Сәуірдің 11-інде Астанада “ҚазМұнайГаз” орталық кеңсесінің алдында наразылық акциясын өткізуге келген Жаңаөзендік мұнайшыларды арнайы жасақ күшпен таратып, қамауға алған.
Билікке өз наразылығын білдіруге келген жаңаөзендік мұнайшылар жұмысқа орналастыруға қатысты проблемалары толығымен шешілмейінше, наразылық акциясын жалғастыра беруге уәде берген болатын. Олар осында түнеген еді.
“Талабымыз – үш айда, тоғыз айда бір өтетін тендерге телмірмей тұрақты жұмыс, тұрақты жалақы төленгенін қалаймыз. Әр тендер сайын жаңа жұмыс іздеп сабылғымыз келмейді. Біз еңбек демалысын алмаймыз. Тендер өткеннен кейін үш айдан кейін жұмыссыз қаламыз, еңбек демалысына шығу үшін бір жыл қажет,” – деген жұмысшылардың бірі ҚазТАГ тілшісіне берген сұхбатында.
Жаңаөзендегі “БерӘлі Маңғыстау Company” кәсіпорнының жұмыстан қысқарған 82 жұмысшысы 10 сәуірде Астанаға келген.
«БерӘлі Мангистау Company» кәсіпорнынан бұрын біз «КезБи» ЖШС жұмыс істедік. Онда да жағдай мәз болмады, жалақы дұрыс төленбеді. Бір айдай наразылық шеруіне шықтық. Астанаға келдік. Қазір шамамен 240 адам жұмыссыз қалды, – деген ол жұрттың жеті жүз мың жалақы туралы сынына да өз ойын айтып өткен:
“Бізді 500, 600, 700 мың теңге далақы алады деп сөгеді. Бірақ ол тұрақты жалақы емес. Үш немесе тоғыз ай жұмыс істейсің, сосын жұмыс тоқтайды. Біз еңбек демалысына уақытылы шыға алмаймыз, жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалынбаған. Сол үшін біз тұрақтылықты, жұмыс жағдайын талап етеміз,” – деген оның айтуынша бұл жолы тендерді басқа компания жеңіп алған, нәтижесінде 250 адам жұмыссыз қалған.
Ереуілшілерге «ҚазМұнайГаз» өкілі шыққанымен, олар Энергетика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдерінің де келіссөзге келгенін талап еткен.
Энергетика министрлігінің алдына жиналған ереуілшілерге арнайы жасақ күш қолданып, кеттлинг жасап, қарсылық танытқандарды қамауға алған.
Полицейлердің арнайы операциясынан кейін Жаңаөзен тұрғындары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үндеу жариялап, Астанада қамауға алынған мұнайшыларды босатуды талап еткен. ҚазТАГ-тың жазуы бойынша, жекелеген кәсіпорындар ынтымақтастық танытып, жұмыс істеуден бас тартқан. Наразылардың қатары сағат санап өсуде. Жаңаөзен әкімшілігінің алдына жиналушылардың да қарасы көбейе түскен.