Алтай тау сілемдері атам заманнан бері түркілердің киелі бесігі, шұрайлы қонысы болып келген. Сол қоныстың иесі, түркінің қара шаңырағының ұйтқысы болып қалған қазақтар соңғы екі ғасыр тарихында үлкен қиыншылықтарды басынан кешіргенімен киелі Алтайдан айырылмады, «Ағажай Алтайдай жер қайда!», «Тауы да, тасы да алтын Алтайын» ерліктің жыры мен өрліктің киесі етіп асқақтатып келді. Олай дейтініміз бүгіндер төрт мемлекеттің аумағында телімделіп қалған Өр, Кенді, Таулы, Моңғол Алтай сілемдерінде қазақтар мекен етіп келеді. (Сурет, Ұлтарақ байдың қабыры). Олар тек күн кешіп қана қоймай, небір қиын-қыстау кезде бір-біріне сүйеу, қиналған кезде тіреу болып келгендігін біреу білсе де, біреу бағамдамай келді. Себебі оның тарихи маңызын саралайтын зерде, назар салар ниет те аз десек артық айтқандық болмайды, тыйым да болмай қалған жоқ. Тек Алтай қазақтары ғана емес, Омбы-Төмен, Астархан, Сыр қазақтары, Іле қазақтарының шекараның екі жағында айдың аманында зорлықпен ажырап, шерменде күй кешкенімен арадағы бірлік пен ынтымақты мейлінше сақтап, қал – қадірі жеткенше ұрпаққа аманат етуді ұстанғандығы мәлім. Қазақ тарихы мен менталитетінің ұлттық идея мен елдік мұраты жолында аса үлкен маңызға ие осынау бір көкейтесті заманауи ұғымды зерттеп зерделеуге Әлем қазақтар қауымдастығы мен оның ресми органдары белсенділік танытып келе жатқандығы қуантады.
Төменде осындай ерлік, елдіктің ұйтқысы болған ел аузында, тарих хатында қалған қазақтың қазыналы қарттарының бірі, қадірлі елағасы туралы азды-кем сөз қозғамақпыз.
Алтайдың Қобда бетінде ХІХ ғ. екінші жартысында «Керейдің асқан байы Ұлтарағы, қонағына сояды қысырдың тайын» деп ел аузында жомарттығы мен мәрттігімен үлгі болып қалған ауқатты жан Ұлтарақ бай өмір сүрген. Ұлтарақ бай Абақ керейдің Шерушісінің Ожық руынан тарайды. Орасан мол дәулет біткен ауқатты жан өңірде «атпен үй тіктірген бай» болған. Шаңырағының үлкендігі сондай, түйеге артуға келмейтіндіктен көшкен кезде 7-8 жігіт шаңырақты ұзын сырғауылмен зузалып алып жүреді екен, тіккен кезде 3-4 жігіттің қармауын қажет етеді екен. Ал киіз үйдің керегесінің биіктігі сондай бойы сұңғақ жігіттердің өзі керегінің 4-5 көгіне аяғымен шығып уықты байлайды деген әңгіме қалған. Расында да, байдың үйін тіккен жұртының іргесін морлаған ізі қазіргі Баян-Өлгийдің Дайын өңірінде Жалаңаш, Тастыбұлақ, Ойғырдың Жалпақ өлкесінде ұшырасады.
Атақ даңқы алысқа кеткен Ұлтарақпен құда-жекжат болуға ынтыққандар қатарында қарамен құда болмайтын төре Жәңгір де болған. Алтайда ел билеген төренің тоқалынан туған ұлы Биекеге Ұлтарақтың ортаншы қызы Диашты айттырған. Ал Алтайда атығы мен білім парасаты асқан Әбдікерім болыс Ұлтарақ байға хат жазып, елші жіберген екен. Айтпағы мынау болғанға ұқсайды: «Керейдің нағыз байы болса қалың малын төлеп бізден қыз алсын, оған шыдамаса қызын берсін. Бірақ, қояр шартымыз бар, мың жамбы немесе жүз қаракөк (түсті) ат берсін, оны бере алмаса қызының қалың малының көлемін айтсын деген екен». Әбдікерім болысқа жауап ретінде Ұлтарақ жайсаңның айтқаны «Мен жамбы ұстайтын сарт пен ноғайдың саудагері емеспін, мал ұстаған керей салтынанмын. Қойған талабы бойынша 5-6 жасар 1000 қаракөк атын алып, құдалыққа келіссін», – десе керек. Осылайша, қарғыбауын беріп, өлі-тірісін сойып, жүз атан, қаракөк жылқыларын айдатып құдандаласқан. Ұлтарақтың ұлы Бекей Әбдікерім болыстың қызы Нұрғызармен некелесуге тоқтасқан кезде аяқ асты Ұлтарақ бай мезгілсіз қайтыс болады.
Бірақ, қазақтың ата жолын бекем ұстанатын бай мен болыс емес пе, уәдеде тұрып байдың жылы өткен соң Нұрғызарды ұзатады. Ерулікке қарулық, елдіктің сән-салтанатын паш ететін, қожыраған көне салт пен ата жолын жаңғыртатын әдетімен болыс жағы да үлкен дайындықпен қыздарын аттандырады. Отаулатып ұзатқан қызға арнап, он тайлаққа қоңырау тағып, 15 атанға бастырып жасау мүкаммал тиеп, 18 құда-құдағиы дайындалады. Толық жасаудағы қысқаш-көсеуге дейін күміспен аптатып, керегенің бастарын алтындатқан екен. Бұл жалпы қазақтың жолына сайғанымен, сән салтанаттың қожырып көрпеге қарай ықшамдалатын кездің басы еді. Осы тұста үлкен бір дау туады. Гәп, құдалар жағының бас құдаға арнап тіккізген ақбас құндыз ішігіне байланысты туындайды. Ұлтарақ бай дүние салған соң оны бұздырып, алпыс жағалы киімге жұрын, жаға еткенін естіген Керейлер жағы наразы болса керек. Бұл құлағына жеткен Шерушінің ұлығы Сүкірбай да «Бай өлсе де үш жыл аза тұтатыныны білмей ме, әкеліп тұл қылып жапса болмай ма, артындағы еліне көрсетпе болмай ма?!»,- деп назаланады. Оны жігіттер өзінше пайымдап, аруақты елеп-ескермеген құдалардың жолын тосып, келінді ғана алып, құдаларды кері қайтармаққа ниеттенеді. Бұл оқиға дереу құлағына жеткен Ұлтарақтың жесірі Алтын бәйбіше Шерушіні басқарған Сүкірбай гүнді шақыртады. Шерушінің ең үлкен шаңырағындағы (рудың ең кішісі қарашаңырақ иесі болатын заңдылық бойынша) бәйбіше шақыртқан соң келген ұлыққа ол өз уәжін айтады. «Байым өліп, ақты бір салып, қараны бір салып күйік тартып отырғанда көрейін деген қызығмды қайтарушы болма. Менің құда-құдағиымды соққыға Шерушінің жігіттері жықса мен омырауымды көкке сауам» (яғни қарғыс жамандық тілеймін баршаңа дегені) дегенде ата жолына жығылған Сүкірбай тентек жігіттерді тыныштндырған екен. Осылайша құда-құдағилар бейбіт келіп-кетеді, бай мен болыс құда болады.
Мұны естіген Алтай қазақтары ұзақ уақыт бойы айтар әңгіме, алар өнеге ретінде ұзаққа сақтаған соншалық кейін ауыздан ауызға жетіп, 1994 жылы Ұлтарақ байдың немересі Сейсенбайдың аузынан біріккен қазақ-моңғол этнографиялық экспедициясы барысында жазып алудың сәті түсті.
Шынымен-ақ, атақ даңқы асқан Ұлтараққа қисапсыз мал біткен: жылқысы он мың, сиыры бес мың, бірнеше соқыр, қисапсыз қой-ешкі. Зекетке жыл сайын мыңдаған мал шығарған. Жылқысының санын анықтау мүмкін болмағындығы соншалық, белгіленген сайға иіріткенде сай аңғары толып тұрса көңілі толады екен. Соншама дәулетті игеруге қоластында жүздеген отбасы малшы-қосшысы түгілі үйінің киізін пішетін місекер шебер ұстаған, ер-тоқым, ат әбзелдеріне жауап беретін арнайы адамы болған.
Ел арасындағы беделі билік айту, ел басқаруды үлкен ұлы Дүтбайға ерте аманттаған бай жомарттығығы мен мейірімділігі арқасында мәртебесі асқақтап отырған. Жалшы қызметкерлеріне өлшеп-тамап емес, тіршілігінің қажетіне сай ас-су, киім-кешек, ат-көлік беріп отырған. Атағы мен өнегелі әңгіме айтатын, өзі атқұмар елдің жиыны мен берекесін ұлықтаған байдың ауылы түселді, қонақ құрғамайтын тіптен елдің мәселесін талқылайтын мәжіліс өтетін орталығы болған. Сондықтан да соғымға жүзедеген жылқы, мыңдаған ұсақ мал соятын дейді ел аузындағы әңгіме.
Қобда бетінде мал жайылымы тапшы, ұранқайлармен арадағы дүрдараздыққа қарамай Ұлтарақ байдың өріс-қонысы ұлаңғайыр жер берген. Бай өзі Жалпақ, Көкмойнақты қыстап, жаз жайлауы Ақсу, Үшбұта (бұл төрт Алтайдың түйісер тұсында), Жалаңаш, Сырғалы, күзеуі Жыланды, Қараайырық тәрізді екі-үш жүз шақырымға иелік еткен.
Ұлтараққа біткен қисапсыз мал мен дәулеттің құты оның Жарыққарын аты Қарабурасында болға деседі ырымшыл жұрт. Жарыққарын ат жеке дара жүретін саяқ, қыс қыстау, жаз жайлауға жұрттан күні-бұрын барып алады екен, ал қыста үңгір тасқа жалғыз бекініп, қорғанатын болған. Ал, Қарабурасы шабыға кезде елге әлек салатын, оған бәйбіше мен ұлы ғана жуитын көрінеді. Иесі өлген соң бура да, ат та тастан құлап, өлген екен.
Ұлтарақ бай көз жұмған соң Жыланды өлкесіне жерлеп, басына ағаштан зират тұрғызған. Қытай ұсталарын шақыртып, Жания деген өз ағайынын бас етіп сайлаған. Үлкен дөңбек, сырғауылдар таңдалып, сәл кептірген соң жылқының майына салып қайнатқан. Дөңбектер сегіз бұрышты киіз үй формасында адам бойындай етіп көтерілген соң төбесі күмбез тәрізді доғаланып келіп біткен. Ешбір темір материалды жуытпай, ағаш шегемен бекіткен. Осыншама ағашты май сіңгенше қайнатуға қыруар жылқы майы қажет екендігі белгілі. Оған байдың қисапсыз жылқысынан ұсталарының еңбекақысына бес жүз жылқы үлестірген екен. Сексен жыл өтсе де бүлініп тозбаған байдың зиратын 1988 жылы немересі Сейсенбай балалары жаңғыртып жөндеген.
Байдың беделі мен мәрттігіне тәнті болған жергілікті жұрт оны ұзақ ұмытпағаны сондай, ақ орыс пен қызыл орыс қашқан-қуған тұста Ұлтарақтың май сіңген ағаш бейітін өртемек болған орыстарға сол өлкедегі бір тува-моншақ байы араша түсіп, бір үйір жорғасын беріп аман алып қалған дейді тарихи зерде.
Ұлтараққа ас беруді үш жыл бұрын белгіліп, Алтайдың төрт бетіне сауын айтқан. 1909 жылы жаздың соңында Дайын өлкесінде Тастыбұлақта өткен асқа тоғыз таңбалы Найман, он екі Абақ түгел қатысқан. Аста бәйгеге бес жүздей ат шапқан оның жетпіс пайызы көмебеге дейін шауып келген. Көмбеге дейін ең соңғы болып жеткен атқа қазақ дәстүрі бойынша «көк тайынша» сыйына тоғыз тайынша берген (1992 жылғы қазақтардың алғашқы Құрылтайында Дегерестегегі бәйгеде ең көмбеге дейін шауып ең соңы болып келген 17-ші атқа автриялық қазақ Зұқа шөбересі Қызырқан алтын сағытын шешіп сыйлағаны осындай көне салттың ұшқыны, туғалы көремесе де қанында ойнаған көнеліктің жаңғырығы екендігі ақиқат). Бас бәйгеге тоғыз жамбы тігілген. Бәйгеге жиналған жұрт шыққан төбенің «Айғай төбе» аты сонан кейін пайда болған деседі.
Асқа жүздеген жылқы, мыңдаған қой сойылып, олардың бас-сирақ, ішек-қарынын жарлы-жақыбайларға үлестіріп тауыса алмағандықтан , діни салт бойынша суға ағызып жіберген екен. Асқа сойлатынын байдың жылқысын айдап келіп, үлкендердің ақылына тоқатамай, үйірдің ішінен таңдамастан арқанға ілікенін ұстап соя берген. Солайша небір жүйрік, жас бие, жорғалар пышаққа ілігіп кете берген.
Аста ошақтың орны болған орын «Ұлтарақтың асының ошағы» Түкпір көлде. Бүгіндер байдың аты жер-судың атында хатталып ұмытылмаған: Байдың биебауы үшін арнайы тартылған Жалаңаш өлкесінде Қарабұйра жағына тартылған «Ұлтарақтың бұрма бұлағы».
Бір аптаған созылған Ұлтарақтың асын беріп, тұлын жыққаннан кейін көп кешікпей бай әулетінің берекесі қашып, құты кетіп, дәулеті шайқала бастайды. Сан-саққа жүгірткен жұрт оны байдың өз басына ғана біткен құтпен, қара бура, Жарыққарын атының мерт болуымен, асақ жылқыны бей-берекет союымен байланыстырады. Қалай дегенмен, кешікпей күллі әлемді дүрліктірген араласапыран басталып, ақ пен қызылдың дүрбелеңі, төңкеріс, қашқан-қуған, тәркілеу, байларды тап ретінде жою, бай-кедей болып тәжікелесу, күресу тәрізді бірінен соң бірі Алтай қазақтарына тыным бермеген оқиғалар Ұлтарақ бай ұрпақтарын торғай тоз етіп жіберді дейді Қобда бетіндегі немересі Сексенбай ақсақал. Олар Өр Алтайға Жаламағ айдаған, Шүйге ауған, Буыршын өлкесіне үркіп барған тәрізді сүргіннен кейін мал дәулеті ортайып, жиған-терген қазынасы түгелдей дерлік қолды болып кете барады. Ақырында құдасы Жәңгір төренің ауылын паналайды. «Кедей байыса қырық жыл кедей табы кетпейді, бай кедейленсе бай табы қырық жыл өшпейді» дегендей кешікпей Ұлтарақ балаларына өзіне жетерлік дәулет-мал бітеді.
Ұлтарақ байдың бәйбішесінен туған ұлы тараған Дүтбай зәңгінің балаларынан тараған Шәкей, Тұрысбек ұрпақтары Шыңжаңда Алтай аймағының Буыршын ауданында, Байқазан ұрпақтары Жайыр тауы өлкесінде тұрады. Ал тоқалына туған Әбіш, Бақдәулет, Шындәулет ұрпақтары жергілікті халықтың атайтын Қобда бетінде, яғни Моңғолия аумағында қалған (Ұлтарақтың қыздары Хадиша, Зейнеп, Дінасыл, Жанасыл, Әшетай). Оның өзіндік тарихи-саяси себебі бар: Алтайдың Өр Алтай мен Қобда беті 1911 жылға дейін Бейжінге тікелей қарайтын ерекше мәртебесі бар бірегей әкімшілік бірлігі болуында. Және социализмнің салатанат құра алмай әбігер болып, арпалысқан шағында, Қытайда коммунистік төңкеріс жеңіске жетіп, ондағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы Кеңес Одағы тарапынан маңсұқ етілгенге дейін, яғни 1950 жылдарға дейін ондағы қазақтардың арадағы барыс-келіс, үрку-тоқу, ауу-көшуінің бір сәт толастамауымен тікелей байланысты болды. Сондықтан Қобда мен Өр Алтай бетідегі қазақтардың Қос-ағаш пен Кенді Алтай (Зайсан—Марқакөл деп те атайды ждергілікті жұрт) өңіріне қарай қашып-босып бас сауғаламаған ағайын, жекжет, нағашы-жиені ма қандай бір туысқаны болатындығы осыдан.
Ұлатарқтың қара шаңырағыда отырған Сексенбай Шындәулетұлы Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, ұзақ жылдар бойы сауда-тұтынушылар саласында қызмет еткен жан, жұбайы Күміс Қарашқызымен он бір бала тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы, Баян-Өлгийдің Алтай сұмынында тұрады.
Егемендіктің таңымен Атамекенге жиналған қазақтар бабалар аңсаған елдікті есейтуге, шерменде өткен ата-апаларының аманаты орындап туған-туысқандарымен кең жерде қауышып, бейқам өмір сүруге шартараптан жамырасып табысып жатқандығы тарихи бақыт, жан тебіренерлік оқиға. Хинаят Бабақұмар
Парақшамызға жазылыңыз