/////

Мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақыны цифрландыру көп мәселені шешер еді

5544 рет қаралды
1

“Мінбер” ақпарат агенттігінің “Мүгедектігі бар тұлғалардың мұңы”   жобасы аясындағы кезекті эфирі “Мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет бөлетін қаражатты цифрландыру” мәселесіне арналды. Эфир қонағы – Ұлттық комиссия мүшесі Гүлнар Умарова.

– Гүлнар ханым, өзіңізді толығырақ таныстырып өтсеңіз.

– Қайырлы кеш, құрметті көрермендер. Мен мүгедектігі бар азаматтар мәселесін 5-6 жылдан бері көтеріп келе жатырмын. Өзім – қоғам белсендісімін, көп балалы анамын. Құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін барлық азамат тең құқылы. Бірақ мүгедектігі бар азаматтар өздеріне немесе балаларына қатысты кейбір мәселелерді шеше алмай қалады.

«Аманат» партиясында Кедергісіз келешек деген бағдарлама болды. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында мүгедектігі бар азаматтардың мәселесін көтердік. Әрине, әлеуметтік мәселелерді бірден шешу қиын болды. Министрліктермен, әсіресе Еңбек министрлігімен бірнеше жиналыс өткіздік. Ең өзекті мәселе – баспана мәселесі. Қателеспесем, әр өңірде тұратын 30 мың отбасында баспана қиындығы болды. Мәселен, мүгедектігі бар балалардың ата-анасында жұмыс істейтін мүмкіндік жоқ. Сол себепті де баспана алуға болатын бағдарламаларға қатыса алмайды.

Қазір бұл мәселені шешу жолын мемлекет тарапы, әрбір өңірдегі әкімдіктер жан-жақты қарастырып жатыр. Айталық, Астана мен Алматы сияқты үлкен қалада үйлер салынып жатса, ауылдар мен аудан орталықтарында ондай құрылыс жоқтың қасы, сондықтан   баспана мәселесін шешу қиын. Қазір елде демографиялық өсім бар. Адамдар мегаполистерге көшіп баруға тырысады, себебі баспана алуға мүмкіндік бар, кезекке тұра алады, оңалтуға барып, сапалы медициналық көмек ала алады. Ал ауылды жерлерде тіпті, қажет дәріні алудың өзі өте қиын мәселе.

Менің ұсынысым – мүгедектігі бар азаматтарға мемлекеттен бөлініп жатқан барлық ақшаны цифрландыру. Айталық, сіз балаңызбен невропатологқа, хирургке, жалпы дәрігерге бара жатсыз, цифрландырылған әмиянда медициналық көмекке осынша ақша кетті деп жазылып тұрса, енді сізге мемлекеттен осындай дәрілер тегін немесе 50% жеңілдікпен берілу қажет деп жазылып тұрса…  Бұл қызмет ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолы жетсе.

Мадина Әбілқасымова министр болған кезде І топтағы мүгедектігі бар азаматтардың ем-шарасына 4,4 миллион теңге бөлінген екен. Алайда, адамдар бөлек бұл ақшаны көрмейді, сезінбейді. Яғни, емдік шараға қанша ақша бөлінуі қажет, оның қайсысы тегін емес екенін нақты білмейді. Ол туралы жан-жақты ақпарат аз. Мүгедектігі бар баласы бар азаматтар немесе мүгедектігі бар азаматтың өзі болсын ақпаратты білуге хақы бар. Олардың құқығы қашан да қорғалуы керек. Ем-шараға бөлінетін ақша туралы әсіресе, ауылдағы азаматтар білмей қалады.

Ұлттық комиссияда бір ай бұрын бір жақсы жоба басталды. Бүкіл Қазақстан бойынша, ауыл-аймақтарда, соның ішінде медициналық көмек аз жерлерге медициналық пойыз баратын болды. Әр саланың дәрігерлері, медиаторлар, заңгерлер азаматтарға көмектесуде. Қай жерде қандай құқығы бар, қандай санаторийлерде емделуге болатыны жайлы ақпар беруде. Ауыл тұрғындары үшін мүгедектігі бар деген қағаз алудың өзі қиынға соғады. Өйткені, бюджетте, сақтандыруда ондай қаражат көрсетілмеген. Яғни, егер де ауылдық жердегі азамат диагнозы туралы қағаз алу үшін аудан орталығына, одан кейін қалаға баруы керек болса өз қаражатымен барады. Тек барып қана қоймай, ауруы бар екенін дәлелдеу үшін бірталай  қаралуы қажет. Содан кейін өзіне тиесілі қаражатты ала алады. Мұндайда бағана айтқан пойызбен барған дәрігерлердің көмегі зор. Олар азаматтың қандай ауруы бар екенін анықтап, диагностика жасай алады.

Өз құқығы жайлы кәсіби заңгерден кеңес ала алады. Қазір ғаламтор заманы, цифрландыру заманы, портал арқылы мүгедектігі бар жан өзіне қажетті заттарды ала алады, таңдай алады деп жиі айтамыз.  Алайда, еліміздің кей жерлерінде ғаламтор жоқ. Мына пойыз әсіресе, сондай ғаламторы жоқ ауылдарға тиімді. 

 – Гүлнар Мансұрқызы, Әлеумет порталы айтылған мәселеге қатысты бір істі қолға алды ма? Әлде бұл алдағы жоспарда бар ма?

 – Еңбек ресурстары агенттігіне барған кезімде қаланың қанша адамы, қанша ауыл тұрғыны порталды пайдаланады деген  статистиканы айта алмады. Менің алаңдайтыным – өңірлердегі  азаматтардың санаторийге барып не бармай жатқандығы жайлы мәліметтің жоқтығы. Мемлекеттен бөлінген ақша аз болса да, тиесілі тұлғаға жетуі керек. Ал маған жеткен дерек бойынша ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандар мүлдем санаторийге бармаған, барғандары ондағы жағдайдың нашар екенін айтты. Арбамен тіпті асханаға бару қиынға түскендігін жеткізді. Цифрлы заманда бюджет ашық болу керек.

 – Сіз цифрландыру болса жақсы деп айтып жатырсыз. Осыған байланысты, мүгедектігі бар азаматтарды оқыту қолға алынған ба?

 – Менің көргенім – Алматы облысында, Алматы, Шымкент және Қарағанды қаласында “Тең қоғам” мамандары үйретеді. 100% барлығы қамтылды деп айта алмаймын, мемлекеттік органдарға қойылатын сұрақ шығар. Менің көргенім, барған өңірлерде ақпараттандырып, үйретіп жатады.

– Әрине, бұрынғыға қарағанда Әлеуметі порталындағы қызметтер, тауарларды таңдау қазір кішкене жеңілірек. Өз бабына сай, қажеттілігіне сай таңдайды. Сонда ем-шараға қатысты мәселе бар. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының айтуынша, балаларға арналғаны аз дейді. Немесе санаторийлерде орын жоқ екенін айтты. Осыған қатысты не айтасыз?

 – Осыған қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, Президент бұйрығымен реабилитациялық орталықтар ашылып, салынып жатыр. Әртүрлі демеушілер көмектесуде. Әрине, жеткіліксіз. Бірақ заң бойынша мүгедектігі бар азамат, мүгедектігі бар бала мемлекет қарауында емес. Ол сол отбасының мойнына түседі. Шын мәнінде, қаражат бір адамға жеткіліксіз. Бұл тек қана Еңбек министрлігінің ғана емес, Үкіметтің жауапкершілігі.

Сондықтан заңды қайта қарау қажет. Әлеуметтік желіде де өзім жазам. Бөлініп жатқан ақшаға әкімдер бір күн де өмір сүре алмайды. Яғни, бөлінген қаржы мөлшерін, жәрдемақы мен дәрігерді, реабилитация қаржысын қайта қарау қажет. Тек отбасы емес, мемлекет те жауап беретін болса, онда қаражат одан да көп болады және жымқырылмай, керек жеріне жете алады.

Қазір әртүрлі Конвенцияға қол қойып жатырмыз. Дамыған елдер қатарында болғымыз келсе, инклюзивті қоғам болып мүгедектігі бар жандарға жағдай жасалып, ең бастысы, баспана мәселесі шешілсе, жағдай жақсарады деп ойлаймын. Әлеуметтік желіде байқағанымыз бойынша, реабилитацияға халықтан қаржы жиналып жатады. «Қазақстан халқына» қоры ашылды. Осы тікелей эфирді пайдалана отырып, айтқым келгені – қорға өтініш тастауға болады. Қазақстанда немесе шетелде ем алуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта жақсы өзгерістер болып жатыр. Әлеуметтік осал топтарға неғұрлым жақсы жағдай жасасақ, мемлекетіміз де алдыңғы қатарлы елге айналып, экономикасы жақсарады деп ойлаймын. Мүгедектігі бар азаматтарға білім берілуі қажет. Өйткені, өзге мемлекеттерде аутизммен ауыратын адамдар қабілеттерін пайдаланып  жақсы қаржы таба алады. Әсіресе ІТ саласына қабілетті болып келеді. Демек, бұл жерде тек жәрдемақыға қарап отыруға әдеттендірмей белгілі бір дағдыға үйретуді мақсат етсек.  Мысалы, көзі көрмейтін адамдар массажды жақсы жасайды, оған олардың сезімталдығы көмектеседі. Әрбір азаматқа мамандық иесі болуға мемлекет тарапынан көмек жасалғаны жөн.

Мүгедектігі бар азаматтың мәселесін Мәжілісте, Ирина Смирнова көтеріп жүр. Қазір Мәжіліс депутаты Сейітжан Кенжеғұлұлы деген кісі бар. 5-6 тіл үйренген, бес жасында жанарынан айырылған, жанұясында 20-шы бала. Бүгін таңертең Нью-Йорктен бізге сәлем жолдады. Ол да мүгедектігі бар азаматтардың мәселесін көтереді.

Ең бастысы – азаматтардың білім алуына мүмкіндік жасау керек. Осыдан, қателеспесем, 7 жыл бұрын Алматыда “Ұлы дала ханшайымы” деген өте жақсы жоба болды. Бұл жерде арбадағы әйелдер биледі. Үлкен конкурс болды. Бәйгеге машина тігілді. Төрт қабырғада отырған әйелдерге макияж жасап, әдемі киім кигізіп, биге үйретіп дегендей. Қазір сол кісілер әрбір өңірде, Мәслихатта депутат болып отыр. Өмірге құлшынысы артып, көзқарасы өзгерді. Жұмыс істеп қоғамға пайдасын тигізуде. Ұзақ жыл далаға шықпаған кейбір азаматшалар сол конкурс арқылы өмірін өзгертті. Мүгедектігі бар азаматтарға қоғам болып мүмкіндік жасасақ ары қарай олар өздері алып кетеді деп ойлаймын. Жағдайы жақсы адамның көңіл-күйі жақсы болады, жұмысқа да, өмірге де құлшынысы артады.

Тікелей эфирді жүргізген Жанар Оспанова,

Мәтінін түсірген Әдемі Ғазизова

Жалғасы бар

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар