////

Президент айтқан «Ауыл аманаты» жобасы халықты неге әуреге салды?

3311 рет қаралды

«Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады”-  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Жылдың басында іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігенде қуанбаған ауыл тұрғыны кемде-кем. Бұрынғы Райымбек ауданы кезінен тұрған үй-жайының құжатын білмегені қайта ауыстырып, білгені базаға түзетулер енгізген еді. Бәрінің ойы ертерек құжаттарын өткізіп, несиені тездетіп алу. Шаруа малдың бағасы арзан кезінде алсақ, күзге дейін жақсылап бағып 1 басын екеу жасасақ деген шаруаның да,  жеңілдетілген несие ертерек берілсе ашпақ болған кәсібіміздің жабдығын алып, пайда тапсақ деген тұрғынның да сенімі мол еді. Жылжымайтын мүліктің бағалауын да ерте жасатып, құжаттарын ерте өткізсе «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша белгіленген мөлшердегі несиені қолдарына әне-міне дегенде аламыз деп жүрген. Бірақ…….

ҚР Президетіні ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобасының басталғанына міне 6 айға жуықтаса да несие жаппай таратылмады. Онымен қоса «Ауыл аманаты» жобасына құжат өткізушілері Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевке жазған арызының  электронды нұсқасын редакциямызға жолдаған. Онда:

«Халықтың әл-ауқаты мен ауылды жерлердің экономикалық жағдайын жақсартуға арналған бағдарламаның кретерилерімен таныса отырып, халық үшін әлеуметтік жағдайды жақсартуға арналған жақсы мүмікіндік екеніне көз жеткізген соң, осы бағдарламаға қатыспақ болып құжаттарды жинауға көштік. Бағдарлама бойынша қажет деген жылжымайтын мүлікті бағалау, тиісті анықтамалар, сонымен қоса бизнес жоспарды реттеп, құжат өткізгелі бірнеше ай болды. Бастапқыда уақыт созу үшін түрлі түзетулер енгізді, кей жайттарда бағдарлама критерийінде болмаса да қосымша ескерту айтып құжаттарды қайтарды (кепіл берушінің жасы 70 жастан асқан немесе жақындаған). Оған да көндік. Мамыр айында «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясының басшысы мен маманы 16 мамырда келіп. Аудан тұрғындарына түсіндірме жиынын өткізгенде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бірінші транш ақшаның облысқа бөилінгенін, келер аптадан бастап таратуды бастайтынын айтқан. Одан бері 1,5 ай өтті. Одан кейін 31.05.2023 жыл Алматы облысы Ауыл шаруашылық басқармасының басшысының орынбасары Жүзбаев Досжан Танабайұлы мен Сыдықов Димаш Рашидұлы аудан халқымен кездесу өткізгенде де осы мәселеге кеңінен тоқталған болатынбыз. Олардың да айтар уәжі келер апта болған. Одан бері бірнеше апта өтті»,- деп назын айтыпты. Сонымен бірге:

«Аудандық комиссиядан өткен құжаттарымыз «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясына жеткізілгенімен, сол келер апта әлі бітпеді. Онымен қоса жығылғанға жұдырық деп, халықтың жасатқан жылжымайтын мүлікті бағалауын да жоққа шығарып, бағалау сомасын төмендетуде. Жылжымайтын мүлікті бағалауды лицензиясы бар, ҚР Әділет басқармасына тіркелген компанияға жасатқанбыз. Бағалау бойынша шыққан соманы өзгертуді «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы қандай заңға сәйкес жасауда?!

«Ауыл аманаты» бағдарламасының критерийіне сәйкес болу үшін, біз салық басқармасына жеке кәсіпкер ретінде де тіркеліп қойғанбыз. Жеке кәсіпкерлік жұмыс істемегенімен мемлекетке төленуі тиіс міндетті төлемдер де бар. Онымен қоса жылжымайтын мүлікті бағалаудың жарамдылық мерзімі де өтіп жатыр. Әлеуметтік жағдайымызды жақсартамыз деп жүріп, қыруар шығынданған қарапайым халыққа дәл осылай күттіріп қою мазақ па, әлде тиісті процедураларыңыз ба?! Қарапайым халық кепілге өзінің жалғыз мүлкін қойып жатыр, мемлекеттің бағдарлама бойынша берілуі тиіс несие соммасын азайтқаннан кім не ұтады?! Онсыз да мемлекеттің мойнында дотацияда отырған ауданның дамуына кедергі келтіретін осындай бюрократиялық шешімді кім қабылдайды?!» -деген несиеге өтінім берушілер өздеріне келтіріліп жатқан кедергілерге кеңінен тоқталған.  Ауылды дамытуға арналған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша осындай олқылықтар орын алып жатқанда, Алматы облысының әкімі қарап қалмас деген үміт қой халықта.

Осыған дейін 31 мамырда Алматы облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының басшысының орынбасары Жүзбаев Досжан Танабайұлы Кеген ауданының халқымен өткізген жиынынан кейін: «Бұл жобамен біздің облыс жаңадан айналысып отырғандықтан ондай қателіктер кетеді. Жақын арада сол кем-кетікті түзейміз»-деп уәде берген. Алайда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпарациясына жылжымайтын мүлікті бағалауын жоққа шығарып, бағалау сомасын төмендетіп жатқанына шағымданып хабарласқан аудан тұрғынына Досжан Танабайұлы басқа адамның дауыстық хабарламасын жіберген екен: «иә, біз бағалауды солай алдық, сотқа берсе бере берсін»-делінген (скириншот пен дауыстық хабарлама сақтаулы). Пайымдауымызша дауыстық хабарламаның иесі  «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпарациясының қызметкері болу керек. Кемшілікті жақын арада түзетеміз деген Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары мәселенің одан ары ушығып бара жатқанына не деп жауап беретіні жақын арада Кеген ауданына түсіндірме жұмыстарымен келгенде сұрай жатармыз.

Ауылды дамытуға арналған бағдарлама Алматы облысында неге тұралап қалды? Жағдайы мәз емес ауыл халқын сонша уақыт құр сенделткендер кімдер? «Алматы облысында ІҚМ және ұсақ мүйізді мал басын дамыту» жобасы негізіндегі 3,5% несие сияқты жағдай тек бір ғана ірі кәсіпкерлерге ғана тиімді болып кетпей ме? Әзірге халықта сауал көп. Жауабын Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтен күтуде…. Біз де өз тарапымыздан облыс әкімі ресми сауал жолдадық. Жауабы жақын күндері болады деген үміттеміз.

Мақпал Шадан

Алматы облысы

Кеген ауданы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар