////

«Balapan» – бала тәрбиесіндегі көмекші құрал

1363 рет қаралды

Еліміздегі жалғыз балалар арнасы «Balapan» жайлы толығырақ білу үшін бүгін онлайн зум арқылы арнаның бас редакторы Әйгерім Балғабаевамен әңгімелестік. 

 – Жалпы «Balapan» телеарнасының тарихы жайлы қысқаша айтып кетсеңіз. Бұл арнаның басқа телеарналардан ең үлкен айырмашылығы неде деп ойлайсыз?                                                   – «Balapan» – елімізде балалар контентін өндіріп, тарата бастаған алғашқы әрі жалғыз телевизиялық арна. 2010 жылғы 27 қыркүйекте ашылған. Бүгінгі қазақ мультипликациясы мен балалар контенті өндірісінің драйвері. «Balapan» телеарнасы тәулігіне үздіксіз 17 сағат хабар таратады. 2010-2020 жылдар аралығында негізгі аудиториясы 12 жасқа дейінгі балалар болған «Balapan» 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 8 жасқа дейін балалар аудиториясына хабар тарата бастады.

«Balapan» көрерменге контент ұсынатын телеарна ғана емес, ата-ана, мектеп, қоғам үшін бала тәрбиесіндегі көмекші құрал ретінде де  қызмет етіп келеді. Бұл  “Балапан телеарнасының ең үлкен артықшылығы десе де болады. Сонымен қатар, ашылған күннен бері өскелең  буынның қазақ тілінде таза, еркін сөйлеуіне балалар арнасының әсері зор екені рас.  Жалпы адами құндылықтардан бастап, ұлттық идеологияны, ғылыми тақырыптарды, ғаламдық маңызы бар мәселелерді өскелең буынға түсіндіру және олардың таным көкжиегін қалыптастыру, дүниетанымын кеңейтуге үлес қосу – балалар арнасының міндеттеріне кіреді.

– Сөзіңіздің жаны бар, өйткені, мен де осы сүйікті арнаны көріп өстім. Қазақща таза сөйлеуіміздің бірден-бір себепшісі де осы «Balapan» десем қателеспеймін. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздерге ерекше алғыс білдіргім келеді. Қуантарлығы, телеарнаның көрермендер саны күннен күнге артып келе жатыр екен. Бұның сыры не?

– Кішкентай көрерменіміз бүгінде міне, есейіп, журналист ретінде өзімізден сұхбат алып отырғаны көңілге қуаныш пен мақтаныш сыйлайды. Сондықтан өзіңе де көп рахмет айтамыз, Айша.

Ал, сұрағыңа келер болсақ, «Balapan» телеарнасы 2020 жылдан бастап «The Walt Disney company», «Aardman, «Animations Limited», «Hasbro studios», «ICONIX Co» және т.с.с секілді алпауыт компаниялар өндірген анимациялық сериалдардың  телеқұқығынан бөлек, интернет құқықтарын сатып алуды жолға қойды.     Бұл – отандық телевизия тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан бастама.

Нәтижесінде,  арнаның Youtube каналы 1200-ден аса  шетелдік анимациялық жобалардың қазақ тіліндегі нұсқасымен   толықты. 2021 жылы «Balapan» телеарнасы жанынан «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік анимация мектебі»  құрылып,  алғашқы түлектерін ұшырды. Мектепке қабылданған 30 оқушыға отандық аниматор мамандармен қатар, Онтүстік Корея және Жапония елдерінің мультипликатор мамандары дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткізді.

2022 жылы екінші толқын түлектері – тағы 20 бала тәлім алды. Анимация сабақтары эфирден көрсетіліп, арнаның Youtube каналына жүктелді.  Арнаның YouTube каналындағы жазылушылар саны 1 700 000-ге жуықтады. Көрсеткіш өткен жылдан 15% – ға артық. Бұдан бөлек, нарықтағы мықты мамандардың артуы және сәйкесінше өте сапалы, қызық бағдарламалардың дүниеге келуі де өз әсіерін берді деп ойлаймын. Бұл бастамалардың барлығы бірлестік пен үлкен еңбекті талап етті. Басты сыр сонда жатса керек. Біз шынымен де арнаның балаларға қызықты да пайдалы болуына үлкен жұмыс жасап жүрміз.

– «Balapan» – еліміздегі жалғыз балалар арнасы екені мәлім. Ал балалар негізінен мультфильмдерді жақсы көреді. Сіздердегі анимация өндірісі жайлы тоқтала кетсеңіз?  

– «Balapan» еліміз бойынша анимацияға тапсырыс беруші негізгі арна. 2010 жылдан бері өндірілген отандық мультхикаялардың  90%-ы «Balapan» -ға  тиесілі. Телеарна ашылған жылдан бүгінге дейін қазақ анимациясының қоржынын  131 жобамен толықтырды. Соның 105-і кейінгі 5 жылда жасалды. Бұл көрсеткіш отандық мультфильмдердің сұраныста екенін және күннен күнге дамып келе жатқанын білдіреді. Біздің ана дайындаған мультхикаялар бүгінде халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүргені ерекше қуаныш сыйлайды.

– Балаларға тартымды, қызықты тележобалар түсіруде неге мән беру керек?  

– Қандай да бір жоба жасар алдында аудитория сұранысын ескеру керек. Мәселен, әлеуметтік желілердегі ата-аналар пікірін, бүлдіршіндерден жасақталған  фокус-топтың тілегін, талғамын назарға алу. Сондай-ақ, әлемдік трендттерден кеш қалмауға тырысу керек. Ең бастысы, ұсынылатын контенттің бала  денсаулығы мен дамуына, психологиясына, эмоционалды интеллектіне зардабы тимеуін қадағалаймыз. Ал жалпы, анимациялық өнімнің сәтті шығуы  сюжеті мен техникалық сапасына тікелей байланысты болады.

– Сұхбатыңызға көп рақмет! Алда телеарнаға да, өзіңізге де үлкен жетістіктер тілеймін! Қазақ балаларының білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті болып өсуі жолындағы ерен еңбектеріңіз жемісті болғай! 

 Айша Досанқызы, 

СДУ “Журналистика” мектебінің І курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар