Кеген ауданындағы Тасашы ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылы Алматы облысының орталығы Қонаев қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан. Жастардың дені қалаға қоныс аударып, Ақтастыда қара шаңырағын қимайтын 100-дей ғана түтін бар. Шалғайдағы ауылға бюджет есебінен бөлінген қаржы аз емес, бірақ…
2021 жылы Ақтасты ауылына ауыз су жүйесін жүргізу үшін 212 миллион теңге бөлінген. Ендігі мәселе ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, тұрғындарға су берілген соң, 3 айдан кейін әлсін-әлсін ауыз су апталап тоқтап қала беретін болыпты.
– Әр үйге абонент ретінде суды кіргізбесеңіздер суды қоспаймыз деген соң шамасы жеткені жеке қаражатынан, жағдайы жоғы несие алып суды үйге кіргіздік. Орта есеппен әр үйден 100 мың теңгеге жуық шығын шықты. Желтоқсан айында ауыз су үйге берілгенде қуанышымызда шек болмаған еді, бірақ көпке созылмады. Наурыз айынан бастап суымыздың тоқтауы жиіледі. Мердігер келіп жөндеп кеттік дейді, 3 күннен соң су тағы жоқ. Соңғы мәрте су тоқтағалы міне 15 күн өтті, – дейді ауыл тұрғындары.
– Мектепте қазір су жоқ. Мектепке су бұрыннан тартылған. Соңғы 2-3 жылда ескі су жүйесінің ақауларына байланысты су жоқ қиналып қалған едік. Су жүйесі жаңартылған кезде мектептің жай-күйі жақсарып қалған еді. Асханамызға да, әжетхамызға да су келіп тұрғаны жақсы еді. Көктем шыға судың тоқтауы жиілеген соң біраз қиыншылықтарға тап болдық. Мектепке суды қазір тасып әкеліп жатырмыз, – дейді Ақтасты ауылындағы мектептің директоры Нұргүл Абыканова.
– Сонша ақша жұмсап тартылған су жүйесін тартқанын қайтейік, бәрібір мына 1992 жылы қойылған су бағанасына күніміз қарап қалды. Жасы да, жасамысы да осы су бағанына қарап отырмыз. Біз сияқты кемпір-шалға су тасыған тіптен қиын, – дейді ауыл ақсақалы Нұртәліп Байбұқаев.
– Су жүйесін үйді-үйге кіргізгеннен кейін халық несиеге су жылытқыш, автомат кір жуатын машина сияқты үйге қажет техникаларды алды. Су тоқтап, қайта аққан кезде судың лай болуына байланысты қарызданып алған техникалар да жарамсыз болып тұр. Ол тағы бір салдары, – деген де шағым түсті.
– Су тартылған орынның өзі қате. Біз сұраған, көрсеткен орын Көксай болатын. Қазір біз ішіп отырған суымыз саздың суы, оның ертең бізге пайдасы тимейді.
– Қазіргі біздің ауылға тартылған су 4,5 шақырым жерден тартылды. Былтырға дейін біз ауыз суды Көксайдан тартады деп жүргенбіз. Екеуінің арасы 500 м. Бізге таза бұлақтан шығатын Көксайдың суын ауылға қосып берсін, – деп шулады халық.
Халық аузынан тастамаған Көксайға да бардық. «Алда-жалда алдыңғы жылғыдай құрғақшылық болса саздың суы тартылып, бізді қан қақсатуы мүмкін. Бізге Көксайдың суын тартып берсін» деген халықтың жанайқайының растығына көзіміз жетті. «Көксайдың суы» дегеніміз тау етегіндегі үш бұлақтың суы жылғаны толтырып, ағып жатқан таза су екен. Қысымы тек Ақтасты ғана емес, жеткілікті қаражат бөлінсе жылдар бойы қордаланған аудан орталығы Кеген ауылының да су мәселесін шешуі бек мүмкін. Қысы-жазы су тоқтамайтын үш бұлақтың суының қысымы да, тазалығы да таңдай қақтырды.
– Жобалау жұмыстары кезінде дәл осы сайды өзіміз апарып көрсеттік. Аяқ астынан бұрын 3 отбасы тұратын комплекске су тартқан саздың суына жалғағанда ауыл болып қарсы тұрғанбыз. Бұрынғы аудан әкімі Талған Байеділовке де сол жайлы айтқанбыз. Шешеміз деген. Сол айтылған күйінде қалды, – деп налыды енді бірі.
– Бізге сол Көксайдың суы керек. Жобаны басында Көксайдан тартамыз деп жасаған болатын. Онымен қоса мердігер су жүйесін тартып біткен соң қазған жерлерін тазалап беремін деген. Сол күйінде тастады да кетті. Өзіміз тазаладық. Әр көшеде арығымыз бар еді, су тартамын деп оны да бітеп тастады. Енді ауладағы ағашымыз қурап жатыр. Не оны суғара алмаймыз, не жаңа көшеттерді отырғыза алмаймыз, – дейді Көлбай Байсабаев ақсақал.
– Ел аузында «Орбита» аталып кеткен шеткі екі көшеде қыстай су болмады. Бары 5 көше, соның 2 екеуіне жетпейтін қандай су ол, – десті ашынған тұрғындар.
Біз Ақтасты ауылына барған күні су жүйесінен шыққан ақауды жөндеуге Кеген аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» басшысы мен мердігер «Көлсай құрылыс» ЖШС өкілі келіпті. Сұхбаттаспақ болып едік, жауап беруден бас тартты.
Сұхбатты Кеген аудандық тұрғын үй коммуаналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы басшысының м.у.а. Бек Әбдіманапов берді:
– Судың ауылға келмеу себебін айтсаңыз?
– Ақтасты ауылына судың келмеу себебі: магистральды трассада бірінші резервуардың суы тез бітіп, магистральға ауа кіріп кетіп қалып жатыр. Соның себебінен трассада ауа кеңістігі пайда болып су тоқтап қалуда. Қазір сол олқылықты жоюға тырысып жатқан жайы бар.
– Тұрғындар қыстай судың жиі тоқтағанына шағымдануда.
– Қыстай су тоқтаған жоқ. Көктемде мектептің алдында орталық су жүйесінің жарылуына байланысты су тоқтатылған.
– Осы судың тоқтауы бірнеше мәрте қайталануда дейді тұрғындар. Неліктен бұл мәселені ертерек шешпедіңіздер?
– Сол бірнеше рет қайталанып жатқан себебі: бірінші резервуарда су тез бітіп қалып, магистральға ауа кетіп қалып жатыр. Қазір сол екі резервуардан су бірге ағатындай етіп қосып жатыр.
– Халықтың айтуынша алғашқы жобалау жұмысында суды Көксайдан тарту керек еді дейді. Жоба ауысқан деген уәж айтуда: оған не дейсіздер?
– Ол ауысқан жоқ. Тексеру жұмыстары жүргізілсе, жоба сараптамасы қалай өтті, солай жасалады.
Сонымен қатар Тасашы ауылдық округ әкімі Төребаев Ерболат Жақыпбайұлымен де тілдестік:
– Ерболат Жақыпбайұлы сіздің Тасашы ауылдық округінің әкімі болып сайланғаныңызға ұзақ уақыт болмағанын білеміз, магистраль құрылысының жобасын да, тартылу барысын да көрмедіңіз. Сіз әкім болып тағайындалған уақытта судың проблемасы бар ма еді?
– Тасашы ауылдық округіне әкім болып 12 ақпанда сайландым. Судың әлегі наурыз айында басталды. Оған дейін шеткі екі көшеге судың қысымы жетпей су шықпаған. Наурыздан бастап судың тоқтауы жиіледі. Су тоқтаған сайын тиісті мекемелерге хабарлап отырдық. Магистральға ауа кетіп қалды деді және тағы басқа түрлі болжам айтылған соң, жобалаушы авторды да шақырдық. Халықтың наразылығы судың тоқтаған уақытының ұзарып кетуіне байланысты болып отыр.
Сонымен қоса тұрғындар су магистраль трассасын жобалау кезінде су айналымын да дұрыс жобаламағанын айтуда. Әр көшеге тартылған су келесі көшеге трассамен айналмайды, тұйықталып қалады дейді. Қыс мезгілінде трассаның жарылуына алып келетін негізгі фактор сол болуыда мүмкін деп болжайды. Не де болса қысымы мықты, таза суды Ақтастылықтардан қызғанған кім екенін анықтаған жөн болар…
P.S. Кеген ауданындағы су жүйесінде жобалаудың ақсайтыны рас. 2020 жылы Кеген ауылын ауыз сумен қамту үшін 290 миллион теңге Сарытау жотасындағы бұлақтардан тартылған су магистралы 2021 жылғы құрғақшылық кезінде тартылып кеткен еді. Қазір ауылдың 40 пайыз суын сол жотадағы бұлақтар қамтамасыз етеді деген бұрынғы аудан әкімінің сөзіне де сену қиын.
Мақпал Шадан,
Алматы облысы,
Кеген ауданы
Парақшамызға жазылыңыз