//

Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!

1467 рет қаралды

Мемлекеттік рәміздерді еске алсам былтырғы қаңтардың қисыннан тыс құбылыс болған қанды оқиғасы көз алдыма келеді. Тәуеліздік алаңының төрінен Қазақ Елінің Көк Туын жайқалта көтеріп, тұман мен түтіннің арасынан қарсысынан қарша бораған оққа апай төсін төсеп, тайсалмай тұрған қас батыр Сіздердің де естеріңізде болар. Менің көкейімнен әлі күнге дейін сол бейне өшкен жоқ, керісінше бір сұрақ жанымды мазалайды да тұрады. Ол сұрақты сіздер де өздеріңізге қоятын шығарсыздар.

Кез-келген мемлекеттің елдік рәміздерінің ішіндегі ең айшықтысы, Мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін, әлемдік ареналарда Елдің аты-затын паш етіп, айқындап, алдымен Көкке көтерілетін символы – Ту! Ал біздің Ту Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 24 қаңтар күнгі “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен белгiленген.

Күнді құшқан қас қыран,
Аясында қалқыған
Аспан түсті туым бар
Көк теңіздей шалқыған.

Тәжім етіп бас иер,
Туы елімнің егемен.
Тұтастығым куәсі
Туғандай бір енеден.

Елдігімді әлемге
Паш ететін байрағым,
Тұнық менің көгімдей
Әуемде мәңгі жайнаған!

Тарихқа жүгінсек, жаугершілік заманда бірінші кезекте жаудың туын жығу үшін шайқасады екен. Туы жығылған ел жеңілген ел, ал Туы тігілген ел жеңген ел болып есептеледі. «Жайқалған туың жығылмай…» деген аталы сөз содан қалса керек. Ал енді көкейді тескен сұрақ: Ел ішінде, ол мейлі билікке (халыққа, ұлтқа емес) қарсы болсын, Ту көтерген Азаматты атуға бола ма?

Ту мен Батыр және стайпер

Алматыны,
Аспанда айды дауыл шайқалтып,
Адам жанын суырып алып жатты жай тартып.
Дос па,
Қас па білмеймін.
Көк Туымды тік ұстап,
От пен оқтан бір Батыр алып шықты жайқалтып.

Өлімге өмір,
Өмірге
өлім тұрды тіреліп,
Терезеден түнеріп телміреді тірі өлік.
Жарылған доп.
Айнала, Алаң тұман.
Тиді оқ.
Туға Батыр,
Тік тұрды
Батырға Ту сүйеніп!

Ақиқатқа жабылған кім көтерер жаланы?
Айдың жүзі ақиып, атқан жоқ-ты таң әлі.
Кінәлі ме ол бейбақ?
Басқан сәтте шүріппені,
Ағып түсті асфальтқа снайпердің жанары! (26.01.2022ж.)

         МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар