/////

Тұрсынжан ШАПАЙ, әдебиеттанушы, сыншы: Кітап оқығаннан зиян шекпейсің!

2001 рет қаралды

Сөз басы

«Ең әуелі сөз болған…» Алладан келген төрт кітаптың бірі – Інжілде осындай жол бар. «Сөз өнері дерт­пен тең» дейді дана халқымыз. Әу бастан әдебиетшілер сөзге ғашық. Әрине, жақсы мағынасында. Сөзге, әдебиетке ғашық, шығармашылыққа адал жанның бірі – Тұрсын аға Шапай деп айтсам, қаталеспейтін шығармын. Бұл ойыммен әдебиеттен хабары бар әр оқырман келіседі.

Менің мақсатым – алдағы уақытта қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет ету. Мықты туындылар жазу, керемет деңгейдегі кәсіби сыншы болу. Ол үшін қайтпек керек? Ең бірінші – оқу. Одан кейінгісі өз ретімен болады. Оқу үшін не істеген жөн? Жөн сілтейтін ағалардың кеңесі – таптырмайтын қазына. Мектепте оқып жүргенде әдебиетке құштар болуымызға Қаһарман Зинуллин ағамыздың үлкен септігі тиді. Ол кісі үнемі Тұрсынжан Шапайды айтатын. «Тұрсынжан Шапай – нағыз эстет, мықты білімді адам. Рамазан Стамғазиев орындай­тын «Дариға-дәурен» әнінің өзі неге тұрады!» – деп үнемі айтып отыратын. Ағамыздың сол сөзі санамның бір түкпірінде мықтап сақталыпты. Бір күні батылымды барынша бойға жинап, Тұрсынжан ағаға телефон соқтым. Біраздан кейін тұтқаның арғы жағынан Тұрсынжан Шапай ағаның дауысы естілді.

– Ассалаумағалейкүм, аға! Жанайдар Болатбекұлы деген ініңізбін.

– Уағалейкүм-әссәлам! Қай жақтансың?

– Ақ Жайықтан.

– Батыстың қай жерінен?

– Жаңақала деген ауданынан.

Біздің диалогымыз осылай­ша өрби берді. Тұрсынжан ағаның әңгімесін тыңдай бергің келеді екен. Бақандай 56 минут сөйлесіппіз. Әдебиетке, шығармашылыққа қатысты біраз жақсы пікір айт­ты. Тұрсынжан ағаның айтқанын оқырман қауыммен бөлісуді жөн көрдім. Бұл сұхбат я болмаса он ойланып, тоқсан толғанып айтылған әңгіме емес. Сымсыз телефон арқылы сұрақ қойдым, ол кісі сол бойда жауап берді. Болғаны осы. Болашақ жас әдебиетшілерге, өлең-жырға құмар жастарға пайдасы тиіп қалар, бәлкім.

«Әдебиетші боламын деген адам өте көп оқуы керек»

– Пәленшені оқы, түгеншені оқы деп кеңес айтпаймын. Керек нәрсенің бәрін оқу керек. Қолың жеткен, қолыңа түскен, өзің ұнатқан туындының бәрін бастап оқи беру шарт емес. Адам өзінің түйсігіне сүйенгені дұрыс. Кітаптың мазмұнын, оны оқығанда не беретінін адам сезінеді.

Сол сияқты оқығанымен, түсінбейтіндер де бар. Түйсік арқылы адам жақсы мен жаманды ажырата алады. Өзің жақсы деп білген нәрсенің бәрін түбегейлеп, түсініп оқуға тырысу қажет. Оқитын кітап, жазушы өте көп. Қазақтың мықты жазушыларын оқу керек. Бірақ барлық шығармасын оқудың қажеті шамалы. Ғ.Мүсіреповтен оның әңгімелерін оқыған дұрыс болады. Әдебиетші боламын, жақсы сыншы боламын деген жанға кітап талғамай, бәрін оқуға тура келеді.

Өзің қатарлы жазып жүрген жігіттер шығып келе жатыр. Соларды қадағалап жүр. Солар туралы пікір түйіп, ой қалыптастырсаң, өзіңе жақсы. Әдебиетші адамға көп оқу керек деген себебім – біздің кезде жазылған дүние бар, одан кейін сіздің кезеңде жазылған дүниелер бар, солардың бәрінен хабардар болған жөн.

Ар жағында классика бар. Солардың өзің шамаң келгенше, уақытың жеткенше бәрін оқуға тырыс. Мысалға, Бальзакты оқып жатырсың делік. Бальзакпен за­мандас қаншама классик бар. Баль­зактан бергі заманда қаншасы бар. Арғы заманда қаншама мықты тұр. Сол себепті мынаны оқы, мынаны көр деп қадап айтпаймын. Жалпы, жақсы оқысаң, өзіңнің талғамың да өседі. Білімің де көбейеді. Көңіл көкжиегің кеңейеді. Әртүрлі нәрсеге нақты көзқарасың қалыптасады. Арғы-бергіні салыстыра отырып, пікір түюге жақсы, егер сыни мақала жазатын болсаң. Саған бір-ақ кеңес айтайын. Әдебиетші болғың келсе, тынбай оқы, үзбей жаз! Ең үлкен әрі ең жақсы ақыл – осы.

«Жазған нәрсені міндетті түрде суытқан жөн»

Адам ешқашан өзіне 100 пай­ыз көңілі толмайды. 100 пайыз көңілі толды деген сөз ол – күмәнді нәрсе. Бір сөз бар: «Қолжазбаны қайта-қайта жазғаннан кемелдікке жетпейсің, бірақ әлдеқайда жақсартуға болады». Бір жақсы дүние жазып қойған болсаң, кішкене суыту керек. Бұны өз тәжірибемнен айтып отырғаным. Айталық, жаңағы жазған дүниеңді 5-10 күннен кейін барып бір қарашы. Тіпті 20 шақты күннен кейін, бір айдан кейін көз жүгірт. Әр жазылған мақалада әрқалай. Суытқаннан кейін кемшілігі, көңілің толмайтын жері көрінеді. Қолжазбаңды жақсарта берсең, оның шегі жоқ. Жазған нәрсеңді «Осы болады-ау» деген жерге дейін жақсартқан пайдалы. Өзің үшін де, өзге үшін де қажет болмақ. Тақырыбын қайта қойып, формасын дұрыстап, айтарын кеңітіп, біраз өңдеген әлдеқайда тиімді. Жаңағы процесстерден кейін 100 пайыз көңіліңнен шықпаса да, осы дүнием арқылы бір нәрсені айта алдым ғой деген сезім болса, оны жасқанбай бере бер.

Бос әңгімеге уақыт құртпа! Көп уақытыңды кітап оқуға, жақсы дүниеге жұмсағын. Жалпы, кітап оқығаннан зиян шекпейсің. Көп оқыған сайын өзіңде талғам пайда бола бастайды. Сыншы болғың келсе, ұнатпаған кітапты да оқуға тура келеді. Сол себепті бәріне дайын болған абзал.

«Қазір оқимын деген жанға мүмкіндік көп»

Қазіргі кезде оқимын деген адамға мүмкіндік толып тұр. Ғаламторы бар, электронды кітап дейсіз бе?! Кітапхана, кітап дүкені, бәрі сам­сап тұр. Біздің жас кезімізде іздеген кітабың тек ұлттық кітапханадан ғана табылатын. Табылған күннің өзінде қолда болады я сол кітап үшін қаланың ана бір шетінен, мына бір шетіне дейін жүріп келуің керек. Қазір заман берді ғой. «Бәрін оқып шықсам» немесе «Ана кітаптарды неге оқымадым?» деген ой болуы мүмкін. Сол үшін адам өзіне ек­шеу жасауы керек. Бәрін қамту мүмкін емес, бірақ негізгі тен­денциялардан хабардар болған жақсы.

Әдебиеттану бағытында жазылған шығармаларды да құныға оқу қажет. Әдеби зерт­теу тақырыптарын да қалдырмай оқыған адам өзіне керегін ала алады. Бұрынғы, кейінгі сыншылар не жазды, қалай жазды деп қызыға оқып шықсаң, бәрі түсінікті болады. Бағытыңды да айқындап аласың. Жазылмаған тақырып, зерттелмеген нәрсе өте көп. Бір қиын жері, бізде шетелдік сыншылардың, әдебиетшілердің шығармалары аударылмаған. Орыс тіліндегі аудармасын ғана табуға болады, – деді Тұрсынжан Шапай аға.

Сөз соңы

Құрметті жас дос! Тұрсынжан Шапай ағаның айтқан кеңесін жақсылап жадыңа түйіп ал. Әдебиетте буын алмасу процесі болады. Келер буын алдыңғы буыннан мықты бо­луы керек. Сонда ғана бәсеке, сонда ғана даму болады. Әдебиет туралы ой бөлісіп тұрайық, достар!

Жанайдар Болатбекұлы,

БҚО, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар