“Мінбер” ақпарат агенттігінің “Мүгедектігі бар тұлғалардың мұңы” атты жобаның аясындағы кезекті эфир “Мүгедектігі бар азаматтардың мемлекеттен бөлінетін қаражатты цифрландыру” мәселесіне арналды. Эфир қонағы – Ұлттық комиссия мүшесі Гүлнар Умарова. Бүгін сол эфирдің жалғасын назарларыңызға ұсынамыз. Басы мына сілтемеде.
– Ия, сізбен келісеміз. Осыдан бірнеше эфир бұрын Тең қоғам қызметкерлері, басшылары тікелей эфирге қатысқан Сол жобаның негізгі мақсаттарының бірі – әлеуметтендіру, жұмыспен қамту екен. Ал енді, Гүлнар Мансұрқызы, тағы бір сұрақ: мүгедектігі бар азаматтарға бөлінетін қаржыны цифрландыру сөзіне анықтама бердіңіз. Сіздің тілегіңіз бойынша, мүгедектігі бар азаматтың электронды әмиянының болуы дедіңіз. Әмиян қайда болғаны дұрыс? Әлеумет порталы базасында ма, әлде екінші деңгейлі банк пе?
– Ол электрондық әмиян сияқты болады. Яғни сіз қай жерге баратыныңызды таңдайсыз. Сарыағашқа барасыз ба, Бурабайға барасыз ба, басқаға барасыз ба, сонда бөлінген қаражат көрініп тұрады. Бұл жерде проблемалар да көп, кейбір әкімдіктер, мысалы Қарағанды облысында қасындағы еріп жүрген адамдарға қаражат бөлінеді, демалысқа жолы төленеді. Бірақ басқа өңірлерде бөлінбейді. Менің үлкен арманым – ең бастысы мемлекеттен бөлінген қаражат әрбір тиынға дейін барлығы азаматтарға көрініп тұрса. Әйтпесе біз реабилитацияға қанша қаражат кеткенін білмейміз ғой.
Қарапайым санаторийге барғанның өзінде демалыстың ақысын, оған бөлінген бюджет қанша екенінен бейхабармыз. Қандайда бір цифр бар, бірақ ол сапалы болуы үшін «сізге қосымша мына қызметті сатып алу қажет, мынаны істеу керек», – деген барьерлер өте көп. Барлығы ашық түрде болуы қажет, сол жерде сіз портал арқылы өміріңіздің сапасын жақсартатын жақсы дүниелер сатып алуыңыз қажет. Дегенмен күнделікті жүріп тұруға қажетті жақсы арбалар өте қымбат тұрады, сәйкесінше мемлекеттен бөлінген қаражат оны сатып алуға жеткіліксіз. Сондықтан бұл жерде ата-аналарды жұмысқа тарту қажет. Ең бастысы әлеуметтендіру кезінде шетелдегідей адамдарды бір-бірімен таныстырып, әр баланы өз қабілетіне сай әнге, биге, спортқа, театрға т.б. ұтымды бейімдеп, пайдалануға дағдыландырса қоғамға бірден сіңісіп кетуге болады. Бірақ бізде қарапайым сап-сау адам құрылыста жұмыс істеп жүріп, жарақат алып, мүгедек атанса, оған ешкім арбаға отыруды, оны қолдануды үйретпейді. Сондықтан психологиялық жағынан адамдар жабылып қалады. Әлеуметтік желіде азаматтар осындай проблемаларды көтерсе, бір-біріне медеу болар еді. Біз бар мүмкіндікті пайдаланып, мүдегектігі бар адамдарға қамқорлық жасауға бала-шағамызды, айналамызды үйретуіміз керек.
– Міндетті түрде сіздің ұсыныстарыңызды ескереміз, бұл өте құнды. Көп рақмет. Енді кейіпкерлерімізге сөз берсек. Назира ханымның мүмкін сізге сұрағы болар.
Назира ханым:
– Гүлнар ханымның сөздерінің барлығы орынды, толықтай қосыламын. Себебі цифрлық сауатты болған дұрыс. Егер барлығы Гүлнар Мансұрқызы айтқандай цифрланып тұрса, әр адам өз қажеттілігін, қаржысын білер еді. Менің ұлымның диагнозы – аутизм. Балаға санаторий мен курорттық ем негізінде жоқ. Бірақ осы жылдың 1-ші маусымынан бастап заң бойынша тағайындалған екен. Дегенмен біз бұл қызметке жазыла алмай жүрміз. Екінші мәселе – реабилитация. Оңалтуды ашық түрде жасаса, қандай бала қай жылы барды, соның барлығын бақылауға бізде мүмкіндік болса және оңалтуға өз бетімізше портал арқылы жазыла алсақ жақсы болар еді.Үшінші мәселе – әр қаланың оңалту орталықтарымен толық қамтылуы. Қарағанды қаласы бойынша бізде тек «Үміт» және «Шипагер» қайта оңалту орталықтары жұмыс істейді. Онда да бұл кешендер ДЦП диагнозы бар балаларды емдейді. Алайда қаламызда психикалық бұзылыстары бар балаларға арналған оңалту кешені жоқ. Кез келген мүгедектігі бар бала үшін реабилитация мәселесі өте өзекті. Себебі білікті мамандары бар орталықтардың саны өте аз. Қарағанды кішкентай қала емес. Аутизмге шалдыққан бүлдіршіндердің де саны аз емес. Неге осындай оңалту сауықтыру кешендерін әр қалада, өңірде ашпасқа? Неге әрбір бала мен ата-анаға қолжетімді, өз кезегін еш қиындықсыз бақылай алатын портал ашпасқа? Сонымен қатар, оқу мәселесі де өзекті. Біз мектепке мұқтажбыз. Тек ауытқушылығы бар балаларға арналған емес, жалпы мектептер жетіспейді.
Гүлнар Мансұрқызы:
– Білікті мамандар мәселесін айтып өткеніңіз орынды болды. Себебі кей орталықтардың саны бар, бірақ сапасы жоқ. Сондықтан бұл жерде барлық мүмкіндікті пайдаланып, сұраныс жіберейін. Қолдан келгенше барлық өңірдегі мектеп мәселесін шешуге тырысайық. Ал оңалту бойынша біз бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігіне порталдың ашық жұмыс жасауын қарастыру туралы айтқан болатынбыз. Сізге сабырлық тілейміз. Баланың денсаулығы тәуір болып кетсін. Сіздің белсенділігіңіз жақсы нәтижелерге алып келеді деп ойлаймын.
– Назира ханым, уақытыңызды бөліп сұрақ қойғаныңызға көп рақмет. Әсел ханымның сұрағына тоқталсақ: «Менің балам Катап Амерлан 3-ші топтағы мүгедек. 3-ші сыныпты бітірді. Бірақ әлі сабақ оқып, жаза алмайды. Диагнозы – эпилепсия СДВГ. Баламды 3 ай сайын Өзбекстанға емге апарамын. Балама емге деген арнайы көмек бола ма? Осындай диагнозға шалдыққан балаларды елімізде неліктен емдемейді? «Қазақстан халқына» қорынан да көмек ала алмадым. Баламды қанша жерге апарсам да, Өзбекстанның емі жақсы болды. Сол емге баруға көмек көрсетсе екен деймін. Әр 3-4 ай сайын жалғыз басты анаға 600 000₸ қиын».
– Бұл сұраққа тікелей жауап бере алмаймын. Дегенмен сіздің дәрігеріңіз «Қазақстанда ем-дом жоқ» деп мәлімдеуі керек. Кей адамдар қорға сұраныс бергенмен, басты шартты білмей жатады. Елде емдеу жолдары жоқ деген анықтама болса, жағдайды қайта қарауға болады. Сондықтан Әсел ханымға қайтадан қорға өтініш беруді ұсынамын. Тең қоғамға барып, нақты елде емнің бар жоғын анықтаған жөн. E.otinish сайтында диагноз бен оңалту шарттарын көрсетіп жазып, мамандардың жауабына да жүгінген дұрыс деп ойлаймын. Ең басты мәселе – диагнозды дұрыс қою және оның емін сапалы жүргізу. Біздің қазақстандық ғалымдар шетелде айтылып жатқан жаңалықтарға дұрыс баға берсе, яғни кәсіби деңгейін арттырып, ресми ақпарат таратса аналар үшін жаңа үміт көзі болар еді. Сенатта да, парламентте де мүгедек жандарға көңіл бөлініп жатыр. Үкімет жауапкершілік алып заң бойынша тек отбасы жауап бермей, билік те жауап берсе қаражат та көп бөлініп, отбасының жағдайы дұрысталады.
– Иә, жуырда ғана ҚР президенті мүгедектігі бар адамдар жайында конвенцияны ратификациялады.
– Мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға мемлекет қамқор бола білсе, сонда ғана ол зайырлы болады. Сіздер неғұрлым белсенді болсаңыздар, үндеріңіз соғұрлым естіледі. Ешкім де «мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі маған қатысты емес», – деп қарамауы қажет. Бұл барлық қоғамды алаңдатар проблема.
– Негізгі сұрақтарымызды қозғадық, біраз жауап алдық, бүгінгі эфирге қатысып, уақыттарыңызды бөлгеніңізге көп рақмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Көріскенше күн жақсы! Сау болыңыздар!
Тікелей эфирді жүргізген Жанар Оспанова
Түсірген Альбина Болатова
Парақшамызға жазылыңыз