////

Қыруар қаржы бөлінген Кеген мен Түменбай ауылының жолының сапасыз салынып жатқанына кім жауапты?!

3833 рет қаралды

«Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырдым» ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

Еліміз егемендік алғалы жолдың жыры тоқтамады. Кеңес үкіметінің кезеңінде салынған жолдар тозып, қараша халықтың билікке айтар назы да көбейген. «Өй» деп, «бүй» деп жүріп бірнеше жылдың алдында елді мекеннің ішкі жолдарын орташа жөндеуден өткізу жоспары қабылданғанда, қуанбаған адам кем де кем болар. Бір әттеген-айы: сол орташа жөндеуге бөлінген қырауар қаржының толықтай жолдың жөнделуіне жұмсалмауында….

2022 жылдың шілдесінде мемлекеттік сатып алу порталында Кеген ауылдық округіне қарасты Кеген және Түменбай ауылдарының ішкі жолдарын жөндеуге конкурс жарияланыпты. Түменбай ауылының ішкі жолдарын жөндеуге 73 миллион 635 827 теңге, ал Кеген ауылына 290 миллион 610 601 теңге бюджеттен бөлінген. Конкурс бойынша екі лот бойынша да жеңімпаз «Прогресс KZ» ЖШС.

Кеген ауылының ішкі жолдарын жөндеу соммасы баға ұсынысы бойынша 218 миллион теңгеге төмендетілген. Пайымдауымыз бойынша бар мәселе осыдан басталған секілді. Мемлекеттен есептеліп, бағаланған жолды жөндеу соммасының төмендендеуі сапасына да еріксіз әсер етері анық. Біз өз тарапымыздан сол жолы жөнделген көшенің бәрін көріп, тиіс мамандарға жолдың жөнделу барысынан түсірілген фото мен видеоны, сметасын жіберіп кеңес алдық.

– Қазір смета мен өзіңіз жіберген фото мен видеоға қарап, өзімнің жұмыс тәжірибеме сүйене отырып нақты айта аламын: Кеген ауылындағы Смағұлов көшесіндегі жолды жөндеу барысында үлкен қателіктер орын алған. Тапсырыс беруші мекеме, техникалық және авторлық қадағалау мекемесі бірден тәуелсіз сараптама шақыру керек. Мында жазылып тұр; жолдың негізі жаңа материалды қосу арқылы түзетілуі тиіс. Жаңа материалдың көлемі 1885 тонна болу керек. Екіншіден жол құрылысына арналған қиыршық тас-құмды қоспа 229,97 кубты 1,6ға көбейту қажет. Сонда тоннасы шығады. Одан кейін байланыстырғыш материал битумды эмульсия 3915 кг төгілуі тиіс. Бұл бағалауға сәйкес материалдың тұтынылуы. Сіздер жіберген видеоға қарасақ ондай материалдар тұтынылмаған. Төселген асфальттың қалыңдығы 4 см болуы тиіс. Ыстық асфальттың жылуы 125 градустан төмен болмауы тміс. Оны техникалық қадағалау сонда өлшеуі тиіс болған. Жақтаулары қиыршық тас-құмды қоспамен қалыңдығы 10 см көлемінде жабылуы тиіс. Сіздер жіберген видеоға қарасақ төселген мариалдарға күмән көп. Жол құрылысына арналған қиыршық тас-құмды қоспа төселген соң су шашылып, жол жөндеу жұмыстарына арналған роликпен тапталуы тиіс болған. Содан кейін битумды эмульсия себіліп, ыстық асфальт төселуі қажет. Техникалық қадағалау қасынан қалмай қадағалауы тиіс.дейді 40 жылға жуық жол жөндеу саласында қызмет атқарған маман.

Кеген ауылының тұрғындарының шағымына байланысты осы ішкі жолдар жөндеуден өткен көшелерді аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі мен Кеген аудандық мәслихат депутаты, Кеген аудандық «Тұрғын үй коммуаналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» басшысының м.а., техникалық қадағалаушы Дәурен Жұмабаймен    араладық. Алдабергенов көшесіне барғанымызда сол көшенің тұрғындары шығып, жолдың төселуіне байланысты өз наразылықтарын жеткізді:

– Мына жолды қанша рет таптап өту керек еді? Жол жөндеушілер бір рет былай, бір рет былай таптап өтті. Өзіңіздің тескен асфальттағы тесіктеріңіз әлі тұр. Ертең жаңбыр жауса жолдың негізі бұзылады. Бұрын жарайды санға жұмыс істейтінсіздер, сапаға көшетін уақыт келді ғой. – деп жол жөндеуші мердігердің өкіліне шүйлікті.

– Төселуі тиіс материал ПГС яғни қиыршық тас-құмды қоспа болуы тиіс болған. Мұнда төселген материал топырақ араласқан, бұны қалай төседіңіздер? Астына битум төселген жоқ. «Битум неге төселген жоқ?» -деген сұрағымызға «битум жоқ болса не істейміз» деп жауап берді. Жол жөндеушілер асфальт төселген соң шұқылап, тесіп көрген жерлері сол күйінше қалды. Тапталған кезде ол жоқ болуы тиіс еді.деп налыды Алдабергенов көшесінің тұрғыны.

Сол Алдабергенов көшесінде төселген асфальттың шеті аяқпен түрткенде ыдырады. Сапасыз асфальт екені еш сараптамасыз-ақ көрініп тұр.

– Жол жасалғалы бұл көшемен еш жүк көлігі жүрген жоқ. Жүк көлігі жүргенде жол қандай жағдайда болмақбас шайқады тұрғын.

– Сапа битумға да байланысты ғой дедітағы бірі.

Алдаберген көшесінің екінші жартысында жол бойында тұрған ескі бағанды жауапты мекеме алмады деп қисық етіп жасап кеткен. Ондай кемшілік шаш етектен.

– Кішігірім кемшілік болса көз жұма салар едік қой, мынау қыруар қаржыға жөнделіп жатса да сапасыз екені көзге көрініп тұр- десті.

Кеген аулында жөнделді деген көшелер мен тұрақтардың басым бөлігін араладық. Барлығында бірдей инкубатордан шыққандай бірдей кемшілік: жолдың жасалу технологиясы сақталмаған. Тапсырыс беруші мекеме де, техникалық қадағалау да «Сараптаманы шақыртамыз» және «қабылданып алған жоқ» деген уәжді айтумен болды.

Осы мәселені зерттеу барысында жоғарда аты аталған мердігердің былтырғы жылы Кеген ауылдық округіне қарасты Түменбай ауылыныңда жолын жөндеуден өткізгенін білген соң, ол ауылдағы жолдың сапасын көрмек болып бардық.  Бара салысымын бірден көзімізге түскені: жолды жөндеу барысында қойылған болат құбыр мен олардың жақтаулары. Темір құбырлардың жақтаулары жаңа салынған, ал салынған болат құбырлар тотқа қарсы гидро оқшауланбаған. Себебі тот басып тұр. Ал  бағалау құжатында болат құбырлар битумды мастикамен 2 қабат гидро оқшаулануы тиіс деп тұр.

Түмен ауылында төселген жолдардың жақтауы жаңа төселген екен. Онда Кегендегі жағдай жолдың жақтауына материал төселгенімен тапталып, тегістелмеген.

– Жақтауын төседі, бірақ шетіне төгілген материалды күрекпен жаймалап кетті. Тапталмадыдеді Түменбай ауылының тұрғыны.

Ауылдың ішін аралағанда бірнеше қойылған құбырды көрдік. Барлығында дерлік сол жағдай. Гидро оқшаулау жоқ. Кей бірініңі шетінен боялғаны көрінуде, бірақ орта тұсын сол тот басқан күйінде. Технологиясы сақталмағаны анық. Әйтпесе 2 қабат битумды мастика 1 жылға жетпейтін уақытта өшіп қалса онда қайдағы сапа.

Түменбай ауылының мектеп пен амбулатория орналасқан көшесінде былтыр төселген асвальт бірнеше жерінен кесіліп алынған. Қайта жөндамекші екен. «Міне саған сапа» дестік.

Жолды жасауын жасады, бірақ мынаны қараңдаршы. Төккен жақтауы ойқы-шойқы. Сол жақтауын жабамыз деп материал әкелгенде, ауыл жүк көлігімы былтыр төсеген асвальттың быт-шытын шығарды. Мына төселген материалдары дұрыс емес болғандықтан асфальт ыдырады, – деп назаланды тағы бір тұрғын.

Кеген мен Түменбай ауылының жолдарын жөндеу барысында техникалық қадағалаушы қызметін атқаратын “KZ Строй Эксперт” ЖШС өкілі Жұмабай Дәуренге хабарластық:

– Жолдың сапасы талапқа сәйкес пе?

– Жолдың сапасының талапқа сәйкес, сәйкес емес екенін зертхана анықтайды. Бірақ кеткен кемшіліктер жайлы ескертулер хаттамаға сәйкес мердігер компанияға берілді. Дәл қазіргі кезде олар ескерту бойынша жұмыс жасап жатыр.

– Түменбай ауылындағы жолдарды жөндеу барысында қойылған құбырларға қатысты қандай ескертулер беріп едіңіз?

– Түменбай ауылда қойылған құбырларға гидро оқшаулау жұмыстары толық жасалды емес пе.

– Біз қазір Түменбайдағы барлық құбырларды көріп шықтық. Бірақ гидро оқшаулау жұмыстары толық емес.

– Құбылдарға гидро оқшаулау жұмыстары жүргізілгендігіне дәлел фото мен видео бар.

– Фото мен видео бізде бар. Қолымызда дәлел болмаса сізге хабарласпас едік.

Кеген  мен Түменбай ауылының жолдарының сапасын бақылауға шыққан Кеген аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Талғат Өзекбаевты сөзге тарттық:

– Жолды жөндеу барысында технологиялар сақталмағандықтан, өте өрескел қателіктер орын алған. Жолдың негізі дұрыс емес. Битум жоқ. Сол себепті асфальт жермен жанаспайды. Дұрыс тапталмаған. Сондықтан ауыл жүк көлігі өткен соң асфальт ойнап шыға келеді. Су ағар құбырлар тотқа қарсы бояумен 2 мәрте боялмаған. Түменбайдағы бір құбыр тіптен бітеу. Тиісті органдардың қадағалауы аздығынан бәрі. Дұрыс қадағалаған жағдайда бұндай қателіктер орын алмас еді.

Осы мәселе бойынша Кеген аудандық «Тұрғын үй коммуаналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» басшысының м.у.а.  Бек Әбдіманаповқа хабарластық:

– Кеген мен Түменбай ауылының жолдарына жасалып жатқан жөндеу жұмыстарының сапасы жайында не айта аласыз?

– Кеген және Түмен ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жұмысытары былтыр басталған. Биыл сол жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Түменбай ауылының 2,4 км, Кеген ауылында 6,5 км жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жолдарды қабылдап алмас бұрын «Ұлттық жол активтер сапасы» орталығы сараптамадан өткізіп, оң қортындысын алғаннан кейін қабылдап алынады. Жөндеу жұмыстарының аяқталуы 2023 жылдың қазан айының 30.

Тағы да айта кетерлік жайт: Түменбай және Кеген аулының ішкі жолдарын жасаған мердігер «Прогресс KZ» ЖШС былтырғы жылдың аяғында 70 348 519.93 теңге аударылса, Кеген ауылы бойынша 172 601 836 теңге аударылған.

Дәл осы Кеген мен Түменбай ауылының жолдарын жөндейтін мердігер «Прогресс KZ» ЖШС өкілдерімен хабарласып, сұхбаттаспақ едік. Бірақ телефондарын көтермеді.

Мемлекеттің бюджетінен қыруар қаржы бөлінгенімен сапасыз жол мен құрлыстар еліміз бойынша жеткілікті. Жыл сайын саны көбеймесе, азаяр емес. «Жаңа Қазақстан» болдық деп ауыз толтыра айтқанынымызбен, «Ескі Қазақстандағы» сапа бізді әлі тастап кете алмай жүр. Қадағалау әлі аз, бағаны төмендеткен компанияны мемлекеттік сатып алу порталындағы конкурста жеңімпаз ету сапасыз жол мен құрлысты көбейтудің жолы емес пе?! Бағаны төмендету жолды жөндеуден өткізу кезінде ең қымбат материалдардың бірі битумды азайту немесе тіптеп қолданбау деген мағына да емес пе – деген күдік тұрады көңілде. Қалай болғанда да дәл осы жағдай да жіті тексерілуі тиіс. Санды қойып, «Жаңа Қазақстанда» сапаға өтер кез келді. Бірақ: сыбайластық көп, қадағалау аз елде, сапа туралы айтудың өзі қиын…..

Мақпал Шадан

Алматы облысы

Кеген ауданы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар