///

Kun bala: Бұл наубайхана ерекше балалардың әлеуметтенуіне көмектеседі

932 рет қаралды

Даун синдромы –  тұқым қуалаушылыққа тәуелсіз, физикалық және ақыл-ой дамуынан артта қалумен сипатталатын, сирек кездесетін,  генетикалық ауру. 21 наурыз Дүниежүзілік Даун синдромы бар адамдар күні. Дәл осы күні Алматыда синдромы бар ерекше балаларға арналған наубайхана ашылған еді.

 Жақында аталған наубайханаға барудың сәті түсті.  Наубайхана Kun bala деп аталады. Наубайхананың өзіндік ерекшелігі бар. Ерекшелігі сол – әр аптаның белгілі бір күндері Даун синдромымен ауыратын балаларға тағам пісіруді үйретеді. Наубайхана көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан.

Соған қарамастан, пәтерге кірген сәттен-ақ наубайхана лебі сезілді. Алдымнан наубайхананың ашылуына, қордың құрылуына себеп болғандардың бірі Светлана Савина ханым шықты. Ол өзінің асығыс екенін айта отырып, ішке кіруімді өтінді. Төргі бөлмеге кірген кезімде ортада тұрған үстелді көрдім. Үстел басында оқуға келген жасөспірім балалар мен технолог Масаты Қасымжанова ханым отыр екен. Бүгінгі сабақта балалар өз қолдарымен пицца пісіріпті.

КЕЗДЕСУ БАРЫСЫНДА БІРДЕН КЕЛІСІМІМДІ БЕРДІМ

“Kun bala” қоры аясында ашылған наубайхана технологы Масаты Қасымжановамен әңгімелестім.

“Өзімнің негізгі мамандығым – нан өнімдерінен жасалған тағамдар жөнінде инженертехнолог. Осы салада қызмет етіп келе жатқаныма 35 жыл болды.

Соңғы 12 жылда Даун синдромымен ауыратын балаларға сабақ беріп келе жатырмын. 2011 жылы Әлеуметтік Жобалардың Халықаралық Қауымдастығы (бұдан кейін ӘЖХҚ ) деген жоба бойынша жұмыс істеген едім. Итальяндықтар ашқан, аутист балаларға оқытуға арналған (2002 жылы әлеуметтік мәселелерге қызығушылық танытқан итальяндық және қазақстандық жастардың бастамасымен құрылған коммерциялық емес ұйым ~ редактор). Ал Kun balaға келгеніме бір ай ғана болды”, – деп Масаты Қасымжанова өзінің аутизммен ауыратын балаларға сабақ беру жолын айтты.

Сабақ өтетін күндер негізінде дүйсенбі, сәрсенбі күндері сағат 13:00-ден 16:00-ге дейін болса, жұма күні 10:00-ден 13:00-ге дейін екен.

Әңгіме барысында наубайхана құру мақсатын да тілге тиек етті.

– Біздің мақсатымыз – балалардың бірбірімен араласуына ықпал жасау. Сонымен қатар, оларға жағдай жасай отырып, аналарына қолғабыс болуына көмектесу, өзіне тағам пісіре алатын жағдайға жеткізу.

“Күн бала” наубайханасының технологы Масаты Қасымжанова

Еске сала кетсек, наубайхананың ашылғанына бір-ақ ай болған. Технологтың сөзінше, балалардың басым көпшілігі – жоғарыда аталған ӘЖХҚ жобасында оқытқан балалар екен. Алдағы күнде тағы да балалардың келгенін қалайтынын да жасырмады.

Суретте Масаты ханым

“Былтыр қор бойынша ашылатын наубайханаға сабақ беруге ұсыныс алған болатынмын. Ал аутист балаларға сабақ беруіме себеп болған – жоғарыда айтып кеткен ӘЖХҚ қорында жұмыс істейтін Сельвия есімді әйелден келген ұсыныс. Ол кезде тәжірибесі бар маман аз. Зауытта жұмыс істеп жүрген маған тәжірибе жағынан да, білім жағынан да хабарым болғаннан кейін шақырту келген екен.

Шынымды айтсам, мұндай балалар жөнінде мүлдем естімеген едім. Сондықтан да болар, менде көмектесемін деген ниет пайда болды. Кездесу кезінде бірден келісім бердім. Ешкіммен ақылдаспадым. Келесі күні жұмыс орнына барып, тағы бір сөйлесіп, келесі аптада жұмысқа шығатын болып шештім. Зауытқа барып, арыз жазып жұмыстан шығып кеттім.

Зауытта кешке дейін бір жерде тапжылмай жұмыс істеу мен балаларға сабақ берудің арасы жер мен көктей. Аутист балалармен жұмыс істеу – менің жұмысым сияқты болып тұрды. Қазір өкінбеймін, керісінше қуанамын. Балалармен жұмыс жасау маған тек табыс қана емес, жақсы сезінуіме сеп болды. Әрі өзіңіз көріп тұрғандай, мына балалар нағыз періштелер. Осы арқылы адамдарға да, өмірге де басқаша қарай бастадым. Жұмыс  барысында ешқандай қиындық болмады.  Бірақ осындай періштелер неге осындай синдромға тап болды деп қынжылатынмын, тіпті, үйге жылап қайтатынмын”, – деп Масаты ханым көзіне жас алды.

 Оны бірнеше рет райынан қайтаруға тырысқан, алайда мен істеу керек жұмыс деген нық сеніммен қадам басқаннан кейін артқа кері бұрылмады. Қазір балаларға сабақ беріп жүргеніне қуанышты.

КҮНДЕЙ ЖАРЫҚ БАЛАЛАР

Әңгіме барысында технологтың да, сол жерде отырған ата-аналардың да балаларға деген ыстық ықыласын көрдім. Олар жайлы сіз бен біз білмейтін ерекше қабілеттері мен қиын сәттер жайлы сөз қозғалды.

Технолог Масаты ханымның да, өзге де ата-аналардың да айтуынша, балалардың ерекшелігі – олар адамның  рас не өтірік айтып тұрғанын сезе алуы, яғни сен шынайы сөйлеп тұрсың ба, әлде алдап отырсың ба, соны байқайды. Сен қанша жерден белгілі бір адамды жамандап сөйлесең де, олар алғаш көргенде қандай  көзқараста болса, сол көзқарастан тайқымайды.

Жаңа көрген адамды тез байқайды және соған сай өзіндік реакция береді. Келген сәттен бастап, мен де олардың эмоциясын көре алдым. Бірі – жаңа, таныс емес адамның келгенін көріп, таңырқай қараса, екіншісі – тіке қарауға ұялып, қасындағы қамқоршысынан кім келгенін білуге тырысты. Дегенмен барлығының да эмоциясы жақсы, көңілді болды.

“Үстіне су тамып кетсе, шеш деп шешкізіп тастайды”,-деп қосты сөз арасында ата-ананың бірі. Демек, балалардың тағы бір ерекшелігі – олар үшін тазалық өте маңызды. Киімнің, бет-бейнесінің, тіпті үстел үстінің таза болғанын қалайды.

Аман есімді баланың анасы Самал ханыммен сөйлестім. Ол “Күн бала” наубайханасының сабақтарына ашылған сәттен бастап қатысып келе жатқанын және WhatsApp желісіндегі чат арқылы “Күн баланы” тапқанын жеткізді. Самал ханымның айтуынша, үйде және сабақ барысында бала өзін басқаша ұстайды.

“Осы жерге баламды бір нәрсе жасауға, ортаға үйренсе екен деп әкелемін. Үйде жүргенде жасатсам, бала көңілкүйіне қарай жасайды. Ал осы жерде, қанша дегенмен, басқа адамдармен бірге істейді. Оған топ қажет, өзге балалар жасап жатқаннан кейін, олар қандай тапсырма берсе де жасай береді.  Ал егер бұйырып айтсаң, олар басқаша қабылдайды. Еркелеп кетеді, қаламаса жасамайды, бірақ сабақ барысында тапсырманы орындауға тырысады”,дейді Самал ханым.

Суретте Самал ханым

Олар наубайхана сабақтарына шындап қатысады. Белгіленген мақсатқа жету олар үшін маңызды.

Алғашқы сабақ барысында балалар өздерін ыңғайсыз сезінген. Қамырдың қолға жабысуы, үсті лас боп қалу сынды оларға жағымсыз сәттер болғанымен, пісірген бөлкемен шай ішкеннен кейін көңіл-күйлері көтерілген. Содан кейін сабаққа ынтасы ашылған.

Балалардың тағы бір ерекшелігі – олар еліктегіш. Біреуге ұқсауға тырысады. Бұл олардың сабақ барысында тағам пісіруге үйренуіне көмектеседі. Осы жайлы:“Өзгелердің ісін қайталауы арқасында ортаға бейімделе бастады. Белгілі бір нәрсе жасауға үйреніп жатыр. Бұл – біздің наубайхананы ашудағы негізгі мақсаттардың бірі”, – деді Самал ханым.

Әдемі Ғазизова,

Алматы қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар