Қазақтың саяси-құқықтық ойлау ілімінің қалыптасуына, дамуына үлес қосқан, қазақ тілін заң тіліне айналдырған тұлға. Құқықтық-саяси құжаттар мен нормаларды жүйелеген, бүгінгі біз білетін көптеген термин мен ұғымды қазақылаған заң ісімен теориялық-тәжірибелік тұрғыда қатар айналысқан маман.
Мамырдың 26-сында Қостанайда облыс әкімдігі мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институты ұйымдастырған «Алаш ардақтысы Сейдәзім Қадырбай: тұлғасы, мұрасы, қайраткерлігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияда Алаш ұлт-азаттық қозғалысы мен оның көрнекті өкілі, әскери қайраткер, заңгер әрі публицист Сейдәзім Қадырбайдың ғылыми-шығармашылық мұрасы, қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты қарастырылып, зерделенді.
Зерттеушілердің айтуынша, елдің еркіндігі мен ертеңі үшін күрес жолына түсіп, басына қатерге тіккен Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбайдың қызметі мен шығармашылық мұрасы әлі толық насихатталмай отыр.
«Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбай – Алаш идеясының төңірегінде қызметтік, әскери, ғылыми, құқықтық, заңгерлік, журналистік, басқа да салаларда мемлекеттік жазалау саясатына ұшырап, қудалау мен қуғын-сүргін көрген тұлғаның бірі де бірегейі болды. Өкінішке қарай, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» ҚР Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығында қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде 1920-1950 жылдары қазақ халқының ұлттық бостандығы, Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін советтік кезеңде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған «қаһарман» күрескерлерді (яғни қаһармандар) толық саяси ақтау көзделген. Сейдәзім Қадырбайұлының ардақты есімі 1966 жылы ақталса да, қоғамда оның қандай тұлға екені, қызметі мен шығармашылық мұрасы толық насихатталмай келді. Тек соңғы 5-6 жылдың айналасында ғана Сейдəзім Қадырбайдың Алаш қайраткері, заңгер-ғалым, публицист, ұлттық əскерімізді құрушылардың бірі ретінде айтыла бастады. Бүгінгі конференция сондай шаралалардың бірі. Соынмен қатар, өзінің туған өлкесі Қостанай өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр», – дейді Qyr balasy қоғамдық қорының негізін салушы, алаштанушы Елдос Тоқтарбай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алаш қайраткерінің атына жеке конференция жұмысын өткізу идеясын Астанада 2019 жылы Астанада өткен жиындардың бірінде Тарғын Әбенов ақсақал бастама етіп көтерген.
«Осыдан кейін С. Қадырбайдың тұлғасын тану, зерттеу мен зерделеу мәселесін қолға алдық. 2019 жылы алғаш рет атақты заңгердің шығармашылық мұрасы жинақталып, мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылы жарық көрді. Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институты және Сейдәзім Қадырбайдай Алаш арысының ұрпақтарының ұйымдастыруымен тағдырының соңғы кезеңдері өткен Воронеж қаласына тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырып, архивтік тың мәліметтер негізінде деректі фильм түсіріліп шықты. Сондай-ақ «Міржақып. Оян, қазақ!» көркем фильмінде (режиссері М. Есжан) Сейдәзім бас кейіпкер Міржақып Дулатұлының айнымас, қандыкөйлек досы ретінде сипатталып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Сейдәзім Қадырбай да өз білімін, мансабын, күш-қуатын сарқа жұмсап, тең емес жағдайға қарамастан большевик-сталиндік билікке қарсы ымырасыз күрес жүргізген тұлға», – дейді Е.Тоқтарбай.
Сейдәзім Қадырбай – заңгер, құқық саласының білгірі. Қазақтың саяси-құқықтық ойлау ілімінің қалыптасуына, дамуына үлес қосқан, қазақ тілін заң тіліне айналдырған тұлға. Құқықтық-саяси құжаттар мен нормаларды жүйелеген, бүгінгі біз білетін көптеген термин мен ұғымды қазақылаған заң ісімен теориялық-тәжірибелік тұрғыда қатар айналысқан маман.
1905–1920 жылдары Алаш ұлт-азаттық қозғалысының сапында болған.
1922–1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР Юстиция Халық Комиссариатының заң шығару және сот ісін бақылау бөлімінде меңгеруші қызметін атқарған. Совет үкіметі орнағаннан кейін Наркомюстта (Бүгінгі Әділет министрлігі) жауапты қызмет атқарған азамат әр жылдары «Нотариат туралы заң, ереже, нұсқаулар» (1928), «Жер заңы» (1927), «Ақылы істерді жүргізу заңы» (1930), «Ақы заңы» (1926), «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заң» (1930) кітаптарын жазып, шығарды. Кейбірін орыс ғылымынан аударып, қазақша сөйлетті. Өкінішке қарай Сейдәзім де қуғын-сүргін құрбаны болды. 1929 жылы «Халық жауы» деген айып тағылып, Воронежге жер аударылады.1938 жылғы 11 қазанда Сейдәзім Қадырбай ату жазасына кесілді. Үкім 17 қазанда сағат 14.00-де орындалған. Денесі Воронеждегі қуғын-сүргін құрбандарының зиратына жерленеді.
Парақшамызға жазылыңыз