///

Алматыда кезекті кітап жәрмеңкесі өтті

1250 рет қаралды

1 сәуір күні Алматы қаласындағы Ғылым Академиясының алдында кітап жәрмеңкесі өтті. Шағын мерекеге түрлі баспалар қатысып, кітаптарын жеңілдіктермен сатты.

Жылдың алғашқы үлкен кітап жәрмеңкесі тек бір күнге, 10:00 мен 16:00 арасына созылды. Бұл уақыт ішінде концерттік бағдарлама да қойылды және атақты әншілердің бірі Мадина Сәдуақасова сахнада бой көрсетті. Оған қоса, оркестрдың сүйемелдеуімен біршама әнші қонақтарға көңіл-күй сыйлады. Көпшілікке “Бәсеке” телехикаясы арқылы танылған Бақыт Тұшаев та осы жерден табылды. Ол кісі кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың кітабына қол жеткізді.

“Атамұра”, “Mazmundama”, “KitapAl” сынды елге танымал баспалар кітаптарын жарыса сатты. Тіпті, қала тұрғындарының өздері кітаптарын тегін таратып, іс-шараға ат салысты.

Олармен қоса, еш жеке берілген орны жоқ Жексен атты кісі өз кітаптарын бір бұрышта сатып тұрды.

Алпартегі Жексен өзінің “Тағлым”, “Ғибрат”, “Жоржияның жұмбақ еліне саяхат” және “Ғұмыр” сынды кітаптарын өз бетінше сатуды жөн көріпті. Ол кісі бұған дейінгі, яғни, өткен жылғы кітап жәрмеңкесінде де өз кітаптарын сатқан екен. Алғашқы кітабы – “Ғибрат” 2014 жылы жарық көрген. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алыпты. “Неліктен кітаптарыңызды баспаларға өткізбейсіз?” – деп сұрағанымызда, ол “Өз кітабымның жазушысы да, корректоры да өзіммін, тіпті кітап ішіндегі суреттер де өзімдікі. Миллион шығын жұмсағанша, бұл істерді өзім жасағанды құп көремін” – деп, жауап қатты.

Шара барысында кітап сүйер қауымның да пікірін білдік. Арайлым есімді оқырман осы жәрмеңке жайлы былай деді:
– Мен осы жәрмеңкеге екінші жыл қатарынан келудемін. Өткен жылы бұл 3-4 күнге созылған, биыл тек 1 күн екен. Өзім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде оқығандықтан, кітапқа жақынмын. “Foliant” баспасының кітаптарын тұрақты оқитын едім, өкінішке орай бүгін ол кісілер жоқ екен, бірақ қала тұрғындары таратқан тегін кітаптардың арасынан Толстой сынды жазушылардың еңбектерін алып үлгердім.

Еске салайық, былтыр өткен алғашқы кітап жәрмеңкесі 3 күнге созылған және шараға алыс-жақын Ресей мен Қырғызстаннан арнайы делегация келіп қатысқан.

       Жәнібек Әмір,

СДУ, 1-курс        

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар