///

Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме

4255 рет қаралды
ТОРҒАЙДЫҢ ҚАРҒЫСЫ (Жалғасы-7,8)
– Әй, мынау торғайдың жұмыртқасы ғой. Жарып көрейік пе?
–  Болмайды?
–  Неге болмайды? Жарып көрейік, ішінен балапан шығатын шығар.

–  Әрине, балапан шығады. Адам шығады деп пе едің? Әне, шырылдап, жанын қоярға жер таппай жүрген торғайды көрдің бе? Сол мына жұмыртқалардың анасы. Егер біз бұл алты жұмырқаның біреуіне қол тигізсек, мүмкін ол жеріп кетуі.

– Жеріген деген немене?
–  Соны да білмейсің бе? Әнеу күні біздің ала тұсақ қозысын емізбей апам неше күн төйгелеп жүріп әрең алдырып еді ғой. Жеру – өз төлінен енесінің жатырқауы. Сол сияқты құс та жұмырқасын жатырқап, одан адам исін сезіп тастап кетеді. Жеріген деген сол. Ал жерімеді деген күннің өзінде бізді қарғайды.
–  Сен де айтады екенсің. Құстың тілін білесің бе?
–  Құстың тілін мен білмеймін. Бірақ құстың тілін білетіндер солай дейді.
– Құстың тілін білетіндер не дейді екен? Білсең сол қарғысын айта қойшы.
–  Айтайын ба?
–  Айт деп тұрмын ғой.
Қотырақ ел аузында көп тараған, өзі де талай рет естіген, үлкендер ескертіп айтқан, әсіресе жазғытұрым, жан-жануар біткен жаңа ұрпақ әкелген кезде неше мәрте қайталанатын торғайдың қарғысын тақпақтай жөнелді.
– Торғай-торғай атым бар,
Бір жапрырақ етім бар.
Әкең жауға кеткенде,
Шешең өліп жетім қал,–  дейді екен.
Шотпақтың өңі қудай болып кетті. Не дерін білмей тілі байланды да қалды. Үні  де шықпады. Боп-боз. Өзіне істеген еш қандай зияны жоқ, жазықсыз торғайдың жұмыртқасын жарып тастағандай ауыр күй кешті. Жұмыртқа ол торғайдың баласы. Сен оның баласын өлтіріп жатырсың. Сен кеткен соң торғай шырылдап ұясына келеді. Ал ұясында ақтарылып жұмыртқасы жатса қарғамағанда қайтеді. Қарғысы қатты болса қайтеді? Оның да әкесі екі-күннің бірінде «жау шапты» деп асай-мүсейін асығыс асынып аттанып кетіп жататын. Ай жүріп, апта жүріп, аман-есен оралып жататын әкесін ойлап шошып кетті. Жұмыртқаны жарып тастамағанына қуанды. Егер торғайдың қарғысы тиіп әкесі жауға кеткенде шешесі өліп қалса қайтер еді. Есіне Аязбайдың әкесі жауда өліп, кейін шешесі күздің бір қара суығында зертең тиіп ауырып, содан жазыла алмай Аязбайды жалғыз тастап кете барған. Сонда Аязбайды торғай қарғады ма екен? Ол да бала күнінде біз құсап, қызық көріп торғайдың жұмыртқасын жарып тастады ма екен?
– Қотырақ, бұл жерден кетіп қалайықшы. Қорқып тұрмын.
– Қорыққан бойға құт дейді ғой. Жүр кетсек кетейік. Торғайдың жұмыртқасын жарайық.
–  Жармай-ақ қояйықшы.
Одан да маған құмалақ салып берші. Сенің көріпкелің бар ғой.
ШИТІ МЫЛТЫҚ
Байжігіт шиті мылтығын тазалап, оқ-дәрісін жаңалап, оқшантайына селбеу заттарын түгендеп, санап салып отыр. Осы шиті мылтықты баяғыда Сырдың бойын сағалап көшкен заманда Қиуаның сарттарымен сауда жасасып сонда сатып алған. Содан бергі бес қаруының бірі жүйрік мылтығы. Бұл ілуде біреудің ғана қолында бар мылтық. Екінің бірінде мұндай мылтық жоқ.
Байжігіт сонысымен де өзгеден ерекше, артық, алдарақ болып жүреді. Аңға шықса құр қайтпайды. Құланды қуып жетіп бір атып құлатады. Ал мына терістіктен қаптап, желкелеп келе жатқан аузы түкті көк шегірлердің әскерлерінің қолында бұдан да жүйрік, мылтықтың аузынан емес артынан оқталатын, оқтаған көз ілеспейтін мылтық бар деседі. Байжігіттің ендігі бір арманы сол мылтықтан бірді қолға түсірсем  дейді. Шиті мылтығында өзінің ойымен жаңалап, өзгертіп, жылдам оқталатын қылып алмақ ой болса да соған бір мұршасы келмеді. Орнығып отырып, асыл ойын іске асыруға тыныш бір уақыт таппады. Дүркін-дүркін көшумен көрігін де бір жаз тұрақты құра алмады. Әйтпесе ел жасағанды бұл неге жасамасқа. Ел істегенді бұл неге істемеске? Оң қолынан өнер тамған нағыз шебер. Темірдің тілін тапқан, түйін түйген ұста. Алтын, күміс ұстап алуан түрлі әшекей бұйымдар жасайтын зергер. «Шіркін-ай, шырайлы ойын іске асыратын, тыныш тұрмыс, шұрайлы қоныс, орнықты орын болса» деп ойлағалы қашан. Сол тыныштықты көксеумен бүгінге жетті. Бар ғұмыры қылыш соғумен, найза мен жебенің ұштарын жасаумен, ат таға, етікке нәлі, жол-жөнекей дүкен құрып, кездік, пышақ соғудан арыға аспады. Аттың жалы, түйенің қомында күн кешкен елде не өркен болсын. Туған жерді жаудың табанынан тазартумен таңды атырып, күнді батырып, бастың амандығымен тілеумен ғана күн өткізіп ғұмыр кешуде. Осыны құралайды көзден атқан мерген, Байжігіт ойлайды. Ол Есентайдың алты ұлының бірі. Есентайдың алты ұлының жаманы жоқ, бірінен бірі өтеді. Шетінен көкжал. Көкжалдықтан не пайда? Қолына жүйрік мылтық ұстаған терістіктің көке жасық, шикі өкпелері шиебөрідей шулап халқыңды бау орғандай жайпап, қонысыңнан қуып, тықсырып-ақ келеді… Қасына Қотырақ пен Қондыбай келді. Қондыбай Қотырақтан гөрі салмақты. Босағаға сүйеулі тұрған ұзын шиті мылтықты көріп, оны түртіп, Қотырақ бірден тіл қатты.
– Жауды атасың ба?
– Атамыз. Бірақ бұнымен жауды  атқаннан гөрі аңды атқан ыңғайлы.
– Қайтіп атасың? Көрсетші.
– Битіп атамыз. – Байжігіт шиті мылтықты жұлып алып, айналдырып оқтай қойып еді.
– Мен саған мені ат дегемін жоқ қой. Жауды қайтып атасың соны көрсетші дедім ғой,–  деп Қотырақ шарт етет түсті.
– Әй, ақымақ, мұнда жау жоқ қой, саған көрсететін. Атайын, жау боласың ба?
– Болмаймын.
– Мен боламын,–  деді Қондыбай мылтықтың қалай атылатынын білгісі келіп.
Байжігіт басын шайқады.
– Һі, жау болу оңай дейсің бе? Жауды жайратады. Жауды аяуға болмайды. Жауды аяған жаралы қалады. Жауымыз жетеді. Сендер жау болудан құдай сақтасын!
– Онда аңды атып көрсетші.
– Жарайды, аңды атып көрсетуге болады.
– Байаға, сен жаңа жауды атқаннан аңды атқан жақсы дедің ғой. Неге? Жауда атқан жақсы емес пе? Соны айтып берші,– деді Қондыбай. Қотырақтың тетелес інісі сөзге ұста, оның қиқарлығы да Қотырақтан кем емес еді, Байжігіттен мылтықтың қыр-сырын білгісі келді. – Бізге де бір-бір мылық жасап бересіз ие. – Байжігіт ауыр күрсінді.
– Жасап берер едім, әттең қолдың қысқасы-ай болып тұр ғой, қарғаларым. Мынау қалмақ, анау түкті ауыздарға сүйеніп алып, елге тыныштық бермеді ғой.
– Түкті ауыз деген не, аға?
– Не емес, кім?
–  Кім?
–  Түкті ауыз дегеніміз қазақтың байтақ даласының мынау шетін,–  ол оң қолының сұқ саусағын шошайта солтүстік бетті шеңберлей сызып,–  тұтастай қоршап жатқан үлкен ел бар, бізге ірге жау, түстері сары, тістері ақ, беті-аузы түкті, сақалды келеді, соларды айтқаным ғой. Олай болмағанда мен сендерге мылтықтың көксін істеп берер едім. Сендер ел мен жерді біз құсап қызыл қолмен емес, отты қарумен қорғар едіңдер. Ал қазірше шиті мылтықтан қара тамақ найзаң мен қайқы қылышың артық болып тұр.
– Неге?
– Шиті мылтықпен бір рет атасың. Онан соң оқ-дәріңнің қабы оқшантайыңнан қажетті затты шығарып, оқтау керек. Ол үшін уақыт керек. Ал ентелеп, елеуіреп, басып-жаншып, дүркіреп келе жатқан жан алар жау мылтығын оқтап алсын деп қарап, тосып тұра ма? Тұрмайды. Қаруы мықты аман қалады. Қарусыз адам қауқарсыз. Міне, мына жезді аласың, оның ішіне дәріңді саласың, жездің аузына қорғасынды орнатып мылтықтың ұңғысының аузынан салып ысқымен көмекейіне дейін жеткізіп нығайсың. Сен өстіп найқалып тұрғанда қара дауылдай күркіреп, табанынан от жанып, өзіңе қарай қаптап келе жатқан  алапат өрттей өңкей ұшқыр сәйгүлік, қара жал қазан аттар мінген жау лезімде, көзді ашып-жұмғанша жетіп келіп, жайпап өте шығады. Сондықтан жауға тұтқиылдан, тап берме жерден қырғидай тиіп, қолма-қол қанжар сұғып, қылышпен шауып айқасқан ұтымды.
– Бай аға, әкем қалмақтардың бұқа зеңбірегі бар, түйеммен, өгізбен сүйреп жүреді, зілдей ауыр, ұңғысы аюдың апанындай, оғының үлкендігі мына менің,– деп бір тоқтады да басының үлкендігінен жұрт қазанбас атап кеткен Қазанбас есіне түсе қап,– жоқ, Қазанбастың басындай, даусы күннің күркірінен де қатты, ал оның оғының түскен жері үйдің орнындай болып ойылып қалады,– дейді соны сіз көрдіңіз бе?
– Һі, көргенде қандай!
– Қалмақ та, көзің аққыр көк шегір де, бізді қарымының күштілігенен емес, қаруының мықтылығынан түбімізге жетті ғой. Мынау байтақты біз білектің күші мен найзаның ұшымен қорғап жатырмыз. Ал сендер болашақта білектің күші емес, жүректің күшімен қорғайтын боласыңдар!– деп, өзінің жүрек тұсын бір-екі рет түйіп-түйіп қойды. – Ұқтыңба!
– Жүректің күші деген немене, аға?
– Ай, айналайын, жүректің күші дегеніміз ақыл мен қайрат! Әр қашан ақылың алда, қайратың жанда жүрсін. (Жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар