///

Көлсай көлдері: Бағасы қымбат, сервисі төмен

2158 рет қаралды

Өткен аптаның сенбі-жексенбі күндері бүкіл отбасымызбен Көлсай көлдеріне демалып қайтудың сәті түсті. Көлсай Қазақстанның ең сәулетті жерлерінің бірі саналады. Бұрынғымен салыстырғанда бұнда демалушылардың саны күрт өскен.

Алматы телеарнасының дерегіне сүйенсек, соңғы бес жылда демалушылар саны бес есеге артқан екен. Тек былтырдың өзінде Көлсай көлдеріне 190 мыңнан астам адам демалған.

Тек отандық туристер ғана емес, сонымен бірге шетелдік туристердің аңсарын аударған (тек биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанға шетелден 1,1 млн турист келіп үлгерген. Ол былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,9 есеге артық) жер жаннатына ағылған жұрт төлеген ақшасына сай демала ала ма?

Көлсай көлдеріне барамыз десеңіз сізге оның көп қиындығы бола қоймайды. Түрлі туристік компаниялар арнайы тур ұйымдастырады. Гугл іздестіруді басып, Көлсай көлдері деп іздесеңіз бір күндік, екі күндік турды сатып алуды ұсынған ұсыныстан көзіңіз тұнады. Бір күндік тур – 11500 теңгеден,  екі күндік тур 22500 теңгеден басталады екен. Одан бөлек Көлсайға Алматыдан өз көлігіңізбен баруға болады. Төрт сағаттық жол, Алматы Көлсай жолдары жасалғалы да көп болмаған, жол машақатын көп сезінбейсіз.

Біз өз көлігімізді сайладық. Көлсай ұлттық бағының аумағына кіру адам басына – 860 теңге. Алайда бекеттегілердің қолыңызға чек ұстататыны некен саяқ. Сонда ағылған көліктен түскен қаржы Ұлттық парк бюджетіне түсе ме? Жоқ, әлдекімнің қалтасына кетіп жатыр ма, ол жағы белгісіз.

Жолдағы Жалаңаш, Саты және Қарабұлақ ауылдарына кірісімен, туристік аймаққа кіргеніңізді сезіне бастайсыз. Аталған ауылдар келушілерге түрлі қызмет ұсынатындығын паш етіп, біраз баннерлер іліп қойған. Солардың арасында жайлы жатар орын, кафе, қонақ үй, қымыз, таудың балы секілді жарнамалар көзіңізге оттай басылады. Қарабұлақ ауылына кіреберісте, Жұмақ сай деген аумақта араның балын саудалап тұрған балаға арнайы бұрылдық. Ол тек бал ғана саудалап тұрған жоқ, сондай-ақ, Кегеннің сары қымызын, құрты мен бауырсағын да ұсынып жатыр. Бағасы да тым қымбат емес.

Халықтың көбінің ат басын бұрар жері үшінші Көлсай көлі. Біз де сонда атбасын тіредік. Білетіндердің айтуынша, туристердің кейбірі Көлсай көлдерінен 15 шақырым алыста жатқан Саты ауылында тұрақтауды жөн көреді екен. Өйткені мұнда тұрудың бағасы арзан. Егер арнайы туристік автобуспен келсеңіз, автобустар өздері көлге апарып қайтады.

2019 жылы Сатыда түнеп шығудың құны екі адамға 15 мың теңге болған екен.  Көлсай көлінің басында заманауи қонақ үйлер де, киіз үйлер де самсап тұр. Киіз үйлердің бір түндік бағасы да әртүрлі: ең арзаны – 25 мыңнан басталады. 15 кісілік үлкен үйлер 40 мың теңге. Біздің таңдауымыз киіз үйлер болғанымен, ондағы қызмет көрсету сапасы бірден еңсемізді түсіріп жіберді.

Киіз үйлер деген аты болмаса, қазақтың этнографиясын паш ететін ештеңе жоқ, Қытайда жасалған темір үйлерді әкеліп, қаз қатар тігіп қойған. Ішінде өте нашар сапада ұлттық шапан ілулі тұр. Өзге көңіліңді көтеріп, жаныңа жақын болатындай ұлттық өрнектен ештеңе таппайсыз. Киіз үйлер ыдыс-аяғын, көрпе жастығын өздері ұсынады дегеніне қарамастан, өз асай-мүсейімізді көтере барған едік. Сонымыз жақсы болыпты, ыдыс-аяқ жетіспеді. Ал түте-түтесі шыққан, тозығы жеткен көрпе жастығына қараудың өзі жиіркенішті.

Ал, ең қызығы бұл аумақта дәретхананың болмауы болды. Көрші аумақтың дәретханасына көз сүзіп едік, бір адамнан жүз теңге сұрады. Алайда, көрсеткен қызметі жүз теңгелік бағасына татымайды. Суы жоқ, төртінші әлде бесінші сорттың дәретхана қағазын ұсынады. Ішінің “тазалығынан” құсқыңыз келеді. Жалпы, көрікті мекеннің айналасы тола қоқыс, мүлдем инфрақұрылым жоқ. Бұның өзі туризмнің әлі жабайы деңгейде екендігін танытса керек.

Алғашқы күні Көлсай көлінен үш шақырымдай алыста жатқан үңгірге жаяу серуендегенді жөн деп таптық. Жол бойы байқағанымыз, тау өзенінің ағынын басу үшін арнайы арық жасалған. Бірақ, қазір оның да сау тамтығы қалмапты. Үңгірге жетер жол жаяу адам үшін қауіпсіз емес. Жолдың ми батпағы шығып жатыр, оның үстіне атты туристер жаяу адамның ығырын шығарып, сол батпақты шашып кетеді екен. Әйтеуір есек аяңмен үңгірге барып қайттық.

Ертесінде Көлсай көлін қайықпен тамашалауды жөн көрдік. Қайықтарды жалға беретін аймаққа жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жол салынып жатыр екен. Сол жердегі қызметішілердің айтуынша, арнайы аспалы жолды жасауға 86 миллион теңге бөлініпті. Ол салынып болғанша, әзірше туристер қаупі басым жолмен айналып, қайыққа мінуге де әупірімдеп жетеді. Қайықпен серуендеудің жарты сағаттық құны – 5000. Біздің алдымызда қытайлық туристер мініп еді, олардан құнын екі есеге артық алды. Дәл осындай жағдайдың маусым айында болғаны жайлы Тенгриньюс сайты да жазған еді. Ал атпен серуендеудің бір сағаттық құны алты мың теңге.

ЭКО ТУРИЗМ ҚАШАН ДАМИДЫ?

2020 жылы Экология және Мәдениет министрліктері бірлесе әзірлеген Көлсай көлдері ұлттық паркін дамыту тұжырымдамасы көпшілікке таныстырылып, парк аумағын 49 жылға дейін инвесторларға беру көзделгені жайында бірақ мемлекеттік БАҚ жарыса жазған еді. Содан бері үш жыл өтсе де, Көлсай көлдерінің маңайынан экотуризмнің ізін де көрмейсіз.

2021 жылы “Алтын-Емел”, “Көлсай көлдері” және “Шарын” ұлттық парктерінде экотуризмді дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында  14,5 миллиард теңгеге инвестиция тартылыпты. 

Соның бес миллиард теңгесі “Көлсай көлдерін” абаттандыруға жұмсалмақ. Жеңімпаз компания – “Атырау-Рент” ЖШС. Алдағы бірнеше жылда Көлсай аумағы адам танымастай өзгереді дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі  Мағзұм Мырзағалиев. Әсіресе, Алланың берген тамаша тұмса табиғатын сақтау үшін, ірі құрылыстар салынбайды, машиналардың Көлсай көлі аумағына енуі шектеледі. Бірақ, дәл осы эко туризм дамып болғанша, Көлсайдың да ақ шаңы аспанға шығып болатын секілді.

Соңғы екі жылда еліміздің туристік орындарында 200 дәретхана салынған. Алдағы екі жылда тағы 300-ін жоспарлануда екен. Егер сіз барған аймақтағы дәретхана жабық болса немесе жұмыс істемей тұрса сіз eShagym арқылы шағым қалдыра аласыз.

Қазақстан Туристер қауымдастығының өкілі Диас Жәрдемов Тенгриньюс сайтына берген сұхбатында ол отандық туризмнің көңілге қаяу түсіруінің себептерін жазады

  1. Ауылшаруашылығы нысанындағы жер учаскесін иеленушінің қолында жергілікті және шетелдік туристерге туристік қызмет көрсететін рұқсаттың жоқтығы;
  2. Туристік қызмет бір реттік салық салынатын арнайы салық режимін қолдануға енбейді;
  3. Алматыда және Қазақстан Республикасының табиғи парктерінде қоғамдық дәретханалар жоқтың қасы немесе жабық тұрады;
  4. Ұлттық парктер аумағында инфрақұрылымның жоқтығы;
  5. Туристік маусым кезеңінде Алматы облысындағы көрікті жерлерге өз бетімен жетудің қиындығы. Маусымдық автобус бағытын ұйымдастыру керек;
  6. Ұлттық парк аумағында қоқыстың жиналуы және оны утилизациялаудың жолға қойылмауы;
  7. Мобильді байланыстың нашарлығы, жолдардың жамандығы;
  8. Алматы облысындағы ұлттық пактерге келушілердің шамадан тыс көп болуы, туристер баратын балама жерлерді дамыту;
  9. Қызмет көрсету сапасының төмендігі, шеттілінде қызмет көрсететін экскурсоводтар мен гидтердің тапшылығы;
  10. Жол бойындағы нысандардың көбінде қызмет көрсету сапасының төмендігі, дәретханалардың аздығы;
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар