///

Хасан Оралтайдың туғанына 90 жыл: Тәуелсіздік идеясының жаршысы

1108 рет қаралды

Алашшыл қайраткер Хасан Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына орай тұлға жайлы сіз бен біз білмейтін деректерді ұсынамыз.

Хасан Оралтай есімі аталғанда…

Оның есімі «Тәуелсіздік» ұғымымен қатар аталады десек, қате емес. Себебі ол қазаққа қатысты кез келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын және оны жүзеге асыруға тырысатын. Өмірінің соңғы кезеңіне дейін жазған еңбектері қазаққа қатысты, өткені мен болашағы үшін көтерілген өзекті мәселелер жайлы.

Хасан Оралтай кім?

 «Азаттық» радиосы қазақ бөлімшесінің бұрынғы басшысы, белгілі жазушы, журналист, тарихшы, аудармашы, редактор, шеттегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, бүгінгі түрік әлеміне танымал қоғам қайраткері, он бес кітаптың, жүздеген мақалалардың авторы. Хасан Оралтай – қазақ тілі үшін күрескен, қазақтың дербес мемлекет, тәуелсіз ел атану жолында аянбай еңбек еткен ұлы тұлға.

Хасан Оралтай ғұмыр дастанынан…

Хасан Оралтай саналы түрде жалпытүрiктiк идеясын жүзеге асыруды мақсат еттi. «Биiк Түркелi» қоғамын ұйымдастырып, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханұлының жолын ұстанды. Бүкiл Қазақстанда идеясын жаңғырту былай тұрсын, атын айтуға қаймығатын бiртұтас «Алаш» идеясын басты ту етiп алды. Бұл идея, бұл мақсат Хасан Оралтайға жайдан-жай келе салған жоқ. Әкенің берген ұлттық рухты тәрбиесі, басқа елге келіп, өз тегімізді ұмытпайық, тек құлқынның қамын ойлап жүре береміз бе деп, сол Түркияға келген 1954 жылдан бастап-ақ жан-жақты байланыстар орнатып, өздерінің қазақ екендіктерін ұмытпауға тырысып бақты.

Хасан Оралтай мұрасы

1957 жылдың 9 қыркүйегінде Измирде шығатын «Ege Ekspress» газетінде Измирлік журналист Өздемір Аталан екеуі «Гималай дастаны» атты 40 күнге созылған тізбекті мақалалары шығады. Бұл мақала – Хасан Оралтайдың алғашқы мақаласы болатын. Аталған мақаланың бір бөлігі Қазақстанда белгілі түрколог Фадли Әлидің аударуымен 1994 жылы «Парасат» журналында шықты. Мақалада босқан елдің көрген түрлі ауыртпалықтарын түсіндіре жазады.

Қаламгердің алғашқы кітабы – «Еркіндік жолында Шығыс Түркістан қазақ түріктері»(1961). Кітабының алғы сөзінде өзінің мақсатын нақты түсіндіреді. Азаттық жолындағы күрес, Отан мен ұлтым үшін күрес қасиетті парызымның бірі деп көрсетеді. Осы кезеңде қаламгер «Бүйүк Түркелі» журналын шығара жүріп, 1963 жылы сәуір айында Салихлы қаласының Құртұлұш махаллесінде, яғни Қалибек Хакімнің үйінде «Түркістандықтардың мәдениет және жәрдемдесу ұйымы құрылды. Оның негізін қалаушылар – Хамза Ұшар, сол кезде белсенді жас қаламгер ретінде атағы шыға бастаған Хасан Оралтай да болды. Ол өзінің «Елім-айлап өткен өмір» атты естелігінде [1.Б.177] бұған толық мәлімет берген.

Хасан Оралтай 1933-2010 жылдары аралығында өмір сүрген. Оның күресі бекер болмады, есімі тарих беттеріне жазылды. Қалдырған мұрасы мәңгілік ел жадында сақталары сөзсіз.

Әдемі Ғазизова, 

суреттер: Қуанышбек Қари

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар