///

Елена Кузембаева, Мейірім орталығының директоры: Инклюзия дегеніміз ерекше балалардың әлеуметтенуіне жол ашу

3077 рет қаралды
1

Инклюзия – мүгедектігі бар балаларды қоғамға араластыру, әлеуметтендіру, сонымен қатар реабилитациядан өткізу. Осы мақсатта құрылған «Мейірім» орталығы өздерін ТМД-да теңдесі жоқ ерекше орталық деп есептейді. Орталықтың құрылғанына – 19 жыл, оның бой түзеп, бүгінгідей сәулетке ие болуына мұрындық болған адам олигарх Қайрат Боранбаев.

– Әрине, оның қазір істі болып жатқанынан хабарымыз бар. Алайда, осы орталықты құрып, «ерекше» күтімді қажет ететін балаларға қуаныш сыйлағаны анық. Бұл орталық 2004 жылы ашылды, – дейді орталық директоры Елена Кузембаева.

– Бізге келетін балалардың отбасылары да өздерін бақытты сезінетін шығар деп сенемін. Өйткені олардың жұмыс істеуге, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндігі бар, себебі олар балаларын дамыту үшін мамандарға, орталыққа толығымен сеніп тапсырады.

Елена Кузембаеваның айтуынша кешенді дамыту тобы үшін 60 орын бар, бір күн ішінде бір уақытта демалу үшін осы жерде 60 баланы қабылдауға дайын. Дегенмен қазір 95 бала бар, себебі жасөспірімдер үшін жарты күндік күн тәртібі, олар күнұзақ ғимарат ішінде болмайды, оларға ұйықтаудың қажет жоқ. Кейбір балалар бейімделу кезеңінен өтіп жатыр, олар да жарты күн болады. Мұнда келген балалар алдымен консультация алады, даму бағдарламасы анықталады, сосын бейімделу курсынан өтеді.

– Дәл осындай өз сәулеті мен инклюзияға қарым-қатынасы бойынша бірегей орталық ТМД елдері арасында жалғыз орталық. Орталыққа қандай бала келсе де мұнда ол балаға қажетті барлық жағдай жасалған. Яғни, біз баланы біздегі бар жағдайға бейімдемейміз, орталықта кез келген қажеттілігі бар кез келген бала дамыту бағдарламасын ала алатындай жағдай ойластырылып, жасалған.

Осындай балаларды оңалту немесе дамыту орталықтары, әсіресе үкіметтік емес ұйымдар арасындағы орталықтар біздің қаламызда да, Қазақстан бойынша да бар. Алайда олардың басым көпшілігі медициналық бағытта немесе олардың материалдық-техникалық базасы жеткіліксіз болып жатады.

Сонымен қатар, соңғы 5 жыл ішінде біз әлеуметтік қорғау басқармасымен бірге мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырып келеміз. Әрине  орталықты, жаңа бағдарламаларды дамыту үшін тұрақты түрде демеушілік қаржы қажет.

Негізі оңалту жүйесінің курстармен өтетінін білетін шығарсыз, мысалы, жылына бірнеше рет 24 күндік курс немесе аптасына бірнеше рет қана өтуге болады. Ал біздің бағдарламалар шектелмеген, біз бұл балаларға тұрақты қолдау қажет екенін білеміз. Біздің балалар 13, 14, 15 жыл қатарынан орталыққа келіп жүр, біздер де олармен бірге өсеміз. Біздің мейірімдіктерге тағы да не қажет екенін білеміз.

БИЫЛДАН БАСТАП 18 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ДА БЕЙІМДЕУДІ МАҚСАТ ЕТІП ОТЫРМЫЗ

Біздің орталықтағы екі бала 18 жасқа толған кезде біз не істеу қажет деп ойландық. Әрине оларды орталықта қалдыра алмаймыз, себебі кешенді дамыту топтарының жағдайлары ересек адамдарға емес, балаларға арналған. Ең жоғарысы 15 жасқа дейін ғана бола алады балалар, өйткені күн тәртібі, күндізгі ұйқы сақталуы керек.

Бұрын біз тек 3 жастан 15 жасқа дейінгі балалармен жұмыс істедік. Бұл кешенді дамыту топтары үшін өте жақсы жас, өйткені балалар күнұзақ орталықта болады. Біздің тәрбиеленушілер 15 жасқа толып, одан да жоғары жасқа жеткенде біз оларды қайда жібереміз деп ойлана бастадық.Біз жаңа жобаны қарастырып жатырмыз, ол «Вокруг света» деп аталады. Бүгінгі таңда бұл жобаға демеушілік көмек іздестіріп жатырмыз. Бұл 18 жастан жоғары балалардың тобы болады. Біз оларды қала бойынша және қала сыртына саяхаттарға, экскурсияға алып шыққымыз келеді. Бұл да туротерапия деп аталатын балалардың әлеуметтенуі, коммуникацияны дамыту үшін өте жақсы әдіс.

Сол себептен былтыр қыркүйек айынан «Академия жизни» тобын аштық. Бұл топта 15 жастан жоғары балалар қатысады. Бағдарлама толығымен өзгертілді, әлеуметтендіру, қоғамдық орындардағы тәртіп пен өзін-өзі ұстауға бағытталды. Мысалы, олар өткен жолы «Магнум» дүкеніне барып, сауда жасады, өздері кассаға қолма-қол ақшаға төлем жасады, қалған ақшасын алды. Бұл өте жақсы тәжірибе, кейін бұл тәжірибе ересек өмірде өздеріне пайдаға асады. Олар сонымен қатар қоғамдық-мәдени орындарға экскурсияға барады, театрларға, саябақтарға, Шымбұлаққа да апардық. Біздің орталықта балаларды дамыту, әлеуметтендіру үшін барлық жайлы жағдай жасалған. Орталықтың ішінде де, орталықтан тыс жерде де.

Алдымен біз ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп алсақ дейміз. Мысалы, біздің театрлар, кафелер осындай балаларды қабылдауға дайын ба, пандустар бар ма, олар ыңғайлы ма, адамдар мұндай балаларды қабылдауға дайын ба, осының барлығын біліп, анықтағымыз келеді. Осы серіктестікті дамытып, егер ерекше қажеттілігі бар балалар, жастар келген жағдайда олармен қалай өзара әрекет жасау қажет екенін оқытып, әдістерін ұсынғымыз келеді. Балаларды да оқыту мен дамытуды әрі қарай жалғастыра береміз. Оларға метромен жүру, музейлерге бару тәртібін, әлеуметтік ережелер туралы айтамыз. Сондықтан, 18+ балаларға біз жаңа бағдарламаларды дайындап жатырмыз.

Білікті мамандардан құралған әлеуетті топты құру кез келген ұйымды дамытудағы ең маңызды мәселе. Біздің мамандарымыз үнемі оқытулар, семинар, тернингтерден өтіп тұрады, одан бөлек біз былтырдан бері біздің жұмысымыздың тағы бір бағытын көрдік. Орталық әлеуметтік және медициналық бейімделудің біріккен орыны және Алматы мемлекеттік медициналық университетінің клиникалық базасы десек болады. Университеттің оңалту және спорт медицинасы кафедрасының реабилитологтарымен серіктестікте жұмыс жасаймыз. Жоспарымызда Алматы мемлекеттік университетімен бірігіп жұмыс істеу бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен серіктестік меморандумы мен тәжірибеден өту келісімшартын жасастық. Екі жылдан бері студенттер бізге келіп, тәжірибеден өтеді, біліктіліктерін арттырады. Сонымен қатар, жергілікті әкімдік арқылы жұмыспен қамту орталығымен бірігіп жұмыс жасаймыз. Жастар практикасы бағдарламасы бойынша оқу орнын жаңадан аяқтаған, әлі тәжірибесі жоқ жас мамандар бар. Біз тәлімгер ретінде оқыту жүргізіп, қазір олар өздері маман ретінде дербес жұмыс жасай алады.

Біздің балалар ересек өмірде тәуелсіз болуы үшін жұмыспен қамтылуы керек. Қоғам да оларды осындай балаларды ашық қабылдауға дайын болуы керек. Балалар спортқа өте жақсы. Бейімделген спортты дамытып келеміз. Конькимен сырғанау спорты жақсы дамыған, бір-екі сырғанаған соң өз бетімен еркін сырғанауды үйреніп алған балалар бар, олардың жетістіктері де әжептәуір. Бейімделген баскетбол, футбол бар. Қазір біз Бочча бағдарламасын енгізуге дайындалып жатырмыз. Бұл енді паралимпиадалық спорт түрі және біз мейірімдіктерді команда ретінде ұсына аламыз деген сенімдеміз.

Қазақстанда инклюзивтік білім беру қарқынды дамып келеді, бұл өте қуанарлық жағдай. Алайда жергілікті жерлерде мамандардың, педагогтардың барлығы дайын емес, ата-аналар да дайындықсыз. Біздің білетініміз инклюзивті дайындықты балалар үйден алатын жағдайлар көп. Бізде де мұндай балалар бар, бірақ мен тапсырмаларды орындауда нақты уақыт пен дәлдікті талап етпейтін немесе гуманитарлық бағыттағы сабақтарға бұл балалардың қатысқанын қалаймын. Біз осыған көмек көрсетуге дайынбыз, өйткені әлеуметтендіру біздің балаларға қалай оң әсер ететінін көріп отырмыз. Қазіргі уақытта балалардың басым көпшілігі үйден оқытылады. Мінез-құлыққа, денсаулық жағдайына, мектепте болудағы шектеуге байланысты шектеулер бар әрине, бірақ балалар сыныбы, достары бар екенін білгені өте маңызды.

Бізге келген бірде бір баланы назарсыз қалдырмауға тырысамыз. Келгендердің барлығы қажетті көмекті алады. Біз диагноз қоймаймыз, біздің орталығымыз әлеуметтік білім беру орталығы. Алайда балалар бізге диагнозбен келеді, егер диагнозсыз келсе біз кімге, қандай маманға, ұйымға жүгіну қажет екенін айтып, кеңес береміз. Яғни, қандай да бір белгілі ерекшеліктер осындай балаларға тән деп анықтауға көмектесеміз.

ИНКЛЮЗИЯҒА ҚАҚПА – БҰЛ СПОРТ ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

Инклюзивті алаң – бұл алғаш инклюзивті алаң десек болады, кедергісіз алаң. Дәл осы жердегі табалдырықсыз орта сияқты, балалар алаңы да арбадағы, қозғалуында қиындықтары бар балалар ойын алаңындағы төбелерге еркін көтеріліп, әткеншектерде қиналмай ойнай алуы үшін арнайы бейімделген. Барлығы да балалар өздерін бақытты сезінуі үшін ойластырылып, құрастырылған.

Инклюзияға қақпа – бұл спорт пен шығармашылық. Биыл біз балалардың әлеуметтенуіне көмектесетін бейімделген спорт түрлерін бағдарламаға қостық. Балалардың бойында бейімделген спорт арқылы жаңа қасиеттер ашыла бастайды, жетістікке жету, ұйымшылдық, топтық жұмыс өте жақсы дамиды. Балалар тұрақты тұрде Алматы марафондарына қатысады. Біздің балаларға арналған арнайы жүгіру арбалары бар. Балалар – нағыз спортсмен ретінде арбаларын апарып, арбадағы марафонға қатысады. Өткен жылы қаладағы жүгіру мектебімен бірге балалар күніне орай қалалық балалар жүгіруінде инклюзивтік сөрені ұйымдастырдық. Бұл шара биыл да өткізіледі. Балалар ғана емес, ата-аналардың да белсенді қызығушылық танытатыны біздің қуантады. Балаларының барлығымен бірдей спорттық шараларға қатысуға тең мүмкіндік алғаны ата-аналарға жаңа эмоция, сезім сыйлайды және ертеңге деген сенім ұялатады.

Екінші бағыт – бұл балалар шығармашылығы. Қазір бізге суретшілердің өздері келіп шеберлік сағаттарын өткізуді ұсынады. Өйткені олар біздің балалардың жұмыстарын көреді. Біздің балалар шынымен өте талантты, қабілетті, оларға тек сол қабілеттерін ашуға көмектесу қажет. Біз Мейірім балалардың қабілетін ашады, ашылуына мүмкіндік береді деп үнемі айтып жүреміз. Біз алғаш рет инклюзивті мюзикл де қойдық. Біздің аудандағы оқушылар үйінің балалары біздің балаларға қатысуға көмектесті. Инклюзивті мюзиклдің басты кейіпкері Ұмайды біздің балалар ойнады. Бұл қайырымдылық, отбасы, қазақ ұлтының құндылықтары туралы ертегі. Біз өткен жылы «Ұмай» ұлттық премиясына өтініш жолдадық, өтіп, бізді премияға қатысуға шақырды.

Қазір біздер Н. Сац театрымен шығармашылық көпір жалғап, серіктестікте жұмыс жасап жатырмыз. «Ұмай» музыкалық  ертегісін кәсіби сахнада қойғымыз келеді. Бұл жерде де бізге жаңа достар, жаңа демеушілер, жаңа қолдаушылардың көмегі қажет болады. Инклюзия деген осы – осындай балалардың ең жақсы жақтарын, олардың жетістіктерін, мүмкіндіктерін көрсету. Шығармашылық, театр, шеберлік сағаттары, спорт, марафондар арқылы табиғи жолмен көрсеткен кезде ашық қабылданады, өйткені осындай балалардың белсенді қатысуын көрген кезде адамдардың жүрегі ашылады. Мұндай шаралар көп болуы керек, біз ерекше қажеттілігі бар балалар үйде, төрт қабырғаға қамалып отырған кезеңнен кеттік.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар