/////

Ақтөбенің автожолындағы ахуал: Жолдың жыры қалай шешіледі?

3069 рет қаралды

Елімізде көлік жолдарының жай-күйі өзекті мәселе екені белгілі. Соның ішінде Ақтөбе облысында да көктем шығып, қар ерісімен жолдың «жыры» қайтадан басталады. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы арыз-шағымын білдіріп, ойдым-ойдым шұңқырлармен жүрудің өзі мұң екенін жеткізіп жатқандарда қисап жоқ. Өйтпегенде ше, бұл машиналарды былай қойғанда, адам өміріне тікелей қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті…

Халық арасында «Мемлекеттің жемқорлыққа қаншалықты батқанын жолына қарап-ақ білуге болады» деген сөз бар… Ал сол жол қалай салынады? Бұл мақсатта бюджеттен соңғы 5 жылда бөлінген қаражаттың статистикасы қандай? Құрылыс, жөндеу жұмыстарының сапасын кімдер һәм қалай тексереді? Біз күрмеуі қиын, түйіні шешілмеген түйткілдің жай-жапсарын құзырлы орган өкілдері мен сала мамандарынан білуге тырысқан едік.

 САН БАР, АЛ САПА ШЕ?…

Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бекболат Нұрашевтің айтуынша, облыстық маңызы бар автожолдардың ұзындығы 1265 шақырым болса, Ақтөбе қаласындағы бұның үлесі — 659 шақырым. Жылма-жыл жол салуға, жөндеуге, жалпы күтіп ұстауға Үкіметтен, жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Бұл туралы толығырақ сала маманының санайғақтарын келтірсек.

— Автокөлік жолын салу, қалпына келтіруге, жалпы осы салаға 2019 жылы 19,5 миллиард теңге, 2020 жылы 35,1 миллиард теңге, 2021 жылы 19,4 миллиард теңге, 2022 жылы 30 миллиард теңге, ал биыл 50 миллиард теңге берілді, — дейді жоғарыда аталған басқармаға қарасты экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Айдана Медеубаева.

Өз кезегінде жол құрылысына жауапты мекемелердің бірі — «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұл қазіргі таңда бірқатар жерде ағымдағы жөндеу, яғни шұңқырларды бітеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

— Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ учаскесіндегі жолдың жағдайына байланысты арыз-шағымдар көп. Жоспарға сәйкес, мұнда шұңқырларды жамау жұмысы басталып кетті. Осы уақытта 3 мыңға тарта шұңқыр бітелді. Жалпы, осындай жұмыстарға облыс бойынша 4 бригада жұмылдырылды.  Бұл іс күн суытқанша жалғасады.

Одан бөлек, Шалқар-Қандыағаш жолына орташа жөндеу жүргізіледі. Ақтөбе-Орал бағыты бойынша да осындай жұмыс жүзеге асырылады, — дейді ол.

Сондай-ақ Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын учаскесін жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұл — 18 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген тасжол.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізіне кіретін бағытта тәулігіне 10 мыңға тарта көлік жүріп өтеді. Оның 3 мыңы — жүк көлігі. Жаңғыртудан кейін ІІІ техникалық санаттағы жол І санатқа ауыстырылып, 4 жолақты болады деп күтілуде.

Қаралы статистика:

Сөз басында келтіргеніміздей, жол-көлік апаттарының болуына автокөлік жолының нашарлығы да әсер етпей қоймайды. Өкінішке қарай, өткен жылмен салыстырғанда, қара жолда қаза тапқандардың саны көбеймесе, азаймай тұр.

— Жыл басынан бері облыста 120 жол апаты тіркелді. Соның салдарынан көз жұмғандардың саны – 26. Өткен жылдың 4 айында 19 адам бақилық болған еді. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандар аз емес. Жол бойында жарақат алғандар да артып отыр, — дейді Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиев.

АЙТПАҚШЫ…

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 4 668 мың болды, оның ішінде 87,6 пайызы – жеңіл автомобильдер, 10,3 пайызы – жүк автомобильдері және 2,1 пайызы – автобустар. Яғни жыл санап көлік құралдары көбею үстінде, соған сай автожолдарға түсетін «салмақ» та айтарлықтай артып отыр.

Ал Ақтөбеде соңғы 5 жылда тіркелген көліктердің сан айғағы мынадай (мәлімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпараттық-талдамалық жүйесінен алынды

БАСТЫ СЕБЕП — МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУДЫҢ ЖОҚТЫҒЫ

 Жасыратыны жоқ, бұрын талай жол салынғанымен, оған бақылау кемшін-ді. Жергілікті атқарушы билік қанша жерден тексергенімен, жолдың қыр-сырын жіті білетін маманның орны бөлек. Бұны жол жөндеу жұмыстары, соның ішінде қолданылатын материалдардың сапасын тексеруге мүдделі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев та қуаттайды.

— Біздің орталық Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті жанынан 2019 жылдың маусым айында құрылды. Басты мақсат — жол салу барысын бақылау, оның сапасын тексеру, сондай-ақ құжаттамасын әзірлеу. Негізгі тапсырыс берушілеріміздің қатарында облыс, қала, аудан әкімдіктері бар. Мемлекеттік сатып алу арқылы өзара келісімшарт жасасып,  кейіннен жасалған жұмыстарды сараптамадан өткіземіз, кәсіби тұрғыда баға береміз. Орталықта 19 адам жұмыс істейді, олардың дені — жолшылар. Жылжымалы зертханамыз бар, соның көмегімен аз уақытта жолдың сапасын, жөндеу жұмыстары барысындағы кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ арнаулы техникаларымызды жұмылдырамыз.

Былтыр облыстың 11 ауданындағы жолдардың сапасын тексердік. Айталық, асфальттің енін, қалыңдығын өлшеп, құрамын сынамадан өткізіп, температурасына дейін мән береміз. Одан бөлек, алынған материалдарды өзіміздегі аппараттарға салып, жан-жақты зерттеу өткізуіміз тағы бар. Бірақ бұл жерде тапсырыс берушінің нақты қай бөлікті, қалай тексергісі келетінін, соған сай зерттеу жүргізіліп, бағасы белгіленетінін ескеру керек. Осы тұста бақылау үшін қанша қаражат бөлінгенімен, біз бәрін қалай бар – солай жазып береміз. Мысалы, өткен жылы 477 рет жолға шыққанда 2024 сынама алып, 488 бұзушылықты анықтадық. Кейіннен аталған олқылықтардың түзетілгеніне дейін қадағаладық. Өкінішке қарай, бұған тікелей жауапты техникалық қадағалаушы (технадзор) жұмысына салғырт қарап отыр. Егер соңғы аталған мамандар кез келген жөндеу жұмыстарын бастан-аяқ талапқа сай бақыласа, жолдардың жағдайы қазіргідей болмас еді, — дейді ол.

Оның айтуынша, жолдың жағдайы жақсармауының тағы бір себебі – жол салатын компанияларда қажетті мамандардың жетіспеушілігі. «Компаниялардан жоғары, орта арнаулы оқу орындарда оқыған, осы іске маманданған қызметкерлерді табу қиын. Көпшілігі — жолдан қосылғандар. Тиісінше техникалық талаптарға сай салынбағасын жол да ұзақ уақытқа шыдас бермейді», — дейді Тельман Малаев.

Сонымен қатар, Ақтөбенің жолдарында арық, суағарлар жоққа тән. Бұл да болса қар суының, жаңбырдың жан-жаққа ағып кетпей, асфальтқа «сіңуіне», сол арқылы мерзімінен бұрын тозуына бірден-бір кері әсерін тигізеді.

P.S. Көлік жолдарына қатысты мәселе көп. Оны шешу үшін алдымен жол салу ісіндегі қалыптасқан жүйені түбегейлі өзгерту қажет. Алғышарты мердігер компаниялардың мемлекеттік сатып алу сайты арқылы емес, арнаулы комиссияның шешімімен анықталу керектігі, оның құрамына тек білікті сала мамандары бекітілу керектігі сөзсіз. Әйтпесе «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер әзірге тоқтамайды…

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе облысы.

 

 

Бұл мақала АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» бойынша дайындалды.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар