2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін саналы халықтың ойында жүрген сан арманның ең маңыздысы, үкімет құрамына кіргендердің олигархтардың мүддесін емес, халық мүддесін ескеруі еді.
Үкімет жаңарған сайын үмітпен қараймыз. Әзірге түбегейлі өзгерісті көріп тұрған жоқпыз. Бұл жолы тек Энергетика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің басшысы ауысты, болды, жаңарды.
Орында қалғандарды қоя тұралық, жаңарған министрлерімізді қарайық,
Энергетика министрі – Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев.
Еңбек жолына қарасақ:
1992 жылы маусым айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, тамыз айынан жұмысын «ТаССат» ЖШС директоры қызыметінен бастайды. Университет бітірген бозбаланың қызметкер, аға қызметкер сынды сатылы өсу жолы жоқ.
Одан кейінгі уақыттарда департамент басшысы, акционерлік қоғамның вице-президенті, министрдің орынбасары сынды қызметтерді атқарған.
Неде болса, ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі атағы бар Энергетика министріміз еліміздің энергетикасын көтереді деп сенеміз.
Сыртқы істер министрі – Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу.
Мұрат Әбуғалиұлы 1976 жылы Алматы қаласында туған. 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін аяқтап, жоғарыдағы министріміз секілді директорлық қызметтен бастамаса да, оқуын бітіргелі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген. Ең маңыздысы Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Эстониядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып жүрген жерінен Тоқаев билікке келгеннен кейін, елге қайтып, 2019-2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2021-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2022 жылғы қаңтардан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып қызмет атқарған. Жаңа президентіміз билікке келгелі президент жанында жүрген азаматтың сыртқы саясатымызды түгендейтініне сенейік.
Ерзат Мусират,
Алматы
Парақшамызға жазылыңыз