///

Сайлау – 2023: Бақылаушы көзімен

948 рет қаралды
192-учаске орналасқан мектептің қақпасы. Сайлаушылар кандидаттардың кейбірімен алғаш осы жерде танысты

19 наурыз күні ҚР Парламентінің Мәжілісі мен Мәслихаттарына сайлау өткені бәрімізге белгілі. Сайлау кезінде олқылықтар мен заң бұзушылықтардың болғаны жөнінде сайлау күнінен бері әлеуметтік желілерде  талқылануда.

Minber.kz тәуелсіз бақылаушы болған Оразай Қыдырбаевпен сайлау кезіндегі қандай заң бұзылғаны жөнінде сөйлесті.

Сіз тәуелсіз бақылаушы болдыңыз. Қай ұйымның атынан қай сайлау учаскесіне бардыңыз?

– Мен Қазақстан жастар ақпарат орталығы (МИСК) ұйымның атынан Алматы қаласы 7 округтегі №192 сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушы болдым. Мен бақылаған сайлау учаскесінде заң бұзылғанын мәлімдей аламын.

Сайлау комиссиясы маған дауыс беруге қанша адам қатысқаны жайлы ақпарат беруден бас тартты. Негізі сайлау туралы Конституциялық заңның 20-бабында бақылаушылар сайлау комиссиясынан сайлауға қатысты азаматтар туралы ақпарат алуға, білуге қақылы деп жазылған. Осылайша, олар менің құқығымды бұзды. Кейін заң баптарын көрсете отырып, қайта сұрау салғанда, олар: «жоқ, біз бәрін заңға сай жасап жатырмыз»,-деді.

Олар өздерінің құқыққа қайшы әрекет еткенін мойындамай қойды. Сайлау учаскесінде мені жіберген ұйымның координаторымен телефон арқылы сөйлескенім үшін акт толтырып шығарып жіберді. Акт толтыру барысында себеп ретінде: «сайлау процесіне кедергі келтірді, учаске аумағында телефонмен айқайлап сөйлесті», – деп жазған екен. Алайда, шын мәнінде, мен өзімді сайлауға кедергі келтірдім деп есептемеймін, өйткені өте баяу ғана дауыспен, сыпайы түрде ғана сөйлестім. Сонымен қатар мен координаторға қоңырау шалған кезде учаске аумағында дауыс беруші болмаған, дауыс санап жатпаған еді. Күндізгі уақытта шығарып тастады.

учаскеден шығару туралы акт

Сіз бұл учаскеден шығарып жібергеннен кейін, келесі учаскеге барғаныңыз жайлы жазасыз. Бұл учаскеде заң бұзушылық әрекеттер болды ма? Болса, қандай әрекеттер орын алды?

– Заң бойынша, сайлау учаскесі жабылған соң бірден қолданылмаған бюллетендердә жойып, дауыс санауды бастауы керек. №207 учаскеде қолданылмаған бюллетендерді санамай, бірден жойды. Ал сайлау комиссиясының басқа мүшелері дауыс санаудың орнына учаскені жинауға кірісті. Мысалы, кабинкаларды жинап, үстелдерді кері орындарына қойды.

Яғни екі түрлі заң бұзушылық орын алды: 1) қолданылмаған бюллетендерді санамай жою; 2)  санау процесін кеш бастау.

Осы учаскеге түстен кейін келгендіктен нақты қанша адам келгенін білмеймін, дегенмен қолымдағы хаттамадағы цифр мен көрген дауыс берушілер санымен шамалас болды. Басқа да тәуелсіз бақылаушылар болған сайлау учаскелеріндегі пайызбен бірдей болды. Сондықтан жаппай бюллетендерді тастау орын алмады деп ойлаймын.

Учаскеде бақылаушылар келген кісінің санын есептеп отырады. Сіз санаған сайлаушылар санына хаттамадағы цифр қаншалықты жақын?

учаскедегі соңғы дауыс беруші

– Сайлаушылар саны нақты есімде жоқ, бірақ сайлауға қатысқан адамдар өте аз болды. Негізі, білуімше, Орталық сайлау комиссиясының айтуы бойынша, Алматы қаласы бойынша 25% болған, дегенмен дәл мен бақылаған екі сайлау учаскесінде дауыс берушілер саны шамамен есептеуім бойынша, 15-17% аралығында, яғни өте аз көрсеткіш. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бастапқыда №192 сайлау учаскесінде бақылаушы болдым. Одан шығарып жібергеннен соң, көршілес №207 сайлау учаскесіне түстен кейін бардым. Бақылауымды сол жерде жалғастыра отырып, хаттаманы сол жерден алып қайттым.

Сіздің қолыңызға хаттаманы сізге уақытында берді ме? Хаттама нәтижесімен келісесіз бе?

 Кейбір учаскелерде хаттаманы таңға дейін бермей қойған жағдайлар болды. Бірақ мен бақылаған №207 учаскеде ондай мәселе туындамады, ал №192 учаскеде қалай болғанын білмеймін. Шамамен түнгі сағат 11-де дауыстарды санау аяқталды. 12-ге таман хаттама дайын болды. Хаттаманы алып, Жас сайлаушылар лигасына (МИСК-тің бақылаушылар дайындайтын ұйымына) апарып, өткіздім.

Сіздің учаскеде, сіздің ойыңызша, кім жеңді?

207-учаске. Бір спортзал ортасынан пердемен екіге бөлініп, екі жағы екі бөлек учаскеге айналған

– Менің учаскемде Мәслихат сайлауы бойынша да, Мәжіліс сайлауы бойынша да Аманат партиясының атынан шыққандар жеңді. Тек бір мандаттық округ бойынша Мәжіліс сайлауында Сайлауында өзін тәуелсіз кандидат деп таныстырған Ермұрат Бәпи деген кісі жеңіске жетті. Бұның бәрі хаттамада жазылған ақпараттар. Тәуелсіз бақылаушы ретінде айтарым: менің учаскемде айтарлықтай дауыстарды бұрмалау байқамадым. Сондықтан осы кісілер жеңді деп айта аламын, бірақ қаншалықты әділ жеңді, бұл – екінші кезектегі мәселе.

Биылғы сайлауда депутаттардың 30%-ы мажоритарлық жүйемен сайланды. Бұл сайлаудың тартысты өтуіне ықпалын тигізе алды ма?

– Ия, депутаттардың 30%-ы мажоритарлық жүйемен сайлануы – сайлаудың тартысты өтуіне ықпалын тигізгендей болды. Өйткені тәуелсіз кандидаттар шықты және халықтың кейбір тобында бір үміт пайда болды. Әсіресе, жүйені өзгертсем, жүйемен диалогқа келсем деген адамдар кандидаттыққа үміткер болды және тәуелсіз кандидаттарды қолдады.

Бірақ нәтижесін көріп отырмыз. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Көп жағдайда дауыстарды бұрмалап немесе тәуелсіз кандидаттарды сайлауға өткізбей қойды. Мысалы, бір кандидаттың есепшотындағы 0,75 теңге, яғни 75 тиынын көрсетпегені үшін сайлаудан шеттетіп тастады. Бұл сайлаудың әділдік принциптеріне кедергі келтірді деп ойлаймын.

Бірақ мен бақылаған учаскеде халық өте аз келді, оның ішінде жастар мүлдем келмеді деуге болады. Көбіне егде жастағы үлкен кісілер, зейнеткер мен мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтындар дауыс берді. Олардың, әрине, көпшілігі биліктегі партияға дауыс беруі мүмкін. Менің ойымша, сайлауға сенбеген, дауыстарды ұрлайды деп ойлаған, не болмаса осы жүйеге қарсы болған адамдар сайлауға жай ғана келмей қойды. Осы жөнінде жақында “Сандж” зерттеу орталығы пресс-конференция өткізді. Сайлауда дауыс беруге қатысқандар туралы кішігірім зерттеу жүргізіп, соның нәтижесін жариялаған болатын.

Қазір парламентке 6 партиядан депутаттар сайланды. Алдыңғы сайлауларға қарағанда партиялық тізім жаңарды. Бұл сайлаудың әділ өткенінен хабар бере ме?

– Кейбір адамдар парламентке 6 партия өткен соң, көппартиялы жүйе қалыптасты, сайлау әділ өтті деп ойлауы мүмкін. Менің ойымша, олай емес. Өйткені жоғарыда айтқан өзім бақылаған учаскелердегі заң бұзушылықтарды көргеннен кейін әділ өтті дей алмаймын. Сонымен қатар, көптеген учаскеде жүздеген бақылаушы жүздеген заң бұзушылықтар тіркеді. Тәуелсіз бақылаушылар болған учаскедегі нәтижелер мен тәуелсіз бақылаушылар болмаған учаскедегі нәтижелер бір-біріне мүлдем қарама-қарсы болып шықты. Соған қарап, 6 партияның Парламентке өткені сайлаудан әділ өтті дегенін білдірмейді деп ойлаймын.

Сонымен қатар, бұл 6 партияның идеологиясына да назар аударуымыз керек. Олар қаншалықты әр алуан немесе қаншалықты биліктегі партияға альтернатив көзқарастар ұсынады. Оларды қаншалықты сынға алады. Былай қарайтын болсақ, Парламентке өткен партиялардың арасында Республикадан басқасы бұрыннан бар партиялар. Аталған партия және өте алмай қалған “Байтақ” партиясы жақында ғана құрылды. Соған қарамастан, олардың қалыптасқан жүйеге ашық түрде қарсылық танытқаны, альтернатив ұсынғаны байқалмайды. Бұның барлығы партиялардың жасанды екенін білдіретін сияқты.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 Әдемі Ғазизова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар