////

Бақытбек Бәмішұлы: Мен қалай Махамбет болдым? (эссе)

2945 рет қаралды

2023 жылы сәуірдің 23 күні әлеуметтік желіде (ФБ) Бауыржан мырза Омарұлының «Махамбеттің суреті» атты эссесі жарияланды. Оқысам қазіргі мәжіліс депутаты, қазақтың қаламгер-қайраткері Қазыбек Исаның Махамбеттің суретін салғаны туралы айта келіп, «Бәрібір оның Махамбетті таңдауында белгілі бір заңдылық бар секілді көрінеді. Көзсіз батырлығына, өршіл өткірлігіне, оған қоса асқақ ақындығына тәнті болған шығар. Әйтеуір Махамбет образы оған салғаннан қатты ұнады» деген тұсын оқығанда, арқа-жоным шымыр етіп, ақыл-есімнен бір естелік жүгіріп өтті.. . . . .

1974 жылдың қысы болатын. Баян-Өлгейдің Бұлғын 8 жылдық орта мектебінің 7 класс оқушысымын. Мектеп оқушыларының әлде қандай бір шараға орай концерттік-шығармашылдық программасын тамшалайтын болды. Мектептің кез-келген іс-шарасының біреуін құр жібермейтін өте белсенді мен бірден «Махамбет Өтемісұлының бейнесін сомдаймын» дедім. Ешкім қарсы болмады. Дайындыққа кірісіп кеттім. Махамбеттің оқулыққа енген өлеңдерін жатқа білемін. Жазғы күндері жайлауда құз басында тұрып талай рет Махамбет бейнесіне еніп, сабауды қылыш қылып сілтеп тұрып, Жәңгір ханның бетін айдай қылып, айғайлап оқығанмын.

Ал маған қиыны оның батырлық киімдері, сауыт-сайманы. Оқулықтағы суреттегі көрікті, көркем, дуылғылы батыр һәм Махамбетті сомдауым керек. Батырдың аймауыт – ұсақ шынжыр сауыт киетінін «Қыз Жібек» фильмінен көргенмін. Ал менде, мен түгіл ауданда бар ма екен, бар болса да ол маған шақ келе ме? Не істеу керек? Шешеме ақзу шүберектен етегі ұзын, бөксемді жауып тұратын жағасыз көйлек тіктірттім де,  көйлектің өңірін қара тушпен шыбарлап шықтым. Қара шұбар көйлекті киіп алып шешеме: – Қалай, Күмә, сауытқа ұқсай ма екен? –дедім. Жобасы… келеді. Алыстан қараңыз, алыстан,деймін. Найза теспейтін, қылыш кеспейтін сауытым әзір болды.

Енді батырдың арт бойын тұтасымен жауып тұратын жамшы іспетті жамылғы керек. Ойланып тұрдым да, шешемнің екі жүздің (құны 200 төгіріг-ақша тұратын) ақ бас темір төсегіне жапқан қара жасыл түсті жұқа жапқышы бар болатын, соны беріңіз дедім. Ұзыны екі метр жапқышты бүлдірмей бір басын қайырып, бүктелген жерден бау таққыздым да, жамылып алдым. Халық жауы атанып атылып кеткен атамыздан қалған мұра күміс белдігін белімді екі орап буындым. Төсіме ат әбзелінің бір дөңгелек күміс жалатқан әшекейін тақтым.

Сол заманда пластмасадан жасалған қызыл қынапты қанжар ойыншық бар болатын. Оның қызыл қынын қоңырмен, жүзін қара көк сырмен бояп беліме байландым. Сарт етіп сурылып, сарт етіп салынады.

Енді керегі қалқан. Қарына қалқан ілмей батыр, батыр бола ма? Сұмынның клубында ерікті көркем өнерпаздары концерт қойған кезде оқта-текте оркестрде әлдекім екі қолына киіп алып, ара-арасында екеуін бір-біріне соғып, шың еткізіп дыбыс шығарып тұратын бір сары түсті жезден жасалған аспап бары есіме түсті. Содан қалқан жасаймын деген ой келді. Әкемнің туған інісі Ұғыбаш клубтың директоры болатын. «Ләу,– дедім,– осындайда осындай беріңіз». Ләуім бетіме таңдана қарап отырды да, шалқалап арқырай кісінеп күліп алып складына ертіп барды. Диаметрі отыз сантиметрдей болу керек сәл кішілеу екен. Шетіне және төрт елі картоннан дөңгелектеп ойып қосымша жалғап, қабаттап тігіп, сыртқы бетін алабажақтап сырлап, сол білекке ілдім.

Енді не қалды?… Дулыға! Дуылға! Ары ойладым, бері ойладым. Дулыға қылып киетін ештеңе таппадым. Кепеш те кидім. Тақия, тымақ та кидім. Тоғабір кішкентай кәстірөл кастрюлді де басыма төңкеріп көрдім. Ешқайсының оңаты келмеді. Керей пұшпақ тымақтың құлақшынын қиып тастап содан жасасам ба деп те ойладым. Ол төрт сайлы, ал дулыға болса күбез кейіпті. Болмайды. Тағатым таусылды. Тығыршық атып үйге бір кіріп, бір шығамын.

Әй, қарағым, әкең келсін, бір оңатын табар,деді Күмәм. Жұмыстан әкем келді. Шәйін ішті. Жайланып, жастығын жастанып қисайып дем ала бергенде:

Әке, дедім.

Ау?

Маған дулыға керек.

Дулыға?

Е, батырдың тымағы, міне мынандай,– деп кітаптағы Махамбеттің суретін көрсеттім. Ол басын көтеріп, кітапты қолына алып, өзінен алысатып қарап: Мынау темір тымақ қой. Бұны қайдан таптық. Сен де жоқты сұрайды екенсің… Шонжыбай ұста Жолтыда. Қалел зергер Көктебеде. Енді кімге жасатамыз?

Өзіңіз жасаңыз. Кардоннан.

Кардоннан?… Жоқ болмайды. Қағаз ғой. Мыжылып, жыртылып қалады… Әкем біраз ойланып отырып, Махамбеттің суретіне тағы бір рет қарады да:

Кемпір, деді. Әкем шешемізді солай атайтын. Осы сенде бір ескі тұлып, әлде былғарының қиқымдары қалған жоқ па?

Тошал үйде жатқан сияқты еді.

Бар болса соны әкелші. Күмәм екеуіміз шам ұстап шығып, былтыр жазда маған ер-тоқым жасағанда қалған былғарылардың қалған буындысын алып келдік. Әкем басыма құйып қойғандай дәл келетін былғары дуылғыны төбесіне соғымға сойған жылқының құйрығының қара қылынан шашақ қадап, бұлғарыны алтын түстес бронзамен бояп екі күнде жасап берді. Сауыт-сайман сақадай сай болды. Киіп көрдік. Бәріміз мәзбіз. Менен жасы кіші іні-қарындастарым етегіме жабысып, асты-үстіме түсіп, менен өткен олар мәз.

Енді не кем?… Ендігі кемі сақалмұрт!

Оның жарасы жеңіл,деді әкем. Бояй сал! Қияқ мұрт, қара сақал да лезімде «өсіп» шыға келді.

Ал қара, айнаға, Махамбет!

Сахнаға шығар алдында сақал-мұртымды мектептің сурет пәнінің мұғалімі Тау салып берді.

Ол заманда халық алдына қойылатын концерт, спектакль-пьесаны партияның бюро мүшелерінен құралған комиссия алдынан өткізіп, болатын-болмайтынын тексеріп барып, жолдама беретін. Кастинг – комиссиядан өткен болуымыз керек. Мектептің оқу ісінің меңгерушісі, ақ дегені алғыс, айтулы ақын Ж.Кәкей мұғалім қасыма келіп:

Сахнаға шыққан соң көп қойқаңдама,деді. Қозғалмасам батырлық рухым басылып қалатындай денем дуылдап, шымыр ете қалды да6 «жә» дедім. Бірақ ақтық ойында мұғалімнің ескертпесі есіме де кіріп шыққан жоқ. Жұрт маған дүркірете қол соғып жатқанын сезіндім. Осы сәтті біздің сұмынның жетпісінші жылдарының фото бейнесінің галереясын жасаған Іргебай аға сырт еткізіп суретке түсіріп апты.

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар