10-11 маусым күні Республика сарайының алдында тегін халықаралық фестиваль өтті. Фестиваль заманауи этникалық музыка жанрында болды.
Қала тұрғындары Алматы орталығында өзге ұлттардың салт-дәстүрі, тағамдары және музыканттарымен танысты. Көптеген ойындар ойнатылып, жүлделер берілді. Балаларға арналған арнайы ойындар да бар. Кейбірі этно-фольклорлық жәрмеңкеге шықты. Фестивальға Иран, Италия, Түркия, Өзбекстан және т.б елдер қатысты. Қазақстаннан әлемге әйгілі “Hassak” және “Turan” тобы өнер көрсетті. Бұл жобаның бас серіктестері – Magnum және Kaspi.kz. Фестивальға қатысу үшін келген өзге ұлт өкілдерін Novotel және Oi-karagai демалыс орындары қарсы алды.
Жәрмеңкеге шыққан Алматы тұрғыны Анна өзінің жұмысы жайында айтып өтті. “Мен жыл сайын фестивальдарда жәрмеңкеге шығамын. Биыл жетінші жыл. Өзім қолдан күнделік жасаймын. Жеке меншік дизайнмен жасап, қолдан тігемін” – деп атап өтті.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде әр елдің ұлттық тағамдары да сатылымға шықты. Түркия елінің тағамдарын “Degirmen” кафесі қамтамасыз етіп отыр. Өзбекстан, Татар, Қырғыз елдері де жәрмеңкеде болды. Қырғыз елінің тұрғыны “Мен тек жәрмеңке үшін келдім. Қырғыз елінің ұлттық шоколадын сатылымға шығардық” – деді.
Фестиваль ерекше атмосферада өтті. Себебі, Алматы тұрғындары этно және заманауи стилінде киініп келген. Музыканттарға көрермендер үлкен қолдау білдіріп, шабыттанып қайтты. Алайда, кейбір тұрғындар этно-музыканың жанкүйері емес екендігін ашық айтты.
Соның бірі Ерболат Айдос – “Бұл фестивальға мен қызығып келдім, бірақ музыка жанры мүлдем менікі емес екендігіне көзім жетті. Әрине үлкен еңбек және шабыт сыйлайды. Бірақ, бұл музыка жанры маған қатты ұнады дей алмаймын. Алматы тұрғындарына көзқарасым өзгерді. Көпшілігі бүгінгі күн үшін арнайы образ дайындап, ерекше киініп келген. Барлығы үлкен қолдау білдіріп, сахна сыртында еркін билеп жатыр. Халықтың энергиясы маған қатты ұнады” – деді Алматы тұрғыны.
Айта кетейік, бұл фестивальдің негізін қалаушы Батыр Қазыбаев. Этно-фестиваль ең алғаш рет 2013 жылы жарыққа шықты. Биыл 10 жылдық мерейтойы. Ал, фестивальдің өзі tengrinews негізін қалаушы Батыр Қазыбаевты еске алуға арналған.
Назерке Базарбек,
Алматы
Парақшамызға жазылыңыз