде іске асыратын болады (2022 жылға арналған сома – 16, 5 миллион теңге) Орталықтың штат саны 12 адамнан тұрады. Жылына бұл орталық 300-ге дейін мүгедектігі бар адамдарды қабылдайды. Instagram парақшасы: https://www.instagram.com/p/Ck7cYFQqgS7.
Орталықта мүгедектігі бар адамдарға және олардың отбасыларына фронт-офис режимінде психологиялық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларды оқыту, әлеуметтік қызметтер порталымен жұмыс, ОТҚ пайдалану үйретіледі. Тренингтер, семинарлар, вебинарлар, экскурсиялар және т. б. өтеді. Орталық ай сайын Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне атқарылған жұмыс туралы есеп береді. Бөлінген мемлекеттік қаражат Мақсатты игеру бөлімнің тұрақты бақылауында болады екен.
Қарағанды облысында 55 000 астам мүгедектігі бар адамдар бар. Оның ішінде Қарағанды қаласында 25 096 адам (1 топ-3043, 2 топ-10536, 3 топ- 9036, балалар-2481).
Әр өңірден ашылған «Тең қоғамның» техникалық сипаттамасының мәні мен мағынасы бірдей болғанымен, штатқа қойылатын талаптар мен мекемедегі оргтехниканың санында және жобаны іске асырудағы бюджеттен бөлінген қаражат сомасында айырмашылық бар екенін білдік. Мысалы «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» КММ- нің мемлекеттік сатып-алу порталында жарияланған № 39744994-ГСЗ1 лоттың сомасы: 14 миллион 192 мың 666.6 теңге. Конкурстың атауы: 2021 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста қарастырылған «TEN QOGAM» мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау орталығының қызметтерін; мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру аясында іс-шараларды ұйымдастыру/өткізу бойынша қызметтер. Жоба уақыты мамырдан бастап, желтоқсан айына дейін. Жоба бойынша айына 15 адамға қызмет көрсету керек, 6 қызметкер болуы шарт.
Ал енді 2023 жылы «Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Тең қоғам» мүгедектегі бар адамдарды қолдау орталығы» қызметін ұйымдастыруды қайта сатып алу сомасы 40 миллион 349 мың теңге болған. Материалдық қорлар: Кеңсе техникасы, атап айтқанда: кемінде 12 компьютер (ғаламтор желісіне қосылған), кемінде 5 ноутбук, кемінде 12 веб-камера және 10 принтер, кемінде 3 телефон аппараты, 2 проектор, қызмет алушылар (күніне кемінде 50 адам) мен мамандарға ортақ қолдануға арналған кеңсе жиһаздары. Қызмет көрсетуге арналған орын мүгедектігі бар адамдар үшін дұрыс бейімделген болуы тиіс – ғимаратқа кіруге арналған пандустың болуы және мүгедектерге бейімделген 2 санитарлық бөлменің (дәретхана) болуы тиіс. Әлеуметтік қолдау орталығының қызметін алушылардың жалпы саны жылына кемінде 700 және орталықта 20 қызметкер болуы керек. Оның ішінде қазақ тілі мен ағылшын тілінің мұғалімдері болуы шарт.
Яғни, өңірлердегі Тең қоғам техникалық спецификациясының жалпы мазмұны бірдей болғанымен, шарты мен талаптары бөлек. Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін орталықтардың басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту. Алайда Тең қоғам жобасы мүгедектерді емес, керісінше соларға қызмет көрсететін адамдарды жұмыспен қамтып отыруға арналған сияқты. Мүгедектігі бар адамдардың арқасында мүгедектігі жоқ адамдар нанын тауып жеп отыр деп айта аламыз ба?
БІР-БІРІНІҢ ҚЫЗМЕТІН ҚАЙТАЛАЙТЫН КӨП БАҒДАРЛАМА ҚАРЖЫНЫ ЖОСЫҚСЫЗ ШАШУ ЕМЕС ПЕ?
Тең қоғам бағдарламасы Қазақстандағы 2025 жылға дейін мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар аясында қолға алынған болатын. Сол кездегі Еңбек министрі Б. Нұрымбетов Үкімет отырысында мынадай мәлімет айтқан.
Ол есепте «Ұлттық Жоспар 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады, бұл мүгедектіктің алдын алу, білімге қол жеткізу, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері. «Еңбек» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 13 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды, кәсіпкерлік негіздеріне 626 адам оқытылды, 830 өтеусіз грант және 350 шағын несие берілді. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіптер атласын әзірлеу аяқталуда. Мүгедектігі бар адамдарды сұранысқа ие мамандықтар, оның ішінде атқа міну дағдылары бойынша оқыту жүргізіледі.
«Даму» қорымен бірлесіп мүгедектігі бар адамдардың қатысуымен «Scale-up» бағдарламасы бойынша іске асырылатын 76 бизнес-жобаны қолдау шаралары басталды. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік қызметшілер қатарына тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 қарашасында олардың саны 701 адамға жетті, оның ішінде 391 адам мемлекеттік басқару академиясының онлайн курстарынан өтті», – делінген.
Кезіндегі министр берген есеп көңілге қуаныш ұялатқанымен, мүгедектер мәселесін толық шешіп берген жоқ. Жоспар жасалып, цифрға толы есеп берілгенімен, ел ішінде мәселесі шешілмеген мүгедектектігі бар жандар әлі де көп. Ол адамдардың өздерінен Ұлттық жоспар тиімді болды ма, шын мәнінде оларға не қажет деп ешкім сұрамады.
Өскемен қаласындағы «Үйлесім» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жұлдыз Ақтажанова тек кеңес беретін орталықтар үшін қыруар қаржы бөлу мемлекеттің ақшасын босқа шашу деп санайды.
– «Жалпы қоғамдағы мүгедектігі бар адамдардың мәселесін тек кеңес беретін орталықтар ашу арқылы шешу тиімсіз! Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бюджеттің қыруар қаражаты тек кеңес беруге кетіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл Ұлттық жоспарға, «Тең қоғамға» қарап отырып қарның ашады. Мысалы, «Тен қоғам» орталықтары тек кеңес беріп, мүгедектігі бар адамды жұмысқа тұрғызумен айналысады. Сол «Тең қоғам»-ға кеткен қаражатты ірі, орта кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге бергенде, осы күнде қанша адамды жұмыспен нақты қамтып тастар еді? Сол ақшаны мүгедектігі бар адамдарды таситын инватаксиге неге жаңа көлік алып беруге жұмсамасқа?.. Кейбір өңірлердің техникалық сараптамасында «Тең қоғамда» қазақ тілі, ағылшын тілі мұғалімдері болуы шарт екен. Бұл не? Мұғалімдерге жұмыс тауып беру тәсілі ме? Тең қоғамға кеткен қаражатты жеңіл өндіріске жұмсап, барлық өңірдегі мүгедектерді жұмыспен қамтуға болатын еді. Қалай айтқанда да мүгедектігі бар адамдардың мәселесін кеңес беріп қана шеше алмаймыз».
Бұл «Мемлекеттің мүгедектерді қолдау бағдарламасына бюджет есебінен бөлінген қаражатты тиімді пайдалану жолын ойлап табу керек шығар?» деген сауалды күн тәртібіне шығарады. Өйткені бірінің функциясын бірі қайталайтын көп бағдарлама болғанымен жағдай өзгермей тұр.
Осы орайда еліміздің президенті 2020 жылы Үкіметке халықты жұмыспен қамту туралы тапсырма берді.
Берілген тапсырма дұрыс болғанымен оны орындау барысында бір-бірінің қызметін қайталайтын көптеген мемлекеттік бағдарлама пайда болды. Олардың өзін іске асыруға бөлінген қаражат та аз емес. «Еңбек», «Жанұя», «Бақытты отбасы» сынды мемлекеттік бағдарламалардың техникалық сипаттамасы кейінгі ашылған «Тең қоғаммен» ұқсас. Яғни, атқаратын қызметі бірдей орталықтар бар кезде тек қана кеңес беретін орталыққа қыруар қаржы жұмсау бізді дағдарыстан шығара ала ма? Бір біріне ұқсас орталықтар ашып, оған қайта-қайта қаржы бөлгенше, бар орталықтың қызметін оңтайландырған тиімді болмай ма?..
Сөзімізге дәйек болуы үшін мемлекеттік функцияларды оңтайландыру туралы эксперт мамандардың сараптауына жүгініп көрелік. “Проблемы формирования и применения функций государственных органов с точки зрения международного опыта” атты мақалада авторы А.С.Асылбаева:
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасын мемлекеттік органдар атқаратын қызметтерді оңтайландыруды қажет ететін проблемалар бар. Мәселен, мемлекеттік органдардың қызметінде артық, орындалмайтын, қайталанатын функциялардың бар екені анықталды, ал мемлекеттік органдар туралы ережелерде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына жатқызылған барлық функциялар қамтылмаған. Сонымен қатар,кейбір функциялардың тұжырымдамасында олардың мақсаты мәні мен нақты қолдану аясы анық көрсетілмеген.
Мемлекет пен қоғамның басқа құрылымдары арасында функцияларды қайта бөлуге жеткіліксіз көңіл бөлінді әрі нарықтық өзгерістер ескерілмеді. Жаңа жағдайда мемлекеттік органдарда елдің Конституциясына сәйкес мемлекет кепілдік беретін функциялар ғана, сондай-ақ мемлекет басқа құрылымдарға қарағанда анағұрлым сапалы орындай алатын функциялар ғана қалуы керек. Одан басқа функциялардың барлығы орталықтандырылмай, басқарудың төменгі деңгейіне, ведомстволық бағынысты органдарға немесе аутсорсинг шеңберінде азаматтық қоғамға және жеке секторға берілуі тиіс. Мемлекеттік органдардыңфункцияларын қайта бөлу олар ұсынатын қызметтердің сапасын жақсартуға, қайталануын жоюға және мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ұсынымдар негізінде мемлекеттік органдардың функцияларын нақтылауға, құрылымды оңтайландыруға, әлеуетті қайта бөлуге және осының есебінен мемлекет шығыстарын азайтуға болады.
Халықаралық тәжірибені талдау мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктер шеңберін нақты бөлуге, артық өкілеттіктерді анықтауға, бар функцияларды нақтылауға, жетіспейтін функцияларды қалыптастыруға және функцияларды мемлекеттік органдар арасында қайта бөлуге ықпал ететінін көрсетеді. Мұның бәрі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға, жеке сектор мен азаматтық қоғамды дамыту жолындағы бюрократиялық шығындарды азайтуға, қайталануды жоюға және мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.» – деген баға берген екен.
Ал біз сөз еткен орталықтардың барлығының қызметі тек кеңес беруге негізделген. Бұл мүгедек адамдардың есебінен мүгедек емес адамдардың ақша табуына және мемлекет қаржысын орынсыз шашуына ұрындырады.
Парақшамызға жазылыңыз