//

Ғалымжан Жақиянов: Путинсіз Қазақстан (І бөлім)

1259 рет қаралды
Еліміз саяси өзгерістердің қарсаңында тұр. Әңгіме 2019 жылдағыдай бірінші президент өз орнына екіншісін тағайындайтындай өзгеріс жайлы емес. Әңгіме мемлекеттің саяси жүйесінің табиғатын түбегейлі өзгерту турасында болмақ. Әсіресе, қазір Украинадағы өркениеттер арасындағы қақтығысты бүкіл әлем бақылап, нәтижесіне алаңдап отырған уақытта бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Алдағы саяси транзиттің мәнін түсіну үшін 1991 жылдан бері жүріп өткен жолымызға қысқаша шолу жасасақ.
НАЗАРБАЕВ КЕЗЕҢІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
Совет Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда мемлекетке тән барлық формальды институттар құрылды. Ата-бабаларымыздың жерін сақтап қалдық, экономикамыз нарықтық қатынастарға көшті, елімізде ұлтаралық татулық сақталып, азаматтық соғысқа жол берілмеді. Мұның өзі үлкен жетістік, себебі КСРО-дан шыққан республикалардың барлығы осылайша мақтана алмайды.
Алайда, президент билігін есепке алмағанда, егеменді елдің негізін құрайтын басқа саяси институттардың бәрі де құрғақ сөз болып шықты. Парламент, үкімет, сот, жергілікті өзін-өзі басқару, бұқаралық ақпарат құралдары, партиялар – барлығы президент пен оның әкімшілігінің қатаң бақылауында қалып тұр. Тек атқарушы билікке сүйеніп тұрғандықтан мемлекетіміздің негізі тұрақсыз.
Сондай-ақ экономикамыздың аса монополияландырғанын, шикізатқа қатты тәуелді екенін айтуымыз керек. Үкімет орындары бұрынғыша нарық қатынастарына араласып зиян келтіреді, еркін бәсекеге және инвестицияларға жол берілмейді. Сол себептен өркендеуіміз тоқтап, бұқара халықтың жағдайы жақсармады. Егемендігіміз болса нығаймады, ел іргесі мықты боп қалыптаспады. Ғылыми тілімен айтқанда, әлсіз мемлекеттер (fragile states) қатарынан шықпадық.
Егемендік дегеніміз не? Қазақстанның нақты жағдайы қандай?
Осы жағдайда саясатта да, экономикада да, қауіпсіздік саласында да Қазақстан мен Ресей арасында тығыз байланыс орнаған. Бұдан туындайтын мәселе қалың экспорт-импорттан келер зиян да емес, өйткені әлемдегі кез келген көрші мемлекеттер алыс-беріс сауда бойынша өзара тәуелді. Мәселе біз экономикалық саясатымызды өзіміз дербес жүргізе алмай отырғанымызда және біздің «ұлы» көршіміз агрессиялық және империялық саясатын жүргізіп отырғанында. Біздің әскери, ақпараттық, т.б. салалардағы қауіпсіздігіміз осал хәлде. БҰҰ-дағы Украинадағы соғыс бойынша және басқа да дауыс берудің өзі көрсеткендей, сыртқы саясатта да өз ұлттық мүддемізге сай ұстанымымыз жоқ.
Ең айқын мысал – 2022 жылғы Қаңтар трагедиясы. Қанды оқиғаны халықаралық мамандарды шақырып, тәуелсіз тергеу жүргізуден президент Тоқаев бас тартты, ал биліктің өзі шығарған қорытындысы сенім туғызбайды. Оның үстіне Қаңтар қырғынына қатысты сот отырыстары құпия өтті. Дегенмен, Қаңтар трагедиясы бірінші және екінші президент арасындағы тартыстан туындағаны айдан анық. Нәтижесінде, жерімізге шетелдік қарулы қол кіріп, Путин қолдаған адам еліміздегі билік таласының жеңімпазы атанды. Бұрыңғы замандағыдай, билік ету жарлығын («ярлык на княжение») Кремль тапсырды.
ТАҢДАУ ЖАСАЙТЫН УАҚЫТ ТУДЫ
Біздің Ресейге тәуелді екеніміз жаңалық емес. Бәлкім, ескі жараны тырнаудың қажеті жоқ шығар. Көп жағдайда амалымыз бен жүрер басқа жолымыз шамалы болғандықтан, үндей алмадық. Алайда, жер шарындағы соңғы оқиғалар түбегейлі өзгерістер дауылы жақындағанын байқатады. Путиннің режимі күн санап әлсіреп барады, ертең немесе жыл өте құлауы мүмкін. Ресей Федерациясының тағдыры қандай болатынын білмейміз. Бұл ең алдымен олардың өздерінің шаруасы деп ойлаймын. Бірақ бұл өзгерістер бізге тікелей әсер ететіні анық. Ашығын айтқанда, мәселе мынада: Путиннің дәуірі аяқталған соң не болмақ? Біз Ресейге тәуелді боп қала береміз бе, әлде енді шығысымыздағы «ұлы» көршіміздің бодандығына кіреміз бе? Әлде нағыз егемендігімізді орнату үшін мың жылда бір келетін тарихи сәтті пайдаланамыз ба?
(жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар