////

Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

4155 рет қаралды
ЕСЕ ҚАЙТАРУ (жалғасы 4)
Бір күні Аязбай жылқының түнгі күзетінен соң көл жағасындағы жуан қара жартастың бауырына қара атты қаңтарып қойып, терлігін күнге жайып тастап, ерін жастанып дамылдап жатқан еді. Аспан айық. Күн деген күмістей болып мөлдіреп тұр.
Қотырақ жарқабақтың сырт жағынан орап, үстінен келіп үңілді. Қаннен-қаперсіз дырдай болып, төрт аяғы төрт жақта, талтайып, тырайып ұйықтап жатқан Аязбайды көрді. Қырдан шегірткенің шырылы, торғайдың шиқылы естіледі. Мамыражай уақ. Төбесінен төніп тұрған бейсауат адамды сезген жалбас қара ат шұлғынып, оқырануынан оянған ол бетіне бүркеген елтірі бөркінің бір шетін көтеріп, бір көзін сығырайтып, ұйқылы-ояу, оңға бір, солға бір бұрылып қарады да қайтадан тыныштала берді.
Оның әр қимылын жоғарыдан бағып тұрған Қотырақ дәлдеп тұрып бармақ басындай қолындағы қиыршық тасты жіберіп қалды.  Аязбайдың жалтырап жатқан құйқасына тиген тастың дауысы тыныштықты бұзып, кәдімгідей, керіп қойған кепкен тулаққа бұршақ түскендей торс етіп қатты шықты. Ол шошып оянды.
Құдды қараған, бұта түбінен қарғып шыққан қояндай атып тұрды. Атып тұрды да тас тиген шекесін сипап еді, қандауырмен шетіп жібергендей шекеліктен шып-шып шыққан жып-жылы қан  алақанына жұқты.  Ол ердің қасына ораулы шумақтаулы жатқан алты құлаш өрмелі сары қайыс шалма арқанды сыпыра іліп әкетті. Қара атқа қарғып мініп жартасты айналып шауып шыға келді.
Анадай жерде әлде кім зытып барады. «О, әкеңнің….». Қара атты тік қарғытып ұмтылған Аязбай құлдыраңдай ұшқан балаға арқан бойы таяғанда шалманы тастады. Дөңгелене ұшқан қайыс арқан Қотырақтың белуарынан түсті. Ол шалманы ірке тартты. Талай қашағанды тырп еткізбес қара аттың қимылы да әбжіл, жалт бұрылды. Шалқалап барып ұзынынан түскен Қотырақ неше аунап арқаннан шап беріп қос қолдап ұстай алды.  Аязбай оның жығылғанына, айғайына, бақырып-шақырғанына қараған жоқ дырылдата сүйреген бойы бар екпінімен келді де ат-матымен көлге қойып кетті. Олармен бірге шапқылап, тілі салақтап бір ақ төс ит жүр. Арасында арс-арс етіп абалайды.

Көл жақтан қаңқылдап ұшқан қаздың, арсылдап үрген иттің даусын естіген Базарқұл батыр мен Шақабай батыр бұрылды. Бұлар кезекті бір жорықтан жаудың бетін тойтарып тастап  қайтқан беті еді. Бірде ашуланып, бірде басылып, шаршап келе жатқан-ды. Бағанағы Қотырақ тұрған жар қабақтың тұсына келді. Бұл жерден айдынның беті алақанға салғандай көрінеді екен. Аспан айық. Айдын беті мөлдіреп жатыр. Суда әлде кім ары-бері ат малтатып жүр. Аттың арт жағында суға бір матып, бір шыққан әлде не қараң-құраң етеді. Қос арысты көрген үлкен ақ төс ит тіпті шебелене үрді. Біресе жағаға жетіп барып көлде жүргендерге қарап арсылдаса, біресе аттыларға қарап үреді.
– Мынау біздің ит қой, бәтіреке.
– Ойпырмау, Базеке, мыналар ойнап жүргендер ме?
– Ойбайлатып сүйреп жүргендеріне қарағанда шындап жүр-ау.
Шақабай батыр атты борбайға бір осып өтті де тебініп қалып көлге қарай жар қабақтың оң жағындағы тікпен «айт-айттап» айғайды салып, сүрдектетіп ұмтылды.
Жоғарыдан өздерін анық байқаған салт аттыларды көрген Аязбай атын суда шыр көбелек айналдырып ат құйрығынан тасқып ұстаған Қотырақты иық пен білек аралық тоқпан жіліктен шап беріп қармай ұстап су толтырған іннен суыр суырғандай суын сорғалата суырып алды да алдына көлденең өңгеріп жағаға қарай жүзе беттеді.
Ол қарсы алдында, көлдің құмды жиегінде, талай мәрте жекпе-жекке шығып, әбен машықтанған оқтаудай жараған, жалбас қара қасқа атты тік қарғытып тұлан тұтып тұрған Шақабай батырды көрді. Жазбай таныды. Оның тура қарсысынан шықпай қиыс жүзе барып көл жағасына шықты. Қара қасқа атты екі-ақ секіртіп жеткен Шақабай батыр әй-шүйге қараған жоқ жеткен бойда Аязбайды қамшымен басынан асыра тартып қалды.
Қамшыгер Шақабай батырдың қамшысы қата тисін бе? Ат үстінен дөңгелеп ұшқан Аязбай аяғы көктен келіп жерге былш ете түсті. Ал Қотырақ ер үстінде көлденең күйі салақтап тұр. Екпіндете Базарқұл батыр да жетті. Ат үстінде салбырап тұрып әкесіне бір, айбарлы атасы Шақабай батырға бір жасырына, екі көзі қолға түскен қасқырдың қара құлақ бөлтірігіндей болып қараған Қотырақ ерден ақырын сырғып түсті де аяғы жерге тие көлге қарай зыта жөнелді. Көлге түсіп кетсем тиіспес деп ойласа керек. Бірақ пәледен қашып құтылатын заман өткенін де, тұтқиылда тап болған жағдайға қарай әрекет ету керек екенінде  ойлап барады.
– Айт! – деп қалды Әкесі артқы жағынан. Әкенің ащы үнді, зор дауысын естіген ол құмды күрей кілт тоқтап, кері бұрылды. Бұрылмай, екі секірсе көлге тұмсығын тығып тұрған мүйіске ілініп, тасаға түсіп, құтылып та кетер еді. Бірақ… Әке айтты. Болды. Әке сөзі – бұйрық. Бұйрықты бұлжытпай орындау – тәртіп. Бұзу – жаза. Бұл – жазылмаған заң.
– Бер кел! – Аязбай да лезімде есін есін жиып орнынан көтеріліп жатты.
  –  Атасы басқа неме ғой, қайтесің қамшы көтеріп. Осы да жетер. Аяздың алақаны оған майдай жағады,–  деді Базарқұл батыр Шақабай батырға Аязбайды қорғаштай сөйлеп. Қотырақ басы қақшиып, ілби басып кеп Аязбайдың қатарына қосылды. Базарқұл батыр  кесімді сіз айтыңыз дегендей Шақабай батырға қарады.
– Әй, Қотырақ,– деді  Шақабай батыр,– Қотырақ бір көзін қысып, басын қылжитып, ат үстіндегі атасына қарады.
– Аязбай – аю, сен – қонжық. Аюдың күшігі. Аю ашуланса ақылынан айырылып қалады. Ақылсыз хайуанның ұрғашысы ашу үстінде, ашуына ие болмай не бір айуандықты жасап қоюы мүмкін. Бұдан былай Аяздың жынына тимей жүр.
– Шақай ата, біз ойнағамыз.
– Ой, сендердің ойындарыңа болайын! Ойынның да, естісі бар, есері бар. Ойнасаң да ойлап істе. Барыңдар, әрі!
Олар жалт беріп кері бұрылғанда Шақабай батыр Қотырақтың сегіз көзінен өрлей, қыр арқасын қыраттап, бел омыртқасын тұтасымен бойлап, жауырынының астына қарай жайыла біткен көкшіл жолақты көріп, басын изеп іштей «Тәубе!»  айтып, Базарқұл батырға ат үстінде бүкіл денесімен бұрылып:
– Е, Базеке, балаң жаман болмайды. Бірер жарым, балалық артық-ауыс қылығы үшін қиянат жасап қойма. Сенің тәк дегеніңе тоқтағанымен тұлабойын кернеп тұрған қуатты үнемі басып отыра алмайсың. Бір жаратушының іште, құрсақта жатқанында-ақ басып берген белгісі бар, мөрлі бала екен. Мөрлі болмаса есейгенде ендігі өшіп кетер еді. Көк көтендер көп қой. Сәби дүниеге келерінде періштесі «шық» деп құйрыққа салып қалады дейді. Нәрестенің құйрығындағы көк таңба содан қалған дейді ескі әпсана. Бірақ мына балаңның көтені бөтен екен,– деп миығынан жымиып, селдір біткен сақал-мұртын бір сипап қойды да,– таяқпен тәрбиелеймін, түзеймін деп босқа әуре болма, бұзып аласың. Еркімен өссін,– деді. Базарқұл батыр аға батыр Шақабайдың сөзін мақұлдай бас изеп, өздерінен алыстап, қол ұстасып бара жатқан екеуіне қарады.
Аязбай жүгіре басып анадай жерде шылбыр, жүгенін сүйретіп жайылып тұрған атын ұстады. Жарқабақтың алқымында қалған еріне барып, кепкен терлігін бір-екі рет уқалап жұмсартып, атын ерттеді де, Қотырақты міңгестіріп алып шоқырақтатып желе жөнелді. Ердің артқы қасынан тасқып ұстап, қоқаңдап, селкілдеп, құйрығымен аттың арқасын түйгілеп бара жатса да қылжағын қоймайды қу бала.
– О-оң-бай же-едің ә, қа-амшыны? Хиқ.
– Әй, оттамай отыршы. Кісінің қитығына тимей. Жәңегі Шақай атаның айтқан сөзі құлағыңнан ағып кетті ме? Өзің сөз ұқпайтын ақпа құлақ неме екенсің?!
–  Аяз аға, желмеші, көтенім ойылатын болды. Атыңның арқасы қырдай. Одан да шаппайсың ба.
(жалғасы бар. Басы: мына; мына және мына сілтемелерде)
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар